Өмір және рух
Өмір – иләһи құпия. Оның ақиқатын тек Хақтың тылсымдарымен таныс болғандар ғана біледі.
Негізінде, өмір тәндік тіршілік болып табылады. Денедегі жылу мен икем толығымен табиғи құбылыс және олар қоректің қан мен энергияға айналуы нәтижесінде пайда болады.
Тәндік тіршіліктің түпкі мақсаты – қозғалыс және кейбір табиғи міндеттерді орындау. Бұл тұрғыдан алғанда, адам мен хайуанның арасында айырмашылық жоқ. Ал шынайы адами өмір саналы, парасатты және шексіздікке құштар болудан тұрады. Міне, осындай өмір нағыз өмір болып саналады.
Өмір – рух деген сөз емес. Ол – тәндік өмір сүру. Ал рух – біртұтас, бөлінбейді... материалдық нәрселерден мүлдем бөлек, «иләһи еріктің бұйрығынан» туған саналы әрі көзге көрінбейтін болмыс.
Жан тәнге тіршілікпен қатар еніп, одан ажырағаннан ке-йін тәнді тастап шығады. Өмір өшіп, ғайып болады. Ал рух Аллаһтың қалауымен мәңгі өмір сүреді.
Өмір – табиғи құбылыс және ол материалдық әлемнің шеңберінде тірлігін көрсетеді. Ал, рух Аллаһтың үрлеп жаратқан болмысы ретінде табиғаттан жоғары қасиетке ие. Өмірдің соңы бар әрі пәни, рух болса мәңгілік әрі ол өлім дегенді білмейді.
Рух – санадан жоғары, танып-біле алатын, еститін, қалауы бар болмыс. Ал оның тәнмен қатысы – уақытша қоңсылық пен тағдырдың бірлігі ғана.
Рух – өлімді мойындамайтын, қабір шұңқырын оңай аттап өтетін, Барзах пен Махшар кедергілеріне еш сүрінбестен Жәһәннам мен Жәннат мәңгіліктеріне барып жететін өлмейтін болмыс.
Рух кейде адам бейнесінде, кейде нәзік бу түрінде, кейде басқа бір болмыс күйінде қиял әлемінің айналарында немесе түстерде көрініс табады. Ол не періштелер сияқты жақсылық және ізгілікпен бірге немесе шайтандар сияқты жамандықтармен бірге көрінеді.
Нағыз өмір – рухани болмыс пен материалдық тіршіліктің екі тізгін, бір шылбырын тең ұстаған өмір. Мұндай өмір осы дүниеде нағыз адами өмірдің дәмін татқызатын дәнек секілді болса, мәңгілік бақи өмірде осы дәнектен түйін жаратын жәннаттықтардың өмірі.
Сана-сезім мен жан тазалығы – рухани өмірдің нәтижесі.
Өмірге үстірт қарағандар жүректің әмірі жүретін рухани өмірдің дәмін тата алмайды... олардың жылағандары да көлгірсу.
Дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап шынайы өмір сүруге міндеттіміз. Өмір бізге оны кемелдендіру үшін аманат ретінде тапсырылады. Жан мен тән арасындағы байланыс үзілгенге дейін біз оған жауаптымыз.
Адам биологиялық өмірі тұрғысынан алғанда жануарлармен, ал рухани тұрғыдан алғанда періштелермен бір дәрежеде болады. Өз табиғатындағы қабілеттері мен қасиеттерін дамыта алғандар уақыт өте келе періште іспетті болса, бұл қабілеттерін жарамсыз еткен, тіпті оны жамандық жолында қолданғандар ерте ме, кеш пе жан-уарлардан бетер азғындап, тіпті шайтан секілді болып кетуден құтыла алмайды.
- жасалған.