Құран Кәрімнің хашірді дәлелдеу әдістері

Қиямет қайымның болатынына ешкімнің шүбәсі жоқ. Тіпті, қазіргі ғылымның барлық саласы бұл мәселені мо-йындауда ауызбірлік танытып отыр. Дей тұрғанмен, олар бұл ақиқатты ұзақ уақыттан кейін болады деп күтеді. Бірақ, жер шарымызда адам айтқысыз түрлі оқиғалар орын алып жатыр, олардың кез келгенімен қияметтің басталуы әбден мүмкін.

Мысалы, бір кездері жерден бөлініп кеткен ай қайтадан өз орнына, яғни жер-ананың құшағына қайта оралатын болса физиканың заңдары бойынша жердің парша-паршасы шығары сөзсіз... Осылайша қиямет де орнай кетеді.

Бір хадис шәріпте Құрандағы «Фәлақ» сүресінің «Уа мин шәрри ғасиқин изә уақаб» деген үшінші аятының тәпсіріне қатысты «ғасиқ» сөзін ай деп түсіндірген Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Хазіреті Айшаға (р.а.) айды көрсетіп: «Ей, Айша! Мына қараңғылыққа оранған айдың кәрінен бір Аллаһқа сиын», – деген.[1]  Сол үшін әулие кісілер түсінде ай көруді жамандыққа, күн көруді жақсылыққа жорыған.

Егер бір құйрықты жұлдыз жер шарына кеп соғылса, қияметтің орнауына жол ашуы мүмкін. Немесе сәтсіз жарылған бір атомдық сынақ  та қияметтің басталуына себепкер болуы да ғажап емес. Сыртқы себептердің қандайы болмасын, осы себептердің бар тізгінін қолына ұстаған Аллаһ Тағала сұрды үрлеуді бұйырып, қияметті орнатады.

Құран Кәрім біздің байқағанымыздай өлгеннен кейін қайта тірілу ақиқатын екі әдіспен дәлелдеген:
1) Салыстырмалы мысал беру әдісі;
2) Айқын көрсету әдісі.

Құран осы екі әдісті қолданғанда қос әлемнің (макро, микро) өзіндік ерекшеліктерімен ақыретті болатынын дәлелдейді. Сонымен бірге, Құран Кәрім макро және микроәлемді бірге қарастыра отырып, мәселені түсіндіреді. Біз бұны әмбебап дәлел деп атасақ та болады. Бұл дәлелде нағыз жаратылысқа назар аударылады.

Енді осыларды кезекпен ұсынайық:

Құран Кәрім салыстырмалы мысал беру әдісі арқылы макроәлемнен мысалдар келтіре отырып, хашірді дәлелдейді:

«Аллаһ өздерің көріп тұрған мына аспан әлемін ешбір тіреусіз етіп жаратты. Содан кейін аршқа отырып (яғни, барлық жаратылысты басқарып, тәртіпке келтіріп, үкімін жүргізді) күн мен айды бағындырды. Бәрі де белгілі бір мерзімге дейін өз қызметтерін атқаруда. Аллаһпен кездесетіндеріңе күмәнсіз сенулерің үшін Аллаһ істердің бәрін тәртіпке келтіріп, құдіретінің белгілерін жан-жақты көрсетеді».[2]

Хашір арқылы адамдарды қайта тірілтетін Аллаһ Тағала көк жүзін тірексіз ұстап тұрады, орнатқан тәртіп пен жүйелерінің арқасында жұлдыздар саяхатын жалғастырады. Сіз мына ғажайып аспанның ешбір тіреусіз қозғалысқа түсіп, ешқандай ақаусыз ісін атқарып жатқанын көресіз. Көк жүзін осылай тіреусіз төбеге қойған соң Аллаһ Тағала өзінің Аршынан[3]  үкімдерін іске асыра бастады. Сосын күн мен айды Өзінің үкіміне бой ұсындырып, олардың сансыз хикметтерінен пайдалану мүмкіндігін сіздің қолыңызға берген. Барлық нәрсені есеппен жаратқан Жаратушымыз осылайша шексіз ілімнен бізге хикмет сәулелерін көрсетеді.

Иә, көк пен жердегі барлық істерді реттеп, бәрінің маңдайшасына Өзінің құдірет мөрін басқан Аллаһ Тағала сіздерге хашірдің болатынын уәде етеді, баяндаған аяттарында сіздерге күш пен құдіретін көрсетеді. Бәлкім, осының бәрін ойланып-толғанып, пайымдап, бір күні Оған қайта оралатыныңызға сеніміңіз нық бекиді. 

Шындығында біз ақыретке сенгенде бүкіл жаратушы-лық құдіретімен Өзін көрсеткен және бар екенін сездірген бір Аллаһтың хашірді қалағанынша орнататынына сенеміз.

«Сол күні Біз аспанды кітапты бүктегендей етіп бүктейміз де әуелде қалай жаратсақ, солай етіп қайта жаратамыз. Бұл Біздің берген уәдеміз. Оны сөзсіз іске асырамыз.»[4] 

Аллаһ аспанды бір кітап секілді жинап, қазіргі бейнесінде мүлде өзгерте алады. Сол кезде тіршілік тоқтап, жылулық қалмайды, айналаның бәрі мұз боп қатады. Яғни қабынан шығарып назарларыңызға ұсынған ғалам кітабын жауып, әуелгі кезіндегідей етіп қабына қайта салады. Жаратылыстардың бәрін бастапқы кезіндегі халіне қайта түсіреді. Сосын жауып қойған кітапты қайта ашады да ішіндегілердің  бәрін қайта тірілтеді.

«Көк пен жерді жаратқан, соларды жаратқанда шаршамаған Аллаһтың құдіреті өлгендерді тірілтуге жетпей ме екен? Расында Оның құдіреті бәріне толық жетеді».[5]

Жер мен көкті жаратып, белгілі бер тәртіпке мойынұсындырған және бұл ісінде еш шаршап-шалдықпаған Аллаһ Тағаланың өлгендерді қайта тірілтуге күші жетпей ме? Аз ғана ойланып көрсеңіз әрбір оқиғаның арқасында «Аллаһтың» барлығын сезінесіз. Аллаһқа шаршау яки демалу тән емес. Басқа бір аятта бұл мәселе:

«Көк пен жерді және олардың арасындағы нәрселердің барлығын Біздің алты күнде жаратқаны-мыз анық. Оған Біз ешқандай шаршап-шалдыққан жоқпыз»,[6] – деп баяндалады.

Міне, құдіреті күшті  Аллаһ Тағаланың бұдан кейін өлгендерді тірілтуге шамасы келмей ме?

Құранның салыстырмалы мысалдар беру тәсілі ақиқатты дәлелдеу әдістерінің бірі болып табылады. Осынау әлемді адам баласының алдына айқара ашып, оның қайта жаратылатынына адам санасын дайындайды. Нәтижесінде адамның хашірге деген сенімі барынша беки түседі.

«Көк әлемін және жерді жаратқан Аллаһтың олар-дың (жер мен көктің) ұқсасын жаратуға құдіреті толық жетеді емес пе? Әрине, толық жетеді. Ол – (әр нәрсені) толық білетін жаратушы.»[7]

«Сендерді қайтадан жарату қиын ба? Жоқ әлде аспанды ма? (Көз салып қараңдаршы) Аллаһ аспан әлемін қалай мықты етіп жаратты.»[8]

Сізді жарату қиын ба, әлде жындар мен адамдарды  қоршаған барлық жүйелерді жарату қиын ба? Мына «ғалам» деген ғажап сарайды жаратқан Аллаһ Тағала жәннатта сізге арнап кішігірім сарайлар жарата алмай ма?

«Оның (құдіретін көрсететін) дәлелдерден бір дәлел мынау: Сен жерді құрғап, (Аллаһтан медет сұрап тұрған адамдай) басын иген күйде көресің. Бірақ, Біз жаңбыр жауғызған сәтте жер беті құлпырып, көпси түседі. Міне, құрғақ жерді осылай кім тірілтсе, өлілерді де сол тірілтеді. Өйткені, Оның әр нәрсеге құдіреті толық жетеді.»[9] 

Жердің бейне бір сәждеге бас қойған пенде секілді домаланған ғибадатының қайырымына Аллаһ сіркіретіп жаңбыр береді. Сонда жер жанданып, тіршілік белгісі байқала бастайды. Топырақ астындағы тұқымдар жер бетіне өсіп шығып, бастарын қылтитады. Жер жүзі жасыл кілемге оранады. Міне, әр көктемде жерді осылай тірілткен Аллаһ Тағала өлгендерді де осылай тірілтеді. Осыншама өсімдіктің қайта тірілуін әр көктемде сізге тамашалатқан Аллаһ Тағала өлгендерге де жан беріп, қайта тірілтеді. Иә, Аллаһ Тағала өлім ұйқысында жатқан көптеген шыбын-шіркейді, құрт-құмырсқаны, қураған ағаштарды көктем мезгілінде қайтадан тірілткені сияқты сіздерді де өмірдің күзі болған өліммен қабірге кірген соң бір күні қайта тірілтеді.

«Ей, адамзат! Егер сендер қайта тірілетіндеріңе күмәндансаңдар, өз жаратылыстарыңа көз жіберіңдер! Біз сендерді әуелі топырақтан, сосын шәуеттің бір тамшысынан (аталық жасушадан), сосын алақадан (жабысқақ ұрықтанған жасушадан, яғни, ұйыған қан пішінінен), сосын мудғадан (бір кесек ет көрінісіндегі жаратылыстан) жараттық. Мұның бәрі сендерге құдіретімізді көрсету үшін. Осыдан соң Өз қалауымыз бойынша  құрсақта белгілі бір мерзімге дейін сақтаймыз да, (жарық дүниеге) нәресте етіп жібереміз. Содан барып ер жетесіңдер. Кейбіреулерің дүниеден (ерте) өтесіңдер, енді біреулерің бәрін біліп келіп, ақыры ештеңені білмейтін, түсінбейтін күйге дейін (ақылдан алжасқан қарттыққа) түсесіңдер. Сен қаңсып жатқан жерге қара. Біз жаңбыр жаудырсақ, оған жан бітіп, көпсіп шыға келеді де түрлі өсімдіктерді өсіреді».[10]

Аяттың соңғы жағында айтылғандай сізге жер беті ешнәрсе өсіп-өнуі мүмкін емес, бейне бір өрттен кейінгі күлге айналған үмітсіз жапан даладай болып көрінеді. Ал расында, Хақ Тағала аспаннан жаңбырды нөсерлете жаудырғанда, тіршілік көз алдыңызда қайта жанданады. Өсімдіктер көктеп-көгереді. Осылайша, Аллаһ жаныңызды жадыратар көріністерді барлық нәрсені жұп-жұбымен жарату арқылы назарыңызға ұсынады.

«Аллаһтың шын екенін, өлгендерді тірілте алатынын және бар нәрсеге құдіреті жететінін осының өзі аңғартса керек».[11]

Осы көргендеріңіздің бәрі де ақиқат. Себебі, олар Аллаһтан (Жаратушыға сансыз мадақтар болсын). Міне, өлгендерді тірілтетін – Ол. Оның  барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Басыңыздан өтіп жатқан оқиғалардың бәрін басқарып отыратын Аллаһ өз есімдерінің шағылдарымен бәріне күші жететінін дәлелдей түседі.

«Сонымен бірге, бұл – қиямет күнінің сөзсіз болатынын да, қабірдегі өлікті Аллаһтың тірілте алатынын да көрсетеді».[12]

Қиямет міндетті түрде болады, бұған күмән жоқ. Аллаһ Тағала барлық өлгендерді тірілтеді.

Жоғарыда да айтқанымыздай Ұлы Жаратушы осы аяттардың бәрінде хашірдің әуелі жер бетіндегі айқын дәлелдерін көрсетті. Өсімдіктердің бәрі жермен-жексен болып, топыраққа көмілген тұқымдар шірігеннен кейін Жәна-бы Хақ (Аллаһ) оларды келесі көктемде қайтадан қалай тірілтетін болса, тура сол секілді қабірде сүйегі шіріген адамды екінші көктем саналатын хашір күні қайтадан тірілтеді.

Бұл  мәселені философ ғалым не қарапайым шопан пайымы тұрғысынан қарасақ та Құранның осы мойындату тәсілінен озығы жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы тақырыпқа байланысты айтылған хадистерін де қоса қарастырғанда осы баяндалғандардың бәрі дерлік Құран Кәрім түсіндірмелерінің тәпсірі ғана.

Құран Кәрім ұлы хашірдің болатынын субъективті дәлелдермен дәлелдеу барысында назарымызды өзіміз өмір сүріп отырған әлемге аударып, мәселені жеке мысалдармен түсіндіреді:

«Аллаһ әуелде қалай жаратса, Оның алдына сол күйде қайтасыңдар.»[13]

Бастапқыда сізді топырақтан, аталық  жасушадан, ұйыған қан пішінінен және бір кесек еттен жаратқаны сияқты Аллаһ Тағала негізгі атомдарыңызды бір жерге жинақтап, сізді қайтадан жаратады.

«Адам баласы біздің оларды бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сөйте тұра ол бізге ашық дұшпан болды. (Бір тамшы судан) Қалай жаратылғанын ұмытып, бізге былай деп мысал келтірді: «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» Оларға: «Оларды әу баста кім жаратса, қайтадан тірілтетін де Сол және де Ол барлық жаратуды біледі», – де».[14]

Алғашқы дәуірдің де, жиырмасыншы ғасырдың да құдайсыздары бір-бірінің аузына түкіргендей бір нәрсені сұрайды: «Күл талқан болған сүйекті тірілтетін кім?» Құран оларға былай деп жауап береді: «Өмірді бастапқыда (оларға) кім берсе, тірілтетін де Сол».

«Ол сендерге жасыл ағаштан от шығарды, сендер оны отын ретінде қолданасыңдар».[15]

Аллаһ Тағала өзегінен су тамшылап тұрған ағаштан от шығарады. Алайда «Екі қарама-қарсы нәрсе бір жерде болмайды» деген қатаң қағида бар. Шексіз құдірет әрі қағидалардың да иесі Аллаһ Тағала екі қарама-қарсы болмыс-ты бір жерде біріктіреді. Арабтар білетін Мәрх және Афар ағаштарынан шырын суы тамшылайды, сонымен бір мезетте қолмен ысқылайтын болса одан ұшқын шығады. Міне, осылайша өз құдіретінің дәрежесін танытқан Аллаһ Тағала бір-біріне қарама-қайшы құбылыстарды, яғни сүйектері баяғыда қурап қалған адамды ақыретте қайта тірілтіп, өмір береді.

Құран Кәрім дәл осы әдіспен  атомдар мен ұсақ бөлшектерден құралған микроәлемге назарымызды аударып, хашірдің (ақырет күнінің) болатынын нақты дәлелдейді:

«Ей, адамзат! Егер сендер қайта тірілетіндеріңе күмәндансаңдар, өз жаратылыстарыңа көз жіберіңдер! Біз сендерді әуелі топырақтан, сосын шәуеттің бір тамшысынан (аталық жасушадан), сосын алақадан (жабысқақ ұрықтанған жасушадан, яғни ұйыған қан пішінінен), сосын мудғадан (бір кесек ет көрінісіндегі жаратылыстан) жараттық. Мұның бәрі сендерге құдіретімізді көрсету үшін. Осыдан соң Өз қалауымыз бойынша  құрсақта белгілі бір мерзімге дейін сақтаймыз да, (жарық дүниеге) нәресте етіп жібереміз. Содан барып ер жетесіңдер. Кейбіреулерің дүниеден (ерте) өтесіңдер, енді біреулерің бәрін біліп келіп, ақыры ештеңені білмейтін, түсінбейтін күйге дейін (ақылдан алжасқан қарттыққа) түсесіңдер. Сен қаңсып жатқан жерге қара. Біз жаңбыр жаудырсақ, оған жан бітіп, көпсіп шыға келеді де түрлі өсімдіктерді өсіреді».[16]

Егер хашірге (ақырет күнінде қайта тірілетініңізге) күмәніңіз бар болса, өз ағзаңызда болып жатқан құбылыс-тарға назар аударып, мына дәлелді мұқият зердеңізге тоқыңыз:

Аллаһ Тағала сізді бастапқыда топырақтан жаратты. Негізгі болмысыңыз жер бетінен алынған элементтерден құралады. Сосын бәрі араластырылып, протеинді сұйықтыққа айналдырды. Осыдан кейін сіздің болмысыңыз бір тамшы су болды. Сосын ұйыған қан, сосын бір кесек ет... Осы халге жеткен соң  жаратылуыңыз да, жаратылмауыңыз да мүмкін еді. Түсік болып түсіп қалуыңыз немесе «ахсән-и тақуим», яғни ең әсем жаратылыс  сырындағы адам болу үшін геніңіздегі тұқымыңызға қарай бір болмысқа ие болуыңыз да мүмкін. Аллаһ сізді қалаған уақытына дейін анаңыздың жатырында ұстап тұрады. Жатырға біткен бала 3-4 айлық кезінде түсіп қалуы мүмкін, немесе кейде 6 ай, кейде 9 ай толған кезінде дүниеге келеді.

Тап-таза болмыспен дүниеге келген пенде толық жетілу үшін, немесе белгілі бір мақсатқа жету жолында харекет етпек. Кейбіреулеріңіз ерте қайтыс боласыздар, ал енді кейбіреулеріңіз кәрілікке жетесіздер. Беліңіз бен аяқтарыңыз қақсап, еңсеңіз төмендеп, кәрілік жеңіп, шашыңыз ағаратын қарттық кезеңге тап боласыз. Жасарыңызды жасап, асарыңызды асағаннан кейін барып өміріңізді босқа өткізіп алғаныңызды түсінесіз. Өміріңіздің басы балалықпен басталып, аяғында сақалды бала болып дүниеден қайтасыз.

«Адам баласы өзін (еш сұрақ алынбастан) бос қоя берілемін деп ойлай ма? Ол (әу баста жатырға) тамызылған бір тамшы шәует емес пе еді? Одан соң ұйыған қанға айналды. Содан барып Аллаһ оған сұлу мүсін берді. Одан еркек-әйел жұп қылып (екі жыныс) жаратты. Осыны жасаған Аллаһтың өлілерді тірілтуге құдіреті жетпей ме екен?!»[17] 

Сізді белгілі бір өмір жолымен жүргізіп, даму сатыларынан өткізген, осы халге жеткізген Аллаһ Тағаланың өлген-дерді тірілтуге құдіреті жетпей ме? Көріп отырғаныңыздай Құран Кәрім хашір мәселесін басқа ешқандай дәлел қажет етпейтіндей етіп, өзіне тән логикамен дәлелдейді. Құран аяттарының үштен бірі осы ақиқаттарды баяндайды. Біз жоғарыда баяндағандарымызбен осы тақырып аясында бір ғана пікір білдірдік. Бұдан кейінгі айтатындарымыз да осы аяттардың түсіндірмесі мен тәпсірі  болмақ.

Пікір, ой, сезім, адам, адамгершілік және осылардың бәріне байланысты амал мен іс-әрекеттер бұл өмірден сел секілді ағып өтеді. Соңында ағысының бағытына қарай бір қауызға келіп құйылады. Бұл дүниеде біз ешқандай сый-сыяпат алмаймыз. Алсақ та тек қана нағыз сыйдың оннан бірін ғана аламыз. Залымдар мен жауыздарды, тіпті перғауындардың өзін таңғалдырып, бұл өмірде ешқандай жаза көрмей, бүкіл зұлымдығын  өзімен бірге о дүниеге ала кететіндер бар. Сонымен қатар өмір бойы қиыншылықтардан көз ашпай, сор маңдай болып өткен жандар қаншама.

Міне, сарқырама тәрізді аққан  бір-біріне қарама қарсы осы екі ағыс о дүниеде бір қауызға келіп қосылып, Аллаһ Тағаланың алдында есеп беру үшін қатарға тұрады. Есептен кейін жәбір көруші әділетке жетіп, өзінің сенген жәннатына кірсе, жауыз болса ойына кіріп шықпаған тозақ отына үйілген сыпырындыдай тасталады.

Осы өмірде теңдікке жетпеген жақсы мен жаманның арасын Әділ болған Аллаһ Тағала арғы дүниеде айырып, жамандар мен жауыздарға:

«Ей, күнәһарлар! Қане бүгін былай тұрыңдар!»[18] – дейді. Әрине,  бұл дүниеде адамдар жасаған іс-әрекеттеріне қарай дәл осылайша бөлінбейді. Алайда бұл өмірде заттар мен құбылыстардың жақсысы жаманынан, сұлуы сұмпайысынан, кәмілі кемісінен ажыратылған. Адам секілді ұлы жаратылыстың бұл заңдылықтан шет қалуы мүмкін емес. Теңдік бұл дүниеде болмаса, демек арғы дүниеде болады.

Тұқым жерге егілгенде, шіріп, сосын барып жаңа өмір бастайды. Ағаш болып аспанға қарай бой жазып, жапырақтарымен сәнденіп, жемістерімен әшекейленеді. Содан кейін бәрінен жұрдай болып құп-қу сүйекке айналады. Бірақ, келесі көктемде қайтадан сәнденіп, сіздің тамашалауыңызға ұсынылады. Барлық құрт-құмырсқа қыста көзден таса болып өлім күйін кешеді. Көктемде қайтадан жанданып, тіршілігін бастайды. Барлық жан-жануардың, жаратылыстың басынан өтетін осы заңдылық адам баласына да қатысты. Оның да бір көктемі, бір қысы және екінші бір көктемі бар. Себебі, ол да бір тұқымнан пайда болып, ағаш секілді жайқалып өсіп, ой, сыр, толғаныс секілді жемістерін береді. Ақыр соңында ажал құшып, жер қойнауына кіреді. Тұқым секілді қайтадан топыраққа көміледі. Сөйтіп екінші көктемін күтеді. Маусымы келгенде, сұр үрленген шақта қайтадан тіріледі.


[1] Тирмизи, Тәфсір, 113-114-сүрелер; Ахмед б. Ханбел, VI, 61, 206, 215, 237, 252.
[2]  Рағыд сүресі, 13/2. 
[3] Арш – Аллаһтың шексіз құдіретімен басқарылатын, символикалық тағы.
[4] Әнбия сүресі, 21/104.
[5] Ахқаф сүресі, 46/33.
[6] Қаф сүресі, 50/38.
[7] Ясин сүресі, 36/81.
[8] Назиғат сүресі, 79/27.
[9] Фуссилат сүресі, 41/39.
[10] Хажж сүресі, 22/5.
[11] Хажж сүресі, 22/6.
[12] Хажж сүресі, 22/7.
[13] Ағраф сүресі, 7/29
[14] Ясин сүресі, 36/77-79, 80.
[15] Ясин сүресі, 36/80-81.
[16] Хажж сүресі, 22/5.
[17] Қиямет сүресі, 75/39-40.
[18] Ясин сүресі, 36/59.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.