ДҮНИЕ ТЫНЫШТЫҚТАН АЙЫРЫЛДЫ

Бұл күнде ұлт ретінде жүзімізді уайым-қайғы меңдетіп, үзілерге жете талықсып, үрейге толы күн кешіп, әрбір ісіміздің берекесі кетіп отыр. Сірә, бір сүйем алға жылжығанымызда, алдымыздан қорқынышты тосын жайттар шығады, деп уайыммен қалтыраймыз. Жаңа ой туғыза алмадық, келешекке бағыттар ілікке жарар байыпты жоспарымыз жоқ. Жүрген жолымызда ұйқылы-ояу жандай сенделіп ілби басамыз. Алдымыздан тосын шыққан оқиғаларға қарата дөрекі әрекет ұстанамыз. Жүздеген жылдар бұрын ұлт сатқындарының жасаған әлгі сұмдық бұзақылық бағыттарына қарағанда, біздің аталмыш іс-шараларымыз, ұлттық болмысымызды сақтау жолындағы ұлы күрестің бір түрі. Мұндай күресті өз биігінде жүзеге асырған күннің өзінде (мен сұрамасам да) келешек ұрпақ бұған «Не жұмысы бар екен?» деп таңдана сұрауы мүмкін.
Ойлап көріңіздерші, ұлтымызды өмір бойы жанталасқан ауыр мехнаты көп жағдайда өзгелердің билеп-төстеуімен жүзеге асып келеді. Осы шешімдер толығымен біздің еркімізден тыс қабылданған кезде оларды қалай пайдаланамыз, не болмаса, бізге қарама-қайшы келетін іс-әрекеттердің алдын қалай аламыз, деп уайымдаймыз да жатамыз; бүгіндегі шарапатымызды ертең қиратып, шегі жоқ бұзақылықпен өмірімізді зая өткізіп... және өзгелерді үнемі күлдіріп, таңғалдырамыз. Біз әр уақытта сенімділікті жоғалтып отырамыз, ал сенім өз алдымызда жатқан биіктік. Жер шарын түгел жайлаған надандық, пайымсыздық пен ғапылдық күштері арқылы ылғи да тоқырау кезеңінен өтіп жатқан сияқтымыз. Басы барлар көп жағдайда селқос, басы жоқтар белгісіз бір уақытта жоғалтқан бастарын іздеумен әлек, ал парасат иелері қысым мен құрметсіздіктен азап шегуде; басты міндеті – қоғамға тәлім беру, көкірекке ілім нұрын құю және ең биік адамдық өреге бағыттау болып саналатын ақпарат құралдары (массмедиа) бедел жинау үшін не істемейді; әрбір тақырыпқа ашық, үнемі қараңғы нәрселермен иттей ырылдасады; ырылдасады да әлемнің ар-намысын аяққа таптайды; күн сайын жаңа үлгі, жаңа пішінде үрей туғызып жатады; хаққа жатпайтын суреттеу мен көрсетілімдер арқылы кіршіксіз таза сана-сезімді ластап, нәпсіқұмарлыққа жетелейді. Тіпті, бұлардың ішінен бүлік пен арандатушылыққа бағытталғандай үнемі жағымсыз әрекеттерді туғызып отыратындар бар. Бұлар әбден сұрыпталып, оқылсын деген мақсатты көздеп, ар-намысты табанға таптап, адамды адамзатынан ұялтатын нәрселер жасайды.
Қоғам күн сайын қиямет белгілерімен бірге жатып оянады, оянады да Сүрдің дауысын күтіп отырғандай қобалжиды... Тыныштық пен үнсіздігіміз кәдімгідей қиялға айналды... Бүгінгі күнге дейін көңілге медет болған ұлттық рух пен ұлттық ой-санамыз жаралы арыстандай... Қазірге шейін үзілмеген үмітіміз бықсыған оттай... Ерік-жігеріміз құм болып, табандылықтан жұрдаймыз... және қоғам болып қорқыныштан үнемі үрейленеміз. Өз-өзімізден жиреніп алыстап кеткеніміз соншалық, сірә, өз рухымыздың өресін білмейміз, сөйте тұра рухымызды таразылап, оған үңілгіміз де келмейді-ау!
Тарихтың қайбір кезеңінде өз құндылықтарымызды сонша жатсынған емеспіз... Рухымыз ешқашан дәл бүгінгідей аш болған емес. Қазір ше, түрлі ішектерден әртүрлі әуездер мен дыбыстар шығады; бізді адам етіп қалыптастырған рухымыздың үнін тыңдай алмай келеміз; кім екенімізді, қайда тұрғанымызды, не үшін өмір сүріп жүргенімізді байқамағандай, таңдай қағамыз, жо-жоқ шошимыз, тіптен, есеңгіреп қаламыз. Сенім мен сананың негізінде орын алатын ақыл мен рухымызды баттасқан кірден тазарта алғанымызға дейін, мына өлім тілейтін бейшаралықтан сақтануымыз мүмкін емес сияқты деп ойлаймын.
Жан-жақтағы жарылыстар мен аласапырандар құлақ тұндырып, жан түршіктірердей ащы айқай-сүрендер естіледі; жатсынуға қызықтыра итермелеген түрлі «шоу» іспетті оқиғалар санамызға сынаптай сіңе бастады; көңілімізге жаққан, шарасыздығымызға сүйеніп, рухымызда қанат жайған және мұң-зарға айналған мына түрлі-түрлі жан төзгісіз оқиғаларды көріп, үрейден секемденіп жатамыз әрі қайғыға батып, шарасыз күйден арыла алмай әрбір сәтте өкінішімізді сезінеміз және әрбір күн өткен сайын рухымыздың күйрей түскенін байқаймыз.
Әйткенмен, кейде үміт отын үрлеген үндерді естіп, жарқын келешекке кепіл болатын дамуларды байқамай қалмадық, алайда, соншалықты әлсіз, сондай-ақ, беймәлім ұзақ болашаққа аманат болған мына дауыстардың жаңғырығы үзілмейтін азанға айналуы және әлгі даму үрдісіндегі құрылыстардың өзіміздің ішкі дүниемізбен кемелдене түсуі үшін хақ қызметіне өмірлерін арнаған ер жүрек батырларға, табандылықпен соңына дейін әрекет ететін төзімді еріктерге, қара тұяқтан хал кеткенше шабатын жүйрік тұлпар іспетті жанды рухтарға және төзім мен сабыр сақтайтын кемеңгер жандарға зәруміз.  Меніңше, осы ерекшеліктерге ие көңіл ерлердің арқасында ұзақ жылдардан бері бойымызға сіңіп, сана-сезімімізді ластаған, адамды «адамдық қалыбынан» шығарған әлгі келеңсіздіктерден арылып, ұлт ретінде исламмен рух тұңғиығымыздағы інжу-маржанға айналған өзіндік табиғатымызды, мінезімізді, пәктігімізді қайтадан табуымыз мүмкін болмақ.
Бір кездері біз қоғам ретінде дүниежүзінің тап-таза, мөлдір, өнегелі және көреген ұлттарының бірі едік; тіптен, кейбір кезеңдерде ең алдыңғы орынды иеленіп едік. Қоғамдағы әрбір топтың ішінде негізі иманға сүйенген, жалғасы Хақ жолында бекем, байыпты ақиқатқа ғашықтығы, зерттеуге ынталы, ғылымға ынтызарлығы, әділет ағлағы, мейір-шапағат сезімі тілге тиек болған-ды. Адам мен қоғам әрдайым ой-толғау мен сақтыққа жүгінетін; бәріне бірдей мейірмен қарайтын және Хақ өкілі болудың қажеттілігі ретінде жер бетінде ең негізгі жауапкер екенін білетін. Кейде жер бетінде титтей құрғақ жер қалдырмай нөсерлете жауатын жаңбырдай, кейде өзендей сылдырап аққан әбілхаят суындай; күн ұясынан шыққан сәттегі дариядай көбіктеніп, жан-жаққа қатар жарысқан қуаныш пен қорқыныш сезімін ұялататын; ал кейде сәті түскенде алуан түрлі хош иіс аңқыған гүлдей, тамашалағандардың көз жауын алып рухани ләззат сыйлайтын еді... Иә, адам мен қоғамның өзгеше талғаммен ғажап ләззаттың ішінде жиі түлеп жаңарған, жаңарғанда да өзінің барлық ерекшелігін сақтаған және бүкіл ұждандарда аспани сезімді оятқан сұлулық пен әсемдік бар болған-ды. Дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан шым-шытырық жағдай, жан-жақта жаңғырған жан түршігер айқай-шу, адам мен қоғамның ауанынан шыққан тыныштық пен үздіксіз сенімділігі арқылы әуенін өзгертіп, бәсеңдеп, біздің дауысымызға жұтылып ғайып болатын. Расында, өмірдің мәңгілік әуеніндей естілетін мына дүниеде құлағымыздың етін жеген жағымсыз дауыстардың өзі естілмейтін болады және өз мәртебесіне қарай әртүрлі үнсіздік, аспанды сенімділік пен қанат жайған кең тыныштық құрсаулап алатын да мына бақтияр елдің азаматтары көп жағдайларда бір-екі қадам қиялдарының керісіне қарай шегініп, өте терең бір о дүниелік тыныштыққа шоматын; имандарының, үміттерінің әлгі көкпеңбек климатындағы өтпелі, яки, келешек тұтас бір заман кеңістігінде өмір сүріп, өз-өздерін күндеп, бақыттарына мастанып жүретін-ді.
Кей-кейде қарама-қарсы ескен желдер мына мамыражай әуелі кеңістікті шұрқ-шұрқ тесіп, жасыл желекті әсем табиғаттың сиқын кетіріп, қоршаған ортаны торғайдай тоздыратын. Алайда, қоғамның қалыптастырған жалпы ауанының үнемі аспандай ашық болуының арқасында қатты соққан қара дауылдың өзі қапелімде самалға айналатын, түрлі түстер көктемнің көкорай түсіне сіңіп жоғалатын және барлық нәрсе жаңа руханиятқа көшетін. Иә, бұл дүниеде үздіксіз ғапылдық пен одан пайда болған ожарлық, не болмаса, мұң мен зар естілмейтін. Тылсым дүниенің кей-кейде тыныштығы мен рахатын бұзған кейбір орынсыз оқиғалар болып жатса да, жалғасын таппайтын; қалай басталса, солай бітетін және нәтижесінде өз орнын тауып қалпына келетін; ұлттық және қоғамдық қалпымыз жаңадан әлгі аңызға айналған халге оралып, жұмақтарға және жұмақтықтарға ашық тылсымды о дүниелік түске боянатын. Боянғаны сонша, біздің әлі көре алмаған әлемдерді көріп тамашалағанымыз мына тіршілік пен оқиғалардың алдына шыққаны сияқты болатын және рухымызға тылсымнан қандай сыр ақтарады десеңші... Сөйтіп, уақыт өткен сайын мына тылсымға толы кемелділік ішкі дүниеміздің тереңдігінде жататын інжу-маржанға айналып, бізді өзінің мәнерімен сөйлетіп жататын. Міне, осы ішкі дүниеге қатысты сезімдер қайталанған сайын уақыттың ағысымен рухымызға, мінезімізге сай жаңа көзқарас қалыптастырып, бізге рухани әлемнің есік-терезесін айқара ашады. Ашатыны сонша, кейде табанымыздың астындағы мекенді аспанның жердің үстінде ілінген бір шеті, ал өзімізді әлгі тылсымды дүниенің тұрғындары деп есептейтінбіз.
Мына бір-бірімен аралас байлықтарымыздың, рух пен көңілімізден тасып жатқан иләһи жақсылықтар мен сый-сыяпаттарға толы қазынамыздың сырлы кілті – иманымыз және оның әр уақытта жанды болып қалуының негізгі сыры – ізгілікті амал мен ынта-ықыласымыз. Сенетін әрбір жан тебіренісіндегі осы иләһи кемелділіктің рахатын сезіп, көктегілермен бірдей қуаныш аралас ләззатты тататын еді.
Иман, Құран және Исламның осы өлшемде сезіліп жүзеге асуынан пайда болған жарықтық топаны үнемі қарама-қарсы ескен желдің күшін тежеп жататын тылсыммен толқындайтын; рухани тұрғыдағы пайымнан өтіп, басымызға құйылған иләһи нұр іспетті жан-жағымызды қаумалайтын және тұтас рух жүйеміздің көзқарасына, санасына, сезіміне және таразылауына ықпал ететін. Рухтың әрбір қабатына ашық тұрғанымызда, көрмедей тамашалағанымыз мына дүниені, кітаптай тәптіштеп оқитынымыз мына әлем мен оқиғаларды, дәл осы жетістіктерге жеткен адамдарды және әмірлерімізге мойынсұнған жанды, яки, жансыз болмыстарды қанды көйлек досымыз бен тағдырлас жолсерігіміздей қабылдап, осының барлығынан өзегімізге құйылатын терең бір ләззатпен өзімізді жұмақтың дәлізінде жүргендей сезінетінбіз.
Осы иләһи сый-сыяпаты арқылы ішіміз әртүрлі шешімсіз және шарасыз жайттардан арылып жүрген жолдың бойында күтпеген бір жерден алдымыздан кейбір құбыжықтар шыға келді. Бұлар жүрегімізге жалғандық уын құйып, көкжиегіміздегі көк түтінді сейілтті; көзімізді жұмып, біз тамашалайтын көрме мен оқитын кітаптан мүлде алыстатты. Күнімізді көлегейлеп, ай жарығын қалқалап, жұлдыз біткенді тұмшалап, барлығын заяға жіберді және баршаның жүзін қара түске бояп, жарығымызды тас қараңғылыққа айналдырды.
Бұл кезеңде нәпсіміз рухтың тағын тартып алды... Жүрегімізге шайтан ұя салды... Құдайдың орнын әумесіл жандар басып алды... Ар-намыс табанға тапталды... Ұят пен ар намыссыздыққа ұласты... Құрметсіздік кім көрінгеннің табиғатына жұқты... Бүкіл атырап жағымсыздық пен сүйкімсіздіктің жәрмеңкесіне айналды... Әдептілік, сыпайылық бұрынғылардың құнсыз жолы мен тәсіліндей етіп көрсетілді... Опа, адалдық, отансүйгіштік әуелі рухтарда ұмыт болды; содан соң сөздіктерден өшірілді...
Сонымен, бүкіл бау-бақшалар оталды... Гүлдер сарғайып солды... Құнарлы жерлер қайтадан тақыр шөлге айнала бастады... Сүмбіл шаштардың орнына тікенектер бой көтерді... Бұлбұлдардың үні өшті, сауысқандардың күні туды... Жылан мен шаян осы еркіндікті пайдаланып емін-еркін кезіп, зәрін төгетін болды, ал көгершіндер қор болып, торға қамалды...
Ең ғажабы, барлық нәрсенің кері қарай әрекет еткен сәтінде отансүйгіш кейбір жүректер қорқыныштан дүрсілдей жөнеледі; абыржыған жандар уайыммен сарғайып, тіптен қобалжи түседі; азаптанған адамдарды мұң-зары жегідей жейді; бұл жағдай әрбір жанға «өз жан дүниесін» түсінуге жетелеп ескертіп отырады, ал бұл дегеніңіз – ғасырдан ғасырға жалғасқан өмірзаялық пен осы өмірзаядағы сүрінудің соңы деген сөз.
Қазіргі кезде барлық рухтардағы толқын мен көңілдердегі ізденіс; әрбір жерде таусылмас ой өрбіткен ақылдар мен миды ашытқан тасқындар... Әрбір жерде туған күн сынды кештер... Ендеше, әлгі қорқынышты үнсіздік пен ғасырлар бойы жалғасқан үнсіздіктен кейін біздің де, ұлт ретінде әлемге ұлағатты сөз айтуымыз керек еді; айтатын көп нәрсе болды және сөз сөйлеудің сәті де келіп жетіп еді.
Иә, артымызға қалдырған мына бірнеше ғасырлық құлдырау құбылысы отансүйгіш рухтарда ғашықтық сезімін оятқаны сонша, қазіргі жағдайымыз бұдан мүлде жаман болғанда да, қайтадан белді бекем буып, өз-өзімізге келуге жеткілікті сабақ алдық, сондай-ақ, мұндай құбылыс бізге серпіліс береді деген ойдамын. Сан жылдар бойы жалғасқан әрекетсіздік пен шаршау кезеңі әрекет ету, қам жасау күйіне ауысып, бүгінгі күнге дейін жалғасып отырған бірнеше буын ұрпаққа бойдағы келеңсіздіктер мен ыңғайсыздықтар өзімізді қайтадан табуымыз үшін қызмет еткен сияқты. Енді бұдан былай бүгінгі күнімізге қарағанда, алыс, яки, жақын жарқын күндер туралы айта бастадық және келешектің қиялымен өмір сүріп келеміз. Бүгінге дейін үнемі болғызуды аңсаған, алайда еш уақытта болмай қалған нәрселер бізге рауандап атқан таңдай өте маңызды хаттарын жолдап, бізді жаңа бір арайлы күнге шақырып отырды. Бәлкім, ол кезде күн тумаған шығар, алайда, таңның ата бастағаны күмәнсіз еді. Кешегі күнді жоғалттық; алдымызда ертеңгі күн ғана бар. Енді нағыз «метафизикалық керіліс» арқылы «келешек» деп, уақыттың қақ ортасындағы жаңа сыйлықты күтуіміз керек. Меніңше, кешегі күнді таразыға салып өткізе алмағандар, егер жоғалтқан нәрселерін түсініп, ес жиған және ертеңгі күндерге дайындық жасаған болса, онда көп жоғалтпаған деп саналады. Күтеміз; күн тумай, түннен не туатынын әлі де көреміз!
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.