ЗАМАННЫҢ ОЗЫҚ ОЙШЫЛЫ – ӘЛЕМДІК ИСЛАМ КОНСУЛЫ

Қолыма «Ғасыр тудырған күмәндар» атты екі томдық кітап түсті. Қарап отырсам, ішінде күнделікті тіршілігімізде қалай да бір туып қалатын сұрақтарға жауаптар бар екен. Көпшілік ішінде дін туралы әңгімелесіп отырғанымызда, қиямпұрыстау біреулер «Құдай бар болса біз неге Оны көрмейміз?», «О дүниеге кім барып келіпті?», «Мұхаммед неге көп әйел алған?», «Құранды ол өзі ойдан шығарған ба?», «Адам маймылдан шыққан ба?», «Бәрін құдай жаратса Құдайдың өзін кім жаратқан?», «53 жастағы Мұхаммед  11 жастағы Айшаны неге алған?» деген  тәрізді  сұрақтармен бүйректен сирақ шығарғысы келіп жатады. Оның ең сұрықсыз әсері тыңдап отырған адамдардың  көңілінде «бұл қалай?» деген сұрақ туындатады. Бүгінгі жастардың асыл дінімізге бетбұрысы жақсы, алайда кешегі кеңестік атеистік жүйеден шыққан адамдардың санасында мұндай сұрақтар дереу күмән туғызады. Сондай болмашы күмәнге бола кейбіреулер діни парыздарын орындауды кейінге қалдырып жатады. Мына кітапта тура сондай сұрқия сұрақтарға көңілге қонымды керемет жауаптар берілген екен.

Кітаптың авторы – әйгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлен. Ол көрнекті парасат иесі, танымал қаламгер, бүкіл әлемге танымал ислам ғалымы, әлемдік ислам консулы. Оның кешірімділікке, діни төзімділікке шақырған үні әлемнің әр тұсынан қолдау тауып  жатыр. Сөздері қарапайым, оқығанға ұғынықты. Философиялық орам да, нақты мысалдармен өрнектелген қисын да осында.

«Шынтуайтында, әлемде миллиардтаған заттар: «қараңдар, ғибрат алыңдар. Жаратушыны ұлықтаңдар!» деп тұр. Ал біз осылардың миллионнан мысқалын ғана көре аламыз, қалғандарынан  мүлде хабарымыз жоқ. Онда да белгілі бір пішіндегі, белгілі бір сәуле толқынындағыларды ғана көреміз. Олай болса, «Мен неге Алла Тағаланы көрмеймін» деген адам өзі миллионнан мысқалын ғана көретін тар ғаламға күллі ғаламзаттың жаратушысы Алла Тағаланы да сыйғызғысы келетіндей» дейді Фетхуллаһ Гүлен. Оның шығармаларының бәрі Ислам құндылықтарын насихаттауға, Исламның кеше, бүгін және ертеңге мәңгілік нұсқа екендігін дәлелдеуге, адамзатқа Исламнан артық жол жоқ екендігін нұсқауға арналған.

Адамзат қоғамы үнемі даму үстінде келеді. Қоғамның дамуында ғасырлар бойы өзіндік ерекше, бірегей көзқарастар қалыптасқан. Бұл ілімдер әсіресе, саясат, мораль, ғылым, өнер, дін мәселелерін қамтиды. Көне Қытай, көне Үнді, көне грек философтарының, Еуразияның орта ғасырлық және жаңа заман ойшылдарының еңбектерінде бұлардың әрқайсысы әр қырынан жетілдіріледі. Солардың бірі қоғам дамуы жөніндегі ғылымның негізін қалаушы француз ғалымы Огюст Конт (1798-1857) метафизикалық сатыдан позитивтік кезеңге дейінгі саналық өзгерістерді қоғам дамуының 1300 жылдық ырғақтылығымен түсіндіреді. Конт дамудың теологиялық сатысында фетишистік діни сананың біртіндеп политеизммен, яғни көп құдайшылықпен алмасатынын, одан әрі бірқұдайлыққа (монотеизмге) өту қалыптасатынын айтады. Сөйтіп, адам барлық құбылыстарды дін негізінде жатқан жаратушы бір күш жүргізетініне көзі жетеді. Жер бетіне жіберілген пайғамбарлар, сондай-ақ, Ақырғы Пайғамбарымыз Мұхамммед (с.ғ.с) жалғыз Жаратқан тәңірімізге сыйынуды үйретеді. Фетхуллаһ Гүлен болса, сол Ғаламның Рахым Нұры Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ақиқат ілімін қалың бұқараға таратушы, түйткілді түйіндерді шешуші, көлеңкелі күмәндардан ақиқат шуағымен арылтушы, бүкіл әлем арпалысқан сұрақтардың қарапайым жауабын ұсынушы.

Таптық көзқарастар туралы ілімнің негізін қалаушы К.Маркс «Фейербах туралы тезистерінде»: «Философтар дүниені әр түрлі деңгейде түсіндіріп қана қойды, ал істің мәні оны өзгертуде жатыр», – дейді. «Ақиқатында дүниені өзгерту оны түсіндіру негізінде ғана жүзеге асуы тиіс. Алайда, мұндай өзгертулер қара бастың қамы үшін жасалмауы керек. Адамдардың өмір жағдайын жақсарту, мұқтаждықтар мен құндылықтарға орай қалыптасу көрініс тапса, міне, сонда ғана ол қажеттілікті өтейді», – дейді ол. Фетхуллаһ Гүлен болса материалдық игіліктер рухани игіліктердің салдары болуға тиістігін айтады. Ойшыл бұл туралы ой орамдарын «тура жолда жүрмесең, байлық та сен үшін сор болмақ» деген пікірмен түйіндейді. «Шалқыған байлыққа кенелген жан Хақ Тағаламен бірге болса туралықтан адаспайды. Ондай жан әулиелерден бір саты жоғары, пайғамбардан бір саты төмен тұрады. Алламен байланысы болмаса, кедей сорлының бұл дүниесімен қоса ақыреті де оңбайды. Сондай ақ, Алла Тағаланы ұмытқан бай да сырт көзге дүниеде бақытты көрінгенімен, ақыр соңында орны толмас қасіретке душар болады» делінген кітапта[1].      

Француз ойшылы Эмиль Дюркгейм (1858-1917) қоғамның моральдық және саяси сауығуына үлкен маңыз берген ғалым. «Егер қоғам тұтастай ауру (ұрлық-қарлық, қылмыстық, парақорлық, өзін өзі өлтірушілік т.б. – М.Т.) болса, оны әмбебап емдеу қажет» дейді ол. Алайда ол діннің бұл арада шешуші рөл атқаратынын айта алмаған. Өйткені Эмиль Дюркгейм дінді қоғамның іргетасы ретінде емес қоғамның тек қажеттілігі ретінде ғана қарастырады. Оның үстіне халал мен харамның аражігін ажыратпайтын христиан дінінің қоғамды сауықтыруға шамасы жетпейтіні тағы бар. Ал Фетхуллаһ Гүлен «Тарихта адамзат баласы құрған феодализм, капитализм, социализм мен коммунизм тәрізді т.б. жүйелер бірінен соң бірі құлап, артына орны толмас қайғы-қасірет пен өкініш қалдырды. Алайда Ислам құрылған күннен бері өз қалпын толық сақтап, күні бүгінге дейін бір мысқал да өзгерген жоқ» деген ақиқатты алға тартады.

Фетхуллаһ  Гүлен  диалогты қалайды. Ол – бүгінгі заманғы ақылдың үні. Лаңкестік тұңғиығы емес, диалогты қалаған кімде кім оның үнін ести алады. Фетхуллаһ Гүлен туралы айтылған пікірлер аз емес. Солардың ішінде Ресей Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виталий Шереметтің мына бір сөздері қатты ұнайды:

«Фетхуллаһ Гүлен ғажайып адамгершілік қуатқа толы, Ислам әлемінде айырықша беделге ие жан, ол өмірі мен шығармашылығы арқылы өзінің сенімі мен өмір жолын таңдауға ерікті адамдардың басқа діндегілерді естуге, тыңдауға ұмтылған диалогы қандай керемет нәтижелер беретіндігіне үлгі болып келеді. Әлемдік өркениеттің қазіргі кезеңі жаңаша ойлар мен жаңа сөздерді қажетсінеді. Жаратқан Иеміз біздің алаңдаулы әлемімізге Ф.Гүленді сол үшін берген».  

Жаратқан Иеміз Фетхуллаһ Гүленді адамзатқа шынында да тегін бермеген. Қарап отырсаңыз оның бүкіл өмірі адамзатқа қызмет етуге, ізгілік пен зұлымдықтың аражігін ажыратып беруге, білім мен ғылым арқылы Исламның жалауын биіктетуге арналған. Алла Тағала оған асқан зеректік дарытып, қаршадай кезінде, 14 жасында-ақ Құранды жатқа білдіріп, асқан білімімен уағыз айтатын етті. Бұл 1952 жыл болатын. Үйренуден, ізденуден  жалықпайтын жеткіншек Құранды ғана емес діни тақырыптағы 200-ден астам кітапты жатқа білетін Исламның асыл дариясындай еді. Оның уағыздарынан жұрт бал жұтқандай әсер алатын. Жаратқан Иемізге деген шексіз махаббат, терең білім, тыңдаушысын ұйытатын логика, тамсандырарлық талант оның беделін ай санап емес күн санап аспандатып жатты. 1966 жылы жиырма бес жастағы Фетхуллаһ Гүлен Измир қаласына ауыстырылды. Оның уағыздарына жұрт мұнда да көп жиналатын. 1981 жылы ол үлкен қалаларды аралап жүріп уағыз айтуға көшті. Бірте-бірте Фетхуллаһ Гүлен Түркияның жұрт ардақтаған елеулі тұлғаларының біріне айналды.

Ислам артта қалған, еуропалықтар шошитындай жабайы дін емес, ол адамзатты ізгіліктің биіктеріне бастайтын күллі адамзатқа ортақ асыл дін екендігін жалықпай айтады. Оның уағыздары негізінен білім-ғылымды насихаттауға, ағартушылыққа бағытталған. Дәстүрлі ислам ғылымдарын ғана емес, жаратылыстану ғылымдарын да игеруге де тынбай шақырады. Мұсылманшылық артта қалуды білдірмейді. Керісінше мұсылман баласы үнемі алға ұмтылуы керек. Оқыған, білімді, техниканың тұтқасын ұстаған, Айти (IT) технологияға жетік, бірнеше тілдерді меңгерген, өз дінінің артықшылықтарын өзгелерге дәлелдеп бере алатын иманды жастар, міне солар – біздің болашағымыз.       
Ұлт мәселесі мен дін мәселесі өзгелерге тәуелді болған жердің бәрінде ұлт патриоттары мен дін қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшыратылып отырған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев  сияқты алаш қайраткерлері бастаған зиялылар қауымы сталиндік репрессия құрбаны болғаны тарихтан мәлім. Ислам бейбітшілік діні болғанымен оның жаулары жетерлік.

Өткен ғасырдың аяғында Фетхуллаһ Гүленнің де басына қара бұлт үйірілді. Түрлі арандатушылық пікірлер айтылды. Тіпті 1998 жылы Түркиядағы қалыптасқан құрылысқа байланысты төңкеріс жасауға әрекет етті деген желеумен айып та тағылды. Либералдық көзқарастағы білімді мұсылмандардың жаңа буыны алдында үрейге ұшыраған билік басындағылар оған осындай жала жабуға тырысты. Денсаулығына сызат түскен Фетхуллаһ Гүлен сол жылы кешенді медициналық тексеруден өту үшін АҚШ-қа баруға мәжбүр болды да, қазіргі күнге дейін сонда қалып отыр.

Фетхуллаһ Гүлен бай адам емес, ол қарапайым өмір сүргенді ұнатады. Татарстандық ғалым Рафаэль Хакимов АҚШ-та онымен кездескенін былай суреттейді:
«Оның денсаулығы оңып тұрған жоқ, бірнеше операцияларды бастан өткерген. Қазір Американың у-шудан аулақ бір түкпірінде, Нью-Джерси штатының табиғат аясында орналасқан шағын деревняда күн кешіп жатыр. Мен онымен осында  үш-төрт рет кездесіп сұхбаттастым. Аузынан бірде бір рет «халифат» деген сөз шыққан емес. Сапырылысқан ақшасы да жоқ. «Бұл туралы айтылып жүргендер ойдан шығарылған ба?» деймін. Қарасаң, ол дәруішке ұқсайды. Арзанқол жай плащ киген. Шағын бір бөлмеде ғана тұрады. Сөйлесіп отырғанда басын сәл оңға бұрып отырады екен. Әр сөзін ақыл таразысына салып айтады, оған мән беріп баяу сөйлейді. Кейбір журналистер құйтырқы сұрақтар қойып жатады. Мәселен, шешен проблемасына қатысты күрделі сұрақ көлденең тартылды. Ол ойланып қалды да өте тапқыр жауап берді. Егер  халифатты құптайтын болса, ол шешендерді жақтап оларды халифат үшін күресіп жатыр дер еді. Алайда, ол содырлар жағында емес екен».

Табиғатында Фетхуллаһ Гүлен өркениеттер қақтығысына қарсы. Оған жол беруге болмайды деп есептейді. Батыс пен Шығыстың, Ислам мен Христиандықтың текетіресі жүздеген жылдар бойы адамзат баласына ажал мен қайғы-қасірет сеуіп келді. Сондықтан ол өркениеттер диалогының жақтасы. Ақиқатында нәсіліне, ұлтына, ұстанған дініне бола  жауласу өркениетке жат қылық. ХХІ ғасыр өзара төзімділікті, шыдамдылықты, өзара құрметті жоғары қоятыны рас.      

Фетхуллаһ Гүлен бүгінде түрік елінің ғана емес, дүниежүзілік ауқымдағы ең беделді жазушы әрі ойшылдардың бірі. АҚШ-тың антрополог профессоры Дейл Ф.Эйкельман: «Ф.Гүлен Ислам мен ғылым, демократия, модернизм, діни және идеологиялық төзімділік, білімнің маңызы мен басқа да өзекті тақырыптарды біліктілікпен қозғайды» дейді. Ал грек православ шіркеуінің патриархы Варфоламей болса: «Өзінің өзара түсіністік пен өзара төзімділік туралы сөйлеген сөздерімен Ф.Гүлен біздің бәрімізге үлгі, өзінің асқақ идеалдарымен ол күллі адамзатқа өнеге» деген.

Түркияның бұрынғы премьер министрі Бюллент Эджевиттің пікіріне қарағанда, Ф.Гүлен Құдайдың сопылық тұжырымдамасы мен адамға сүйіспеншілік қағидаттарына негізделген төзімділікті насихаттайтын Исламды жадымызға оралтады. Ол Исламның модернизммен, демократиямен және прогреспен үйлесетінін айқын көрсетіп берді.
Әсіре батысшыл кейбір топтар  Фетхуллаһ Гүленге түрлі айыптар тағуға құмар. Оның жолын қуушыларды «фетхуллаһшылар» не «гүленшілер» деп таңбалайды. Өзіне «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды» деп үстінен іс қозғағысы келеді. Бірақ өздері оның жасап жатқан жұмыстарынан зәре құты қалмай қорқады.  

2000 жылы 16 қазанда Түркияның мемлекеттік қауіпсіздік сотының республикалық прокуроры Нух Мете Йюкселдің қозғауымен «Фетхуллаһ Гүлен зайырлы мемлекетті діни нормаларға негізделген мемлекетке алмастыруды көздейтін заңсыз құрылымдар құруға бағытталған жұмыс жүргізеді»  деген айыптаумен қаралған сотта оны 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамау талап етілді. Алайда бұл айыптаулар негізсіз деп табылды. Түрік Республикасының Жоғарғы Соты 2006 жылы мамыр айында Фетхуллаһ Гүленге тағылған айыптың бәрін алып тастады. 2008 жылы әлемнің жетекші интеллектуалы ретінде танылды. Есімі әлемнің озық ойшылдарының қатарында аталатын болды.
Кемеңгер ұстаз Исламның парасаттылық пен адамгершілік қуатын әлем алдында жарқырата көрсеткісі келеді. Күш көрсету нәтижеге жеткізбейді.  Террорлық әрекетті қандай ниет, қандай мақсатпен жасалса да, ақтауға болмайды. Жазықсыз жандардың өмірін құрбан етуге ешкім қақылы емес. Фетхуллаһ Гүлен сондықтан да Ислам мен лаңкестіктің бір біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын дәлелдеп, оның рухани жасампаздық қабілетін көлденең тартады. Мұны Исламмен жете танысқысы келген кез келген оны зерттеу арқылы көз жеткізе алады. Исламның ішкі мүмкіндіктері шексіз. Торлаған бұлтты ысырып, Күнді жарқыратқандай білім мен ғылым Ислам нұрымен күллі әлемді шомылдыратын болады.

 


[1]    «Ғасыр тудырған күмәндар», Алматы, 2009 ж., І том, 63 бет.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.