НИЕТ ПЕН ЖОЛ

Рақымы Шексіз әрбір кезеңде жер бетіндегі адамдар қауымына тура жол көрсететін Елшілерді жіберіп отырған. Анығы Алланың қалауымен періште арқылы уәхи етіп, адамдар арасындағы өзінің ең сүйікті құлына берілген әмір. Оның жүрегін нұрландырып, санасын шайдай ашады. Миын тұманнан айықтырып, ақылын мөлдіретеді. Тіліне тәтті сөз беріп, әрбір басқан қадамын қайырлы етеді. Осылайша көркем мінездің керемет үлгісін көз алдыға көрсетіп, Алла қалауына сай өмір сүрудің қалыбын, тамаша тәртібін пайғамбарлар арқылы жасап береді. Сөйте тұра, ерекше тапсырмамен белгіленген Елшілердің бәрін бірдей пенделер қабылдай қойған жоқ. Өйткені қанға сіңіп, сүйекке тамырланған нәпсі деген өзімшілдік, көрсоқырлық қашан да иман жолымен жүргізбеуге барын салып баққан. Адамды адастыруға, әркез құлшынып тұрады екен. Адам атаның (ғ.с.) өзінен басталатын Нәбилер тізбегі соңғы Пайғамбарымыз – пайғамбарлардың Пайғамбарына (с.ғ.с.) дейінгі шежірені көз алдыға келтірер болсақ, сан қилы оқиғалардың сорабына кездесеміз.
Жаратушы тарапынан түсірілген хақ дініміз – Ислам қанша мәрте қайталанып насихатталса да, пенделік көрсоқырлықтың кесірінен теріске шығарылып отырған. Осылайша жылжыған көш-керуен Мұхаммед (с.ғ.с.) заманына жеткенде осы бір адамзаттың Сұлтаны, ғаламның Рахым Нұры арқылы ең кемелді, ең толық дінімізді көрсетті. Жер бетіндегі күллі Адам ата ұрпақтарына ортақ тура жолды нұрландырды. Ақиқаттың бұлжымас куәсі етіп, Құран Кәрімді сыйлық етіп ұсынды. Дәл сол сәттерден бастап, жаңа дәуірдің шымылдығы ашылды. Дей тұрғанмен, мінезі қыңыр, ниеті бұзық, көңілі бейпіл, өмірі тыйымсыз өтіп, қасаң қарадүрсіндікке бейімделген пенделер тағы да қарсыласа тап береді...
Есте жоқ ескі дәуірлерді айтпағанның өзінде күні кешегі осы бір хатқа түскен мезгілді Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) өмір сүрген он бес ғасырдың алдын айтсақ та жеткілікті. Жаһилия дәуірінің тоңмойындық, тоғышарлық әдеттері мен Исламның құнды әдептері арасындағы өліспей беріспейтін теке-тірес көп жайды аңғартса керек!..

Құдірет кәламы – Құранға иланған мұсылманбыз. Сондықтан бір мәселені кесіп айту керек: енді Пайғамбар келмейді. Солай болғандықтан, Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) тағы бір есімі Хатимүл Әнбия, яғни Соңғы пайғамбар. Бізге жеткен 114 сүреден тұратын қасиетті Құранның ең алғашқы тәпсірі әрі түсіндірмесі – Хадис, яғни Сүннет қағидасы. Міне, сол екі кітап күллі адамға жол көрсетіп, таза тіршілік етудің таптырмайтын қағидасы болып қалыптасты. Егер адамдар нәпсінің жетегіне ермей, ақылды болып өмір сүрсе, жаңағы екі кітап (Құран мен Хадис) жеткілікті. Алайда уақыт өткен сайын алдыңғылар аттанып, жаңа ұрпақтар лек-легімен келіп отырғандықтан, тура жолды түсіндіру, ұғындыру, уағыздау қажет болып отырған. Ортасынан озып туған данышпандар, ғұламалар, ұстаздар мінбелерден, мешіттерден, дәрісханалардан ақиқаттың жаршысы болып Құранды жеткізіп, Алланы еске салып отырды. Содан келіп өз заманына лайықталған жаңа түсіндірмелер, том-том кітаптар жазыла бастады. Қасиетті Құранның өзіне мыңдаған, Хадистің өзіне мыңдаған зерттеулер, насихаттар жазылып, тәпсір етіле бастады. Шынын айтқанда, бүгінгі таңдағы жазылып жатқан 6 құрлық, 4 мұхиттағы күллі кітаптар, бар жаңалықтар тек қана бір кітап Құранды түсіндіру үшін арналып отыр екен. Мейлі, ол Иман келтірсін не келтірмесін, саналы не санасыз түрде жазылғанының өзінде осыдан 1500 жыл бұрынғы Құранға қызмет етумен шектеледі. Өйткені ғаламның сыры сонда жазылған. Әдебиет, философия, математика, география, тарих бәрі-бәрі сол кәлиматуллаһ – Құраннан бастау алады.

Белгілі бір автор көркем шығармасы арқылы ізгілік пен кісілікті, адамгершілік пен махаббатты жазатын болса, ол – оның ақиқатқа қызмет еткені. Ал, нәпсі жетегіндегі жағымсыздық пен жауыздықты, алаяқтық пен жалғанды насихаттаса, олардың бәрі аздырғыш ауру және адастыратын дерт ретінде адам баласын іштей ірітеді.

Әсілінде, Құран мен хадистен басқа ешқандай кітаптың қажеті де жоқ еді. Сөйте тұра, адамның табиғаты мен жаратылысы аса күрделі. Оны иландыру және жүйеге келтіріп отыру қажет.  Ғұламалар мен ғалымдар жаңа тәсіл іздеп, әр қырынан түсіндіргісі келіп әртүрлі туындыларды дүниеге әкеледі. Осылайша су жаңа кітаптар жазылады. Ол үрдіс ешқашан да тоқтамақ емес. Жалғаса береді, жалғаса береді...

Сондай ойшылдардың, данышпандардың бір парасы біздің даламыздың тумалары болып тарихқа енді. Сақ жерінен жолға шығып Жерорта теңізінің жиектерін сағалап, грек ойшылдарымен пікір жарыстырған Анахарсис (Анарыс). Араб-Парсы қалаларын кезіп табанын құмға күйдіріп, маңдайын күнге сүйдіріп, өмірі жиһанкездікпен өткен әл-Фараби бабамыз. Кейінгі кезеңдердің ойшылдары Қожа Ахмет Иассауи, Абай, Шәкәрім аталар ғұмыры халқына еткен қызметі бізге соны дәлелдесе керек.

Алдыңғы аға буын, ақ жолды қалаған даналарды даңқ санаған ізбасар – шәкірттер өзі де жетіле келе, Аллаға қызмет ету ниетімен тура жолды уағыз ете бастайды. Бір адам барлық адамның алдына шығуға үлгірмесі анық. Сондай бір қажеттілікпен айтылған сөздер қағаз бетіне түсіп, көпке тарайды. Оны өзгелер оқиды. Ал, оқыса да түсінбейтіндерге түсіндіруге, айтуға тура келеді. Ондай міндетті Аллаға қызмет етуді парыз санаған кісілер өз жауапкершілігіне алып жұртқа жеткізіп жалғайды. Әне, сондай ғұлама ойшылдың бірі – философ, жазушы, ақын, қатарынан озып туған дінтанушы ғалым Фетхуллаһ Гүлен мырза.

Бұл кісі туралы жазылған материалдар көпке белгілі. Өмірі, шығармашылығы, еңбектерінің қалай жарыққа келуіне арналған бір шама кітаптар басылды. Қазірге дейін өзінің алпысқа жуық еңбегі жарық көріпті. Әлемнің әр түкпірінде шығармалары аударылып басылған осы бір тегі түрік дін ұстазы өз еңбектерін тұтастай адамзатқа арнайды. Жазғандарының бәрі Құранды және Хадисті түсіндіріп, адамдардың ой-санасына лайықты тәсіл, қонымды мысалдар арқылы сіңіреді. Шәкәрімнің пайымдағаны секілді: «Алла Адамды өзіне құлшылық жасауға жаратқанын» жақсылап тұрып дәлелдейді.
Қазақ тіліне аударылып қолға тиген  кітаптарына назар салып көргенде, біздің шекті қабілетімізбен, шеңберленген ойымыздың қабылдауынша ол кісіде бір ғана мақсат – Жаратылыстың мәнін ұғынуға, сондай-ақ, ғылымның, өнердің, техника мен технологияның тілін білуге және көркем мінездің дамуына көмектесу. Әрбір шағын аяттағы мазмұнды, бір сөйлем сөздің астарына дейін ашып көрсету арқылы формадан мәнге, жаттаудан жанды қимылға айналдыруға, түпкі өзегіндегі өміршең құндылықтарға назар аударады. Бізге ұқтырады.
Бізге берілген 24 сағаттан тұратын бір тәулікті қалай өткізу керектігін, оның қадіріне қалай жетуді айқындап береді. Көп айтылатын бес парыз, алты иманның әрбіреуіне көзімізді жеткізіп, көңілімізді сендіреді. Бұл кісі өткен ғұламалардың ізін баса келген ХХ-ХХІ ғасырдың жол көрсеткіш компасы деуге тұрарлық ұстаз. Бір еңбегінде ол, Хазірет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ойын онан ары сабақтай келе: «Нағыз мұсылман қай кезде, қандай қоғамда өмір сүрсе де өз ортасында компас бола отырып, жан баласына ұнамды қылықтар арқылы құбыланы көрсетіп отыруға міндетті» дейді. Адам бойында ізгі қасиеттердің бастау көзі Құранда жатқанын әрі оның екі әлемде қажет екенін қадағалайды.
Хақ пен ақиқатты насихаттау – арабтардың ғана міндеті емес. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араб болып туғанымен, ол – адамзаттың Шамшырағы, ғаламның рахым Нұры еді. Соны дәл таныған жүздеген ұлттардан шыққан ойшылдар Аллаға құлшылық жасап, адамға қызмет етуге бел буған. Сол сапарда ғұмырларын арнаған. Елінен, жерінен қуылған. Кедергіге кездесіп, азап тартқан. Сонда да, арманынан адаспаған, ниетінен өзгермеген. Дәл сондай тұғырын танып, туын көтерген бір ұл бар десек, ол осы Фетхуллаһ Гүлен екен.

Сүйікті нәбидің (с.ғ.с.) өсиетін әр ғұлама әртүрлі дәрежеде қабылдайды. Ал, Ф.Гүлен болса, Африканың құмды шөлдеріндегі аш жалаңаштықтың азабын тартып жатқан бауырларымызға, Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін аязды ормандарындағы тон киіп, тоңазыған ет жеген туысқандарға, ит қосқан шанамен ризығын ажыратып жүрген азапты өмір өткізіп, алыста жүрген ағайындарымызға дейін хақ пен ақиқатты жеткізгісі келеді. Алланың ақ нұрын жүректеріне құйып, қандарына ізгіліктің қасиетін ендіргісі келеді. Сондай қиырларға дейін қымбатты мұраны аманаттап, азан үні алыстан асқақтап тұратын заманды көксейді. Ол үшін бүгінгі күннің өнбойына жарасып тұратын үйлесімді амал арқылы адамдар жүрегіне жол табудың тың жаңа тәсілдерін ұсынып отыр.

1.    Асыл адамгершілікті өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына егу арқылы адам болып қалыптасудың озық үлгісін көрсетті. Ол мүлде бөлек жаңа стильдегі оқу орындарын ендіріп, ұрпақтың санасын сауықтыру еді. Оның дәлелі қазірге дейін әлемнің 130 мемлекетінде ашылған мектептер.

2.    Жасалып жатқан игі істердің жалғасын табу мақсатында, ізгілікке қызмет ету мәдениетін қалыптастыру үшін қаржылық көмектерді ынталандырып отырды.

3.    Әлем бейбітшілігін қорғау және кездескен қиындықтарды шешудің ең тиімді жолы – әңгімелесу мен сұхбаттасу, диалог пен үнқатысу екенін көрсетті. Бір үстел басында отырып, бүкпесіз пікірлесу арқылы шығар жол іздеу үлгісін жалғастырды. Бүгінгі ғаламда болып жатқан оңды өзгерістерге пайдалы әсерін тигізуде. Ендеше осындай келелі кеңес ұсынған, жершарындық сипаттағы ақыл арғымағын алға тартқан адамды қалай құрметтемеске?!

Дей тұрғанмен, үлкен шаруалар қолға алынып, аршынды қадамдарға аяқ басқан жерде әңгіме, өсек-аяң, орынсыз сынау, байыбына бармаса да босқа даурығу болары сөзсіз. Нәпсінің қалауы – пендеге оңай жол. Оны біреулер цензурасыз пікір, еркін әлем, демократияның көрінісі, зайырлы қоғам деген әр алуан бүркеншіктермен жасырады. Астарына үңілер болсақ, қорқынышқа толы тұстары мол. Оның үстіне дінге қарсы мыңдаған арнайы құрылған топтар исламды құбыжық, лаңкес етіп көрсетіп, жұмыс істеп тұр. Сан-саққа жүгіртер қауесет, ақпараттық шабуыл, дінсіздікті насихаттаған телеарналар жыртылып айырылады. Демек Ф.Гүлен бастамасы ауыр да азапты. Алайда Алла өзі қолдаған, бір Өзі қорғаған хақ жол өміршеңдігі мен дұрыстығын көрсетпей қоймайды. Әрі сондай тура жолда төгілген тер мен тамшылаған көз жасы әбілхаят суына айналып тозақтың отын өшіреді. Адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с.) айтқандай, «Емшек сүтінің омыраудан бөлініп шыққаннан кейін қайта кірмейтіні секілді, Алла үшін төгілген жас та босқа кетпейді». Алла Тағала оның сыйлығын даярлап қояды екен.

Ф.Гүлен еңбегі ұшан-теңіз, оның әрбір сөйлемі, әрбір кітабы жүрекке жылы, әлемдік тұрғыдағы айтулы мәселелерден бастап, жеке бастың қиындығы, түйіні шие болған толқуларға дейін дұрыс жауап табуға жаныңа жарық сыйлап, рухыңды өсіреді.

Осы бір шағын мақаланы жазу үшін көп ойландым. Қалай бастап, қалай аяқтаудың ретін таба алмай, көп жүрдім. Себебі мен сыншы емеспін, мынандай кесек дүниелерге көзқарас білдіретін ғалымдардың қатарынан да емеспін. Өзім дін айдынында шынашақтай шабақ секілді тірлік етіп жүріп алып Кит (асқан дін ғұламасы дегенім – Д.Б.) туралы әңгіме айту әбестік болар еді. Бес-алты кітабын оқысам да, бес-алты бет мақала жазу жеңіл тиген жоқ. Өлеңі туралы өзімше ой өре жөнелуге болар еді. Белгілі бір кітабынан цитаттар келтіріп, кереметтей кесіп-кесіп кесек сөйлеп жіберуге де болар еді. Ал, менің жүрексінуім – оның бәрі өтірік болып шығатындығында!.. Себебі, қалам тартып отырған адам ең қарапайымы оның ниетін, Аллаға деген сенімін, шынайылығын қабылдамай тұрып, өзін Алла жолындағы құл сезінбей тұрып Ф.Гүленге «баға» беру ең бергісі ұят. Сөйте тұра осы бір шығайын деп тұрған кітапқа ой қосуды қатардағы өлең жазатын «ақын» ретінде қара сөзбен жазылған әсеріме айналдырдым.

70-ке келген жасында, жер түбіндегі Америка құрлығының басында Алланы айтса көзінен ағыл-тегіл жас төгіле жөнелетін осы бір ғазиз жан күллі мұсылманға өнеге. Екінің бірі ол деңгейге жете алмасы белгілі. Бірақ ол көрсеткен бағытқа, ол жүрген жолға түсуге мүмкіндік бар. «Ислам» деген ұғым – бейбітшілік, тыныштық, үйлесімділік, жүрек тазалығы, көңіл азаттығы, жанның рахаты... Иә, одан ары да көп теңеулерді тізу артық болмас еді. Құрандағы Алланың 99 есімі түрінде кездесетін сипаттардың өзі мұсылмандықтың ғажайып мұғжизасы Алла тарапынан ғана болған құбылыстар екенін әйгілейді. Ал Ф.Гүлен қызметі осындай шексіз әлем, даңғаза дүниедегі тіршілік түйткілдерін шешуге, бізді тәрбиелеуге арналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Білім іздеңдер, ол Қытайда болса да барып үйреніңдер» деген екен. Ендеше түбі бір түркі бауырымыз кеше Измир мен Ыстамбұлда жар құлағы жастыққа тимей жанұшырып дінге қызмет етсе, бүгін мұхиттың арғы бетінде жатып Жер шарына үнін жеткізіп отырған тура жолды нұсқаушының біліміне мойын бұрып көз тоқтату, жүрек шөлін басу нағыз Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) өсиетін орындаудың өзі деп білемін...

Мұсылманның келбеті, иманды жанның образы, имиджі – оның көркем мінезі! Ішетін тамағы, киетін киімі, істеген кәсібі қалай болу керек? Оның үстіне сыртқы формаға ғана емес, ішкі жүрек тазалығына, тілі айтып, рухы бекіткен ниетінде екенін жарқыратып, жайнатып көрсетеді. Ендеше Ф.Гүлен туралы айтуға құлшынғаннан гөрі, ол жүрген жолда, мұсылман болып өмір сүруге талпынған әлдеқайда абзал.

Хазірет Халифа Омардың сөзімен айтар болсақ, «Тақтың дәрежесінен, байлықтың буынан, киімнің әсемділігінен де мың есе артық, айтып тауысқысыз үлкен дәреже – ол менің мұсылмандығым!» деген байламға жүгініп, Жаратушыға бас июден өзге бақыт жоқ. Өйткені, Ислам ғана тілімді қорғайды, ұлтымды сақтайды, тыныштығыма кепіл, ұрпағыма қорғаушы. Ол ұлттарды қауыштырады, алысты жақындатады. Сондықтан да, Ф.Гүлен көтерген алау жарығы – көптің іздеген нұры. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) хақтың жолын бізге көрсетіп, әрі бұл дүниеден иманын пәк етіп асқысы келген ғұламаның шырылдаған үні, жасты жанары бізді толғандырмай қоймайды. Ендеше оның сөзі мұра болып, әлі талай буынды бақыт бесігі, иман құшағында тербей берсін деген тілекпен Алла риза болсын деп әсерімнің нүктесін қойдым.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.