Өнер

Өнер – дамудың рухы және адамның асыл қасиеттерін шыңдайды. Оның аса қуатты мүмкіндігін уысынан шығарып алған бейбақ дарындар денесінің жартысы жансызданып қалған сал адамдай өмір сүреді.

Өнер құпия қазыналарды ашатын сиқырлы кілт сияқты. Онымен ашылған есіктердің ар жағында бұғып жатқан ойлар белгілі бір пішінге айналып, қиялдың өзі нақты әрі шынайы бір мазмұнға ие  болады.

Адамдарға теңіздің түпсіз тұңғиығындай, аспанның зау биігіндей мүлдем өзгеше әлемге шығуына мүмкіндік беретін ой-пікірдің пырағы – өнер. Адам өнер арқылы уақыт пен кеңістіктен қара үзіп, қалаған бағытына құстай ұшып, жұлдыздай ағады.

Адамның асыл сезімдерін көздің қарашығындай сақтай отырып, әрдайым сол сезімдерге ұлы мақсаттардың ең биік шыңдарын нұсқап, сезімтал рухтарды тереңдіктен тереңдікке жетелейтін себептердің басында өнер тұрады. Өнер болмағанда біз адам қолынан туған таңғажайып туындылардың біріне де куә болмас едік. Сонымен бірге шығармашылықтың шырағын қолына ұстаған, жүрегі жалын атқан жалындаған өнерпаз рух иелері, таңғажайып жобаларын өздерімен бірге көрге ала кетер еді...

Адам баласының жан сарайын жауқазынға айналдыратын, ішкі тереңдігін бейнелейтін бірінші «сурет» – өнер. Иә, өнердің арқасында ең терең сезім мен ойлар, таңқаларлық жаңалықтар, ең шынайы тілектер таспаға жазылғандай жазылып, бейне бір мәңгілікке айналғандай болады. 

Өнердің иманмен серіктес болуының арқасында емес пе, осы керемет әлемнің салтанатты, көркем ғибадатханалары, көкке сұғынған мұнаралары, әрқайсысы өз алдына ізгі хабар ұсынған мәрмәрдағы әдемі түстер мен мотифтері, жазу өнерінің алтынмен өрнектелген тамаша туындылары, ескірмейтін кестелер және көбелек қанаттары сияқты әсем нақыштарымен көз тоймас әсем түстер мен заттардың көрмесіне айналғаны.

Шынайы ғылым өзін өнерімен танытады. Өнер айдынында құлаш ұрып, жүзе алмаған адамды соншалықты көп нәрсе біледі деуге келмейді. 

Адамның аса нәзік, қылдай жіңішке, қауырсыннан жеңіл сезімдері өнер арқылы сергек тартып, өнер рухымен қанат қағып, қалықтай алады. Өнерсіз адам өлікпен тең.

Сол өнердің майталман шеберлері тарапынан мойындалмаған, анық бағасын алмаған қандай да бір өнер туындысы пішін мен рухты бір-бірінен ажырата алмаудан туындайды.

Өнер туындысына деген құрмет пен игі ниет оның өзіне емес, оның рухындағы өнер мен шеберлікке тән.

Алтыннан темірдің, күмістен жездің бәсін арттыратын – өнер. Иә, ең құнсыз заттардың өзі өнер арқылы алтыннан, күміс пен алмастан да құнды затқа айналады.

Біздің ойлау жүйемізбен үндестік тапқан көркем туындылар жасампаз рухтардың адамзатқа ұсынған сый-сыяпатындай болған, уақытты білдіретін кәдімгі сағаттан бастап, көзіміз нашарлаған кезде көзімізге қуат беретін көзілдіріктер, айшылық алысты жақындатқан байланыс құралдары, әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғалармен дер кезінде таныстыратын теледидарлар, діттеген жерімізге жеткізіп салатын пойыздар, автобустар мен ұшақтар, спутниктер мен әуе кемелеріне дейін адамзаттың бақыты мен игілігі үшін қызмет ететін бүкіл құралдар да – өнерге ғашық сезімтал рухтардың туындысы. 

Өнерді қабылдай алмайтын сезімсіз рухтардың бар-жоғы бірдей. Олардың өздеріне, отбасыларына, халқына пайдасы тимейді, тіпті зиянды тобырдан ешқандай айырмашылығы да жоқ.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.