Аллаһ Тағаланың Кәрім , Рахим есімдері және ақырет

Ғаламдағы ең әлсіз, ең нәзік жаратылыстарға өте жақсы жанашырлық және жақсы күтім жасалады. Аяқ-қолы жоқ, ең дәрменсіз жәндіктер қиналмай-ақ қоректенеді. Егер адамдардың табиғатқа жөн-жосықсыз араласуын ескермесек, ең әлсіз, ең нәзік, ең дәрменсіз жаратылыстағыларға тамаша қамқорлық жасалатынын көресіз.

Бұған бір жасуша өмірінің жалғасы, ана құрсағындағы сәбидің ризықтандырылуы, нәрестенің дүниеге келісімен анасының қамқорлығына ие болып, махаббатына бөленуі, барлық мұқтаждықтарының өтелуі, теңіз түбіндегі балықтар мен жеміс ішіндегі әлсіз құрттардың ең тамаша түрде қоректенуі, орнынан қозғалатын мүмкіншілігі жоқ ағаштардың және төсек тартып, жатып қалған сал-науқастардың да тағамдарының алдына келуі және осы секілді мыңдаған мысалдар жоғарыда айтқан пікірімізді растайды.

Осылардың бәрін ойласақ ғаламға үкімін жүргізген Кәрім және Рахим  есімді бір Жаратушының бар екенін көреміз. Аллаһ Тағала жомарттығы мен шексіз рақымдылығын жалпы ғаламға осылай төккен болса, онда Ол бұл шексіз рақымдылығы мен жомарттығының жалғасқанын, сондай-ақ, жомарттығы мен рақымдылығына мұқтаж жаратылыстардың да қайта жаратылғанын қалайды. Бұл өмірде әлсіз, көмекке көп мұқтаж адамдар да Аллаһ Тағаланың осыншалық жомарттығы мен рақымдылығына бөленіп жатады. Аллаһтың осынау шексіз жомарттығы мен рақымдылығы осы сый-сыяпаттардың жалғасқанын қалайды. Адам баласы бұл өмірде, мәселен, жеген жүзімінің бір данасының төлемі қаншалыққа түсетінін білмейді. Себебі, ол жүзімнің дәмін алған сайын тоймайды. Аузында ─ дәмі, ал жүрегінде ─  соның дәмін қайтадан бір татсам деген арман қалады. Адамға ләззат сыйлайтын нәрселердің бәрі: жастық, күш-қуат және сол сияқты қаншама қолда тұрмайтын нығметтер адамнан рұқсат сұрамастан, қош айтыспастан кете барады. Олай болса, бұл өмірде адамға осыншама сый-сыяпат көрсеткен Аллаһ Тағала жақсылықтары мен игіліктерін мүлде шектеп, нығметін азапқа, ләззатын заһарға, махаббаттын дұшпандыққа айналдырмайды. Егер осылардың бәрі мәңгілік жалғаспаса, нығмет – азапқа, ләззат – заһарға, сүйіспеншілік те дұшпандыққа айналған болар еді. Ендеше осы нығметтер мен адамдардың өмірі жалғасатын мәңгілік әлем бар және міндетті түрде болады.


[1] Кәрім - Аса жомарт
[2] Рахим - Өте мейірімді, рақымды

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.