ОЙ ТЕҢІЗІНДЕ ЖҮЗГЕН

Еліміз тәуелсіздік алған күні, тегі бір, тілегі бір түрік халқы бізге достық құшағын айқара ашты. Содан бергі уақытта туысқан елдің ыстық ықыласы мен ақ ниетіне сай рухани, мәдени, әдеби тынысын да анық сезіне бастадық. Түрік әлеміндегі аса танымал тұлғалардың бірі, адамзат игілігі үшін ұзақ жылдар бойы қажымай, талмай еңбек етіп келе жатқан философ, ағартушы, діндар ғалым Фетхуллаһ Гүленнің есімін де алғашқылардың бірі болып естідік.

Әлемдік діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты өрбітуге, Ислам діні дәстүрлерінің бүгінгі замана өзгерістерімен сабақтасуына ден қойып жүрген ойшыл жанның сұхбаттарымен, ой-толғаныстарымен таныстық. Міне, сәті түсіп, Фетхуллаһ Гүленнің «Ғұмырлық өлшемдер» атты кітабы да қолымызға тиді.

Әдейі емес, әуелі орыс тіліндегі аудармасы, содан соң барып, қазақ тіліндегі, яғни өзімнің ана тілімдегі аудармасы ұшырасуына байланысты, бұл кітапты бір айдың ішінде екі рет оқып шықтым. Екі аударма да ұнады. Мұқият, көркем, нақты жасалған шығармашылық еңбек екендігі бір қарағаннан-ақ көрініп тұр. Дегенмен, оқырман көңілінде осы екі аударманың бәсекеге түсіп қалғандай болатын тұстары да кездеседі екен. Сондай бір сәттерде, шіркін-ай, бұл еңбекті түпнұсқасында, яғни түрік тілінде оқып көрер ме еді деген аңсар да оянады.

Бүгінде есімі Ислам әлеміне ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі  философ Фетхуллаһ Гүленнің «Ғұмырлық өлшемдер» атты кітабының алғашқы тарауындағы: «Нақты ғылымдар күпірлікке апарады, деп қорқып, оларды зерделемеу – балалық әрі балалықтан туатын шалалық. Оларды толығымен дінге, иманға қарсы әрі «сенімсіздікке жетелейтін себеп» деп санау – шарттылықтан аса алмау әрі қараңғылық», деген ойды оқыған сәттен бастап-ақ, бала күнімнен бері іздеп келе жатқан бір сара жолдың сүрлеуін көргендей ынтығып, қызыға түстім. Бейнелеп айтқанда, қайда баратынын, қай бағытқа қарай жол жүретінін білгенімен, қай жолды таңдарын білмей тұрған жолаушының санасына сәуле түсіп, жүрегіне нұр құйылғандай шұғылалы сәтті бастан кешірдім.

...Біз туып-өскен өлкедегі шөлейт далада қиыр-шиыры мол қасқа жолдар көп кездеседі. Бір ауылдан екінші ауылға жету үшін кез келген жолаушыға әлгі жолдардың бірін таңдау қажет. Бірін болғанда да, ең қолайлы, ең түзу, ең бір төте жолға түсу керек. Әрине, әлгі жолдардың бәрі де түптің түбінде әйтеуір, сіз баратын ауылға жетеді. Бірақ олардың біреуі айналып, біреуі иіріліп, ал енді біреуі кілт бұрылып, кейін шегініп, содан соң ілгері тартып, әбден шаршатып, шалдықтырып апарады. Оған сіздің төзіміңіз, ең бастысы өзіңізбен бірге ала шыққан суыңыз жете ме? Машинаңыздың жанар майы таусылып қалмай ма? Ойланыңыз. Өйткені, айнала тегіс аптап қақтаған шөл дала ғой.

Жас кезінен ғылым мен білім жолын қуып, өнер әлеміне ұмтылған менің құрбыларым үшін дін мен ғылымға бірдей ден қою, шындығына жүгінсек, ғылым дегеніміздің өзі – Алла Тағала жаратқан дүниені тану аясындағы тынымсыз еңбек екенін ұғу және сол бағыттағы тура жолды таңдау оңай болмағаны анық. Өйткені, біз өткен ғасырда кеңестік мектептерден білім алдық. Онда бізді мемлекет діннен бөлек, ал ғылым діннен мүлде алыс деп үйретті, атеистік тәрбие берді...

Бір қызығы, біздің атамыз бен әжеміз бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Өте діндар кісілер еді. Біз білімді мектептен, ал тәрбиені ата-әжемізден алатынбыз. Сондықтан да, осы екі тараптың қайшылығы мен бітіспес ымырасыздығы біздің жүрегімізді бейне бір тас қамал іспетті екіге бөліп жатқандай көрінетін. Өйткені, біз маң даладағы қиыр-шиыр жолдар секілді бұл екі бағыттың да, яғни, білім мен діни тәрбиенің де апаратын жағы  бір екенін біле бермейтінбіз.

Міне енді, ойлап қарасақ, білім жолын қуып, ұзақ ізденіп, дүние сырын ұғуға ұмтылған жанның түптің түбінде Алла Тағаланың құдіретіне көз жеткізбеуі мүмкін бе?!
Ал енді, жастайынан Жаратушы иеміздің жалғыз екеніне, пәк екеніне, ұлы екеніне шүбәсіз сеніп, құлшылық еткен жанның Алла Тағала жаратқан алып дүниенің сырын ұғу үшін ғылым-білім үйренуге ұмтылмауы мүмкін бе?!

...Бірде «Дүниетану» пәнінен сабақ беретін апайымыз бізге адамның шыққан тегі – маймыл деп түсіндіретін әйгілі Дарвиннің теориясын айтып тұрып: «Адамды адам еткен – еңбек. Осыны сендер үйдегі ата-әжелеріңе айта барыңдар. Құдай жоқ. Ол кісілер жоқ нәрсеге жалбарына бергенін қойсын», – деді.

Бала емеспін бе, мұғалімнің әлгі сөзін айна-қатесіз әжеме жеткізіп бардым. Әжем әуелгіде қатты шошып, тіксініп қалды. Содан соң, мені тап бір бүгін көріп отырғандай бетіме бажайлап, үңіле қарады да: «Ал сонда, адам қалай пайда болыпты?» деп сұрады. «Ол әуелі маймыл сияқты болған. Содан кейін, еңбек етіп, тіршілігін жасап, адамға айналған», – дедім мен мектептегі естігенімді шатып-бұтып қайталап. Әжем енді, өзінің туған немересімен емес, тапа тал түсте үйге кіріп келген шайтанмен сөйлесіп отырғандай түсі қашып, басын шайқай берді. «Ал сонда, ол маймылды кім жаратыпты?!» – деді бір кезде даусын көтеріп. Мен оны қайдан білейін дегендей, иығымды қозғадым. Сөйттім де: «Біздің апай сіздерге: «Құр бекерге құлшылық жасап, намаз оқи бергенін қойсын» деді деп, тағы да бір жөнсіз сөзді дүрс еткізіп қойып қалдым. Әжем селк ете түсті. «Әй, сендерге дауа болмас!» дегендей қайта-қайта басын шайқады. Содан соң, көзін жұмып, терең бір күрсініп алды да: «Балам, сен ертең мектепке барғанда, сол апайыңнан сұрашы, өзінің анасы намаз оқымай ма екен?» – деді.

Мен ертеңіне сабақтың соңына таман қолымды көтеріп: «Апай, менің әжем: «Сіздің Анаңыз намаз оқымай ма?» деп сұрап жатыр», – дедім. Алдындағы кітаптарды жинап, сөмкесіне енді салып жатқан апай бетіме жалт қарады. Сөйтті де, көзін қайтадан төмен салып, ештеңе айта алмай, кібіртіктеп, екі беті оттай боп қызарып кетті...
Кейін білдік, мұғаліміміздің өзінің де анасы намаз оқып, Құдайға құлшылық жасайды екен.

«Ислам ойшылы әрі ағартушысы Фетхуллаһ Гүленнің арманы – білімі мен мәдениеті шынайы имандылықпен, ақыл-оймен және өмірлік нақты ұстаныммен ұштаса алатын жас ұрпақты тәрбиелеу. Ол өз өмірінің соңғы қырық жылын осыған арнап, оның бүкіл әлемде жүзеге асуына атсалысып келеді» деген сөзді алғаш естігенде, мен өз жүрегімдегі әлгі тас қамалдың күл-талқаны шығып, қирап жатқанын сезіндім. Өйткені, Ф.Гүленнің арманы аққу құс секілді қазақ даласына да ұшып жетіп, жас ұрпақты қуанышқа бөлеп, Қазақстанда ашылған түрік лицейлерінде имандылық пен ізгілік, тәлім мен білім нәріне сусындатып жатқанынан бәріміз де хабардар едік.

* * *

«Өркениет – байлық, жалған сыпайылық, тән құмарын қанағаттандыру және нәпсінің азғындыққа салынуы емес. Ол – көңіл байлығы, рух нәзіктігі, терең парасаттылық пен өзгелерге деген құрметтен тұрады», – деп жазады Ф.Гүлен.

Біздің көпшілігіміз батыстағы өркениетті елдерге қызыға қараймыз. Өйткені, өркениет, біз үшін бақыт деген ұғыммен бара-бар секілді көрінеді. Бірақ, неге Батысқа қараймыз? Бәлкім, Шығыста туып, шығыста жер басып жүргендіктен болар. Алыстағының бәрінің әманда  көк мұнарға оранып, аңызға айналып, түрленіп, құбылып көрінетін әдеті емес пе.
Бір қызығы, өркениетті елдер туралы ойлағанда, көз алдымызға ең әуелі  – сәулетті қала, сәнді көшелер мен биік үйлер, әр түрлі машиналар мен кеңседегі техникалар т.б. елестейді. Ал ондағы адамдар туралы ой, неге екені, ең соңынан оралады ... Неге? Біздің өркениет жөніндегі әуелгі шалағай ойымыздың бірте-бірте ірге бекітіп, биіктеп, уақыт өткен сайын нығайып, алынбайтын тас қамалға айнала бастағанының белгісі ме бұл?!
Тағы да Ф.Гүленнің ақ қағаздың бетіне қондырған анық та ашық ойларына үңілеміз.  

«Иман – ардың ісі» деу – «Алланы, Пайғамбарды (с.ғ.с.), Құранды тек тілмен емес, ар-ожданыммен сезініп, мойындаймын» деген сөз. Мұндай түсініктен туындаған құлшылықтың барлық түрі сенімнің табиғи көрінісі болып табылады», – деп жазады ол.

Рас, біз дінсіз қоғамда өсіп, ер жеттік. Бірақ Алла Тағала өзінің шексіз мейірімі мен шапағатынан бізді де тыс қалдырған жоқ. Өйткені, бір аяулы ағамыз – академик Зейнолла Қабдолов: «Әдебиет – ардың ісі» деді. Біз оған имандай сеніп, бар ынта-шынтымызбен кітап оқыдық. Кейін өз ойымызды да көркем сөзбен кестелеуге талпындық. Бәлкім, дінсіз қоғамда имани жолдан тайып, сайтанға ілесіп кетпеуіміздің бірден бір себебі – сол болар.

Әрине, Қасиетті Құранды жастайымыздан оқып, жаттап өспегеніміз өкінішті-ақ. Ол біздің пешенемізге жазылмаған екен. Бірақ, «Иман – ардың ісі» деген ақиқатқа жүдә жақын асыл сөз – «Әдебиет – ардың ісі» екенін біліп өскеніміздің өзі қандай ғанибет болған.

«Мәдениет – халықтардың бір-бірімен қатынасының нәтижесінде өркениет секілді бір қоғамнан екіншісіне де өте алады. Алайда ол бір-біріне өту кезінде ұлттық рух «сүзгіштері» дұрыс жұмыс істемесе, бөгде және тиімсіз элементтер дұрыс тазаланып таңдалмаса, мәдениет пен өркениет тығырыққа тіреледі», – дейді Фетхуллаһ Гүлен.
Осыдан соң, біздің ойымызға өз ұлтымыздың тарихы мен өткен кезеңдердегі тіршілігі оралады. Біз әуелі орыс патшасына, содан соң оны құлатқан кеңестік жүйеге ұзақ жыл бодан болған елміз. Ол бодандығымыздың ұзын-ырғасы – 300 жылдан асып жығылады. Бұл әрине, өте көп уақыт. Үш ғасыр бойы жат елдің езгісін көріп, өз бетінше еркін даму жолына түсе алмай келген ұлттың рухы қалай жасып, қалай таситынын, қалай мұқалып, қалай қайралатынын бір білсе, осы біздің ұлт білетін болар.
Отарлаушы ел бізге өз тілін, өз мәдениетін әкелді. Әр түрлі айла-тәсілдер қолдану арқылы кең дала, байтақ отанымызға өз шатырларын тікті.  Жер атауларын өзгертті. Тіпті, біздің ата-тегімізді де өзгерткісі келді...

Ұзақ жылдар бойы біздің ұлтымыздың рухани қайнар-бұлақтарын бітеп, «сүзгілерді» тас-талқан етіп қиратты. Бодандық дегеніңіз, ол – күнделікті майдан, күнделікті қорғаныс, күнделікті жеңіліс... Бүгінгі Ресейдің иелігіндегі Сібірде өзінің ана тілін, ата дәстүрін, арғы тегі мен тарихын ұмытқан аз ұлттар қаншама...

Ең қауіпті де, қасіретті майдан – рухани әлемімізде болып өткен секілді. Біз қандай қайсар, қандай қаһарман ұлт болсақ та, бұл майдандағы шығынымыз көп болды. Ана тілінен, ата дәстүрінен, тегі мен тарихынан ажыраған бейшара жандар қазір біздің елімізде өте көп... «Нағыз мәдениет шынайы діннің, өнегелілік пен ойға сіңірілген ғылымдардың қазанында әбден қайнап қалыптасады. Дінсіздік, құлықсыздық, надандық үстем болған жерде шынайы мәдениет жайлы сөз қозғау да, ондай жерде өскен адамның бұл қайнардан нәр алуы да мүмкін емес», – дейді ой тізгінін еркін ұстап, руханият әлемінде желе жортып келе жатқан ағартушы, философ Фетхуллаһ Гүлен.

Япыр-ай, кеңестік жүйеден кейінгі «өтпелі кезең» деп аталатын жылдарда өсіп-жетілген ұрпақтың алдында біз енді қалай ақталар екенбіз. Бұл жылдар – әдебиетімізді, өнеріміз бен мәдениетімізді, біліміміз бен ғылымымызды тоқыратып, төрдегі басын есікке сүйреп, абырой-беделден жұрдай етті емес пе.

Өтпелі кезең – өтеді, кетеді. Аман-есен арғы жағалауға шығып алған соң, алдымыздағы жарқын болашақты, ақылды, саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақты көретін болармыз деген ой келуші ... Бірақ, кешегі кеңестік жүйеден қалған иен-тегін дүниені ебін тауып, иемденіп алған байшыкештер бүгінде осы бір «өтпелі кезеңнен», яғни замана өткелінен ары қарай өткісі де келмейтіндей көрінеді. Өйткені, әуелі экономикамыз бен әлеуметтік жағдайымызды түзеп алайық, қалғанына кейін көңіл аударармыз деген пікір белең алған күннен бастап, ашқарақ қоғамның бойын ауру секілді меңдеді. Мұның өзі, қай атамыздың, қай күні, қандай көңіл ауанына қарай беріліп айтқаны белгісіз: «Ораза-намаз – тоқтықта!» деген сөзімен үндес, сарындас болып шықты. Соны пайдаланған баукеспе, ұры, арсыз, надан, көркеуде жандар: «Ал, ендеше!..» – деді де, есіріп кетті. Міне енді, олардың жуық арада тойдым, болдым дейтін түрі көрінбейді... Олардың осы бір жылдары жинаған дүниесі кең байтақ қазақ жеріне сыймай, шет елге асып жатыр. Дәл бүгін біздің қоғамымызда Құдайсыздық, Имансыздық және Көргенсіздік үшеуі той-тойлап, тойып ішіп, сауық құрып, сақ-сақ күліп отырған секілді.
Ендеше...
Ендеше, осындай мешел ортада өскен ұрпақтың мәдениет қайнарынан нәр алуға мүмкіндігі бар деп ойлай аламыз ба?..
Ендеше, олардың келешегіне үмітпен емес, күдікпен қарайтын шақ туғанын сезіне алмауымыз мүмкін бе?..

* * *

Ф.Гүлен:
«Өнер дамудың рухы және адамның қасиеттерін шыңдайды. Оның аса қуатты мүмкіндігін уысынан шығарып алған бейбақ дарындар денесінің жартысы жансызданып қалған сал адамдай өмір сүреді».«Өтпелі кезеңде» күнделікті күйбің тіршіліктің арбасына жегіліп кеткен байғұс таланттардың тағдыры қандай аянышты еді ...
Ол үшін біріміз – заманды, біріміз – билікті, тағы біреуіміз – тағдырдың тап өзін кінәлайтын болармыз. Жарайды. Заман да, Билік те, Тағдыр да өз кінәсін мойнына алады делік, бірақ оларға әу бастағы Алла Тағаланың өзі берген талантты ешкім де қайтарып бере алмайды ғой. Сал адамдай күн кешетіні де содан болар...
«Алтыннан темірдің, күмістен жездің бәсін арттыратын – өнер. Иә, ең құнсыз заттардың өзі өнер арқылы алтыннан, күміс пен алмастан да құнды затқа айналады», – деп жазады ойшыл қаламгер Фетхуллаһ Гүлен.

Өкінішке қарай, дүние, байлық асыл өнерден қымбат болып көрінген шақта табысы мол салаға қарай жалт бұрылып, базарда – алушыдан, кеденде – саудагерден, жолда – жүргізушіден «сауға» сұрап, пайда тауып, байлыққа кенелген біраз өнерпаз замандастарымызды білеміз. Бірақ, қазір олардың алтын деп көрсеткені – темірден, күміс деп ұсынғаны – жезден төмен, құнсыз дүние сияқты болып көріне береді. Бәлкім, сиқырлы өнердің ақ құсы олардың кеудесінен пыр етіп ұшып шығып кеткен болар ...
«Әдебиет – ұлттың болмысы мен ой-пікірінің, рухани ілімінің көркем айнасы», деп жазады Ф.Гүлен.

Ойды ой қозғайды. Орыс империясына 300 жылдан астам уақыт бойы бодан болған қазақ елінің ұлттық рухын, көркем ойы мен шынайы сезімін сақтап қалған ең әуелі – қазақ әдебиеті. Оны түсіне алмаған, оны түйсіне алмаған билік – билік емес, биік тұғырға уақытша қонған саяси топ қана. Өйткені, қазақтың әдебиеті мен өнері болмаса, олар басқарып отырған бүгінгі қазақ деген ел де болмас еді.

«Алтын мен күмістің қасиетін білікті зергерлер дөп басып таниды. Дәл сол секілді сөз маржандарының қадірін де тек сөз зергерлері біледі. Мәселен, мақұлық пен жан дүниесі тұрпайыланып кеткен адамдар гүлді гүл екен демейді, мақұлық оны бір-ақ жалмайды, ал дөрекі жандар таптап өте шығады, ал жаны гүлдей нәзік адамдар оның жұпар иісін иіскеп, қастерлеп кеудесіне қондырады», – деп жазады Гүлен.

Расында да, «Зер қадірін зергер біледі» демеп пе еді біздің дана бабаларымыз.
Гүл – сұлулық. Жан дүниесі нәзік, жүрегі мейірімге толы адамдар оны ерекше жақсы көреді. Өйткені, гүл – көңілге қуаныш ұялатады. Шындығында, ақ ниет, пәк көңіл, шынайы сезім, шын ықылас – жан сұлулығы. Ал ондай мөлдір сұлулыққа Алла Тағаланың нұры жауады.

Демек, «Әлемді құтқаратын – сұлулық» деген Ф.М.Достоевскийдің сөзі де мәңгілік ақиқат қайнарының бір тамшысы емес пе.
«Әдебиет болмағанда даналық өзінің отырған салтанатты тағына ие бола алмас еді, философия бүгінгі күнге жетпес еді, шешендік өнер біздің қажеттілігімізге жауап бере алмас еді. Алайда даналық, философия мен шешендік сөздер өз салаларындағы «құнсыз байлықтарын» түгесілмес қазына етіп, әдебиеттің жолына жайып салып, оған мәңгілік ғұмыр сыйлаған» деген Ф.Гүленнің ойы аса қадірлі де қымбат өнердің сыр-сымбатын он бесінде толған айдай жарқыратып көрсетеді.

Әдебиет Құдіретті Жаратушының құзырындағы уақыт пен кеңістікте еркін қозғала алатын таңғажайып өнер екендігін біз шынайы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқығанда алғаш рет анық сезіндік. Өйткені, Абай заманында өмір сүріп, Абай болып толғанып, Абай болып ел қамын ойлағандай күй кештік. Бұдан асқан құдірет, бұдан асқан сиқыр бола ма?! Ол эпопеяда әрине, философияның да, дәстүрлі шешендік сөздердің де баға жетпес қазыналары кездеседі.

«Кез келген өнер саласы мен туындысы егер қайнары таза әрі таңғы шықтай мөлдір болса, әр өлкенің өзіне тән және қайталанбайтын гүлдері мен жемістерін, олардың жұпар иістері мен тіл үйірер дәмдерін айрықша түспен, өзгеше теңеумен, сиқырлы сөзбен жеткізетіндіктен ананың алақанындай аялы әрі ғажайып», – дейді Ф. Гүлен.
Ойы таза қаламгердің тілі де таза, шұрайлы болып келеді емес пе. Шын мәнінде, ой тазалығы дегеніміз – жан тазалығы ғой. Мәңгілік құндылықтарға негізделген шынайы шығармалардың да ғұмыры ұзақ болады. Өйткені, оқырман қауымның, яғни қалың елдің рухы қандай қайнардан нәр алатыны ежелден-ақ белгілі. Ендеше, бүгінгі билік, идеология, насихат арқылы ұсынылып, жарнамаланып жатқан арзан, бір күндік дүниелердің бәрі де тарих жолында қалған күл-қоқыс секілді шашылып қалады.

Сондықтан да, қаламгер Алла Тағаладан ең әуелі мөлдір бұлақтай таза ой, көкорай шалғындай көркем тіл беруді тілеуі қажет сияқты.
«Мақсатты білдіру жолында қолданылған сөз – мейлі, ол өлең, не проза түрінде болсын, ой-пікірдің алмас тасын қаптайтын қапшық ретінде ғана алып шығып, оның көлеңкесінде қалмауы керек. Бұл «қапшық» асыл тастан жасалса да, ойдың мазмұны, түпкі мақсат оның тасасынан көрінбей қалатындықтан, өнердің қасиеті жоғалады. Мұндай сөздің ғұмыршаң болуы да мүмкін емес», – деп жазады Ф.Гүлен.

Расында да, шығармашылық тәжірибесі молайған шақта сөздің ырғағы мен ұйқасын қызықтап, оқырманды мезі ете бастайтын қаламгерлер бар. Олар әуелгі айтпақ болған ойынан адасып қалады, иә болмаса, оның пісіп-жетілуін күтпей, жазуға отырады. Міне, сондай сәттерде олар қандай ас пісіретінін әлі ойластырмай жатып, ошаққа от жаға бастайтын олақ аспазға ұқсайды.

«Ғажайып өнер туындысы оның белгілі бір жігін толтыру үшін пайдаланылатын бөлшектердің соншалықты үйлесім табуы оларды құрайтын элементтердің қаншалықты дұрыс қолданылуына тікелей байланысты. Негізі осал қаланған жерде шынайылық, ал шынайылық болмаған жерде үнемі тірі, жанды боп қалатын «маздаған шоқ» сияқты туындылардың және жалынды сөздердің тууы мүмкін емес», – дейді Ф.Гүлен.

Осы біз кейде отыз, қырық жасқа дейін жалынды, ойлы шығармалар жазған, содан соң ұсақтап, көр-жерді қазбалап, тұрмыс-тіршілікті күйттеп кеткен ақын-жазушыларға түсіністікпен қарауға тырысамыз. «Ол кезінде жазды ғой ...»,  «Жасы ұлғайған соң, жазушы да шаршайды», «Көңіл – көрік, ой – от болудан қалады» деп, мүмкіндігінше ақтап, қорғап қалғымыз келеді. Өйткені, «Алтын шыққан жерді белден қазуға» болады деп ойлаймыз. Бәлкім, шығармашылық тоқыраудың басты себебі басқада шығар...
Әу бастағы таза, шынайы сезімге тіршілік тозаңы қонған-ау, сірә. Ендеше, өзінің жан дүниесін тазарта алмаған жазушыдан жақсы шығарма күтуге бола ма?..

* * *

Ф.Гүлен: «Жан тәнге тіршілікпен қатар еніп, одан ажырағаннан кейін тәнді тастап шығады. Өмір өшіп, ғайып болады. Ал рух Алланың қалауымен мәңгі өмір сүреді».
Тән көмілді. Жан көкке ұшты. Ал мынау жарық дүниеден өтіп кеткен пендеден қандай белгі қалды?.. Жалпы, рух жерге не үшін келіп, кетті?
Ескіден келе жатқан: «Жақсының – аты, ғалымның – хаты қалады» деген сөз бар қазақта. Аты дегеніміз әрине, адамның тірі күніндегі жасаған жақсылығы арқылы жинаған абырой-беделі, ал хаты дегеніміз, Құдай берген дарынның арқасында жазып қалдырған көркем дүниелері, ғылыми шығармалары ғой.

Өткен ғасырдағы нәубеттің бәрін көрген; отыз екінші жылы бауырлары аштықтан өліп, отыз сегізінші жылы күйеуі сталиндік репрессияға ұшырап, атылып кеткен, кейін өзі халық жауының әйелі ретінде жазалау лагерінде болған бір кейуана, асыл әжеміз: «Адам баласы өзі сияқты жұмыр басты, екі аяқты пендеден көрген қиянат пен жамандықты ұмытады екен, ал жақсылық пен жақсы сөзді ешқашан ұмытпайды», – деуші еді.

Тылсым ғарыштан ұшып жетіп, дүние есігін ашқан пенденің кеудесіне ұялайтын рух жер бетінде жақсылық жасап, Алла Тағаланың нұрына бөленіп, содан соң, ғайыпқа жарқырап, таза күйінде қайтуға құштар болатын шығар-ау.

Қалай десек те, жер бетінде тек жақсылық қана қалады екен. Ал жамандық өлген тәнмен бірге топырақпен көміледі ...
«Адамзат ағаш десек, түрлі халық оның бұтақтары іспетті. Дүлей жел, дауыл секілді алапат оқиғалардың орын алуына қарай ағаштың бұтақтары бір-біріне соқтығысып, ию-қию болады. Әрине, зиянды ағаш тартады. «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең де өзіңе» деген сөз осыны білдірсе керек», – деп жазады Ф.Гүлен.
Көңіліңе қонып, көз алдыңа елестеп тұра қалатын қандай тамаша сурет еді десеңізші!..
Анығын айтсақ, Жердің өзі де шетсіз, шексіз ғаламдағы Адамзат ағашы өсіп тұрған дөңгелек аула емес пе. Ендеше, сол аулада тату-тәтті өмір сүре алмай, соқтығыса берсек, қайда бармақпыз?

«Ең жолы болғыш және бақытты адам – ар-ожданы арғы әлемге құштар және осы құштарлығынан мас болған адам. Тәннің шектеулі, тар және тұншықтыратын қапасында өмірін өткізгендер салтанатты сарайда тұрса да, бәрібір зынданда өмір сүрген болып есептеледі», – дейді ойшыл қаламгер Фетхуллаһ Гүлен.
Ойды ой қозғайтыны рас. Мөлдір бұлақтай тұп-тұнық, тап-таза ниеттен туған ойлар қиялыңа қанат бітіріп, биік әлемге қарай самғап ұша жөнелгің келеді. Өзіңмен өзің оңаша отырып, ғаламат бір жаңалық ашқандай боласың.

Түрік философы, ислам ойшылы, ұлағатты ағартушы Фетхуллаһ Гүленнің «Ғұмырлық өлшемдер» атты кітабын оқыған оқырман мынау дүниенің мәңгілік құндылықтары мен өмірдің мәні туралы автордың өзімен армансыз сырласқандай таңғажайып күй кешері хақ. Себебі, мұндағы мөлдір ойлар Жаратушы иеміздің құзырындағы біз үшін жұмбағы мол дүниенің тылсым сырларын аңдатқандай, айналаңдағы тіршілікке таңданып, ойланып қарай бастайсың. Япыр-ай, қандай ғажайып үндестік, қандай жарасымды табиғат деп, таңдай қаққандай боласың. Қасиетті Құран Кәрімнің «Әли-Имран» сүресіндегі: «Шексіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар», – деген аятты есіңе аласың.

Ақиқатында, мынау жарық дүниенің қадір-қасиетін түсініп, тату-тәтті тіршілік құрып, сыйласып-сырласып өтудің орнына, бір-бірімізге қиғаш келіп, қырғи-қабақ болып, дүние-боққа таласып, тайталасып, біріміз зор, біріміз қор болғансып, күпініп, күңіреніп бақиға аттанып жататын бақталастар екенбіз-дағы ... Кейде осындай көңілсіз ой да торлайды кеудені.
Бірақ, осынау жарық дүниеге қаншама пайғамбарлардың келіп, хақ жолында хикмет кешкенін, ал оларға қаншама сахабалардың еріп, адамзат игілігі үшін қызмет еткенін, ықылым заманалардан бері қаншама дарынды тұлғалардың туып, ғылым мен өнер, әдебиет пен имандылық жолында баға жетпес құнды дүниелер қалдырғанын; рухани, мәдени әлеміміздің бүгін де жарқын жаңалықтарға толы екенін және ертең де солай бола берерін ойлағанда, Жаратушы иеміздің шексіз құдіретіне бас иіп, тәубеге келесіз.

* * *

Сәті түсіп, жаз айында ақ теңіздің іргесіндегі Измир қаласына барып келдік. Ондағы тіршілік те өз әуенімен, өз әурелеңімен ілгері жылжып, күн артынан күн өтіп жатыр екен.
Измир тұрғындары Фетхуллаһ Гүленді ерекше ілтипатпен еске алады. Кезінде қоян-қолтық араласып, бірге қызмет істеген достарымен оның мәнді, мәнерлі уағызын тыңдап, дәріс алған шәкірттері көп екен бұл қалада. 1963 жылы Фетхуллаһ Гүлен Діни басқарма тарапынан Түркиядағы көлемі жөнінен үшінші үлкен қала – Измирдегі Кестане базары мешітіне уағыз айтушы болып тағайындалады. Жиырма бес жастағы от жүректі, терең ойлы жас ғалым тек мұнда ғана емес, басқа қалаларда да Ислам құндылықтары мен мәңгілік қағидалары хақында кеңінен әңгімелеп, дәріс оқиды.

Біз базар маңындағы мешітте болғанымызда Фетхуллаһ Гүленнің осында өткізген күндері жайында айтылған жылы естеліктер мен жақсы лебіздерді жиі естідік. Сол бір жылдары ол мешіттің жанындағы шағын ғана лашықта тұрыпты. Алғашында небары алты-ақ шәкірті болыпты. Кейін олардың қатары күннен күнге көбейе түседі. Измир жұртшылығы алыс-жақыннан ағылып келіп, жас ғалымның уағызын тыңдайды. Рухани тазалық, адалдық, адамгершілік, имандылық тақырыбында айтылған әуезді әңгімелері көпшіліктің көкейіне қонып, бас шұлғысып, бір-бірін бауыр тұтып, достасып қайтып жатады. Келесі жолы тағы да келуге асығады. Міне сөйтіп, Ф.Гүленнің есімін алыс-жақындағылардың бәрі есітіп, бірте-бірте бүкіл халық құрмет тұтатын сүйікті тұлғаға айналады.

«Ол өте қарапайым кісі, – дейді Ф.Гүленнің Измирдегі күндерін еске алған достары. – Бүгінде тек орны ғана қалған әлгі лашықта тұрған кезінде, электр қуатының, судың ақысын өз қалтасынан төлеуші еді. Діни басқарма бір күні оған зор еңбегі үшін сыйақы ұсынбақ болғанда, оны алмай, балалардың керегіне жұмсады. Ол, «әркім өзінің еңбегіне қарай тиесілі ақысын ғана алуы керек, елдің қазынасына қол сұғуға болмайды» дейтін».

Осы бір қарапайым ғана оқиға біздің есімізге қайдағы-жайдағы бір жәйттерді түсірді. Биік тұғырға қонып алған соң, ел қазынасын өз қазынасындай көріп қол салатын, «қол салғанда да, мол салатын» лауазымды кісілер көп емес пе ...
«Ашкөздік – адамның құлдық қамыты», – дейді Ф.Гүлен.

Ендеше, өз қадірін өзі кетіріп, қу құлқынның құлы болған ондай лауазымды кісіден қандай жақсылық күтуге болады ...
«Қандай да бір ұлттың өркендеуі мен құлдырауы жас буынның рухы мен санасына, алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Жастардың тәрбиесін дұрыс жолға қойған қоғам дамуға бейім болса, олардың тәрбиесіне мән бермеген ұлттардың құлдырауы заңдылық», – дейді тағы да Ф.Гүлен.
Ендеше, ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың ойлы, парасатты, білімді болып өсіп-жетілуіне жағдай жасау, бүгінгі, өз ортамыздағы арман-мақсаттардың болашақта орындалатынына сенім білдіру болып табылмай ма?      

Балалық шақтағы атамыз бен әжеміздің тәрбиесі бізді ислам құндылықтарына икемді етіп өсірді. Олардың үлгі-өнегесі мен ақыл-өсиеттерінің түп негізі қасиетті Құраннан, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың хадистерінен тамыр тартып жататынын біз кейін, есейе келе білдік. Көпті көрген көнекөз қариялар өздерінің өткен өмірінен сыр шерте отырып, бүкіл әлемдік күрделі мәселелердің түйінін де қарапайым ғана сөздермен ұғынықты етіп жеткізуші еді. Мысалы, олар кешегі күндерді есіне алып, сырлы да сазды қоңыр мақаммен: «Сонау бір кезде билік құрған қасқа бас патша бір күні бүкіл елге: «Бұдан былай тек қана жүгері егіңдер!» деп жарлық шығарды. Сөйтіп, бұрын бидай, тары, арпа, сұлы сияқты дақылдар егіп келген жердің барлығына жүгері ектік. Екі-үш жыл бойы жегеніміз тек қана жүгері болды. Нанды да жүгерінің ұнынан жаптық», деп бастаушы еді бір әңгімесін. Сонда біздің көз алдымызға дәмді боп піскен аппақ жүгерінің собығы елестей қалып: «Ой, қандай рақа-ат!» деуші едік қызығып. Сол кезде үлкен кісілер басын шайқап: «Әй, балам-ай, күн сайын жүгері пісіріп бере берсек, білер едің-ау ненің «жақсы» екенін!» – деп күлуші еді.

Расында да, күн сайын жүгері жей беру мүмкін емес қой. Сол секілді, тек қана жүгері өсетін маң даланы да көз алдыңызға елестете алмайсыз. Әр жеміс, әр дақылдың өз орны, өзіндік мөлшері бар. Ендеше, әлгі патшаның жарлығы нағыз ақымақ жарлық болған екен-ау.

Кейде осы, Алла Тағаланың өзі жаратқан таңғажайып дүниені бір-ақ түске бояп, бір ғана тілде сөйлетіп, бір ғана ұлтқа айналдырып жібергісі келетін пенделерге қайран қаласың. Мынау жарық дүние алуан түрлі табиғатымен, алуан түрлі салт-дәстүрімен, сондай-ақ бір-бірімен тату-тәтті қарым-қатынас жасайтын ұлттарымен қадірлі де қызықты емес пе.
Ендеше, әлемдегі діндердің, мемлекеттердің және ұлттардың арасындағы достық ниетке негізделген диалогтың ауадай қажет екені де анық қой.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.