ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ

Даңқты Османлы мемлекетінің кезіндегі резиденциясы Долмабахче сарай – бүгін мұражай. Шетелдіктер толассыз ағылып келіп, тамашалап жатыр. Тура соның алдында мылтыққа сүйеніп, бір қолын артына беріп қалшиып тұрған жауынгер қолдан қатырып қойған мүсіннен аумайды. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Мұндай құдірет тек түріктің қолынан ғана келеді», – дейді масаттанып. «Қасына барып суретке түсуге мына әскердің саны жібермейді, көрдіңдер ме?», – деді тағы. Оның адам екеніне сенер-сенбесін білмей ентелей кеп қараған жұрттың жүздерінде таңырқау басым. Қазақ теледидары «Шапағат» бағдарламасының өкілі Ұлбосын Айтөленге әскердің тірі адам екенін дәлелдеуге бірталай уақыт жібердік.

Көне түріктің рухы тура осы араны кезіп жүргендей сезіністің өзі еңсеңді көтере түсетін тәрізді.
Түркияда бауырмалдық мол. Таныс-біліс болмаса да, бір-бірінің асына дәмділік, деніне саулық, жолына сәттілік тілеп жатады.
Бізде де кезінде үлкеннен ілтипат, кішіден ізет көп сезілетін еді.

«Түркияға бес-алты рет жолым түсті. Соның бірінде де жатырқап, жабырқаған емеспін. Елімде жүргендей өзімді еркін сезінемін», – дегенді Мұхтар Мағауин ағамыз бірнеше жолы қайталап айтты.

Аттанар алдында әріптесіміз Әнес Жансевер көрген жерлер мен кездескен адамдардың есімдерін түгелдей қағазға түсіріп алуымызды өтінгенде, бір түрлі қитығып-ақ қалдық. Әуелі адам көкірегіне тоқып алуы керек емес пе? Орысша айтқанда мұндайдың өзі «буквоедствоның» бір түріне жатпай ма? Баяғы тоталитарлық заманда шет елге сапар шегіп қайтқан жазушы ағаларымыздың көлдей-көлдей жолжазбаларына көз үйреніп кеткендіктен, көрген жерлеріңді түк қалдырмай тәптіштеп жазып жатуды бір түрлі суқаның сүймейді.
Түркия сырт келбеті жағынан тұнған Еуропа, ал ұлттық салт-санаға беріктігі жөнінен азиялық реңктер жеткілікті. Ата жұрттан қоныс аударып, мұнда тұрақ тепкеніне мың жылдан асқан елдің содан бергі өмірі аласапыран күрестерге толы. М.Мағауин ағамыз мұндағы оқиғалардың сырына қанықтығын дәлме-дәл жылдарымен айырып айтқанына қатты таңырқаған түрік ағайындар оңаша шыққан кезде «Бұл кісі кім?» деп сұрастырып қояды.

«Ұлудағ» (Ұлытау) мейманханасы деп неге атағанын сұраған Камал Смайылов ағамыз тәрізді бәріміз де жауапты құлақ түре тосқан едік. Түркияның солай деп аталатын мекенінде туған азамат Ыстамбұлға мейманхана арқылы көшіріп әкеліпті. «Аладағ» (Алатау), Алтай деп аталатын мұндай орындар мен көшелер Түркияда қаншама. Түркияны шет ел ретінде қабылдау мүмкін еместігі, бәлкім, содан кейін де шығар.

Түрік дүниесін, тегінде бөліп-жармай тұтас күйінде қабылдайтын елдің тарихына деген берілгендігі мен адалдығына әр сәт сайын байқалатын ерекшеліктер арқылы көз жеткізе түсесің. Әйтпесе Түркияға дұшпандық ниет пен көре алмаушылық жетіп артылатын көрінеді.

Түркі халықтарының арасында құлдық бұғауды кимеген бірден-бір халық Түркия әлемдік қауым-дастықтағы ұлы мемлекеттік дәрежеге көтерілген жалғыз-жарым туысқан ел. Мұндай асқақтыққа ішкі түріктік рухты ата-бабалық салтқа адалдық арқылы жетудің қиян-кескі күресі мен көзжұмбай ерлігінің арқасы жатқаны айтпаса да түсінікті.
Міне, осы сәтті ойлаған кезде тұла бойың еріксіз шымырлап кетеді. Бізге де тап бүгінгі таңда осындай рух керек. Үлкендікті сыйлай білу де керек, үлкенге өзін сыйлата алу да керек. Ұлттық тұтастықтың керемет жұмбағының шешуі де осында жатқан сияқты. Журналистер мен Жазушылар Қауымдастығының Құрметті Президенті Фетхуллаһ Гүленмен кездесер алдындағы жауапкершілікті сезінбеу мүмкін емес еді. Адамдардың толқынысы мен әбіржігеніне қарап тұрып, өзіңнен-өзің қысылады екенсің. Ортағасырлық дүниеде ханды қарсы алудан асып түсетін дайындық пен жинақылыққа өзің қалай қосылып кеткеніңді білмей қаласың. Ислам ілімінің көзі тірі білгірі, философ әрі ойшыл адам ретінде көп естіп, енді онымен жүздесер кездегі толқыныс па, әлде ынтықтық па, әйтеуір түсініксіз күйді басымыздан өткерген жайымыз бар еді. Шынын айту керек, осында сахналық ойындарға ұқсайтын бірдеңе бардай көрінген. Фетхуллаһ Гүлен кіріп келгенде, әлгіндей күдік тез сейіліп, өмірдегі жаман әдеттердің біріне де жуымайтын тұнған текті тақуалықпен кездесетініңді тез арада ойлап үлгересің. Және соған іштей қуанады екенсің. Бәсе, тегін адам Түркия Президенті Сүлеймен Демирелмен тең дәрежеде отырып, әңгімелесе берер ме еді? Анау-мынау адам Рим Папасымен жолығып, жалпы адамзаттық ортақ мәселелерді қозғайтын үйлесімділікке жетудің шараларын белгілей алар ма еді? Фетхуллаһ Гүленмен тобымызбен жолығып, бір-екі сұрақтан қойып, жауабын еститін аралыққа дейін үйреншікті сөздер алдымыздан шығатындай, әлі де немқұрайлы отырғанбыз. Тап сол арада көп кездестіре бермейтін аса көшелі адамның алдында отырғанымызды сезіндік.

Бойында Шығыс даналығы мол, терең еуропалық білім алған адам сыпайы да ізетті. Жауаптарын талдап, тарата баяндай бастаған кезде жұмсақ та нұрлы қарашықтарын кісіден тайдырмай қадап тұратынын аңдайсың.

Бетбақтау біреу болмасаң, мейірім мен сенгіштікке толы жанарға қарсы бажырайып тұруға бір түрлі дәтің бармайды екен. Соның өзінде дәрежелік сестің бірін де сездірмей жауабын момақандау қайтарған кезде үйлесімділікке толық жете алған адам екенін аңдап, бұл кісіні ұстаз тұтудың реті мен жөні барлығына еріксіз көзің жете бастайды.
Түркия бір-біріне жалпы бауырмал халық. Ал, Фетхуллаһ Гүленмен жолыққаннан кейін Ыстам-бұлдың төрінен жанашыр адамыңды тапқандай көкірегіңе бір қимастық сезім қонақтайды. Былай шыққаннан кейін Камал Смайылов ағамыз «Алақанының жұмсақтығына дейін Димекеңе ұқсайды екен», – деді. Бәрімізге осындай жылы алақаны бар үлкендік керек боп тұрған сияқты.

Түркия өркениет қақпасынан кіргенін әр аттаған сайын көзің жетеді. Сауықтыру мен білім беретін орындар болсын, теледидар бәрі жаңа жабдықтармен жарақталған. Тұрмыстық қызмет, жалпы инфра-құрылым түгелдей адамның игілігіне бағышталып қойылған. Фетхуллаһ Гүленмен жолыққаннан кейін әуелгі байлық жер астындағы қазба қазыналар емес, ұлттық ішкі жан дүние құбылыстары санамызда қайта жаңғыра бастады. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегенді Абай жарықтық осыдан жүз жыл бұрын айтқан шығар. Қанша ұлы адам болса да аңғалдық бардай. Егер сондайлық ақылды болсаң, неге кедей тұрасың дегенді әлденеше жолы қайталаған әріптесіміздің ойында не тұрғанын да білмейміз. Әйтсе де, түрік іскерлерінің қазақ шенеуніктері туралы пікірлерін ашып-жарып айтпай, іштерінде бүгіп қалатындары қызық. Біздің қолымыз бірдеңеге жетсе, өзгеріп шыға келеміз. Айналаға маңғаздана қарап, нығыз бола түсеміз. Түрік іскерлері тіпті олай емес. Бір дүкеннің айлық айналымы бәлен миллион доллар, зауыт-фабрикалары жұмыс істеп тұрса да, қарапайым, елгезек. Измир аймағының әкімі Ерол Шакур төреден гөрі институттың қатардағы оқытушысына көбірек келеді. Мұның бәрін айтпай-ақ қояйын дейсің. Түркияда тұратын қазақ бауырлармен жолыққанда, біздегі әр түрлі құрылымдардың ұятсыздығын естіп, жерге кіріп кете жаздайсың. Барыс-келістің мың-сан кедергілері, шағын бизнесті қолға алудағы қиындықтар, үй-жай сатып алып қояйын десе, жердің құны Ыстамбұлдан артып кететіндігін әңгіме етісті.

Ержан Уәйіс Түркиядағы бетке ұстар қазақтармен етене араластығы барын байқатып өтті. Қазақтың үйін көріп кетіңіздер деп, Қылыш ақсақалдың шаңырағына ертіп апарды. Алты қабатты үйдің әр қатарында бала-шағасы тұрады екен. «Жеңгелерің екі-үш ай болып барады, Австриядағы балалардың үйіне қонақтап кеткен», – дейді. Құдды Алматы мен Астананың арасын айтып отырғандай тым жайбарақат. Үйде тамақ әзірленбейтінін, сырттан алдыртайын деп ықылас танытқанына рахметімізді жаудырып, отағасын жаймен бақылап отырмыз. Дилы адамдарда болатын сенімділік бойында мол. Бәрібір шаруақор. Осындай кейіптерді көрген сайын көңілің олқы тарта түседі. Жалпы Түркияда шаруақор ахуал басым. Фетхуллаһ Гүлен мырза: «Сіздер білімді халықсыздар, рухани құлдырауды тоқтатсаңыздар, зор табыстарға жетесіздер» деп көңіл қуантар сөз айтып еді. Мұндағы қазақтар бастапқы сағыныш аптабы басылып, отандастарын көргенде арқа-жарқа болатындарынан әлдеқашан сап тиылыпты. Оған кінәлі Қазақстандағы салқын қатынас көрінеді.
Иә, Түркияда бауырмалдыққа қоса кішіпейілділік те баршылық. Измирге бара жатқан барлық көліктерді Мәрмәра теңізінің қылтасы арқылы паром кеме жағаға өткізеді екен. Бір сағаттай уақыт кететін аралықта түнгі теңіз бетін қарап тұрғанбыз. Дүниедегі жұмбақ сырды түгел бойына жиып алып түнеріп жатқан теңіз бетінің суынан бір түрлі тітіркеніп кеттім. Ал, паром үсті жап-жарық, бір шолжаңдау жас жігіт темекісін бұрқырата тартып көк теңізге лақтырып жіберді.

Біздегі жағдайдан айныса не қылсын. Сол замат ана шолжаңдау бозбала өзін бақылап тұрған сырт назарды сезгендей, кенет жалт бұрылды. Үлкеннің алдында әбестікке барып қойғанынан қатты қысылып, қолын төсіне апарып, иіле кешірім сұрады.

Міне, мынау бізде бар еді, сәл ғана ұмытылып бара жатқаны жаман. Біртүрлі көзіңе жас үйіріліп кетеді.
Хидайет Дикташ деген әріптес жігіт Қазақстандағы жұмысын аяқтап, Түркияға аттанар алдында: «Сіздер мұндағы түрік жігіттерін Түркияның ең мықты азаматтары екен деп қалмаңыздар» деп өтініп еді.
Айналайын Түркия, сіздер де бізді Қазақстанның ең мықты азаматы деп ойлап қалып жүрмеңіздер!


1998 жыл,

«Заман-Қазақстан» газеті.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.