КИЕЛІ МЕКЕННІҢ БАҚСЫЗ ЖЫЛДАРЫ

Қатігездікке толы, сұм жалғанның жетегінде жүріп келеміз... Жарық қараңғылықпен қоян-қолтық араласқан, түн жарық күнмен жарысқан... Бір жақта өлімге байланған көше толы тобыр, ал бір жақта Исрафил (ғ.с) періштенің сүр аспабын естігендей тірілген топтар... Енді бір жерде жаймашуақ көктемнің ерке самалы, ал және бір жерде дүниені топалаң қылған долы дауылдар... Қарап тұрсаң, гүлдер мен бәйшешектердің арасында бой көтерген тікенектер және бұлбұл әнін қызғана қоса жырлаған сауысқан шықылығы... Ал, өзге өңірлерде алқызыл гүлдерден ләззат ала сайраған бұлбұлдар бар. Дінсіздік даңғазасы мен иман сарыны қатарлас және тағдырлас, мойындамау үні мен қабылдау әуезі бір-бірімен аралас-құралас... Кейде құлаққа үзіліп жеткен сөздей, күбірлеп естіліп, денеміз түршігеді. Кейде көңілге майдай жағатын бесік жырларындай жанымызды жай тапқызады... Дүниенің түкпіріне тікенектің дәнін шашқандардың саны қисапсыз, дегенмен, баршаға мәңгілік бақшасынан піскен жемістерін зияпаттап дәм татқызғандардың саны да аз емес... Осынша бір-біріне қарама-қайшы келетін нәрселер бұған дейін еш уақытта өзара мұншалықты жақын болған емес.
Біздер Атлантиканың жетімдері іспетті үнемі әлгі жоғалған елді сағынып, зарлы жоқтау айттық және қаз-қатар батысшылдықтан нәр алған әлгі бақсыз көкжиектердің басында түнедік. Кей-кейде күдер үздік, кейде өзіміздің жоғалтқан құндылықтарымызды әскерден қайтқан жауынгердей бір күні қайтып оралар деп үміттендік. Қазіргі кезде де, кейде сәуле шашқан сұлулықтың үміті ұшқындайды. Солай бола тұра, ақ боран алды-артымыздан ұдайы соғып ұрғылап, үсітіп тоңдырады. Кейде жасалған қам-қарекеттердің тас-талқаны шығады. Жойылмай қалғандары болса, жиі-жиі сілкініп қалады, алайда әлгі жойылғандардың орнын батыл әрекет еткен ер-жігіттер ғана басады.
Біздер әлгі болып жатқан барлық оқиғаларды Алланың «қосымша ілтипаттары» мен «жеке ықыласына» байлап, кейде қуанып жатамыз, кейде әртүрлі келеңсіздіктерді көргенде, іштей күйзелеміз... «пісті-ау» деп жүрген шикіліктерді өз көзімізбен көргенімізде, сондай-ақ, сенімсіздік пен дінсіздікке бекіген рухтың мешеулігін, достардың опасыздығын, жақындасып алыс тұрғандардың оғаш әрекеттерін, алаңғасар көңілдің батылсыздығын көріп, сәт сайын қайғыға батамыз. Сонда, өткен шағы өте жарық, түп-тамыры сондай бай бір елдің іштей әрқилы ой мен әрқилы іс-әрекеттері арқылы жауласып, алысып жұлысатын қоғамға айналғаны қалай?! Сонда рухымызды Мефистофельге сатқанымызды және көңілді тәннің құрбаны еткенімізді қалай түсінбегенбіз?! Тіпті, рухымыздың аузына құм құйып, заттық сана-сезімді есіртіп, Аллаһқа қарсы бас көтеріп, маңдайымызға «көрсоқырлық» таңбасының басылғандығы жөнінде не айтуға болады?!
Өкінішке қарай, ұлттық мінезімізбен дертке айналған салақтыққа салындық және болып жатқан оқиғаларға немқұрайлылық таныттық... Ел болып дамуымыз күн сайын бәсеңдей бастады... Еліміз қартайып, таяққа сүйенген қария іспетті белі қайысып, үсті-үстіне ыдырай жөнелді... Жалғасқан күйзелістерімен ұлттық рухымыздың болмыс-бітімі өзгерді... Көкжиегіміз тарылды... Жүзіміз қарайды... Ойымыз бұзылып, сөздеріміз толығымен сандыраққа айналды... Барлығы өзгеріп жатты, бірақ, біз осы сұмдық өзгерісті байқамай да қалдық.
Бүгінгі күніміздің бет-бейнесі мынадай: осы келеңсіздіктердің кесірінен ұлттық рухымыздың тамыры кесілді... Ынтымағымыз бен бірге өмір сүру мәдениетімізге үлкен жік түсті... Қоғам мүшелері жібі үзілген тәсбих моншақтарындай жан-жаққа шашылып кетті... Оның үстіне оңымыз бен солымызда жасанды топтасулар пайда болды... Олардың арасында өшпенділік пен дүрдараздық белең алып, бір-бірін итше талады. Уақыт өткен сайын қоғам былығып бұзылды және әлгі нұр шашқан жүздер түсін суытып ызбарланды. Тұс-тұстан әдепсіз сөздер естіле бастады... Содан кейін топтар бір-бірін жеп, жүйелер де бірден барлығын езіп, үгіттеуге бет алды. Енді жан-жақтан залымдардың өктем үні немесе зұлымдыққа душар болған жандардың мұң-зары естілетін болды. Осылардың барлығы бұрын да болды, қазір де болып жатыр және болашақта да бола бермек. Мұндай жағдайдың соңы жамандықпен аяқталатынына күмән жоқ. Алайда, бұдан да сорақысы – мына келеңсіздікке қарсы тұратын, бұған нақты шара таба алатын жанкешті жанкүйерлердің ауыздарына қақпақ тығылғаны болды.
Қазіргі жағдайымызға қарап арыздануымызға қақымыз жоқ шығар, алайда, бұған немқұрайлы қараудың мұсылманшылықпен, ұлтжандылықпен үйлесуі мүмкін емес. Бірақ, ең өкініштісі – біз тамыры тереңге тараған тұрпайы түсінікпен дінді, діншілдікті толығымен өзімізге ұқсаттық, ұлттық рухымызды да әуесқойлық пен нәпсіқұмарлыққа қидық... Ақыл өрісіне кіретін нәрселерді ақылға, ақылдың өзі жүрек пен рух жетегіндегі мағынаға бағыттадық... көңілімізді ілім және хикметпен орнықтырудың орнына, көрегендік, ерік, сана, сезім, ұғыныс пен Раббани нәзік сезімдер... сынды ішкі және сыртқы сезімдерімізден бас тартып, заттық және рухани екі әлемді де қарайттық. Енді бұдан былай күн сайын басқаша есеңгіреп, өзге жолға бет бұрып келеміз, күн сайын әртүрлі құрғақ қиялдарға мән беріп, «тоқта немесе аялда!» дегенді түсінбей, бір михрабтан екінші михрабқа қарай жүгінеміз. Сөйлегенде де, бір нәрсені түсіндіруге тырысқанымызда да, демімізді шығармай үнсіз қалғанымызда да, әрдайым қателесіп, жаңа кемшіліктерге себепші болып жатамыз... сонымен таусылмайтын әлгі бір қателерді қайталаймыз. Есімізді жия алмай келеміз... белгілі мақсатқа тұрақтай алмай келеміз... бір жаққа ғана бағытталған «жалғыз құбылалы» оймен «Уа, Хақ!» деп, шын көңілмен Жаратушы Жаббар Иеге бет бұра алмай келеміз.
Құлап қалғанымызды білмейміз, еш уақытта байқаған да емеспіз. Аяқтан тұру үшін батылдығымыз бен шешіміміз тұрақсыз. Ойымыз оғаш, ерік-жігеріміз сықырлап сына жаздайтын сияқты... Шешімдеріміз өз мәресіне жетпеді... Рухымызды жаныштаған жатсынудан құтыла алмай қалдық. Кейде имандылық пен ұлттық мұратымызға қарама-қайшы келетін жолдарда жүреміз... Кейде өзіміздің ақыл-ойымызға қарама-қайшы келетін оқиғаларға мән беріп, білмеген жұмбақтарға қарай бет аламыз... Кейде іздерін басып жүрген кісілердің қиянатшылдығына куә болып, жон арқамыздан таспа тілдіріп жатамыз.
Ұзақ жылдар бойы осы оғаш шытырман оқиғалар мен шырғалаңдар біздің ортақ тағдырымызға айналды: ылғи шөл далаға «су керек-ау» деп жүрдік... Суы тартылған құдықтарға су құйдық... Кейде мүлде жат қамыстардың ішінен шекер іздеп жүрдік... Кейде тікенектер егіп, оны жинаумен өмірімізді сарп еттік. Бүкіл әлемге көкірек керіп мақтанатындай бай мәдени мұрамыз бола тұра, әлі де қайыршылықтан және өзгелерге алақан жайып, тіленшілік етуден құтыла алмадық. Өз-өзімен бір-бір гүл бақшасына айналып үлгерген тарихи жерұйықтардың орнына, өзгелердің тікенектеріне мән бердік. Өз бақшаларымызда сайраған бұлбұлдың жан тебірентер әсем әуендерін тыңдамастан, сауысқанның жағымсыз шықылын тыңдай-тыңдай осы халге душар болдық...
Әсіресе, соңғы жылдарда әлсіреген ұлттық діл мен ұлттық мінезіміз арқылы тінімізден айырылып, дағдарып қалған сияқтымыз. Себебі, өз ұлттық болмысымыздан жатсынып, ұялатын болдық. Өзіміздің неше мың жылдық құндылықтарымыздан бас тартып, терең мәнге ие тамырымызды, тарихи серпіндерімізді (бәріміз өйтіп ойламасақ та) жоққа шығара бастадық. Ескірмейтін әлгі таңғажайып мұрамызды дүниенің түкпір-түкпіріне жария етіп, өз әлеуетімізді баршаға естіртудің орнына, бойкүйездікке салынып, құлақтың қақасын алатын жағымсыз әуенге мүлгіп, ішкі күйзеліске тап болдық.
Біз ел болып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда әлгі ғаламат орнымызды жоғалтқан күннен бері дүниежүзін бос белбеулер басқарып келеді. Адамзаттың тағдыры бос кеуделерге аманат... Жержүзілік ырыстар қанағатсыздардың, тойымсыз обырлардың бақылауында... Хақ ойы, ынсап пен әділет ойы кей-кейде жаны күйген кісілерше ойбайлап, медет сұрағыш дауыс іспеттес... Жүректерден мейірім мен шапағат сезімі өшірілген... Опа, адалдық пен сенімділік, ар-намыс... көрсоқырға айналған.
Сан ғасырлар бойы біз өміршең ұлттық құндылықтарымызды ұмыттық және жүздеген жылдар бойы дамытқан мәдени мұрамыздан толығымен бас тарттық. Содан кейін, дүниенің түкпір-түкпірінен жинақтап, ұлттық һәм діни құндылықтарымыздың орнына алмастырып алғанымыз әлгі іріп-шіріген жат түсініктерді жас ұрпақтың ой-санасына сіңіріп улай бастадық. Енді жат тәрбиемен бұзып алған өзіміздің өскелең ұрпағымыз өз құндылықтарын сайқымазаққа айналдырып, ұлттық рух пен ұлттық ойдың тамырына балта шауып, бөгде сөздермен былғап жатыр. Өз ұлттық мирасын қиратқысы келіп, бөлшектеніп ыдырап кеткен түрлі ой-санамен «жоқтыққа» қарай жүгіреді. Әйткенмен, мына оқиғаларды дұрыс бағалап, дұрыс ойлап, дұрыс түсініп жатқандардың саны аз емес, әлбетте. Алайда, бұлар да көпшілікке қарап, ауыздарына құм құйылғандай өлімсіреп үн қатады және де үнемі үнсіздіктің тобын толтырады. Кейде сарқылуға шақ қалған ұжданына сүйеніп, ілгері қарай жүрсе де, ауыздықтаған ескерту мен қорқытудың нәтижесінде бұрын тұрған орындарынан да кері қарай шегініп барып, Құдайдан тағы да несібе күтеді. Осы жағдаймен олар тәуекелдің не екенін толық түсінбей, іштей шиеленістерге түседі, не болмаса, тұратын жерлерде тұра алмағандықтан және өз ұстанымдарының ақысын толық өтей алмағандықтан, Аллаһпен арадағы байланыстарын кірлетіп, ұлт дұшпандарына батылдық береді. Еріктің қақын өтеп, өзімен-өзі болудың орнына, еріксіздікке бағынады және өзгелердің үстемдік құрып, басқаруына мәз болады.
Жылдар өтті... өткен өмірі жарқын мына ел әманда жүрек пен ақылдың ажырап кетуінен зардап шегіп, әлем мен оқиғаларды шынайы кейпінде түсіндіре алмай, қоғамдық оқиғаларды дұрыс саралай алмай келеді. Айналасына таңырқай қарайды және соққан желдің ығына жығылып, ары-бері сүрініп жатады. Шындықты айту керек болса, есімізді жиып, ақыл, көз және көңіл алды көкжиек терезесінен барлық болмысты, ақиқатты және өзімізді жаңадан шыншылдықпен сараптап, жап-жаңа талдау мен саралау арқылы тағы бір мәрте өзімізден сөз ететін сәтке шейін мына шым-шытырық жағдай жалғасатын сияқты. Әттең, осы теріс тағдырымызды ауыстырғанымызд ғой! Аллаһтың бізге ілтипат ретінде берген осы мәртебесіне қарай аяққа нық тұрып, жетістіктеріміздің қақын толық өтегенімізде ғой! Әттең, өтей алмадық... тіпті, қазірдің өзінде мына келеңсіздіктерге қарсы тұруға дәрменсізбіз... Кейде қайғы-қасіретімізді көңілде сақтап, кезі келгенде өксіп, өзегіміз өртеніп, көз жасымызды төгіп жатамыз... Алайда әрдайым ішкі дүниемізді күйрететін өкінішті айырылысуды сеземіз... Сонымен бірге, әуелі Аллаһтың алдында, содан соң еліміздің алдында жауапкершілігімізді толық орындадық, деп айта алмаймыз.
Әттең-ай, кем дегенде, осы айтылғандай ел болып, опамыз бен адамгершілігімізді сақтай білгенімізде ғой! Еш болмағанда, тізе бүгіп, шерімізді Аллаһқа жеткізгенімізде бұлай болмас еді ғой! Өкінішке қарай, мұны жасай алмадық және өз ойымызды толық сақтай алмадық... Хаққа бет бұрып, ішкі сарайымызды Оған аша алмадық. Сан жылдар куә, сезімсіз жасадық... сезімсіз әрекет еттік. Әйтпесе, ел болып тұрған жерімізге қарағанымызда, біздің әлемге айтатын бірнеше көңіл хикаялары болуы керек еді! Келешек дүниенің тоқылуына біздің де ине-жібіміз қолданылуы керек еді! Біздер дүниенің жалғыздықтың, жоқшылықтың ғаріптігін көрмеуіміз керек еді... Қайғымызбен бөлісетін бірнеше жандарды тауып алып, олармен қоян-қолтық араласып, өзімізді табу жолында жүруіміз керек еді... Әлде де кеш емес! Алдымызда қыруар мүмкіндіктер жатыр... Өмірлерін Хаққа арнаған рухтардың саны аз емес. Тек ғашықтық пен ынтызарлық арқылы тізгінді жіберіп, Аллаһқа сүйену, Оның қақпасын қағып, іштегі зар-запыранды төгіп, көз жасымызды сорғалатып тұрып, «Біз оралдық!» деуіміз керек. Олай болса, келіңіздер, осынша уақыттан бері жылауға лайықты халімізге күлудің орнына, аз-кем көңілдің толқуы мен көз жасымыз арқылы өзімізді сөз етейік.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.