Тәурат сүйіншілері

Біз бұл бөлімде сан мәрте бұрмалауға ұшыраса да, ішінде әлі де Аллаһ елшісі туралы ишарат пен сүйіншілері бар Тәурат, Інжіл және Забурдың кейбір жерлерін келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. Мәселенің егжей-тегжейін білгісі келгендерге осы тақырыпқа байланысты жазылған жеке ғылыми еңбектерге, әсіресе, Хусейн Жисридің «Рисала Хамидия» кітабына үңілуін өтіне отырып, біз маңызды-ау дегендерін ғана сөз етеміз.

Фаран таулары
1944 жылында Лондонда басылған Тәураттың арабша аудармасының бір жолында:  «Аллаһ адамзатқа Синада жақындады. Сайрда нұрландырды. Фаран тауларында көрініп, өзінің біртұтас толықтығын жария етті», – делінген (Второзаконие, 33/2). Бұл географиялық атаулар бізге нені ұқтыруда? 

Яғни, Аллаһтың рақымдылығы, адамзатқа деген мейірім-шапағаты Мұсаның (а.с.) Аллаһпен тілдескен Сина тауында байқалды. Ол – сол дәуірдегі Мұсаға (а.с.) берілген пайғамбарлық.

Сайр – Палестина жері. Сол жерде уахи жолымен келген Аллаһтың рақымдылығына Иса пайғамбар мен оның айналасындағы жандар түгелдей бөленді. Сонымен қатар, Иса Мәсих (а.с.) – Аллаһ тағаланың ерекше сый-құрметіне бөленген ұлық пайғамбарлардың бірі.

Фаран – Мекке қаласы. Өйткені Тәураттың және бір жерінде Ибраһим пайғамбардың баласы Исмайылды Фаранда қалдырғанынан хабар береді. Олай болса, Тәуратта жазылған Фаран – қазіргі Мекке.

 Бұл дәйектемеде жалпы үш пайғамбар туралы айтылады. Бұлардың біріншісі – Мұса (а.с.), екіншісі – Иса (а.с.), үшіншісі – ақырғы пайғамбар, екі әлем Сардары Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм).

Исмайыл нәсілі
Тәураттың жоғарыдағы екінші жолында:
Аллаһ Тәуратта Мұса пайғамбарға былай дейді: «Олар үшін (Израйыл ұрпақтары) бауырларының арасынан сен секілді бір пайғамбар шығарамын да, сөздерімді көкейіне саламын. Ол әмірлерімнің барлығын оларға айтып жеткізеді» (Второзаконие, 33/2).

19-жол да осыны толықтыратын мағынада:
«Менің есіміммен айтылған сөздерге бағынбағандардан Мен өзім кек аламын» – делінген.

Тәураттағы «Израйыл ұрпақтарының бауыры» сөзімен Исмайыл пайғамбардың (а.с.) нәсілінен пайғамбар келетінін ишарат етілген. Ал, Исмайылдың (а.с.) нәсілінен шыққан жалғыз пайғамбар – хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм). Ол да Мұса (а.с.) секілді шариғатпен келеді. Сонымен қатар, бұл пайғамбардың умми[1] болатындығы айтылған.

Мойынсұнбағандардан алынатын кек, шамасы, шариғатқа тиісті ескерту мен қорқыту не жаза болса керек.

Тәуратта айтылған пайғамбардың Иса (а.с.) немесе Юша (а.с.) болу ықтималына келсек, бұл ақылға қонбайды. Өйткені сөз етіліп отырған пайғамбарлар – Израйыл ұрпақтары. Бұған қоса көптеген мәселеде Иса (а.с) жаңа заң әкелмей, тек Мұсаның (а.с.) әкелген шариғатына ілескен. Ал Юшаның (а.с.) Мұсаға (а.с.) ұқсамағаны айдан анық. Өйткені ол да жаңа бір шариғатпен келмеген. Бұған қоса, «Расында, Біз Перғауынға пайғамбар жібергендей, сендерге де куәлік ететін пайғамбар жібердік», – (Мүззәмміл, 73/15) деген аят та Мұса (а.с.) мен Пайғамбарымыз арасындағы ұқсастықтықты баяндап тұр. Негізінде, бұдан артық басқа дәлелдің қажеті де жоқ.

Ерекшелік
Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас, Абдуллаһ ибн Сәләм және Ка’бул Ахбар (р.анһум) – үшеуі де Құраннан бұрынғы түскен кітаптарды жетік білуімен аты шыққан ұлы тұлғалар.

Олар өз заманында дәл қазіргідей өзгеріске ұшырамаған Тәураттан мынандай аятты бізге ұсынады: «Ей, Пайғамбар! Біз сені куәгер, сүйіншілеуші, ескертуші әрі арқа сүйер етіп жібердік. Сен – Менің құлым әрі елшімсің. Сені «Мутәуәккил» (Аллаһқа толық мойынсұнған) деп атадым. Ол қатал да, дөрекі де емес. Базарларда айғайлап даусын көтермейді. Жамандыққа жамандық жасамайды. Бірақ кешіріммен қарайды, ғафу етеді. Аллаһ онымен қисық елді «Ләә-иләһә-ил-лаллаһ» дегізіп түзелткенге дейін, оның жанын алмайды»

Ойланып көрейік. Тәураттағы бұл сөз кімге айтылған? Сөйлемді талдап, тереңге бойлаудың қажеті жоқ. Мұның ашық мағынасына қарасақ, болашақта келетін пайғамбарға, яғни пайғамбарлар арасында тікелей хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қарата айтылғаны көрініп тұр.

Ол – барша адамзатқа жіберілген пайғамбар.

Жоғарыдағы жолда оған:
Сені барлық адамзатқа тура жолды көрсететін сүйіншілеуші әрі оларды бұрыс жолдан сақтандыратын ескертуші етіп жібердім. Сен жамандық атаулыға қарсы тұрып, адамдардың жәһәннам шыңырауына түсуіне тосқауыл боласың. Сонымен қатар, осы қисық та бұралаң, ойлы-қырлы жолдардан шыға алмай қараңғыда қалғандарға жарық болып, қолдарынан ұстап, оларды жәннат пен Аллаһты көруге апарасың, – деп жол көрсеткен.

Сені қараңғы дәуірдің умми халқына пана етіп жібердім. Сені түсініп, көздері ашылғанда, сені қорған етеді. Саған арқа сүйегенде ғана бақытты ғұмыр кешпек...

Сен – Менің құлым  әрі елшімсің.

Иә, біз де әт-тахиятта (намаздағы дұға) әрқашан оның құл екендігі мен пайғамбарлығын айтамыз. Мен сені «Мутәуәккил» (Аллаһқа толық тәуекел етуші) деп атадым. Әлем саған қарсы шығып, сен олармен айқасуға тура келгенде, қорқу дегенді білмейтін боласың. Әр пайғамбардың өзіне сай тәуекел ету қасиеті бар. Бірақ сен бұл тұрғыдан мүлде өзгешесің. Сондықтан да, Мен саған «Мутәуәккил» деп ат қойдым.

Содан кейін ең соңғы сөздің бағыты басқа арнаға түседі. Мұның атын біз ілтипат дейміз.

Ол ашу шақырып, айналасындағыларды ренжітіп, жек көрінішті болатын адам емес. Керісінше, әдепті, салмақты, байсалды, ұстамды адам. Ол көшеде айқайлап, дауыс көтермейді. Өйткені мұндай қылықпен жұрт назарын өзіне аудару – осалдық пен өркөкіректіктің белгісі. Ол, әлбетте, мұндай жаман мінездерден бойын аулақ ұстайтын жан.

Ол жамандықты ешқашан жамандықпен қайтармайды. Бір бәдәуидің[2] оның шапанынан тартып, «Ақымды бер!» деген қылығы барлық сахабаның ашу-ызасын тудырса да, мұндай дөрекіліктерге мейірбан Пайғамбарымыз бар болғаны жай ғана жымиып, сахабаларына: «Мына кісінің сұрағанын беріңдер», – дейтін[3].

Иә, ол ең кешірілмейтін ағаттықты да кешіретін. Тек кісі шариғаттың заңына қарсы келетін іс-әрекет жасамаса болғаны. Меккені қоластына бағындырған күні өзіне кезінде күн көрсетпеген меккеліктерге: «Барыңдар, барлығың  түгелдей азатсыңдар», – деген еді[4]

Қате жолда қараңғы ғұмыр кешкен адамдар оның әкелген нұрымен дұрыс бағытын тапқанға дейін Аллаһ тағала сүйікті елшісінің дүниеден көшуін тағдырына жазбаған. Оның «Әр-Рәфиқул-А’лаға»[5] көтерілуі   діннің кемеліне жетіп, пайғамбарлық міндеті біткенде ғана жүзеге асатын-ды. Тәрбиелеген адамдары өзін жоқтатпайтын деңгейге көтерілген кезде ғана Ұлы досына қайтып оралмақ. Өйткені оның бұл дүниедегі ұлық міндеті сонда ғана  аяқталады.

 Пайғамбарымыз туралы Тәуратта осылайша  баяндалған. Ол  уақыты келгенде, дүниеге келген сәттен бастап, өзінің ұлағатты өмірімен осы айтылғандарды жүзеге асырды.

Турасына келсек, ол жерде Аллаһ елшісінің тікелей өзіне тән сипаттар айтылған. Сонда Тәуратта сөз болған бұл ұлы пайғамбар кім еді? Тарихта дәл осы айтылғандарды іске асырған басқа біреу бар ма? Әлбетте, жоқ! Олай болса, Тәуратта сөз болған адам, әрине, шүбәсіз хазірет Мұхаммед саллалаһу алейһ уә сәлләм! 


[1] Оқымаған адам. Яғни, жазу-сызуды білмеген  жан деген сөз. Бірақ «умми» мен «қараңғы адамның» арасында үлкен айырмашылық бар. Умми – тек қана жазу-сызу білмейтін, оқымаған адам болса, қараңғы адам – жазу-сызу білсе де, оқығанын тоқымаған сана-сезімі төмен адам (ауд).
[2] Шөл адамы.
[3] Әбу Дәууд, Әдәб, 1; Нәсә’и, Қасама, 24.
[4] Ибн Һишам, Сирә, 4/55.
[5] Аллаһқа қайтып оралуы.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.