СЕНІМЕН ӨТКЕН КҮНДЕР-АЙ...

Жылдар зулап өтіп жатыр, уа Мұхаммед,
Ай да бізге бар жарығын арнады.
Ақшам қандай қызыл шапақ, уа Мұхаммед,
Күннің өзін сол сәтте түн жалғады.
                          ***
Оның бәрі Алла үшін пайғамбар,
Исламды тек иесіз тастама,
Біздерді де қасіретке бастама. 
(Мехмет Акиф)
Бір кездері арамызда Сен (с.ғ.с) бар едің. Жараты-лысыңның арқасында барлығы сондай таңғажайып та сондай сұлу еді. Сірә, кейде өзара байланысымыз үзіліп, іс-қимылымыздың сүйкімі кеткен шығар; әрбір әрекетіміз тұрпайылыққа, дауысымыз сауысқанның шықылына айналған болар; алайда, қапелімде соның ізімен Сенің әлеміңнің жарық нұры мен салқын самалы арқылы бүкіл келеңсіздіктер жойылып, сана-сезімнің шыңында Сен және Сенің ғана әлгі хикметті ортаң қалыптаса бастаған еді. Көкжиектер мен көзқарастардың сағымдай бұлдырауы, рухтарды қорқыныштың жаулап алуы – Саған барлық көңілдердің ішінде туылуға шақыру тәріздес-ті: Қай уақытта күйзеліске ұшырасақ, көлеңкең толған айдай көңілімізден орын алып, барлық жайсыздықтарды аластап тастаған еді. Қайбір сәттерде аз ғана қинала қалсақ, не болмаса, өзімізді тұйық ұстасақ, басымызға төнген әлгі бұлдыраған көмескі нұрға қарай шақырған Сенің жеке дүниеңнің жылылығы мен жарасымдылығы сезіле бастайды және мәңгілік жақтан шашыраған сәулелер жан-жағымызды орап алып еді... Есіп жатқан желдер Сенің иісіңмен сіңісіп кезетін, Сенің қалыптастырған ауаныңның жайлылығы сарқырама түйдегіндей төбемізден төменге қарай құйылатын және біз жаратылыстың арғы жағынан келген рақым нұрға шомылғандай болып, салқындап сабаттады.
Әр кез сайын Сенен ажырап қалғаннан кейін өз-өзімізге: «Ойбай-ау, Онсыз қайда барамыз?!» деп іздеп жүретінбіз. Бірақ, кейіннен көңілімізде Саған деген терезе қайтадан ашылды. Әрбір күйзелткен қателіктен кейін Рақымы Шексіз Құдай Сені тағы бір мәрте біздерге құзырлағандай жіберіп отырды. Содан біздер шын жүрегімізбен үнің мен дауысыңды, сәулең мен иісіңді және ғұламалыққа толы хаттарыңа ессіз балқып мүлгіп едік; және ертегідегі ғаламат шарға отырғандай бірден жер шарының тартылыс күшінен құтылып, рухымыздағы шексіздікке қарай бет алған талпынысты сезінген едік. Мұндай ауаның тылсым күшінің арқасында біз ластанған ауаннан құтылып, керемет жаратылысқа айналғандай болдық. Рухымызды қай кездерде таразыға тартқанымызда, Сенің әлгі нұрдан жаралған әлеміңнен сарқырап аққан және көңіліміздің тұңғиығына құйылған рақым нұрды, ұшқындаған үмітті сезіп, өзімізді Сенің әлгі жып-жылы кеңістігіңде жүзіп жүргендей көретінбіз. Себебі, арамызда үнемі Сен бар едің және Сенің болмысыңмен барлығы аса сұлу болған-ды.
Сен біз үшін кеше мен ертеңсің және бүгінсің; Сенің заманнан озған және баршаны таңғалдырған үлгі-өнегең, парасатты ісің бар: нұрыңмен әр уақытта арамызда жүресің... өзіңнің жарық кезеңіңде тұрып-ақ, бүгінгі күнімізге мейіріңді төгіп, алдағы өмірімізге қарай ишарамен ымдап, заманды тұтастай өзіңе бағындырып алған едің. Жүрегіміз Сенің құрған тағың еді; көңілімізде жасап, бізді өзің сияқты жасатып, ананың жылы алақанынан да мейірлі әлгі мүбәрак ортаңда біздерге бесік жырларын айтып отырғандай ішіміздегі күйзеліс пен үрейді тарқатып жіберіп, баршамызды рақатқа кенелтіп едің. Көп жағдайларда рухани құзырыңның тереңдігіне қызыға түсетінбіз және аспаннан жауған жарық нұрыңның астында кезіп жүретінбіз. Бір уақыттары ұлт болып қалыптастырған тарихи құндылықтарымызға қарап тамашалайтын едік; жоғалтқан, яки, бас тартқан құндылықтарды жаңадан көргендей болып, балаша қуанатынбыз; содан Сен сыйлаған әлгі қиялға толы күндер есімізге оралып, көкейде гүлдей жайнайтын және ұлт болып Нұр Шағының омырауынан құшырлана еміп жатқандай едік; содан соң әлгі ластанған жан-дүниеміз жаңадан жарқыраған күйге айналатын; быт-шыт болып адасқан қиялымыздың бөлшектері бір жерде шоғырланып, Сенімен нұрланған кезеңдер осы бүгінгі күннің, тап бүгінгі минуттың ішіне құйылатын және бізге шынайы өмірдің ақиқатын сыбырлап айтатын еді.
Бізбен бір емшек ембегендер не ішіп-жесе де, біз үнемі ешкім сезіп дәмін алмаған ләззатты татып, көзімізді ашып жұматынбыз және аңсаған жұмағына қол созған барлық нәрселерге жетіп, үнемі тәтті түс көріп жүр едік... неге болмасқа, арамызда Сен бар едің ғой; уақыт, мекен және бұларға байланған барлығы бізге дос еді ғой.
Қай кезде көңіліміздің түкпірінен Сенімен қарым-қатынас құрсақ, бірден халіміз бен ойымыздың биігінде Сенің таңғажайып, қиялды және жарық дүниең туа бастап, сезімдерімізді оятқан әлгі сырлы өмірің бізді тұрған жерімізден Саған жетелейтін жолға салатын; әлгі жолмен сонау Хақ қақпасына жетіп, бізге айтып тіл жетпес күту залында Фирдаус орынтағына ұқсас көрпелер төсеп, көңілімізге қиялымызбен теңесетін сұлулықты жайып салатын. Сенімен өткізген әлгі сырлы дәурендерде ойға еш уақытта түспейтін әр нені еске түсіріп, тағы қандай ләззат бағыштайтын уақыттарға тап болатынымызды ойлап, кім біледі, күніне қанша мәрте «Өмір деген осы екен-ау!» деп, болмысымызға ризашылығымызды білдіріп, қуанып едік. Ол кезде көлеңкең үстімізге түсіп, біз де бар мен жоқты ажырата алар едік! Сенің әлгі жанға жайлы табиғатыңнан сүзіліп келген рух пен мағына – өзегіміз бен жанымыз; біздер онымен өмір сүріп, онымен қозғалып, онымен әрбір бөгеттен асып, барар жерімізге жетеміз деген шыңдарға жететінбіз, содан кейін ең ұлы мақсатқа қарай тоқтамай жүріп едік; Хақтың ризалығына және осы ризалыққа себепкер болатын есіміңді ғаламға естіртуге... Жібектер іспетті жүректі елжіретер тәтті демдер арқылы кейде үнемі құстай қалықтап, самалға айналып, баршаны сипалап, ал кейде бұлттан шығып жаңбырға айналып; жер-жерге сіркіреп жауып, әрбір сәтте өмір ақиқатымен сылдырап ағып едік. «Өмір дегенің осы ғой!» деп шын көңілмен сезген әлгі сағат, минуттарда күніміз Сенімен бірге шығып, Сенімен бірге бататын; жарық күндер жадыраған жүзіңдей жарқырап өтіп, түндер түн әнін айтып, тамыр ылғи да жүрек лүпіліне сай соғатын еді. Санамыз Сені ойлаумен толқып, көзіміз көлеңкеңе телміретін және осылайша өмірдің ешкімге нәсіп болмаған рақатын және болмыстың бітпеген қызықты оқиғаларын үнемі Сенімен бірге сезіп едік. Иманның күшін, мұсылманшылықтың ақиқат екенін, адалдықтың баға жетпес қадір-қасиетті қамтығандығын, ар-намыс періштелерге тән адам табиғатының өлшеміне айналатындығын Сенің көк жүзімен тығыз байланысқан өміріңнен оқитын едік.
Сен едің ғой шешкен ұлы сырларды, ар жақтан құйылған жарықтарды, дүние мен ақырет арасындағы қарым-қатынастарды; адамның қалауын, қажеттілігін және осы мәселедегі армандарды жеткізем, деп мәңгілікті айтып жүрген. Хат-жолдауыңды естігенімізде, Сені арамыздан көріп, үніңді естігендей болып, көрегендігімізбен әлгі жарықтан жаралған өміріңнің нұрлы сәттерін тамашалап едік және өзіне сәйкес мазмұнымен тұтас жаратылысты Сенен көріп, Сенен оқып едік. Сенің тәрбиең, Сенің тәсілің және Сенің жүйең арқылы жетілген ұрпақтар ұзақ жылдар бойы Сенен естіген, Сенен тыңдаған, Сенен үйренген әлгі хат-жолдауларыңнан таңдалған ең сұлу, ең тартымды, ең терең ақиқаттарды жан сақтағандай сақтап, толқыды; Сенімен құрған қарым-қатынастың өлшеміне байланысты имандары изан көкжиегіне жетті, махаббаттары сылдыраған өзенге айналды және ең терең махаббат сезімінің тасқыны арқылы барып, сонау руханилерге жетті.
Ғасырлар бойы жалғасқан ұрпақтардың Сені осы дәрежеде сүйіп, болмысыңды және болмысыңның мақсаты болып саналатын хат-жолдауыңды осы ауқымда сезуі үшін, кім біледі, қаншама талпыныстар мен күш-қуаттар жұмсалып еді! Қанша мәрте әуре-сарсаңға салынып еді! Сәті келгенде бұлардың барлығы жеміс берді... Енді әрбір істің басында, әрбір көңілдің қасында Сен бар едің және Сенімен өткен әрбір минут, әрбір секунд бос кетпеді. Тұрақты түрде төбемізден төменге қарай төгіліп жатқан жарықтардың рухтарымызға құйылып, өзімізге қандай сезімдер сыйлады десеңші! Сен артыңда тұрғандарға екі дүниенің бақытын сыйлауға уәде беріп, олардың мәңгілік қалауларына жауап беріп едің; олар да одан ары жарық күндердің алда болатындығына  кәміл сеніп, әрбір сәтте одан ары қанаттанып отырды және Сенің артыңда тұру қуанышы арқылы «бақытты ғасырда» өмір сүрді.
Біз, адамдар, әу баста жаратылғанда әр неге зәру, әлсіз кедей болдық және көптеген армандардың перзенттері болып жаралдық: Көңіл құзырын күтіп, дүние мен ақырет бақытын тілеп, мәңгілік пен мәңгі бақытты қиялдап, үнемі шамамыз келмейтін нәрселердің ізін бақылап жүріп едік; Сенімен және Сенің жарығыңнан түскен хат-жолдаулары арқылы армандағанымыздан да асқан жақсылықтарға қол жеткіздік; Сен келместен бұрын жабайы аңдай немесе тірі өліктей едік, пайғамбарлығыңнан кейін сүрдің дауысын естігендей болып қайта тірілдік.
Кеше ғана Сен бізбен бірге едің және күніміз күн болды; әлгі жарық күндер толығымен жоқ болмаса да, бүгінгі күні түсің оңып сарғая түсті. Күйзелісіміз Хазірет Якуб (ғ.с) пайғамбардың күйзелісімен тең, үмітіміз де оның үміті сияқты; баршамыз жақын келешекте жаңадан көкжиегімізде туатын әлгі жарық күндерді күтіп, біздерге уәде етілген нәрселердің қайтып келуін түн ұйқымызды төртке бөліп тілеп келеміз. Мәуліт күнің бізге жыл сайын осыны еске салады, біз де үміттің тәтті балын ішкендей боламыз және Сені осы дәуірдің адамдарына бағыштаған Рақымы Шексізге шүкіршілігімізді қалай танытатынымызды білмей отырмыз...
Өткен дәуірде Сенімен байланыстарын үзген көбісі ғайып болды. Олар өз-өздеріне қиянат жасады. Баршамыздың осы ғапылдыққа ұрынғанымыз ақиқат-ты; алайда, Сенен алыстағандар рухани таяздығынан алыстады. Олар кеш екенін білген болса да, өкініш жасын көл қылып, Сенің ана құшағынан да ыстық құшағыңа оралғысы келеді. Қарайтын бет жоқ; Хақ шыңында назымыздың өтетініне үмітіміз толық. Әттең, қай дәрежеде болса да, Сенен ажырап қалмасақ екен; Сенен Сенің әлеміңнен келген жарық пен рухымызға төгілген мағынадан айырылып қалмасақ екен... және Сенің әлгі ақиқат бейнең көкейімізде үнемі тірі де жанды болып қалса ғой!.. Қап! Байқаусызда Сенен байланысымыз үзілді... өз-өзімізден алыстадық. Әртүрлі құтқару жолдары мен тәсілдердің ізін басып келген мына заманда, әттең, жоғалтқан нәрселерімізді де ойласақ қой..! Жүрмес едік босқа; Харут пен Маруттың алдауына түсіп, Мефистофельден жеңілдік. Алайда, Сенің көлеңкең үстімізге түскенде, шайтанға бұйрық берген күндер де болған. Айнала қоңыр күздің құйынды дауылынан зардап шегіп отырғанда, біздегі күндер мен түндер көктемдегі гүлдей жайнады. Бақытты күн, айларымызды ұрлаттық және уақытқа байланған бір-бір құлға айналдық. Ал, енді «Қараңғылықтың соңғы сәті – таңның жаңылтпайтын белгісі» деп, мына тас қараңғылықты жоятын «құтты күнді» күтіп отырмыз.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.