ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА АШЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ

Фетхуллаһ Гүлен – түрік халқының ғана емес, түркі тілдес халықтардың көрнекті ақыл-парасат иесі, жазушы әрі ақын, сонымен қатар соңғы кезде озық ойымен, бейбітшілік сүйгіш көзқарасымен бүкіл әлемге танылған ислам ғалымы, көрнекті ойшыл. Сабыр мен тәубаға шақырушы, білім арқылы әлемді тануға үндеуші қоғам қайраткері.

Фетхуллаһ Гүленнің қаламгерлігін былай қойғанда, оның Ислам дінін осы заман ерекшеліктерін ескере отырып уағыздаудағы, оқу-ағарту саласындағы орасан ең­бегі, өркениеттер арасындағы диалогты дамыту жұмыстары қо­ғам­дағы бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатын­ көздейді. Оның Ва­ти­канда Папа Иоанн Павел ІІ-мен кездесуі, әлемдегі көрнекті мемлекет қайраткерлерімен жүздесуі өз жемісін берді. 2008 жылы әлемдегі аса беделді басылымдар болып есептелетін «Prospect» және «Foreign Affairs» журналдары

Ф.Гүленді «Әлемнің ең ықпалды интеллектуалы» деп жариялады.Ф.Гүлен де әл-Фараби секілді білім мен тәр­биені бірінен бірін ажыратпай қарастырды. Оның: «Ғасыры­мызда адамзатқа төніп тұрған қауіп бұрынғыдай на­дан­дықтан емес, қайта білімді­ден келіп отыр. Сондықтан білімдінің білімін біржақтылық­тан құт­қару үшін оған міндетті түрде руханиятты қосу керек, рухани құндылықтардағы има­ни, аһлақи тәлім-тәрбиемен ұш­­тастыру керек. Яғни, білім­ділер сол біліммен бірге руха­ният саласында да тоғы­шар­лық­тан аулақ жүруі тиіс. Сонда елдің елдігі, ұлттың ұлылығы сақталады», – деген ұлағатты сөзі бар. Ғалымның өзі де барлық саналы ғұмырын қоғамдық келісімді өрістетуге, діни, этникалық, идеологиялық төзімділікті дамытуға, адамгершілік, рухани құндылықтарды жаңғыртуға, ақылы кемел ұрпақ тәрбиелеуге арнаған.

Ф.Гүленнің «Ғасыр тудырған күмәндар» деген екі томдық кітабының және «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» деп аталатын кітаптары Исламның тарихын ғана баяндап қоймайды, оған деген қарама-қайшы көзқарастардың сырын ашады. Автор тарихи үрдістерге байланысты әртүрлі діни ағымдардың, ғалымдардың пікірлерін саралап, логикалық-философиялық тұрғыдан бағалайды. Рухани жағынан тазарған, кемеліне келген адам ғана Алланы таниды деген пікірін көңілге қонымды ойлармен дәлелдейді. Мәулана Жәлаладдин Румидің сопылық философиясы – Аллаға бір табан болса да жақындау арқылы адамшылық қасиетті дәріптеу болғаны белгілі. Румидің ізбасары деп айтуға болатын Ф.Гүлен болса: «Көп ұзамай Құран дәуірі басталатындығына күмән келтірудің реті жоқ. Өйткені, ол өткенді, бүгінді және келешекті бір мезгілде көре алатын және білетін Әміршінің және Жаратушының сөзі», – дейді.

Ел бастайтын көсем қандай қасиетке ие болуы керек? Көптің тілін кім табады?  Бұл сауал кезінде Платонды да, әл-Фарабиді де, Кун-Фу-Цзыны да толғандырған. Ойшыл Ф.Гүлен де осы сауалға жауап іздейді. Оған жауапты Құраннан табады. Алайда, діні мен ділі басқа екен деп, өзгені жек көруге, тілі мен дәстүрі басқа екен деп, өзгеге кектенуге бола ма? Өмірдің маңызды мағынасының бірі – көршіңмен тату тұру, ағайынмен ара қатынасты үзбеу, алыстағы танымайтын адамға да жақсылық жасау емес пе?! Ендеше, түрік философы айтып отырған тіл табысу дегеніміздің өзі – диалог, екі немесе бірнеше адамның сұхбат құруы. Оның өзінің сөзімен айтар болсақ, қиыспаған әңгімеден де маңызды қорытынды жасауға болады.

Түркияда болған кезімізде Фетхуллаһ Гүлен идеясының өміршеңдігіне өзіміз де куә болдық. Ыстамбұлдағы «Ешкім жоқ па?» қайырымдылық қорының жасап жатқан жұмысы жан-дүниеңді бау-райды. Бұл ұйым панасыз қалған, жоқшылыққа ұшыраған азаматтарға әлем елдерінің түкпір-түкпірінде көмек қолын созады. Бір сөзбен айтқанда, түрік елінің қамқорлық акциясы барлық құрлықтарға қызмет етеді. Қордың атауының қойылу мәнісі бар. Жер сілкінісі болғанда, топырақ астында қалған бишаралардың жер астынан «Кім бар?», «Ешкім жоқ па?» деген дауыстары естіледі екен. Ел болған соң қайырым жасаушылар да табылады. Адам баласының өмір сүрудегі негізгі мақсатының бірі қиналғанға қол ұшын беру болса керек.

Фетхуллаһ Гүлен түріктің көрнекті жазушысы ғана емес, белгілі қоғам қайраткері ретінде нар көтеретін ауыр жүкті алып жүр. Ол өзін Алланың құлымын, Мұхаммед Пайғамбардың үмбетімін деп есептеп қана қоймайды, мына бес күндік жалғандағы қонақ іспеттес адамдардың іс-әрекетіне баға береді, олардың жүрегіне иман нұрын құю арқылы ғана мақсатқа жетуге болатынын түсіндіреді. Оның: «Шыңдарға бастайтын жол етектен басталады... әлбетте, сол жолмен сабырлылар ғана жүріп өте алады», – деген қанатты сөзі бар. «Сабыр түбі – сары алтын» деген қазақтың қанатты сөзімен тамырлас осы пікір оның ойларының алтын өзегі десек те болады.

Түрік көркемсөз шеберінің қазақ тілінде сөйлеуі – қазақ оқырмандарының олжасы. Өйткені, күні бүгінге дейін біздер Назым Хикмет пен Әзиз Несиннің шығармаларын ғана оқып келген болатынбыз. Нобель сыйлығына ие болған Орхан Памуктың романдарын орыс тілінде оқыдық. Алайда, Орхан шығармаларында Батыс пен Шығыс, Ислам мен Христиан әлемі арасындағы қарама-қайшылық тілге тиек болса, Ф.Гүлен шығармашылығына тек қана адамгершілік туралы ойлар арқау болған. Ф.Гүлен Батыс пен Шығысты ажырату емес, оларды жақындату жолдарын іздейді.

Ойшылдың «Баян» атты ойтолғауында: «Жараты-лыстың әу бастағы жоспары Рақымы Шексіздің ғылымы мен іліміне, ал сәулеті мен көркем безендіру өнері – оның баянына тиесілі», – деген сөзі бар. Бұл – ғалам жаратылысының сырын ашатын, мәнін ұғындыратын асыл сөз. Иә, әу бастағы жоспар шексіз иләһи ғылымға байланысты болса, көркем өнер баянға тиесілі.

Баян – өмірге деген көзқарас, таным, түйсік, тағылым десек те болады. Баян – қасиетті сөз туралы, оның құдіреті туралы, оның адамзатқа әсері туралы баяндау. Баян – Алланы мойындау, пайғамбарды тану, мұсылманды құрметтеу, шындықтан екі елі ажырамау, өмірдің мақсат-мұраттарын түсіну.

Міне, сол «Баян» атты ойтолғауда көңілге қонымды бір үзіндіге назар аударайықшы: «Шынайы өлең – шабыт ағашының бұтақтарындағы Жәннат гүлдері іспетті құлпыруы қандай ғажап десеңші!? Өнімін еншілейтін жанның ниеті мен ой-пікіріне қарай жинап алынған жемістердің орнына сол жемістер қайта өсе бастайды. Содан соң, үнемі ерекшеленіп, жалғасып келіп осы ғажайыпты сақтай бермек. Осылайша, өлең ағашына ұмсынған қолдар әр сәт сайын одан бірдемелерді үзіп алады. Алайда, үзілген жемістердің саны үнемі артады... иә, сезіп түйсінген нәрселерде де, жаңадан шыққан көшеттерде де біркелкілік болмайды. Себебі, оған сезімдер, ойлар, ниеттер, көзқарастар мен мәдениеттер шынайылықты, талғамды және әсемдікті сыйлайды...» Менің ойымша, тәржімашы автор ойын қазақ тілінде де әдемі жеткізген. Осы кітапта: «қасиетті сөз төрден көрге қарай төмендеді» деген сөз бар. Қазақтың «төрдегі басын көрге сүйрейді.» Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Айқын да ашық баяндалған.Иә, Ф.Гүлен ашқан терезеден қазақ даласына да салқын самал еседі. Ф.Гүлен кітаптарымен, өзекті ойларымен танысу біздің елімізге үлкен олжа.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.