Тіршіліктегі басты даналықтың көрінісі

Ғаламда барлық нәрсені қамтыған бір (даналықты) хикметті көреміз. Бүкіл нәрселердің мәні мен мақсаты  бар. Материалистер әлемнің жаратылыс мақсатын мойындамай, Ұлы

Жаратушының жаратушылығын теріске шығарады.

Алайда, Ибрахим Хаккының сөзімен айтсақ:
«Оған ешкім еш нәрсені  жасата алмайды зорлықпен,
Не қаласа, сол болады әп-сәтте бір жарлықпен».[1]
Яғни, барлық нәрсе Ұлы Жаратушының қалауымен болады.

«Әлемдердің Раббы болған Аллаһ қаламайынша сіз ешнәрсе қалай алмайсыз».[2]

Адам баласы Оның тілегенінен басқа нәрсені тілей алмайды. Себебі, барлығына тек  Оның ғана үкімі жүреді. Сондай-ақ, жаратқандарының бәрінде бір хикмет бар. Егер адам бір сәт өзіне назар аударатын болса, бойындағы кейбір хикмет пен мақсаттардың жарқын мысалын көре алады. Оның бүкіл ағзасын құраған элементтердің әрқайсысын алып, қарастырғанда бір атомның да керексіз, я болмаса артық емес екеніне куә болады. Адамның алып бір үлгісі болып табылатын ғалам да осындай хикметтерге толы. Тіпті, ұлан ғайыр ғаламшарда шыбынның қанатындай болсын мағынасыз, мәнсіз бос нәрсе жоқ. Біз үшін пайдасыз секілді көрінген, қалт етпестен тұрған ағаш жапырағының өзінде біздер әлі жетік біле алмаған қаншама пайдалар жасырын тұр. Шындығында, бұлардың бәрін осылай жаратуға Ұлы Жаратушы еш мәжбүр емес, бірақ, Оның Хаким (Хикметпен жаратушы) есімі осыны талап етеді.

Иә, макроәлемнен микроәлемге дейін барлығын қамтыған хикмет пен мақсат байқалады. Осы әлемдердің ішінде ең құнды болмыс, ең таңдаулы жаратылыс мәртебе-сіне ие болған адам бұл өмірде мыңдаған хикметтермен безендіріле тұрып, тек бес күндік өмірдің он күндік арпалысы үшін бұл дүниеге келіп, қайтадан тірілу мүмкіндігі жоқ қайырымсыз  өлімнің құшағына мәңгі кетеді деу ақылға сыиымсыз тұжырым.

Бұл дүние адам баласын материалдық жағынан  қанағаттандыра алмайды. Ендеше бүкіл ғаламды өзінің алыптығымен мың орап алатын пенденің мәңгілік туралы арманына өткінші өмірдің жауап беруі тіптен мүмкін емес. Адам баласында ешбір сезім тектен-текке жаратылмаған. Бұл дүниеде мәңгілікті қалайтын бойын кернеген сезімдері мен аңсарларының жауабын ол басқа бір әлемде сөзсіз алатын болады.

«Біз сендерді бостан-босқа жарата салды деп және Оның құзырына қайтып бармаймыз деп ойлайсыңдар ма? Хақ билеуші – бір Аллаһ ғана, Одан басқа ешқандай Тәңірі жоқ. Ол – ұлы ғарыштың Тәңірі».[3]

Сіз босқа жаратылдым деп ойлайсыз ба? Аллаһқа қайтып оралмаймын деп ойлайсыз ба?  Күнәлар мен қателіктерден пәк Ұлы Аллаһ мұндай қателікке ұрынбайды. Сізді осы жерге әкеліп қонақ еткен, ғаламда болып жатқан оқиғаларға байланысты ең кішкентай бір болмыстың ең кішкентай тілегін орындаған Аллаһ Тағала міндетті түрде сіздің «мәңгілік» деген ең үлкен тілегіңізді орындап, сіз үшін мәңгілік әлемнің қақпасын ашады.

Бір күні Пайғамбарлар Пайғамбары (с.а.у.) мешітте отырған болатын. Сол кезде Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындарды алып келеді. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) тұтқындардың ішінде бір әйелдің аласұрып біреуді іздеп жүргенін көреді. Әйел алдынан шыққан әр баланы көкірегіне басып, иісін иіс-кеп, сосын қоя береді. Сөйтіп жүргенде өз баласын тауып алып, құшағына қысты. Үсті-басының бәрін сүйіп, иіскеп, қайта-қайта құшағына басады. Аллаһ Расулы (с.а.у.) бұл көріністі сырттай бақылып тұрып, ерекше толқыды. Көзінен аққан жасқа ие бола алмай, қасындағы сахабаларына әлгі әйелді көрсетіп:
– Анау әйелді көріп тұрсыңдар ма? – деді. Сахабалары:
– Иә, Расулаллаһ, көріп тұрмыз, – дегенде, Аллаһ Елшісі (с.а.у.) қайтадан:
– Бұл әйел құшағындағы баласын отқа тастай ма? – деп сұрады.
– Жоқ, отқа тастауы мүмкін емес!

Сол кезде Екі Жиһан Сәруарының (с.а.у.) аузынан мына хикметті сөздер төгілді:

«Аллаһ әлгі әйелден де мейірімді. Құлдарын тозаққа  тастамайды».[4]

Негізінде бұл мысалда айтпақ болғанымыз мынау еді. Құлын тозаққа тастамайтын, осыншама мейірбан Аллаһ әділетті, мейірімді, жомарт пен рақымдылық қасиеттеріне қарсы болып, құлын ешқашан тірілмейтіндей мүлдем жоқ ете ме? Иә, мүлде жоқ болып кетумен салыстырғанда адам рухы үшін мәңгілік тозақтың өзі жәннат секілді қымбатқа түседі. Жоқ болу кету түсінігі тозақтың өзіне рахмет айттырып, адамның мәңгілікті қалайтын рухын күңірентетін тіл жетпес азап.

Осы өмірдегі әрбір құндылықтың салмағын екшеп, тарта алатын өлшем мен таразы жаратылған. Алайда, ақылдың жемісін тарта алатын таразы қолымызда жоқ. Есесіне, ішіп-жеген азықтарымызды тарта алатын таразылар көп. Бұлар түрлі мемлекеттердегі ақшаның құнына қарай бағаланады. Сондай-ақ бір уыс топырақты да тартып, бағасын белгілей аламыз.

Мысалы, Шекспир мен Гюго секілді алып тұлғалар бұл дүниеде саналарының жемісін толық көре алмаған. Бұл мәселенің бергі жағы ғана. Енді мәселені арыдан терең ойланып, бір пайғамбардың парасатын қарастырайық. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ақылын, жүрек пен шексіз сезімдерінің жемістерін ойлайық. Сондай-ақ, барлық пайғамбарлардағы осы жүрек сезімдерін бір жерге жинайық, бұлар үшін таразы жаратылмағанына назар аударайық. Осы ой бізді мынадай қорытынды жасауға жетелейді.  Сезім атаулының бәрі тартылатын бір таразы жаратылады. Егер мұндай әділет таразысы бұл дүниеде болмаса, арғы дүниеде болуға тиіс.

«Қиямет күнінде Біз әділет таразысын құрамыз. Ешбір адамға қылдай қиянат жасалмайды. Егер оның бойында кішкентай ғана жақсылық болса, ол ескеріледі. Есеп алуға Біздің қабілетіміз толық жеткілікті».[5]

Аятта да айтылғандай бұл өмірде адамның ішкі жан дүниесінің байлығын өлшейтін таразы жоқ. Жан дүниеміздің әрбір қалтарысында пайда болатын нәзік сезімдердің жемісін салмақтай алмаймыз. Адамның Аллаһтан басқа өзге нәрселердің бәріне қолды бір сілтеп, тәрк еткен, тек Ұлы Жаратушысынан басқа ешкімге де көңілі толмайтын, разы болмайтын күйге түсірген ұлы сезімдерді өлшейтін құрал атаулыдан хабарсызбыз. Олай болса, осы ұлы сезімдерді таразыға тартатын ақырет күні туады. Осы сезімдер сол жерде мұқият таразыға  тартылатын болады. Ақылмен бағамдаңызшы, адамның сыртқы дене пішіні үшін белгілі бір өлшемдер белгіленген ғой. Алайда, сыртқы пішінінен де жарқын, одан да ұлы, адамның ішкі жан сарайы үшін бір өлшем мен таразы бұ дүниеде белгіленбеген. Олай болса, мұндай өлшем осы өмірде болмағандықтан, ақыретте жаратылатыны сөзсіз.

«Ант етейік, адамды Біз жараттық! Оның нәпсісінің оған не сыбырлағанын да білеміз. Себебі, Біз оған оның күре тамырынан да жақынбыз».[6]

Аятта Аллаһ Тағала: «Адамды Біз жараттық. Яғни, оның қандай пиғылда жүретінін білеміз», ─ дейді немесе мәселені керісінше алып қарайық: «Адамды Біз жараттық және оның жан сарайында қандай сезімдердің гүл-гүл жайнағанын білеміз» ─ дейді.

Үнемі жамандық ойлап, ниеті бұзылған, азғындыққа түсіп, жан сарайы  миуалы жеміс бере алмайтын жағдайға ұшырап, адамгершілік тұғырынан төмендеген тас жүрек адамды Аллаһ о дүниеде қурап қалған отын ағашы секілді жаратады. Сондай-ақ, көнетоз көйлекті, сырттай қарағанда көзге түсіп ерекшеленбейтін, бірақ ішкі дүниесінде телегей теңіздей жақсылықтары тасып жатқан тақуа жандар бар. Аллаһ Тағала олардың ішкі әлемдеріне өте қанық. Оларды есепке алып, салмақтарына қарай таразы құрып, соған орай тиісті сый-сыяпатын береді.

Хашірдің жаратылуына ешқандай себеп болмаса да ахсән-и тақуим, әсем жаратылыстың иесі адам баласының о дүниеде амалдары өлшеніп, таразыға тартылатын және нағыз бағасын алуы үшін бір махшәр күні мен үлкен соттың болуы сөзсіз қажет. Негізінде Аллаһ Тағала ешқандай қажеттіліктерге кіріптар емес. Бірақ, Оның Хаким есіміне сүйене отырып және осы жерде бізге берген сыйларына қарап махшәр күнінің болатынына сеніміміз беки түседі.

Хақ Тағаланың ерік-мақсатына сәйкес шексіз билігінің патшалығы бар. Бұл патшалық атомдар әлемінен бастап, ең алып жүйелерді қамтиды. Осынау патшалықтың бар екеніне көз жеткізудің дәлелін – бүкіл әлемдерден Оның мөрі мен жаратушылық таңбасын көруге болады. Микроәлемнен макроәлемге дейінгі бүкіл ғаламда Оның жаратушылық таңбасының ізі айқын сайрап жатады. Бұл патшалықтың күштілігі сондай оның әрбір кішкентай бөлігінен ең алыбына дейін өз істеріне өзгенің араласқанына еш мұқтаж емес. Ол үшін Аллаһ бір тәртіп белгілеген. Бар екенін білсек те, ақиқатын әлі жете түсінбеген бір заңдылықтарды орнатқан. Негізінде біз атын атап, түсін түстеп жүрген заңдар мен қағидалар әлемдегі оқиғаларды толық түсіндіру үшін жеткілікті емес. Мысалы, денелер арасындағы тепе-теңдікті олардың бір-бірін тарту мен тебу күштерімен түсіндіре алмаймыз. Бірақ, біз мәселенің тереңіне бойлауға шамамыз келмегендіктен осымен тоқтап, соған қанағат етеміз. Бұл заңдылықтың дұрыс болуы тек қана сол заңды жаратқан Жаратушының күші мен құдіретін танытса да мәселені жеріне жеткізіп, толық түсіндіре алмайды. Ғылым бізге құбылыстарды түсіндіреді. Ал оның себебі мен мәнін айта алмайды. Бірақ, мәселенің негізгі байыбына бара алмасақ та, барлық нәрседе хикметтің бар екені ап-айқын сезіледі. Осыған байланысты, болған немесе болатын нәрсенің бәрі бір мақсат пен хикметке сәйкес жаратылады.

Мәңгілікке қарай ұмтылатын, мәңгілік пен мәңгі бақи болатын болмыстан басқа ешнәрсені қанағат тұтпайтын, «Мәңгілік, мәңгілік!» деп аласұратын және жәннат пен Аллаһтың жамалын көруді аңсайтын адамның жаратылысында да бір мақсат пен хикмет бар.

Хазіреті Әбу Бәкірдің Ислам дінін қалай қабылдағаны жайлы бірнеше риуаяттар бар. Бұлардың ішіндегі ең сенімді риуаяттардың бірінде былай делінеді:

Аллаһ Расулына (с.а.у.) халықты Ислам дініне шақыру әмірі келгенде Екі Жиһан Сәруары (с.а.у.): «Бұл ақиқатты бірінші кімге айтсам екен?» – деп іштей ойланғанда есіне алғаш түскен есім Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) болады. Аллаһ Расулы (с.а.у.) осылай ойланып жатқанда Хазіреті Әбу Бәкір де (р.а.): «Мені және мына ғаламды жаратқан Біреудің бар екенін білемін, бірақ Оның атын білмеймін. Бұл ойымды барып Мұхаммедке (с.а.у.) айтайын. Себебі, Ол бұл мәселе-лерді бәрінен жақсы біледі»  ─ деген ой үстінде еді.

Аллаһ Елшісі (с.а.у.) мен Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) екеуі де бір-бірінен хабарсыз күйде, біреуі Аллаһты адамдарға таныту үшін, екіншісі Жаратушысын тану ниетімен үйлерінен шығады. Сөйтіп, жолда кездесіп қалады. Екеуі де бұған таң-тамаша қалып, не үшін бір-бірін іздегендерін сұрайды. Екеуі де өз ойларын ортаға салады. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.) сондай қуанышпен Хазіреті Әбу Бәкірді (р.а.) хақ дінге шақырады, ол да сол жерде сөзге келмей Исламды қабылдап, мұсылман болады.[7]

Тереңінен толғап, айналасында болып жатқан құбылыстардың хикметін көңіліне тоқи білген жандар бір Жаратушының барын мойындайды. Міне, Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) кемшіліктен кенде болмаса да дұрыс жолды тапқан еді. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) кемшілігін толтырып, оның ақиқатты толық сезінуіне жәрдем етті.

Ғаламдағы бар жаратылыс пен оқиғаларға байыптап қараған әрбір адам олардың әрқайсысынан Аллаһ Тағаланың мөрін көреді. Әрі терең ойлану мен салиқалы сараптаманың нәтижесінде мынадай қорытындыға келеді: «Мені бұл дүниеде бақылаусыз қалдырмаған Жаратушым, қабірге кіргеннен кейін де өз назарынан тыс қалдырмайды. Көктемде табиғатқа қайтадан жан бітіретіні секілді менің де тұқым сияқтанған бөлшектерімді екінші өмірде қайтадан тірілтіп, үлкен сотқа шақырады».


[1] XIX ғасырда Түркияда өмір сүрген, ғұлама әрі сопы, атақты «Марифетнаме» кітабының авторы Ибрахим Хаккы Эрзурумлуның өлең жолдары.
[2] Инсан сүресі, 76/30.
[3] Муминун сүресі, 23/115-116.
[4] Бухари, Әдеп, 83; Муслим, Тәубе, 22.
[5] Әнбия сүресі, 21/47.
[6] Қаф сүресі, 50/16.
[7] Ибн Касир, Исмаил  Әбул-Фида, әл-Бидайә уән-ниһайә, III, Бәйрут, 1966, 27-б. 
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.