Дін
Адам баласы пайда болғаннан бері шынайы жан тыныштығын діннің саялы кеңістігінде тауып, тек қана дін арқылы бақытты бола алған. Дін болмаған жерде жоғарғы ахлақ (көркем мінез) пен өнегелілік туралы сөз қозғау қалай мүмкін болмаса, бақыттылық жайлы айту да аса қиын. Өйткені көркем мінез бен өнегеліліктің қайнары – ар-ождан. Ал, ар-ожданға үкімін жүргізетін жалғыз-ақ нәрсе – Аллаһпен байланыстыратын дін.
Дін – көркем мінезге үйрететін жемісті де берекетті мектеп. Осы ұлы мектептің шәкірттері – жасы мен кәрісі тегіс кіретін күллі адамзат. Бұл мектеппен байланысқан әр адам ерте ме, кеш пе бақытқа, қауіпсіздік пен сенімділікке қол жеткізеді. Ал одан құр қалғандар уақыт өте келе өздерімен қоса бәрін де жоғалтады.
Дін – адамдарды өз еріктерімен ізгілікке жетелейтін иләһи (құдайлық) принциптердің жиынтығы. Адамның рухани-материалдық дамуын, яғни, осы дүниедегі және ақыреттік бүкіл бақыттарын қамтамасыз ететін негіздерді әрдайым діннің принциптерінен табуға болады.
Дін – Аллаһты танып, бірлігін мойындау. Оның жолымен жүре отырып рух тазалығына жету, Аллаһ үшін және Оның бұйрықтары бойынша адамдармен қатынастарын реттеу, тіпті Ол үшін бүкіл жаратылыспен тығыз байланысу мен терең сүйіспеншілікке ие болу.
Дінді мойындамағандар уақыт өте келе ар-намыс, отан, ұлт сияқты қасиетті ұғымдарды да құрметтемейтін болады.
Әдепсіздіктің бәрі дінсіздік бұлағынан атқылаған қара балшық. Анархия мен бейберекетсіздіктің бәрі – дінсіздік алқабының сүйкімсіз заққумдары (Жаһаннамдағы бір ағаштың аты – аудармашы).
Бүкіл саналы ғұмырында дінге жауығып өтетін кейбір имансыздарға дінсіздіктің қандай «ұшпаққа» шығаратынын оның жемісімен қоса көрсетсе қайтер еді?!
Дін мен шынайы ғылым бір ақиқаттың екі жүзі іспетті. Дін адамдарды тура жолға бастап, бақытты ететін нәтижелерге жеткізеді. Мақсаты мен мәні айқын ғылым шырақ сияқты адамның жүретін жолдарын жарық етеді.
Жұпар иісті әдемі гүлдердің бәрі тегіс діннің бау-бақшаларында өсіп жетіледі. Міне, бұл – оның принциптері және пайғамбарлар, әулиелер мен салиқалы жандар оның сыйлаған, жайқалған жемістері...! Дінсіздер бұл жемістерді қаншама көргісі келмесе де, олардың ұлық есімдерін кітап беттерінен де, адамдардың жадыларынан да өшіруге дәрменсіз.
Пайғамбарлар адамдармен салыстырғанда бейне бір таулар тәрізді. Жер бетінде жердің тепе-теңдігін сақтап ауаның тазаруы үшін таулар қандай қызмет атқарса, пайғамбарлар да адамдарың арасында сондай. Міне, сондықтан да таулар мен пайғамбарлар Құранда біршама жерлерде бірге аталады. Иә, хазіреті Нұх пен Жуди тауы, хазіреті Мұса мен Тур, хазіреті Мұхаммед пен Хира – біздерге кейбір ақиқаттардың шымылдығын ашатын айқын белгілер.
Дін дұрыс ой, ақыл мен ғылымға сүйенеді. Осы тұрғыдан оны сынау мүмкін емес. Оны қабылдағысы келмегендердің я ойлау жүйесі дұрыс емес немесе ол туралы түсініктері қате, я болмаса таяз ойлайды.
Дін – шынайы мәдениет принциптерін қамтыған берекетті қайнар бұлақ. Соның арқасында адам баласының көңілі мен сезім әлемі асылданып, ұлылықпен астасады, физикалық әлемнің шегінен асып, бүкіл ізгіліктердің, сұлулықтың, жақсылықтардың бас бұлағынан шөлі қанғанша ішетін дәрежеге жетеді.
Шынайы ізгілікті діннен ғана табуға болады. Дінсіздің өнегелі болуы және шын діндар адамның өнегесіз болуы өте сирек кездесетін жайт.
Дін арқылы кісі адамдықтың мәнін ұғынып басқа мақұлықтардан өзгешеленеді. Дінсіздің ойынша, адамның басқа хайуандардан айырмашылығы жоқ.
Дін – Аллаһтың жолы, дінсіздік болса – шайтан жолы. Сондықтан дін мен дінсіздіктің текетіресі Адам атадан бері жалғасып келеді және ақыретке дейін жалғаса бермек.
Қасиетті Құран
- жасалған.