ІНЖІЛДІҢ СҮЙІНШІЛЕРІ
Фарақлит
Иоанн Інжіліндегі бір аят: «Мәсих: (Иса) «Мен – менмін. Мен сендерге Тәуилді әкелетін Фарақлитті жіберу үшін сендердің Рабтарыңа кетемін» – деп баяндалған.
Фарақлит – хақтың рухы, оның мағынасы хақ пен жалғанды бір-бірінен түгелдей айырушы дегенге келеді. Аллаһ елшісі – ақиқаттың рухы. Өйткені өлі жүректер оның әкелген шындық шырынымен ғана тіріліп, бүршік жарды. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін аянбай күресті. Хақ пен жалған ұғымдары бір-бірінен тек осындай бір күрес пен күш-жігердің арқасында ажыратылады. Хазірет Мәсих хабар берген Фарақлит келіп жетті. Ол – Аллаһтың ақырғы елшісі екі әлем Сардары хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм).
Иоанн Інжілінде:
«Егер мені жақсы көрсеңдер, әмірлеріме бас иіңдер! Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы, ақиқат рухын (Фарақлитті) береді»,– делінеді (Иоанн, 14-бап, 15-16 аят).
Енді кезекпен төмендегі аяттарға назар аударайық:
«Фарақлиттің Рухул-Қудус болғанының ерекшелігі сонда – Рабб оны менің атыммен (яғни, пайғамбар етіп) жібереді. Ол сендерге барлық нәрсені үйретеді. Әрі менің сендерге үйреткендерімді де қайта еске салады» (Иоанн, 14-бап, 26 аят).
«Фарақлит келген кезде, мен үшін куәгер болады. Сендер де маған куәлік етіңіздер» (Иоанн, 14-баб, 26-аят)
«Мен сендерге хақты айтамын. Менің кетуім сендер үшін жақсы. Өйткені мен кетпесем, Фарақлит сендерге келмейді. Бірақ мен кетсем, оны жіберемін» (Иоанн, 16-баб,7-аят).
«Фарақлит келген кезде, барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларды тәрбие етеді» (Иоанн, 16-баб, 8-аят).
Інжілдің негізгі түпнұсқасы көне еврей тілінде, кейін грек тіліне аударылды. Біздің қазіргі қолымыздағы арабша аудармалар грек тілінен тәржімаланған. Фарақлит – грек тіліндегі осы сөздің арабша баламасы, яғни араб тіліне аударылып, осы тілге енген сөз. Біз бұл сөздің астарына үңіліп, егжей-тегжейлі тәптіштеп тергеп жатпаймыз. Керісінше, біздің мақсат – Інжілде сүйіншіленген пайғамбардың барлық қасиеттері Пайғамбарымыздың бойында болғанын дәлелдеу. Ойымыз нақты болу үшін алдымен, Пайғамбарымызға жан-тәнімен берілген адамның сөздерін келтірейік.
Иә, Мәулана[1] қалай тамаша айтқан!
«Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сипаттары Інжілде бар еді,
Ол пайғамбардың сыры һәм кіршіксіз таза еді,
Аса ғажап мінездері, түр-түсі, ғазауаттары, оразасы, ас ішуі,
Бәрі де Інжілде жеке-жеке баяндалған ғажайып бір саз еді»...
Әлем басшысы
Иоанн Інжілінде:
«Мәсих (Иса) былай деді: Мен енді сендермен сөйлеспеймін. Өйткені бұл әлемнің басшысы келе жатыр. Онда бар нәрсе менде жоқ», – деп айтылған. (14/30).
Забурда, 72-бабтың 8-аятында әрі жалғасында былай айтылған:
«Ол теңіз бен құрлықтың шектесер шегіне дейінгі жердің бәріне басшылық етеді. Шөл халқы оның алдында тізе бүгіп, дұшпандары топырақ жалайды. Таршиш пен аралдардың патшалары салық төлеп, Шеба (Арабия) мен Шеба патшалары сый-сияпат жасайды. Барлық басқа патшалар да оған мойынсұнып, әр тайпа бас иеді. Өйткені ол еңіреген кедей мен шарасыз қалған жандарға азаттық әпереді. Жарымжан мен жарлыға мейірім-шапағат көрсетіп, кедейлерді азаптан құтқарады. Зұлымдық атаулыдан азат болғандардың қадірі артады. Ол өмір сүреді. Оған Шеба (Арабия) өзінің қазынасынан алтын береді. Ол үшін үнемі дұға етіп, күнде мадақтайды. Есімі мәңгілікке ұласып, күнмен бірге мәңгі бақи шам-шырақ болып жанады. Адамдар ол арқылы мүбәрак болады. Барша адамзат оны «мүбәрак» деп айтады».
Жоғарыда ескерткеніміздей, бұларды адамдарға оймақтай ой салу үшін айттық. Қосымша мынаған тоқталсақ дейміз. Күншілдік пен кекшілдігі көкірегіне мүйіз боп қатқан яһуди мен христиандар қанша бұрмаласа да, әлі де Тәурат пен Інжілден Аллаһ елшісінің пайғамбарлығына тән көптеген ишарат пен сүйіншілер табылуы әбден мүмкін. Тәурат, Інжіл және Забурдан ең аз өзгеріске түскен нұсқалар табылса, сол кезде, шамасы, ешқандай жорамалды да, тәпсірді де қажет етпей, Аллаһ елшісіне байланысты көптеген ашық белгілер бар екенін қарапайым адам да анық аңғарады. Христиандықтың бұрыс түсініктерден арылып, тазаратынынан хабар берген хадистерде де осы мағынаға ишарат бар болар, сірә[2].
Тәурат пен Інжілде Аллаһ елшісі мен сахабалары жайлы айтылғандығын Құран мен сүннет бізге жеткізген[3].
Абзал адам
Қазіргі заман адамдары рухани құндылықтардың көбісінен көз жазып қалды. Өткен-кеткен пайғамбарларға, әсіресе, пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) деген көзқарастары түбегейлі өзгерген. Алайда оны қатардағы жұмыр басты пенде көріп баға беруіміз мүлдем дұрыс емес. Өйткені ол – жер бетіне өзгеше леп әкелген, адамзаттың дүниетанымын өзгертіп, нұрға бөлеген, ерекше рух иесі һәм айрықша қасиеттерге ие адам. Сол себепті де оған баға беруге біздің өреміз жетпейді. Оның қандай асқақ тұлға екенін тап басып түсіндіріп бере алмаймыз.
Оның атына ең жақсы мадақ айтқандардың бірі – ақын Хассан ибн Сабит[4]. Ол: «Сөздеріммен Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мадақтай алмадым. Керісінше, Мұхаммед арқылы сөздерім мадаққа ие болды», – деген болатын.
Ол туралы айтылған сөзіміз оның есімі айтылғандықтан ғана терең мәнге ие болды. Ғасырымыздың алып ойшылы[5] да Құран жайлы осылай деген болатын: «Құранды сөзбен мадақтай алмадым. Керісінше, сөздерім Құран арқылы мадаққа бөленді».
Байқасаңыз, бәрінің ой-сезімі бір-бірімен үндесіп жатыр. Өйткені олардың қайнары бір. Бірінің сөзін келесісі өзінше толықтырады.
Оған үмбет болу біз үшін қай жағынан алып қарасаңыз да шексіз бақыт, мың да бір шүкір айтқызатын теңдесі жоқ ырыс-береке. Ендеше, біз осы шапағатты терең сезініп, жаһанға жар салайық. Раббымызға күні-түні хамд (мадақ) пен шүкір етсек те аз. Өйткені біз ең үлкен ырыс-берекеге бөленген Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіміз. Бұл – Аллаһ тағаланың бізге рақымы мен есепсіз игілігі. Ол кімді жарылқағысы келсе, соған қалағанынша үйіп-төгіп береді. Бірақ бізге бергені ешбір таразы тарта алмастай мол қазына, шексіз берекет.
Осы жерде мына мәселені қозғағым келіп отыр. Біз осынау Сұлтанға лайық пейіл білдіре алдық па? Оған деген шынайы сүйіспеншілігімізде мін бар ма екен? Жан сарайымыз оған әрқашан айқара ашық па? Жатсақ та, тұрсақ та, бір сәт естен шығармай, ақыл-ойымыз бен жүрегіміздің төрінен орын бере алдық па? Ғұмырымыз Соның жолында ма? Егер осы сауалдарға оның үдесінен шығып, жауап бере алсақ, онда төрт құбыламыздың түгел болғаны. Онда өзіміз де, асқақ-армандарымыз да оның нұр сіңген бейнесінің шуағына бөленіп, оған лайық жамағат болғанымыз. Асылында, өмірін Пайғамбарымызға тән тектілік тәрбиесімен өткізген жамағат – жер бетіндегі бейбітшіліктің алтын қазығы. Шамасы, әліге дейін осы тепе-теңдікті сақтайтын негізге ие бола алмауымыздың бір ғана себебі бар-ау деймін. Ол – Мұхаммеди рухтың, яғни оның жоғарғы адамгершілігі мен нұр шашқан сүннетін темірқазық ету деңгейіне көтеріле алмай жатқандығымыздан болар.
Ол – Аллаһтың ерекше жаратқан пендесі. Солай бола тұра оның адам ретінде арамызда болуы – ең зор бақыт. Жәннат ол келгенде жауыннан кейін шайдай ашылған аспандай мерейі тасып, нұр боп шалқиды. Сондықтан замандастарымызға оны өз тұғырына лайық түрде түсіндіру – басты парызымыз. Өйткені адам баласы сол бір Сұлтанды түкпірлей түсініп, оған ілескенде ғана нағыз адамдықтың ұшар шыңына жетеді. Оны түсіну әрі түсіндіру үшін жұмсаған қажыр-қайратымды ешқашан жеткілікті көрмедім, дегенмен осыған қол жеткізу асыл арманым...
Ұзақ уақыт өзімді оның есігіндегі «Қитмирге»[6] балап, қамыққан көңілімді жұбатып жүрдім. Бірақ күн өткен сайын үмітім де сұйылып, өз-өзіме: «Әттең-ай! Адам болып жаратылғанша, Пайғамбарымыздың мүбәрак тәнінде бір қыл болып жаратылсамшы! Сонда Аллаһтың ерекше рақымдылығына ие адамға әлдеқайда жақын болар едім-ау» деп, жатсам да, тұрсам да армандап, аһ ұрдым. Бірақ оған лайық емес екенімді Ғаламның рақым нұрын терең таныған сайын аңғара бастадым. Ал, қазіргі барлық арман-тілегім – Аллаһ елшісінің үмбетінің арасында болу ғана. Өйткені Аллаһ мұндай нұрлы жамағат арасында болғандарды оның шапағатынан құр қалдырмайды. «Ондай жамағатпен бірге болған жан да рақымнан мақұрым қалмас»[7] – деген Құран аятына сүйеніп, мені де сол топқа қосар деген үкілі үмітімді жаныма медет етіп келемін.
Сөйте тұра, сол бір заңғар тұлға жайлы айтуға бел будым. Барлық қайрат, күш-жігерім – оқырман жүрегіне ұшқын тастап, оған деген сүйіспеншілікті ояту ғана. Қолдан келер өзге шарам бар ма? Өзімді бейне бір қажылыққа баруға ниеттенген құмырсқа секілді сезінемін[8]. Бар арманым ғұмырымды осы жолға арнау ғана...
Ол – бізге мүлдем беймәлім басқа әлемдердің адамы. Біздің міндетіміз – бейне бір шексіз кеңістікте оның нұрлы толқындарын таба білу іспетті. Осы толқындарды тауып, осыған сай жан-дүниемізді жаңғыртып, бойымызды түзер болсақ ол көңіліміздің төріне тағын құрары сөзсіз. Екі әлем Сардары көңіл төрімізге нықтап орын тепсе айтып жеткізу мүмкін емес, көк пен жердегі періштелердің өздері тамсанып қызыға қарайтын асқақ та заңғар биікке самғар едік.
Енді осы тұсқа дейін айтқандарымды айтпақ болғандарыма арқау етпекпін. Пайғамбарлар мен Ағзам Нәбиге[9] ой көзімен қараған кезде адамның көзқарасы мен ниеті маңызды орынға шығады. Пайғамбарларды былай қойғанда, әулие, асфия[10], әбрар[11], муқарраибндерді[12] «сезініп түсінем, терең ұғынам» деп талпынған адамның көңілі бұлақтай мөлдір, жан сарайы таза болуы керек. Әйтпесе онсыз оларды танып-біле алмаймыз. Зілмауыр нәпсінің қара бұлты мен қалың тұманында қалып қойып, одан тырбаңдап шыға алмай, қараңғыда қамалып ғұмыр кешкен адам пайғамбарларды қалай ұға алсын? Ал, оның көз тіккен адамы хазірет Мұхаммед әлейһис-сәләм болса ше? Онда зейіні мен зердесін мейлінше жұмылдыруы қажет болмай ма?! Әркім өзінің қабілетіне қарай кей жайттарды көріп, сезе алады... Бірақ Екі әлемнің шырағын ешкім түпкілікті түрде түсіне алмақ емес.
Иә, солай.
«Көрген түспен ғұмырларын жұбатумен өткізген ұйқыдағы бейбақтар, оның ақиқатын қайдан ұға алсын?!»
Бусайри[13]
[2] Бухари, Әнбиә, 49; Муслим, Иман, 244-247.
[3] “Олар қолдарындағы Тәурат пен Інжілде жазылған “умми” нәби пайғамбарға сенеді...” (А’раф сүресі 7/157). Қараңыз: Фатх, 48/29; Сафф, 61/6. Бухари, Буйу’, 50; Муснад, 2/174. Қосымша үшін қараңыз: Суюти, әл-Хаса’ису’л-Кубра, 1/18-31.
[4] Хассан ибн Сабит (563-683 Мәдина) – Ғассанидтер кезеңінде сарай ақыны болып, 60 жасында Ислам дінін қабылдаған. Кейіннен Пайғамбарымызға арнап мадақ жырларын жаза бастаған ақын.
[5] Бәдиуззаман Саид Нұрси (1876-1960) – әйгілі мұсылман ғалымы, Құран тәпсіршісі.
[6] Қитмир; «Кәһф» сүресіндегі «Кәһф» (үңгір) достарының итінің аты. Сол сүреде осы ит жайлы да айтылған. Жазушы бұл жерде оны адалдықтың үлгісі ретінде алған (ауд).
[7] Бухари, Да’уа 66; Муслим, Зикр, 25; Тирмизи, Да’уа, 129; Муснәд, 2/252,383.
[8] Бір құмырсқа қажылыққа баруға ниет етіп жолға шығыпты. Көрген жұрт: “Құмырсқа-ау, мына жүрісіңмен қажылыққа жете алмайсың ғой”, – дейді. Құмырсқа оларға: “Жете алмасам, қажылыққа бару жолында өлермін”, – деп жауап беріпті. Бұл мысал ниеттің өте маңызды екенін білдіреді. Пайғамбарымыз да бір хадисінде “Мұсылманның ниеті жасаған амалынан қайырлы” дейді (ауд).
[9] Ең үлкен пайғамбар (ауд).
[10] Пайғамбарымызға мирасқор болып оның ісі мен мақсатын жандандыруға, іске асыруға өмірін арнаған тура да шыншыл әрі салихалы тақуа жандар (ауд).
[11] Сөзі мен ісі бір жерден шығатын турашыл жандар (ауд).
[12] Тақуалығы мен ғибадаты арқылы әулиеліктің шыңына жетіп, Аллаһтың айрықша қадір тұтқан адамдары (ауд).
[13] Шарафуддин Бусайри (1213-1295) – әйгілі араб шайыры, «Қасидатуль-бурда» атты танымал еңбектің авторы.
- жасалған.