ШЫНДЫҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Әлемде философ, ағартушы, діндар ғалым Фетхуллаһ Гүлен есімі бүгінде адамзатқа ортақ тұлғаға айналып кеткен саусақпен ғана санарлық ағзам жандардың қатарында аталады. Ең басты төреші – Уақыт десек те, Ф.Гүлен ақсақалдың бітім-болмысының, тірлік-тынысының өміршең екендігі, заман сынына төтеп беретіндігі оның көзі тірі кезінде-ақ мәлім болып отырғанына көзіқарақты пенденің таласы бола қоймас деген ойдамыз. Қазіргі қара тырнағына дейін саясиланған қиын да күрделі қоғамның саққұлақ тыңшылары қанша жерден кір дарытқысы келсе де, ақсақалдың тереңнен сыр тартып жатқан рухани ой-пікірлеріне, ізгілік ізденістеріне, батыл ойларына, сарабдал сараптамаларына, ұрымтал ұғымдарына, жүрек жарды сүйіншілеріне, соншалықты терең әрі қисынды болғандықтан да, тым болмаса болар-болмас көлеңкесін де түсіре алмай дал болып келеді. Алда да солай болатыны күмәнсіз. Себебі Ол – дүние-жаһанның тек өзім үшін деп өлермендене соққан күре тамырын тура анықтап, диагнозын дәл қойып қана қоймай, адамзат санасын жаулап алған жегі құрттан, кір-кеселден таза сауығудың жолдарын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп беріп отырған бірден-бір үлкен ұғымдағы дәрігер-тәуіп! Бұл орайда оны біздің зымыран заманымыздың беймағұлым уақытпен жең сыбанып белдесе алар бел баласы демеске әддің жоқ.
Қалай болғанда да, қазіргідей қиын кезеңде адамзат санасындағы сілкіністерді бүгінгі парасат деңгейінде жүйелеп жеткізіп отыратын бір ірі тұлғаның қажеттілігі күмәнсіз болатын. Оны жеткізген тегі басқа әулеттің өкілі емес, Фетхуллаһ Гүлен ақсақал болуының өзі ойға қалдырады. Ишаралап-астарламай-ақ айтсақ, оның Ислам ойшылы екенін айтпағанда, өзге емес, өзімізге жақын түбі бір – түркі жұртынан шыққан тұлға, біртуған елдің төлі болуының өзі, біле білсек, біздің мақтанышымыз. Тіпті терең танымаққа түп-тегін қазсаңыз – асыл текті Пайғамбар әулетінен тарайтын Қожа руынан шыққан. Ендеше қай жағынан болсын қазақы сананың жатсынар жөні жоқ.
Ең күдікшіл, ең секемшіл адамның өзі, Ф.Гүлен ақсақалдың қайнар бастауын, яғни дүние-жарықта алғаш апыл-тапыл басқан бала шағынан жер ортасы жасына дейінгі өмір жолдарын парақтап шықса, түрлі құйтұрқы саяси ойындардың қақпақылымен тосыннан пайда болған, жалған мақсатпен көтерілген біреу-міреу емес пе деген күмән-күдігі күй тарта алмай, жым-жылас жоғалып кетеріне бек сенімдіміз. Ақсақал көктен түскен жоқ, жерден шыққан жоқ. Бәрі бір Жаратушының қолында десек, сол Жаратушы Ф.Гүленнің иығына бір маңызды міндет жүктегенін, соған орай қасиет дарытқан, парасат-байлық, илхам-шабыт бергенін көкірек көзімен танисыз. Сыр-құпияларын терең білмесеңіз де, кез келген туындысын оқу арқылы, діні мен діліне қарамай адам баласына ортақ мәмілеге кеңінен тыныс бергенін танисыз. Таптауырынға тірелмей, тыңнан түрен тартқан, өз ортасынан тізгін үзіп шыққан тынысы бөлек тұлға екенін парықтайсыз. Барлық шығармасында Құран мен Сүннетті басшылыққа алғанын, әр сөйлемінің өзегіне ислам діні өрілгенін, тиянақ-тұғыры, түп нысанасы дінде жатқанын сезесіз. Бақыт маржанын шашқан суреткерлік сұңғылалығына әрі қайраткерлік қажыр-қабілетіне таңғалып, еріксіз бас иесіз.
Жер шарының түкпір-түкпіріндегі түрік мектептері Ф.Гүлен идеясынан бастау алғаны баршаға мәлім. Ф.Гүленнің жасампаз болашақты жасаушы – жаңа ұрпақтың біліміне ғана емес, этикалық тәлім-тәрбиесіне асқан сезімталдықпен, қырандай қырағылықпен терең мән беруі және оның іс жүзінде іске асып жатуы тұнып тұрған терең бір философия. Бұл тамаша жетістіктерге жетіп жүрген мектептер жаңаша ойлайтын озық ойлы әлем ғалымдарының терең назарында деуге болады. Бұл да адамзатқа ортақ құндылықтарды басшылыққа алған Ф.Гүлен идеясының самсап салған мәуелі жемістерінің бірі. Ф.Гүленнің өзі діни тұлға болса да, оның идеясынан қуат алған түрік мектептерінің өз оқушыларына ислам фундаментализмін тықпаламайтынына америкалықтар мен еуропалықтар бас шайқап, ерекше таңғалысады. Бұл – олар үшін мүлдем күтпеген жұмбақ жағдай.
Әрине, Ф.Гүленнің ғаламдық деңгейдегі исламның ірі ойшылы, терең діни тұлға екендігі хақ. Өз жеке басы намазын ешуақытта қаза етпеген, ислам қағидаларын қатаң ұстанатын өте тақуа жан. Сөйте тұра әлемге қанат жайған Ф.Гүлен қозғалысы не діни, не саяси бағытты ұстанбайды. Бұл қозғалыстың өзегіне «адам қайтсе адам болып қалады» деген әділет, адамгершілік, ізгілік сынды адамзатқа ортақ ұстанымдар мен құндылықтар сіңген, сүйіспеншілік пен махаббат тұнған. «Әлемді сұлулық құтқарады» деген Достоевскийдің сөзін өзгертіп айтсақ, «Әлемді сүйіспеншілік пен махаббат құтқарады». Ендеше, әлемдегі мұсылманның имиджі терроршы-фанатпен тең болып тұрған мына заманда Ф.Гүлен қозғалысының, оның ішінде білім саласындағы жоғары этика мен моральдың қаншалықты терең мән-мағынасының бары айтпаса да түсінікті. Осыдан барып сансыратқан сан сауалға ізгілік тәрбиесі жолымен жауап берген ақсақалдың адамзаттың әлеуметтік-рухани мәселелерін шешу жолында келер ұрпаққа деген үкілі үмітін жан әлеміңмен сезінесің.
Уақыт озған сайын қоғам да түлей бермек. Соған сайсақ, адамның дінмен ара қатынасы да қиындай түседі. Заман талабы солай. Қазіргі жоғары білім тауысқан, оқып-тоқығаны бар, «интеллектуал» адамдардың көбісі, сауатсыз болғанмен көкірек көзі ашық қарапайым көпшіліктей емес, естіген не оқыған нәрселерінің ақылға қонымды әрі қисынды болуын талап етеді. Сөйтіп, дәлел мен дәйек іздейді. Міне, дәл осы кезде оларға жанашыр жан ретінде Ф.Гүленнің мір оғындай отты сөздері сүйеніш-көмекке келеді. Сөйтіп, өзін толғандыратын ең ұрымтал сұрақтың шешімі санасында бірте-бірте айқындала береді.
Өз басыма 2002 жылы Ф.Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» атты қазақ тіліне бірінші рет аударылған қатпары мен қабаты қалың кітабының қолжазбасын редакциялау нәсіп болған-ды. Сол кезеңде ғалымның Пайғамбарымызға деген жан-жүрегін жарып шыққан ақиқи толғаныстарының қаншалықты терең әрі шексіз сүйіспеншілікпен жазылғанын алғашқылардың қатарында сезінген бақытты сәттерім әлі есімнен кетпейді. Әрине, Ф.Гүленнің парасат-болмысын, ой-құдіретін шынайы тану үшін сол дәрежедегі парасат-пайым, рухани кемелдік керек, бұл арада біз өз шамамызша сезінгенімізді айтып отырмыз.
2009 жылы 11 қыркүйекте өзім жұмыс істейтін «Айқын» газетінде Ф.Гүленнің үлкен сұхбаты жарық көрді. Алдын-ала сұрақтарды электронды поштамен жібергенбіз, көп ұзамай ақсақалдан жауап келіп, ол «Ақ сөйле!» айдары бойынша «Қазақстанды көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» деген тақырыппен бір бет болып жарық көрген болатын. Сол сұхбатында Гүлен ақсақал: «Қанша ғасырлық ортақ тарих, ортақ тағдырымыз бар Қазақстан – біздің атажұртымыз. Сонымен қатар, мәдени-рухани тамырларымыз тереңге тартқан бауырлас ел Қазақстан және өзге де ата-бабамыз мекендеген туыс елдерді аралап көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш дер едім. Алла Тағала сол күнді нәсіп ете қалса, сірә, аяғым жерге тимей жатып өзекті өртеген осынау сағыныш бойымды кернеп, жүрегімді жарып жібере ме деп қорқамын.
Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіздік алған күннен бері ел ішіндегі көптеген игі бастамаларға дер шағында қолдау білдірген көреген мемлекет басшысы. Осындай көрегендіктің арқасында Қазақстан мемлекеті аймақта, Азияда, тіпті әлемдік қауымдастықта сөзі өтетіндей абыройға қол жеткізгені көңілге қуаныш ұялатады. Бауырлас Қазақстан мемлекетінің өркендеп, болашаққа нық қадам баса беруіне шын жүрегіммен тілектеспін!» деп ағынан жарылған болатын.
Бірде Ф.Гүленнің халыққа уағыз айтып жатқан қысқа бір сәті жайында бейнекөрініс көргенім бар. Түрік тілін түсінбесем де, оның бірде булыққан, бірде тұншыққан қоңыр дауысының өзі мені еріксіз баурап алып, қатты толқытты. Қожа әпенді лықсып келген ыстық көз жасын қайта-қайта қол орамалымен сүртумен болды. Оны есіл-дертімен тыңдап отырған халықтың да өксіп-өксіп жылағанын көрдім. Мұндай шынайы көрініске қалайша жаныңыз тебіренбесін. Ешқашан өтірік айтпайтын, иненің жасуындай жалғандығы жоқ сыршыл да шыншыл адамның ғана осылай өзекті өртеп сөйлеп, осылай егіліп жылай алатынына және адамдардың жүрегіне жол таба алатынына бек сенімдімін. Мұндай Хаққа дерті бар адам жайлы қалам тарту оңай емес. Егер Ф.Гүлен дұшпанының өзі мін таға алмастай шынайы мақсат-мұраты бар тура жолдағы адал адам болмаса, халықтың жүрегін жібітіп, шын мағынасындағы қолдауы мен құрметіне ие бола алар ма еді. Мұндай абырой-беделдің, тамаша жетістіктің Ф.Гүленге нәсіп болғанының өзі тегін емес. Тіпті мойнындағы ерен еңбек, ауыр жүкті халық, ұрпақ игілігіне жарату үшін, оларды иман нұрымен қайта қауыштыру жолында жастық өмірін пида етіп, бұл өмірден үйленбей өтіп бара жатқанының өзі сиректің сирегінде ғана кездесетін сипаттар. Жырақта өмір сүре отырып, жан-жақтан жабылған жалалар мен қауесеттерге кешірімділік танытып, кеңпейілділік көрсетуінің өзі оның сөзі мен ісінің өміршеңділігін танытады. Біз Ф.Гүленнің болашаққа үңіле алатын телепатиялық қасиетінің бары-жоғын білмейміз, бірақ ойлы жүзді бұл адамның рухы соған жақын екендігіне сенеміз.
«Еуропаға барып, исламды көрдім, бірақ мұсылмандарды көре алмадым. Ислам елдеріне барып, мұсылмандарды көрдім, бірақ исламды көре алмадым» депті бір қария. Мұнда терең сыр жатқаны анық. Осының себебіне үңілген Ф.Гүлен ислам дінінің Батыста неге қарқын ала алмай отырғанын айта келіп, оның себебі әлі күнге Еуропаның босағасында жалтақтап жүргенімізде жатқанын, мұның бәрін қожайынның ешқашан өзінің құлынан үйренбейтінімен салыстырып, ислам елдерін тезірек ғылым-білімге құлаш сермеп, өркениеттің өріне шығуға шақырады.
Ф.Гүленнің терең діни талдаулары өзінен бұрын өмір сүрген түріктің аса ірі ойшылы Саид Нұрсидың асыл сөздерімен астасып жатыр. Бүгінде осы аты аталған ғұламаға қатысты түрлі алып-қашпа жел сөздер айтылып қалады. Бұл турасында жоғарыда «Айқын» газетінде жарық көрген сұхбатында Фетхуллаһ Гүлен: «Саид Нұрси − Осман мемлекеті, Түркия республикасы, Ислам әлемі, тіпті, бүкіл әлем басынан зор нәубетті кешіріп жатқан дүрбелең заманда өмір сүрген, Осман мемлекеті, Түркия Республикасы және адамзаттың бақыты үшін, өз тілімен айтқанда, Исламнан бастау алған тұжырымдамасын өзгелерге өнеге ретінде ұсынған ғалым.
Алғашқыда Османияның құлау дәуіріндегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласқанымен, кейіннен қоғамды сауықтырудың жолы бұл емес екенін түсініп, қалған ғұмырын иман негіздерін, ғибадат, адамдық қасиеттер мен руханиятты түсіндіруге арнады. Саид Нұрси заманауи ғылымды игере отырып, жаңа дәуір адамының ақыл мен жүрегіне иман нұрының ұялауына ықпал етуді көздеді. Жасаған еңбектеріне қарап, Саид Нұрсиді Имам Ғазали, Имам Раббанилермен салыстыруға болады.
Түркия билігі Республикалықтың алғашқы жылдары жаңа қалыптасудың өзіндік ерекшеліктері негізінде, Республикаға дейінгі істері бойынша Саид Нұрсиды әркез жауапқа тартқан. Алайда көпшілігінде ақталып шыққан. Еңбектерінде саяси ойлар кездеспейді. Республика болып құрылған жылдарда діни мәселелерді саясат шешпейтіндігін жақсы түсінгендіктен, ол саясаттан барынша бойын аулақ ұстаған. Түркияның Республика болып құрылып жатқан кезеңінде оған неліктен күмәнмен қарағанын айтып өттім. Сірә, осының салқыны жаңа сіздер тілге тиек еткендей кейбір бауырлас елдерде байқалып, ТМД мемлекеттерінде Түркиядағы кертартпа күштердің ықпалымен Саид Нұрсиге күмәнмен қарауға әрекеттер жасалынуда.
Мен ақыл-түйсігі мол әрбір азаматқа Саид Нұрсидің шығармаларын оқып, дербес түрде ой қорытқанын қалар едім. Өзгенің жөн сілтеуі көп жағдайда адамның негізсіз пікір түюіне әкеп соғады. Сондай-ақ, бұл кітаптарды оқыған адамдардың жасаған жеке қателіктері де, өкінішке қарай, еш қатысы жоқ болса да айналып барып Саид Нұрсиға тиіп жатады. Бұның қаншалықты дұрыстығын парықтауды олардың өз ар-ұжданына ғана қалдырамыз. Бірақ, нақты бір ойға бару үшін болып жатқан оқиғалардың бәрін жіті қадағалап отыру керек. Мен бұдан алшақ болғандықтан нақты нәрсе айтуым қиын...» деген болатын. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
Сананы тұрмыс билеген жадағай заманда сүреңсіздіктің пердесін сырылтқан Ф.Гүленнің имани гүлінің жұпар иісі әр кеудеге шама-шарқынша жетіп жатса, оның тек пайдасы тимесе зияны болмасы хақ. Шынында да, имансыздық жайлап, рухани азғындау белең алып тұрған мына дәуірде біз өзгеше өлшем-таным құдіреті бар Ф.Гүлен сияқты шығандап шыққан әлемдік деңгейдегі тұлғаға соншалықты зәруміз. Ислами мәселелерді ғылыми тұрғыда жеткізуде жан-тәнімен қызмет етіп, беріш боп қатқан жүректерге нұр тамшыларын себездеткен Ф.Гүлендей ғұлама ойдың серкесімен әлемде иықтас тұратын тірі тұлғаны өз басымыз білмейді екенбіз. Ендеше біз жайлап отырған тарихты өзінің ғажап қырларымен нұрландырған осындай кісімен замандас ретінде қатар жер басып жүрудің өзі біз сияқты пақырларға бақыт болса керек-ті. Олай екен, жан-жүйкеңді сауықтыратын шығармаларын жан-жақты зерделеп қана қоймай, өзекжарды ойларына күллі қоғамды ділгір қылған ақсақалдың жеке басының да қадірін ұғып, ақ-адал қасиетін аялай білгенге, сый-құрметімізді ұсынғанға не жетсін?!
- жасалған.