ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЖІБЕРІЛУ МАҚСАТЫ

Пайғамбарлар араларындағы дәреже айырмашылық-тарына қарамастан, бәрі Жаратушының таңдаулы құлы әрі Аллаһ затының [1] шағылдарына қарай таңдалған. Олар Аллаһ тағалаға басқа жұмыр басты пенделерге қарағанда бір табан жақын. Жаратушы оларды бөгде адамдар бас сұға алмайтын қорғанда тәрбиелеп өсіріп, өзінен басқа өзге нәрселерге көз тастап, көңіл бөлуіне мүлдем жол бермеген.

Барлық пайғамбарлар секілді Пайғамбарымыз да өмір бақи Раббысынан басқаға мойын бұрмай, тек ол жайлы ойлап, Хақтың ақиқаты мен құдыретін паш етіп өткен. Ол есер ой мен есерсоқ ниеттен алыс болып, дүние қызығының соңына түспеген. Бөгде нәрсе сиқырлап өзіне тартып, қызықтырып басын айналдыра алмаған. Көзін ашқан сәтте-ақ Раббысын көріп, көзін жұмар сәтте де: «Аллаһым, Рәфиқу’л А’ланы (Ұлы Досымды) қалаймын», – деген болатын.

Енді осы жайды Айша анамыздан (р.а.) тыңдайық:
«Аллаһ елшісі сырқаттанған кезінде, маған «дұға ет» дейтін. Мен мүбәрак қолынан ұстап, қолының берекетімен шипа табуын үміт етіп, алақанымды мүбәрак басына қойып, дұға ететінмін. Өлім аузында жатқанда бұрынғыша дұға етейін деп ұмсынғанымда, ол қолын тартып алды да: «Аллаһым, Ұлы Досымды қалаймын», – деді»[2].

Аллаһ расулы осыдан соң өмірдегі достарын емес, шын Досы – Раббысымен қауышуға асыққан еді.

Өмірге таза келіп, таза кеткен, пәк ғұмыр кешкен пайғамбарлар, әсіресе, Пайғамбарымыз әлемге не үшін келді? Қандай мақсатпен жіберілді? Ендігі сөзіміз осы сауалдардың жауабынан өрбиді. Әсіресе, мына бастапқы екі негіз осы тақырыптың мәнін  аша түспек:

Біріншісі: Пайғамбарлардың зеңгір де асқақ дәрежелеріне немқұрайды қарамай, оларға жай үстірт баға берушілерге бұлтартпас дәлелдермен жауап беруіміз қажет.

Екіншісі: Бүгінгі таңда пайғамбарлыққа тиісті міндетті арқалаған адамдарға қандай жолмен, қандай жүйемен жүру керектігін көрсету.

Мәселені қай жағынан алып қарасақ та, тақырыптың маңызы кемімейді. Ойымызды бірнеше тарауға бөліп қарастырамыз:



[1] Аллаһтың заты; бұл жерде “зат” сөзі тек Аллаһтың өзіне ғана тән деген ұғым (ауд).
[2] Бухари, Мәғази, 83; Муслим, Сәләм, 46; Әбу Дәууд, Тыб, 19; Тирмизи, Да’уа, 76.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.