ЖЫЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Зихни дүниеден қорлық көріп көп жылайды,
Бақшаға жеттім, бағбан жылайды.
Сүмбіл шаштар ағарды, гүлдер қан жылайды,
Естен айрылған бұлбұл тәрк еткелі бұл бауды...
(Зихни ақын 1801-1859)
Көз жасы – көңілдегі мұң мен шер, қуаныш пен шаттық, мейірім мен шапағат... сынды сезімдердің қанаттанып бұлттануы және көз арқылы сыртқа шығуы. Уайым мен қайғы, ғашықтық пен іңкәрлік, үміт пен ынтызарлық, кездесу мен қоштасу; әйткенмен, бәрінен бұрын сезімдері ояу және жүректің зүбәржәт шыңдарымен Аллаһқа шынайы дос болғандарды «мехафетуллаһ»  пен «мехабетуллаһ»  сезімдері үнемі жылатып отырады. Өзге жылаулар адамның заттық және рухани толқуынан туып жатады; ол табиғи және белгілі бір құбылыс; ішкі жүйенің дауысы емес, сондықтан да құны қатардағылармен бірдей.
Негізі иман мен мағрифатқа  сүйенген және махаббат пен ғашықтық ықпал еткен жылауларға келер болсақ, бұлар толығымен Хақты білуге, әрбір нәрседе Оны сезуге, белгісіз бір заманға қарай қауышу қиялымен әрекет етуге және Оған деген мехафет пен мехабет сезімдері арқылы дірілдеп, әманда Оның алдында құрметпен иіліп тұруға байланысты. Шектеулі; өте аз бақтияр жандарға нәсіп болған... Ал, одан әрі көзқарастардың әрбір нәрседе Оны оқуға, Оны сезуге, Оны талап етуге, Оны білуге және Оны тілге тиек етуге деген құлшынысына байланысты. Білгендері одан әрмен қызығады, рухта қызығушылық тереңдей берген сайын сүйіспеншілікке айналады және уақыт өткен сайын әлгі сүйіспеншілік үзілмес ғашықтық пен іңкәрлікке жетелейді. Ендеше, осы мәртебеге жеткен жан есінен айырылады; құлан жортпас құла түзде кезіп жүреді және «Ләйлә» деп зар жылайды.
Өзінің қашықтығынан асып кету үшін қарқынды әрекет етеді... Әрдайым Оны тұспалдаған іздер мен белгілерге жүзін сүртеді... Кейде әлем кітабын оқып сырласады; кейде зат пен оқиғаларды Оның жеке хат-жолдауларындай оқиды, иіскейді, көзіне сүрмедей жағады... Кейде Оның баянын естігенде, өзгеше рухтанып көз жасын төгеді... Кей-кейде Ол туралы сөз еткен дәлелдерге тоқталып, терең ғашықтығымен дем алып отырады. Бұл – өнердің көзінде Өнерпазды сезу, кездестірген сұлулықтарда Сұлулардың Сұлуына қарап ояну, Оны еске салған әрбір нәрсеге құлақ түріп, құрметпен Оны тыңдау және Ол үшін әрбір затқа қызыға қарап, сүйсіне тамашалап, өмірін ғашықтық пен махаббат өріміндей өруге тырысқандардың хәлі.
Мұндай тереңдікке түспесе де, дос-жарандарға деген сағыныш сезімі оянғанда, көңіл толқи бастайды және көздер жасқа толады; бұл жылаудың бір түрі, бірақ, жаратылыстың арғы жағында әрбір сыңсудың құны аһ ұрған жанның сана-сезіміне қарай беріледі: Қорқыныш мен мұракаба сезімдері арқылы жылайтындар немесе «Дерттімін десең, дерт бәлесінен аһ ұрма! / Аһылап-үһілеп, аһ ұрғаннан өзгеге хабарлама!» деген ойымен ішкі толқуларын көңілге көмгендер – Сүйіктінің қақпасынан ажырамайтын берік құлдар. Сондай-ақ, олар сырларын ар-намыстай сақтап, өз көздерінен де қызғанып жатады. Бұл құлдардың сыңсуы да, үнсіздігі де терең және мағыналы.
Керісінше көңілден шықпаған боямалы жылау көріністері болса, көзге азап, көз жасына құрметсіздік және адамдарды алдаудың бір себебі; сондықтан да, осындай өз-өзін қинап жылату талпынысы тек шайтанды ғана қуантады. Ал, бұл – тозақ отын сөндіретін әбілхаятты көзбояушылық арқылы ластандырып, жарамсыз халге жеткізу деген сөз.
Қайғы-қасірет пен бәле-бәлекеттерге душар жандардың ризасыз және қарсылық білдіретін жылаулары – харам; ертеңгі күнді ойлап аһ ұру – рухани сырқат, бірдемені жоғалтқанда, құр сыңсу – бос уайым және көз жасы үшін ысырапшылдық.
Хазірет Яғкуб пайғамбардың Жүсіп пен Бүняминді ойлап жылауы – әкелік сезім мен сүйіспеншілігінен туындаған-ды; кім біледі, сірә, Ұлы Пайғамбар балаларының келешегінен үміт еткеннен немесе Аллаһтың алдындағы мәртебелеріне қарап жылаған болуы керек. Егер осылай болса, (біздің ойымыз да осы) мұндай жылаудың бір теріс жағы болмаса керек. Ал, Жүсіп пайғамбардың бауырлары әкелерінің алдында жылағандай болып көрінгендері болса, нағыз өтіріктің өзі және күні келгенде, Жүсіп (ғ.с) оларға: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ; мен сендерді кешірдім. Аллаһ та сендерді жарылқасын. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі» , деп айтып еді. Олар да: «Таллаһи ләқад әсәракаллаһу алейна - Аллаһқа ант етеміз. Рас Аллаһ сені бізге ықпалды етті...»  деп, кінәларын мойындаған болатын.
Аллаһ үшін ғана жылау – Оған деген ғашықтықтың сыңсулары. Ішкі дүниесінде алау бар болса, көз жасы да болады; ал, керісінше көздер шөл даладай құрғақ болса, жан-жүйеде өмір жоқ деген сөз.
Мұң-қайғы мен көз жасы – пайғамбарлардың ең маңызды ерекшелігі; Адам Нәби өмір бойы жылап өтті. Нұх Пайғамбардың жылауы – мұң мен зардың топанындай еді. Ғаламның Рақым Нұры (с.ғ.с) үнемі сезімдерінің өлеңдерін көз жасымен оқыды. Сондықтан, Оған мұң мен жылау Пайғамбары десек қателеспейтін боламыз. Бір күні Ол: «Егер оларды азаптасаң да олар құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің!»  деген аятпен бірге «Раббым! Олар, адамдардың көбін адастырды. Ал енді біреу маған ерсе, рас ол менен. Тағы біреу маған қарсы келсе, онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің»  деген мағынаға келетін аятты қайта-қайта оқып, таң атқанша жылаған. Жәбірәйіл періште Аллаһтың әмірімен осы жылаудың себебін Аллаһқа жеткізгенде, Жәнабы Хақ: «Үмбетіңе қатысты сені мұңайтпаймын!» деген сүйіншісі арқылы Пайғамбардың көңілін жай қылып, осы мұң-зарды тоқтатты.  
Ол жүрегіне үнемі мұң-шерді және ауыр ойды жүктеп жүреді және көп уақытта жан-жүйесі босап, толқиды да жылайды. Кейде сүйінші алып қуанған кездері болса да, бұлбұл сияқты іштегісін ақтарып салып,  әр уақытта егіліп жылайды. Бұлбұл гүлге қонған кездің өзінде зарлап сайрайды. Ол аһ ұру үшін, зар үшін жаралған сияқты. Қарғалардың ондай дерті жоқ; сауысқандар болса, жемді көргенде ғана шықылықтайды.
Мұң-зар мен жылау – Хақ досының халі, күндіз-түні елжіреп, егілу Хаққа жетудің ең қысқа жолы. Негізінен, ғашық жанды жылағаны үшін жамандағандар өз дөрекі мінездерінен хабар береді. Сағынышпен сарғайып, өртенген көңілді түсінбегендер де жаратылыстың арғы жақтарында сағыныш пен жалғыздықтың жетегінде жүреді.
Құран Кәрім көңілі кәуаптай қуырылған, көздері жасқа толған адамдарға назар аудартып отырады және ылғи да оларды өнеге етіп көрсетеді: Аллаһ Тағала рухтың сау-саламаттығы үшін, ақырет есебі үшін, Хақ қорқынышы мен сүйіспеншілігі үшін, жанды күйдірер күнәларына жылаған көздерге нұр сыйлағандай: «Құранға мейлі сеніңдер, мейлі сенбеңдер; бұдан бұрын өздеріне ғылым берілгендер, оларға Құран оқылған заман, етпеттерінен сәждеге жығылады. Олар: «Раббымызды пәктейміз. Әрине, Раббымыздың уәдесі орындалады» дейді. Олар жылап, етпеттерінен түседі. Бұл олардың ықыласын арттырады»  дейді және Аллаһ жолында төгілген көз жастарды Аллаһ өзіне сыйға тартылған мінәжат сыйлығы ретінде қабыл етеді.
Аллаһ Тағала Мәриям сүресінде әртүрлі пайғамбарлардың жеке сипаттары мен ерекшеліктерін көрсетеді де: «Оларға Рахманның аяттары оқылған сәтте, жылаған бойда сәждеге жығылады»  деп, жылаудың ақыр аяғында сәждеде тоқталатынын баяндайды.
Бұрынғы дін мен өзге кітаптар арқылы ә дегеннен ескертілген, содан соң, Соңғы Пайғамбардың соңғы хат-жолдауын тыңдаған сайын жаңаша халге ауысқан бұрынғы мүмин  күмәнсіз сенген кейінгі мүминдерге тағзым етіп отырғандай, Құран Кәрімде былайша айтылады: «Олар Пайғамбарға түсірілген Құран Кәрімді тыңдағанда, шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің»  және көз жастың Аллаһтың алдында қандай құнды екенін еске салады.
Сондай-ақ, Құран Аллаһ жолында қызмет ету үшін қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізе алмағандықтан және осы тұста өздеріне бірде-бір қол созылмағандықтан «Сүйіктім, Сен оларға: «Сендерді аттандыратын пырақ таба алмадым» дегеніңде, өздері де сарып қыларлық нәрсе таба алмай, көз жастарын күйінген түрде төгіп қайтқандарға да кінә жоқ»  деген пәрменімен көздерінен әбілхаяттай жас төккен ер-жігіттерге назар аудартады және аспани қолдауы арқылы әлгі күйзелген жүректерді жұбатады.
Жылау – Құдайдың жолында жүрген жандардың халі екенін және өмірді ойын-сауықтың жері деп білетіндерді ескертіп отыратын да Құран. Құран «Енді олар, істегендерінің салдарынан аз күлсін, көп жыласын»  атты насихаты арқылы жылаудың маңыздылығы туралы сөз етеді.
Құран оңдаған аяттармен және түрлі мәнерде үнемі бір ақиқатты еске салып, біздерге, мақсат-мұратымызға қарай ұстанымды белгілеу керектігін айтады. Құранның өжеттік танытқан ескертулері арқылы көңілдерге басу айтқан және оны ең алғаш кәлимаға салып, жан-жаққа нұр шашқан оның Баяншысы (с.ғ.с) осы бағытта өмір сүреді: Ол (с.ғ.с) кейде достарына: «Нәпсіні бағындырған жанға сүйінші! Қонақжайлы жанға сүйінші! Қателік жасап, өкініштен жылағанға сүйінші!»  деп, үш сатылы миғраж жолын көрсеткендей оларды өз көкжиегіне қарай шақыратын; шақырады да «Егер білгенімізді білгендеріңізде, аз күліп, көп жылар едіңіз»  сынды сөздерімен достардың назарын пәнидің арғы бетіндегі үрей туғызар нәрселерге аудартып отырды.
Оларға үнемі аһ ұрып жылауды үйретіп, көзбояушылықпен ластанбаған, иләһи қорқыныш арқылы төгілген көз жастардың иләһи азапқа қалқан болатынына назарымызды аудартады: «Екі көз бар, о дүниеде  бұларға тозақтың оты тимейді: Біріншісі, Аллаһтан қорқып (құлшылыққа бет бұрып) жылаған көз. Екіншісі, шекарада тұрып, (елін жаудың шабуылынан ұйықтамай) қорғап тұратын көз»  деп насихат етеді. Осы тақырыпты басқаша сөз еткен Пайғамбар (с.ғ.а) өз хадисінде былай дейді: «Емшектен шыққан сүттің қайтадан оралып кіруі қалайша мүмкін болмаса, солайша Аллаһқа деген қорқыныш сезімі арқылы жылағанның да Жәһәннамға кіруі мүмкін емес». 
Тіпті, егер бұл жылау халыққа жасырын, Хаққа ашық та анық болса... дұрысын айтқанда, мұндай табиғатты жанға сіңдіру жағын білмегенімді мойындағым келеді...
Ол (с.ғ.с) әр жерде және әр уақытта мұндай өміршең мәселелерді еске салып жүретін; иә, Ол намаз оқығанда, іштей жылағаннан тас диірменнің дауысындай дауыс шығаратын. 
Ибн Месудтан өзіне Құран оқуды сұрады. Ибн Месуд Ниса сүресінің кейбір аяттарын оқып, аяғында: «Әр үмбетке бір куәгер (пайғамбар) келтіріп, Сені де оларға куә етіп келтірсек қалай болар еді, көрелік?»  деген аятты оқи бастағанда, адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с) қолымен ишарат жасап, тоқтатуды сұрады. Ибн Месуд айтады: «Артыма бұрылып қарағанымда, көздерінен жас парлап ақты».
Ол (с.ғ.с) жылады, ал саңлақ сахабалары үнсіз қалды ма? Жоқ! Олар да жылады және кейде олардың жылаулары зарлаған хорға айналатын. «Ал енді сендер осы сөзге таңырқайсыңдар; күлесіңдер де, жыламайсыңдар»  деген қасиеттті Құрандағы аятты олардың есіне салғанда, бәрі бірден еңіреп жылайтын. Бұны көрген пайғамбар да жылады. Оның жылағанын көрген сахабалар қайта тебіреніп, бар жан дүниесімен жылай бастаған-ды.  Иә, олар әр уақытта еңіреп жылаған; бұл кейде иман мен мағрифаттан туған қуаныштың нәтижесінде, кейде ғашықтық сезімінің сел болып ағып, сыртқа шығуы кезінде, кейде қателікке ұрынып, бармақ тістеп уайымдаған сәтте, кейде Қияметті ойлап, ғаламат Сот Күнінде берер есебін ойлағанда, ал, кейде көкжиектері қарая бастағанда, көз жасын жасырмай жылайды және үнемі мінәжаттың құдіретімен рақым аршынның асқарына асқақтайды.
Асылында, Аллаһқа жедел жететін дұға мен мінәжаттың тағдыры сыздаған ішкі сезімдер мен көз жасқа байланысты. Себебі, көңіл толқуын көз жасына қарағанда, аса мөлдір етіп көрсететін басқа ешнәрсе жоқ сияқты.
Көңілдегі зар мен еңіреудің жалауы желбірегенде, күнә әскерлері қаша жөнеледі. Мұндай ақиқат, әсіресе, биязы жандардың жан-жүйелеріне сіңгенде, олар оттан сақталған Ибраһим пайғамбардай сау-саламатқа қауышады.
Пәниде өмір сүріп, үнемі Аллаһ үшін еңіреп жылағандар көкте мекендеген тіршілік иелерінің көзқарастары бойынша беріктік пен ғашықтықтың бұлбұлдары болып саналады. Олар сайрай бастағанда, барлық рухани тіршілік иелері үнсіз қалып, тыңдай бастайды. Егер адам нөсер жаңбырдай көл-көсір жыласа, осы асыл сезімін жасырын түрде мәңгілікке байлап, Соңсыздың Патшасына ұсынуы керек; көзбояушылықпен ластап, Тозақтың қорқынышты отын сөндіретін әбілхаятты жалғанға айналдырмауы керек.
Нұрын жоғалтқан және қартайған дүниеде өмір сүреміз; баршамыз бұлбұлдың дауысымен басымызды балауыз шамдай иіп, мың бір күнәларымыздың есебін беріп, еңіреп жылауымыз керек. Сонда көк жүзіндегі нұрдан жаралған барлық тіршілік иелері мына жылау рәсіміне қарай бет бұрып, жүгірісіп келсін. Қызыл оттың бүкіл дүниені кәуаптай қурып жатқан осы күндерде шынайы жылап, көңілді босатудың кезеңі туды деген ойдамын. Егер көз жасы шайтанның әртүрлі ойындарын бұзатын әбілхаят болса, бұған күмәніміз жоқ, онда мекендеген жерімізде билеп жүріп, бос қуаныштарға мән беріп секіргенше, қайта көз жасымен көңілді салқындатып, мыңдаған мұң-зарды тежеуіміз керек.
Хақ достарының көз жасы – Иса Нәбидің демі іспетті, жансыз денелерге жан бітіру сырын арқалауда және әбілхаяттай, жеткен әрбір жерге өмір сыйлайды. Халыққа жасырын, Хаққа ашық түрде түнгі уақыттарын жылаумен тереңдеткендер және сыңсуымен рухына ән тыңдатқызғандар барлығы болмаса да, ертең міндетті түрде тіріледі және кезіп жүрген әрбір жерде өмір ақиқаттарын айтып жүреді.
Жайнамаздардың құрғаған жылдар толды; құлағымыз көңілден шыққан шынайы сыңсуды армандайды... Жан-жағы шөл даладай құрғақ ауан... Сағыныштан сартап болып сарғайған көңілдің қалайша өртенгенін сезбейміз... Айналаның барлығы мұздап, көзқарастарымызда мән қалмаған сыңайлы... Көңілімізде жанашырлықтың ізі қалмаған... Жүздеріміз ақиқатты айтып отырған жоқ... Бұл – ғапылдықпен келешекке аттану деген сөз. Ал, былайша тіршілік ету қиын болса керек...
Көздеріміздің жасы құрғағаннан күннен бастап, көктен жауған рақым мен берекеттің қайнар көздері де суалып қалды. Бұдан былай шабыт жауыны жаумайды; раушан гүлдер, қызғалдақтар қауашағын ашпайды; көктен жерге түскен шуақтар сіркіреп түседі және кей-кейде ғана есетін желдерде құдірет қалмаған... Аспанның тұрғындары еңіреуге зәру... Жауатын рақым тоқтап, көз жастарынан медет күтуде... Зихнидің сөзімен айтқанда, «Гүл мен сүмбіл шаш ағарған / Сүлейменнің тағын қара құрт жеген / Ләззатты мұң мен зар жайлаған / Қам жейді қайран шақ...» Кім біледі, сірә, періштелер «іске кірісейік» деу үшін біздерден көз жасымызды күтетін болар... Сірә, түкпір-түкпірде қан жылаған, дертке душар болғандардың халдерін ойлап, жылағанымызда, періште әлемінен рақымға толған бұлттар үйірілетін шығар... Періштелер көз жасымызбен бірге сүрінген күнәларымызды, құрметсіздігімізді көргенде де қуанышқа кенеліп, мейірлерін басымызға төгетін шығар!..
Сірә, кейде біздер мәуліт мәжілісінде раушан гүлінің әтірін бетімізге жаққанымыздай, көктегілер де жүректен тамшылаған көз жастарды жүздеріне сүртетін шығар... және бұны ең құнды сый ретінде қабылдайтын да болар...
Күнә мен қателіктеріміз таудан да үлкен; өкінішіміз, өкінішті арқалаған көз жасымыз көзбояушылықтан арылмаған; көңілде дерттен туған туынды жоқ; жылауымыз көбінесе дүниеге қатысты, заттық түске боялған. Сондықтан, бізге бірнеше ғасырдың нәтижесінде пайда болған кірімізден тазартатын өкінішті арқау еткен көз жасы қажет. Сірә, тек осымен ғана тәуба қақпасын қағып, күнәлармен құлдыраған өмірімізді қайтадан тірілте алатын шығармыз.
Адам Нәби жасаған қатесін (күнә емес, пайғамбар күнәға кірмейді) Гималай тауындай көріп, көз жасымен ерітіп, жермен-жексен қылды; қураған ағаш іспетті, ол да лезде іштей жанып, айналасына жайған өкініш сыңсулары арқылы періштелердің тәу ететін қағбасына айналды. Ал, күн туып, мұң-зары аяқтағанда, туған әрбір күн оның жарылқауына сүйінші түстерге боянды.
Осыншама күнәға белшесінен батып, ақиқаттан соншылықты ажырағаннан кейін үнемі жалғыздықпен достасып, түннің қара көрпесіне жамылып, Хақтың нұр-шуағына көңілімізді айқара ашып, ешкімнің көре алмайтын жерлерге маңдайымызды қойып, жылау керек сияқты. Опасыздығымызға, шынайылықты сақтай алмағанымызға, жүрген жолда түзу жүрмегенімізге, тұрған жеріміздің қақысын өтемегендігімізге, басымызға қонған құттың құнына қарай әрекет етпегенімізге және біз сияқты орынсыз сөз сөйлегенге жылауымыз керек. Жылау үшін жаралған көктегілер де бізбен қоса жылайтын болсын...
Иә, біздер, біздерге мұра болған жерімізді сақтай алмадық. Тұрған бойда батыл, саналы, шынайы және ықыласты бола алмадық. Қолымыз қолымыздан айырылды, жар қолдан кетті, гүлдерге қоңыр күздің салқын қабағы тиді, бұлбұлдар зарлаудан көз ашпады. Құдықтар суалып, әр тарапта тікенектер бой көтерді және әр тарапта сауысқанның шықылығы естілді. Біз көңіл тілімен сөйлеуіміз керек. Қасіретімізге көз жасын төгіп, мына құрғақшылықтан құтылуымыз қажет.
Жаратқан Иеміз бізге тән, өмір, сезім, сана, ұғыныс іспетті нығметтер берген. Бізге оларды өмір сүру үшін берді. Біз болсақ, барлығын әуесқойлық пен нәпсіміздің жолында құрбан еттік. Жаратылысымыздан тұрған жерімізден шегіндік. Кері қарай жүрдік. Адам болып өмір сүрудің орнына жан-жағымызды ластадық және ластандық. Ештен кеш жақсы, деген. Бұдан кейін өмірімізді жүрегіміздің бағытына салу керек емес пе?!
Келіңіздер, осы уақытқа дейін күліп ойнағанымыздың орнына аз да болса, зар әндерін салайық! Нәпсіқұмарлықпен қоштасып, аз да болса, дертке шалдығып, өмірдің өзге жақтарын көруге талпынайық! Дертті сөз етіп, дертке құлақ асайық және дертті жандарды тыңдайтындарға жақын болуды еш уақытта ұмытпайық!
Өміріміздің баянды күндері зая кеткен сияқты. Енді көкжиекте мына күндізгі өмірдің түнге ауысатыны туралы белгілер бар. Бұдан кейін иықтарымызға алдымыздағы ұзақ түннің ішінде өшпейтін шырақ шамды жағу міндеті ілінуде. Ендеше, есімізді жиып, шым-шытырық жағдайдан құтылуымыз керек. Сағыныш сезімімізді көз жасымызбен шайып-жуымыз керек... және Хақ алдында топыраққа тамған көз жасынан аса ғазиз нәрсе жоқ екенін кәміл білуіміз керек. Бүгінде топыраққа сіңген осы тамшылар жақын келешекте әр тарапты Ирем бақшасына айналдырады. Кел, мына қураған шөлде көз жасымызды төгейік және құрамы – толқу, дәмі – жылау жаңадан піскен жемістерді жан-жағымызға таратайық...
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.