Поэзия
Поэзия – әлемнің өзегінде жасырынған әсемдік пен үйлесімділікті, болмыстың жылы шырайы мен көңіл сергітер мән-мағынасын ақынжанды рух иелерінің жеткізуі. Осындай сезімтал ақынжандылардың ішінде жүректері құнды сия сауытқа айналып, сол сия сауыттарына Қасиетті рухтың демі толған жандар да бар.
Поэзия – адамның ой-қиялы жете бермейтін, қыранның қанаты талатын асқақ әлемді танып-білу жолындағы қадам немесе осы жолда жұмсалған ғайыптан сыр аулағысы келген ақынның жан күйзелісі. Өлеңнің ырғағы сол сәттегі ақынның рухани күйі мен ішкі толқуына қарай кейде күшейіп, кейде мүлдем нәзік болып шығады. Сондықтан поэзиядағы әрбір дыбыс пен әрбір сөзді өлең жолдары төгілген кездегі айтушының көңіл-күйінен ғана толық түсінуге болады.
Поэзия ақынның дүниетанымына, сезіміне әсер еткен сеніміне, мәдениеті мен түйсіну қабілетіне қарай туып, белгілі пішінге ие болады. Бірақ оның мәнін тереңдетіп, адам ақылынан жоғары деңгейге шығаратын тылсым – шабыт. Шабытпен толқыған жүректе титтей атом алып күнге, тамшы теңізге айналады.
Поэзияда ақыл мен ойдың рөлі қанша жоғары болса да, адам жанының өзіндік терең орны бар. Фузулидің айтқанындай «Көңілдегі көрікті ой ақындар жасағының алдында шеру тартады». Көңілде бүршік атқан ойлар қиялмен қанаттанса, шексіздіктің қақпасын қағып қайту мүмкіндігіне ие болады.
Поэзия – бүгінді нұрландырған сәуле, келешекке жарығын шашқан қуатты шам және шексіздіктен бастау алатын ғашықтықтың әні және адамның толқуынан туатын әуен. Нағыз өлең арқылы ақиқатқа адамның көзі ашылып, көңілдерде көктем орнап, шуаққа бөленеді, алыстағы жақындайды, рух қанаттанады.
Өлең-жырлар бір жағынан мінәжатқа ұқсайды. Адамның ішкі дүниесіндегі шарықтау мен құлдырауды, оның қуанышы мен қайғысын бейнелейді. Сонымен қатар, кісіні биік белестерге жетелеуіне қарай, бейне тәңірлік лепке айналады. Негізінде, әрбір мінәжат іштен төгілген өлең-жыр, ал әрбір өлең-жыр шексіздікке шеру тартса, ол өз кезегінде бір мінәжат болып саналады.
Шексіздік құшағында бүршік атып, жүрек қанаты мен рух күші арқылы саф сананың көгінде қалқитын поэзия ғылым сияқты позитивтік ойларға басты мән беріп жатпайды. Ол нақтылықты тек делдал ретінде ғана қолданады. Оның түпкі мақсаты – абсолютті тауып, оған қол жеткізу.
Егер ақын сезгендерін елестетіп, ойының дұрыстығын ақыл елегінен өткізе алса, содан соң шабыттан туған сырлы ойлар сөйлем боп өрілгенге дейін ой бастапқы күйінде сақталса, бұл шығарма ұзақ уақыт оқылатын болады. Олай болмаған жағдайда, өлең деп ұсынғанымыз асыл тасты жез жүзіктен немесе көмірмен оюланған алмастан айырмашылығы болмайды...
Поэзия – «Өзіндік болмысы құпия» ұлы Жаратушыны іздеуді мақсат етіп әдетте кезбе саяхатшының жолында кездесіп жататын бұралаң соқпақ, қараңғылық, бұлыңғыр бейне секілді құпия сырлармен қатар, оған белгілі бір дәрежеде жер астынан құмығып шығатын дауыс тәрізді томаға-тұйық атмосфера да тән. Сондықтан нағыз ақынның әр сөзі мен сөйлемдерінен сиқырлы сарайдың қараңғы дәліздерін кезіп жүрген әр дыбыстан селт ететін ерекше сезімтал саяхатшының көзқарасы мен сезімдерін кездестіруге болады.
Өлең жолдары – жүрек дірілі, рух толқуы мен көз жасы. Шындығында, көз жасы – сөздің ырқына көнбейтін таза өлең жолдары.
Өлең – ақындарға тән кейбір солмайтын гүлдер мен сол гүлдердің айналаға жайылған хош иісі. Топырағы құнарлы, суы мөлдір, тұқымы белгілі болса, бұл гүлдердің көз жа-уын алар көркі мен хош иісіне тоймайсың..!
Мәселенің мәніне бойлап жатпай-ақ жырлайтын ақындардың кездесетіні секілді, айтпай-ақ бәрін ұғатын ақындар да бар. Алғашқыларының түкке тұрғысыз жырсымағына қарағанда соңғыларының нағыз ақынға тән көзқарастары мен ой-пікірлері адамға көп жайтты артық сөзсіз ұғындыра біледі.
Өлеңді тек ұйқастардан тұратын сөз деп түсіну ағаттық. Адам рухын баурап, оның жүрегін шаттыққа бөлейтін прозалық ұлы туындылар бар, олардың әрбірі – поэзияның алтын діңгектері.
Әр өнер саласы сияқты поэзия да шексіздікпен ұдайы астасып жатпаса, ол жеміссіз болады және ешкімнің жанын нұрға бөлей де алмайды. Адам рухы мен жүрегі шексіз сұлулыққа асық, сол себепті де мәңгіліктен басқаға қанағаттанбайтын ар-ожданы өнер адамдарына өзге әлем жайлы үнемі ой үстінде жүруін «сыбырлап» тұрады. Жүрек, рух және ар-ожданнан шыққан «жанайқайды» сезбеген өнер адамы өмір бойы заттардың сыртқы көрінісін қайталап суреттеуден аса алмай, көзге көрінбейтіндіктен бізге сезіле бермейтін сұлулықты сол күйі сезбестен кетеді.
Өлеңде пішін мағынаға, мағына пішінге «құрбан» етілмеуі тиіс. Керісінше, ол екеуі адам жаны мен тәнінің үйлесімділігі аясында қарастырылған жағдайда, өлең әлдеқайда табиғи шығып, ішкі ырғағымен баурайды. Мұндай өлеңге қиялдың көмегімен басы артық ойды кіргізіп, әуреге түспейсіз.
Өлеңнің сыртқы пішінінде көбінесе сөз, сөйлем, басқадай өлшемдер, сөздің мәнері сияқты элементтер маңызды рөл ойнайды. Ал оның ішкі пішініне келсек, онда адам рухынан бастау алып, оның жан дүниесінде бүршік жарған ой керуенін жеткізу үшін қажет болған кезде гүлдердің түр-түсі мен көбелектердің қанаттары сияқты ең айшықты сөйлемдерді, реті келгенде түскен жерін ойып түсетін оттай сөздерді және сыбызғының сызылған үнін айна қатесіз елестететін сәтті теңеулерді іздеп табады да, оларды орын-орнына үйлестіріп қояды. Міне, мұны өлеңнің музыкаға айналуы деуге болады.
Құпия-сырлар мен түрлі ишаралар – өлеңнің негізгі қайнар бұлағы. Осы табиғаты мен сипатына қарай өлең терең мағынаға ие болады. Сөйтсе де, терең мағына үлкен ұғымды қамти алатын өлеңнің бұл өзгешелігі оның өзіне тән қасиеті болып табылады, сол себепті де қандай да бір ауыр жүкті арқаласа да, бұл «жүк» туындының шегінен асып, ауа жайылып кетеді. Өлең ақынның шабытына қарай түрлі иірімдерге ие болып, мағынасы тереңдесе де, ол өзінің әуел бастағы қасиетін бәрібір жоғалтпайды.
Өлеңге ой мен сезімнің біте астасуынан туатын сарын үстемдік етеді. Алайда адам денесіндегі гипофез безі іспеттес ой мен сезімнің артында оларға ұдайы әмірін жүргізіп, әсер ететін екі маңызды элемент – ниет пен көзқарас бар. Олар өлеңнің барлық жолдары мен шумақтарына өз ізін қалдырады, ой шатқаяқтай бастаған кезде оны құрдымға жібермей ұстап қалады және сиқырлы шам сияқты сезімнің жолын жарық қылады.
Өлең – ыза-кек, қастық, толқу мен қынжылыс, үміт пен үмітсіздіктермен қоса барлық сезімді көрсететін қоғамның демі. Ақын – кейде бұл қоғамның тыныс алу жолы, кейде аузы мен тілі. Сондықтан егер біз оның өсіп-өнген қоғамының ерекшеліктерін ескере отырып саралайтын болсақ, әрбір поэзиялық туынды бізге көп жайтты аңғартады. Егер оның туған бесігі мен нәр алған ортасын есепке алмасақ, одан көп нәрсе түсіне алмаймыз.
- жасалған.