Әдебиет

Әдебиет

Әдебиет – ұлттың болмысы мен ой-пікірінің, рухани ілімінің көркем айнасы. Рухани болмысы, ойлау жүйесі бірдей емес және бірдей рухани білімге ие болмаған жеке тұлғалар, егер олар бір ұлттың ұландары болса да, бір-бірімен түсінісуі мүмкін емес.

Сөз – адам ойын екінші адамға, бір жүректен екіншісіне жеткізетін ең маңызды құралдардың бірі. Бұл құралды дұрыс қолдана білген ойшыл рухтар аз уақыт ішінде өз пікірлеріне ден қоятын қолдаушылар тауып, сол ойлары арқылы мәңгілікке жол тартады. Ал бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмағандар ғұмыр бойы ойдан азап тартқанына қарамастан, соңында ешқандай із қалдыра алмай өмірден өтеді.

Әдебиеттің кез келген түрі – қолданған көрнекі құралдарының түрлілігі мен мақсатқа жету түрлерінің ерекшелігіне байланысты жеке-жеке түсіндірудің жолы және сол түрге тән бір тіл. Бұл тілді бәрі түсінгенімен де, оны шын мәнінде ақындар мен әдебиетшілер ғана шебер қолдана алады.

Алтын мен күмістің қасиетін білікті зергерлер дөп басып таниды. Дәл сол секілді сөз маржандарының қадірін де тек сөз зергерлері біледі. Мәселен, мақұлық пен жан дүниесі тұрпайыланып кеткен адамдар гүлді гүл екен демейді, мақұлық жолында кездессе бір-ақ жалмайды, ал дөрекі жандар таптап өте шығады, ал жаны гүлдей нәзік адамдар оның жұпар иісін иіскеп, қастерлеп кеудесіне қондырады.

Ұлы ойлар мен үлкен ұғымдар міндетті түрде адамның санасына жететіндей, олардың көңілді толқытып, рухын жаулап аларлықтай етіп айтылуы керек. Әйтпесе, сөздің сыртқы пішініне ғана мән беретін кейбіреулер, олақ құрылған сөйлемнің кесірінен, оның астарында жатқан жауһар ойды аңдай алмай қалуы мүмкін.

Әдебиет болмағанда даналық өзінің отырған салтанатты тағына ие бола алмас еді, философия бүгінгі күнге жетпес еді, шешендік өнер біздің қажеттілігімізге жа-уап бере алмас еді. Алайда даналық, философия мен шешендік сөздер өз салаларындағы «құнсыз байлықтарын» түгесілмес қазына етіп әдебиеттің жолына жайып салып, оған мәңгілік ғұмыр сыйлаған.

Әдебиетшілер мен ақындар әлемдегі қандай да бір сұлулықты, сұлулықтан туған сырды, жан толқынысын жырға қосып әуендеткен сыбызғышы іспетті. Адамдар солар арқылы түрліше топтың басын біріктірген хордан шыққан дыбыстардың мәні мен мағынасын ұғады. Әйтпесе, бейхабар жандар сыбызғыны да, одан күй боп төгілген сыбызғышының жанайқайын да түсінуі мүмкін емес.

Кез келген өнер саласы мен туындысы егер қайнары таза әрі таңғы шықтай мөлдір болса, әр өлкенің өзіне тән және қайталанбайтын гүлдері мен жемістерін, олардың жұпар иістері мен тіл үйірер дәмдерін айрықша түспен, өзгеше теңеумен, сиқырлы сөзбен жеткізетіндіктен ананың алақанындай аялы әрі ғажайып.

Әдебиет басқа өнер салалары сияқты адамды жырлаумен, оның ерлігін, қасиеттерін паш етумен, қоршаған ортаны жіті танумен, мақсат пен уақытқа тәуелсіздігімен және басқа да өлшемдері арқылы мәңгілікке бой алдырады. Сондықтан өнер адамы тек көзімен көріп, көңілімен түйсінгенін ғана жырламай, ғайыптан самал боп ескен лебізге де құлақ түруі қажет.

Мақсатты білдіру жолында қолданылған сөз – мейлі ол өлең, не проза түрінде болсын, ой-пікірдің алмас тасына қаптайтын қапшық ретінде ғана алға шығып, оның көлеңкесінде қалмауы керек. Бұл «қапшық» асыл тастан жасалса да, ойдың мазмұны, түпкі мақсат оның тасасынан көрінбей қалатындықтан, өнердің қасиеті жоғалады. Мұндай сөздің ғұмыршаң болуы да мүмкін емес.

Тіл – бір ой мен түсінікті білдірудің құралы болумен қатар, өнер, сұлулық, көркем мінез, әдептілік мәселелерімен де тығыз байланысты және «әдебиет» сөзі де оның осы сипатын танытса керек.

Әдебиет мағыналы болғанда әдебиет. Сондықтан айтылған сөздердің қысқа әрі нұсқа, бірақ аса бай және терең мағыналы болуы маңызды. Мұны кейбіреулер бұрынғылардың түрлі классикалық әдеби тәсілдерінен іздесе де, менің ойымша, оны шалқар шабыттан туған көркем ойлардан, болмысты түгелдей құшағына бөлей алған кең қиялдардан, дүние мен ақыретті бір ақиқаттың екі жүзіндей көре алған иманды және сарапшы рухтардан іздеу керек.

Әлемде түрлі өркениет пен мәдениеттердің болуы қандай заңдылық болса, бір-бірінен өзгешеленіп тұратын әдеби түрлердің болуы да заңды құбылыс. Соған қарамастан ол – өзегінде қамшының өріміндей бір-бірімен сабақтасып жататын барлық жақсы қасиеттерді суреттеуде түр-түрге бөлінгені болмаса, ол бір тұтас әрі жалпыға тән ұғым.

Кез келген шындық әуелі адамның рухында бір негіз ретінде пайда болады. Сосын ол «сезіледі». Содан соң сөзбен, қаламмен, басқа да құралмен жан бітіп, асылданады және нүкте-нүкте, сызық-сызық болып өнер объектісінде немесе бүтіндей бір өнер туындысы ретінде көрініс табады. Осындай туындының уақыт пен кеңістіктен тыс деңгейге көтерілуі толығымен сенім мен иманның ақиқаттың ақ жүзіне қаншалықты ынтық болуына байланысты.

Кейде бір елді мекенде тұрып, тіршілік еткен адамдар өз дүниетанымын жеткізудің әр түрлі дәстүрін қолдануы мүмкін. Сырттай байқалатын бұл айырмашылық қоршаған ортада орын алатын оқиғаларға өз таным тұрғысынан беретін бағасының әр түрлі болуынан және сенім мен басқадай құндылықтарды қалай қабылдағанына байланысты. Таудың төбесінде тұрып ән салған адамның шырқаған әні жыра түбінде тұрған адам үшін құр міңгір болса, жыра түбінде тұрып ән салған адамның әні де тау төбесінде тұрған адам үшін сондай мағынасыз.

Ғажайып өнер туындысы оның белгілі бір жігін толтыру үшін пайдаланылатын бөлшектердің қаншалықты шебер қолданылғанына, ал бөлшектердің соншалықты үйлесім табуы оларды құрайтын элементтердің қаншалықты дұрыс қолданылуына тікелей байланысты. Негізі осал қаланған жерде шынайылық, ал шынайылық болмаған жерде үнемі тірі, жанды боп қалатын «маздаған шоқ» сияқты туындылардың және жалынды сөздердің тууы мүмкін емес.

Кез келген өнер адамы сияқты сөз зергері де жаратылыс ақиқатындағы рең, пішін мен сызықтардан үнемі қиялына қанат бітіретін бояуды іздейді. Ол көптен көкейінде жүргенін қағаз бетіне түсіріп, кезекті туындысының соңғы нүктесін қойған күні иығынан ауыр жүк түскендей бір жеңілдеп, ғажайып сезімге бөленеді. Сондықтан таланты зор өнер адамдарын Хақ Тағаланың адал әрі әр құбылыстың түпкі мәніне үңіліп өмір сүретін, шынайы ойлана да, сезіне де білетін құлдарының арасынан іздеу керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.