ХРИСТИАН ҰНАТҚАН КІТАП

Үйіміздің дәл құбыла жағында бір христиан қария бар еді. Таңертеңнен кешке дейін сиырына шөп салып, тауығына жем шашып, итіне ас құйып, отын жарып, күл шығарып тынымсыз қарекет етіп жүргені дөңестегі ауласынан күні бойы көзімізге шалынып тұратын. Сексеннен асса да, тыным таппайтын елгезек жан екен. Сауын сиыр ұстайтындықтан, біз одан сүт сатып алатынбыз.

Осы сырт мінезімен-ақ қария бізге ұнайтын. Біз де оған шын құрмет көрсететіндіктен, ол кісі де бәрімізге жан тартатын сыйлас көрші болып кеткен едік. Ораза айт, Құрбан айт, Наурыз секілді мейрамдарда христиан қарияға сыйлық ұсынатынбыз – ұлттық тағам, орамал шаршы. Қария риясыз қуанып алғысын жаудырады.

Анда-санда кезігіп қалғандағы әдемі әңгімесінен қарияның іші де кеңпейіл, зиялы жан екенін білдік: «Мен өзім Сібір жақтағы Тюменнің орысымын. Сол жақта да жергілікті қазақтар көп еді. Бастарына түлкі тымақ, үстеріне кең-мол тон киінетін, жылқы етін жеп, қымыз ішіп, қақаған қыста қызара бөртіп жүретін алып қазақтар еді. Солардың мол дастарқандарында талай болдым. Асау үйреткендерін қызық көріп үйреніп едім... Кейін соның да пайдасы тиді ме, Қазақстанға бозбала кезімде келген соң тәп-тәуір штангист болып шықтым...»

Христиан қарияның мінезі әсіресе, дінтанушы көршімнің назарын өзіне аударған секілді: «Әбеке, осы қарияны діні басқа демесеңіз, мінезі тұнып тұрған мұсылман ғой!» – деп, сүйсініп жүретін-ді.

Бір күні маған дінтанушы көршім әзіл-шыны аралас бір ұсыныс айтты: «Әбеке, көрші ақысы дегенді білесіз бе? Құбыла жағыңыздағы христиан көршіңіз ақыретте жағаңыздан алып жүрмей ме? Қанша уақыт көрші тұрғанда хақ дін туралы бірауыз сөз айтпадың деп!?»

Мен шын ойланып қалдым. Бір сахабаның христиан қартты көргенде жылағаны туралы хикая есіме түсті. «Не істесем оң болады? Тікелей Ислам дінін уағыздау әдепке келмейді... Не ойластырсам екен!?»

Сөйтіп жүргенде, бір күні қолыма Фетхуллаһ Гүленнің «Сомнения порожденные веком» (қазақшасы: «Ғасыр тудырған күмәндар») кітабы түсті. Осы кітапты қолыма алып христиан көршімнің қақпасына бардым. Қария қарттыққа әлі берілмеген көкшіл көзі күлімдеп, үйінен шығып келді.

«Осы кітапты оқып көріңізші!» – деп, кітапты ұсындым. «Иә, жазуы кесек болса, оқиын!» – деп, алып кетті.

Оншақты күн өткен кезде тағы бір кезігіп қалып едік, әлгі берген кітабым туралы өзі әңгіме қозғап кетті:

«Дәрігер қызым әлгі Сіз берген кітапты көріп: «Өзіңнің Библияң бар емес пе, бұл Исламның кітабын неге оқисың?» – деп, ренжіді. Мен оған айттым: «Өзің де оқып көр, жер бетіндегі адамдарды бөліп жармай, олардың қайғысы да біреу, қуанышы да біреу деп, жазған кітап екен. Маған өте ұнады, мұндай кітап әлі оқып көргем жоқ едім», – дедім.
Міне, бұл артық-кемі жоқ, насихат-жарнамасыз-ақ, Ф.Гүлен ақсақалдың жүректен шыққан шығармасының жүректерге жетіп жатқанының бір мысалы іспетті.

Өз басым бұдан шамасы төрт-бес жыл бұрын, көпшілік бұл есіммен әлі таныс емес кезде «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед пайғамбар» деп аталатын Пайғамбарымыздың ғажайып өмір жолынан сыр шерткен кітабының қазақшасына жауапты редакторлық жасаған кезде етене таныс болған едім. Кітапта қасиетті хадистердің кілті ашылып Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің қайталанбас сырлы суреттері көз алдымыздан өтеді. Солардың ішінде әркез есімнен кетпейтін бір сәт бар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне келген Хазіреті Омар Алла Елшісінің қатты ши үстінде жатқанын көріп көзіне жас толады: «Патшалар құс төсекте рахаттанып жатқанда, Сен мүбәрак денеңе дақ түсіретін тақыр шидің үстінде жатырсың-ау! Рахат өмірге бәрінен де Алла Елшісі лайық емес пе?!» – деген сөзіне: «Иә, Омар, бұл өмір алыс бір жолдан келе жатқан жолаушының саялы ағаштың көлеңкесіне бір мызғап тұрғандай-ақ екенін білмейсің бе?» – дейді. Құран Кәрімдегі бұл өмір көрген түстей алдамшы, деген мағынадағы аятты қандайлық көңілге қонымды, ақылға нанымды етіп айтқан деші!

Хазіреті Айша анамыздың «Алла Елшісінің бүкіл мінезі – Құран» дейтін әйгілі хадистің мәнін осы бір үзік көрініс дәлелдеп тұрғандай. Яғни, Ғаламның Рахым Нұры Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұрлы өмір жолын тебіреніспен баяндаған бұл кітаптың әрбір тармағы осындай Құран мен хадистен өріліп шыққан жүрекжарды ғибраттарға толы екендігіне көзіміз жеткен еді. Бұл туындының оқырман көңіліне қонақтай қалатын құпиясы да осы шынайылығында екеніне көз жете түскендей. Осы кітаптың әлденеше рет басылса да, оқырман сұранысынан түспей қолдан-қолға өтуінің сыры – Алланың ең сүйікті құлы, адамзаттың ұлы ұстазының үлгілі өмірінің бүгінгі күні рухани қажеттілікке айналғанынын көрсетеді, иншалла!

Фетхуллаһ Гүленнің биыл ғана қазақ тілінде жарыққа шыққан «Иман аясында» атты көлемді еңбегі көпшілік оқырманға қатты ұнауда. Бұл кітапта Ислам дінінің негізгі қағидалары – Алланың бар әрі жалғыз екендігі, пайғамбарлар мен киелі кітаптардың ақиқаттығы, періштелер мен жын, шайтан әлемінің табиғаты, ақырет дүниесінің нақтылығы, тозақ пен жұмақтың тылсым сырлары, дүниенің жаралуы, ми қызметі, түс көру, сиқыр жасау... секілді сан-алуан  тақырыптар аса қызықты ғылыми дәлелдермен, нақтылы түсініктемелермен баяндалған. Кітаптың жазылуындағы мұндай тәсіл әсіресе, атеистік қоғамнан жаңа шыққан діни сауаты төмен біз секілді көпшілік қауымға жұтуға да, сіңіруге де оңтайлы тұнық су секілді қарапайымдылығымен тәнті етеді. Су демекші, күллі тіршіліктің нәрі болған судың қатты, сұйық, бу және плазма күйіне бірдей өзгере алатын ерекше қасиеті әрі судың өзіндік есте сақтау қабілетінің болатындығы – екі-ақ  атомнан тұратын осындай қарапайым нәрсенің Ұлы бір Жаратушының хикіметін көрсетуге жеткілікті дәлел екеніне ой жүгіртуге шақырады.

Кітаптағы «Рух – ми мен тәннің әміршісі» деген тарауда адамның бүкіл денесі 60-тан 100 триллионға жуық жасушадан тұратындығы айтылған. Оның әрбірінің жеке мемлекет сияқты өзіндік күрделі құрылысы бар. Ал, осылардың өз-ара байланысы мен сәт сайынғы тіршілік әрекетін өзінен өзі болып тұрған кездейсоқтық деп, қалай айта аласың, дейді. Оны осылайша мүлтіксіз басқаратын күш – Рух дейді. Расында, біздің көріп, естуіміз, сөйлеуіміз, түс көруіміз – қарапайым материяның қарабайыр қасиеті деп айта алмаймыз. Ғайып сипаттағы «рух» атты бір тылсым әлемнің бар екенін осылайша, ақылмен мойындаймыз.
Осының бәрін бір асқан дана Ұлы Жаратушы жаратқандығын, жарату мақсатын – ақырғы Пайғамбары арқылы Құран Кәрімде қандай хикметті аяттармен хабарлағандығын қызғылықты мысалдармен, саты-саты ұғынықты пікірлермен «Иман аясында» баяндайды.
Осы кітаптың құрылымы мен жазу мәнеріндегі ерекшеліктен ислам ғұламасы Фетхуллаһ Гүленнің қарапайым жамағаттың да көңіл-күйін, ойлау-қабілетін қалтқысыз түсінетін көпшіл де кішпейіл ғалым екенін де аңдау қиын емес. Яғни, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кіммен де тіл табысатын, әркімге ақыл дәрежесіне сай сөйлесетін Сүннет жолын ұстанатындығы өз оқырманын тәнті етеді.
Осы пікірдің дәлелі ретінде, ғалымның әдеби-философиялық шығармасы – «Баян» болса, дәл өзіндей терең пайымдарға иландыратын, ғылыми ортаға арналған астарлы, сырлы кітап екендігін байқаймыз.
Биылғы жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрген бұл туынды көлемі шағын болса да, толғамы ұланғайыр, әр тақырыбы бір-бір кітапқа жүк боларлық ойшылдығымен көз тартады: «Қайбір сәтте ой кемемізді байтақ әлемге жөнелтіп, қайтадан ішкі жандүниеміздің тұңғиық тереңіне қарай сүңгітсек, шексіздік әуені жүректі тебірентеді, қайта адамгершілік кеңістігінен әуелеп Құсжолына қарай самғаған мезетте мың-сан аяулы сезімдердің сағыныш саздарды сана сарайын күңіренген күйге бөлейді, міне осындай кездері рухымыздағы ақиқатқа деген ғашықтық пырағына қандай қанат бітеді десеңші!» Міне, Аллатану – Мағрифатуллаһ ілімін осындай нәзік поэзия тілімен өрнектей жеткізу – ақынжанды пендені де, ойшыл ғалымды да бейтарап қалдыра алмайтын тәрізді.

Бұл – біздің өреміз жеткен пайым ғана. Айтпағымыз – Ислам дінінің ғылыми көкжиегіндегі ғалымдары қазір жердүние назарына ілінуі тегін емес, ол – адамзаттың хақты тануға құштарлығының оянғандығының, сол саладағы ақиқатшыл ғалымдарды тани бастағандығының белгісі демекпіз.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.