МЕЙІРІМДІЛІК ШУАҒЫ

Фетхуллаһ Гүлен – адамзатты имандылық пен ізгілікке шақырушы, адамгершілік пен адами көркем мінездерді дамытушы үлкен тәлім-тәрбие мектебі. Ол Ұлы Жаратушыны тану, Хазіреті Мұхаммед Пайғамбарымыздың  өнегелі өмірін зерттеу мәселелері мен Ислам дінінің өзегін, мәнін түсінуге жетелеп, арнасын кеңейтуге, ұрпаққа ұғындыруға үлкен үлес қосқан жан.

Фетхуллаһ Гүлен өзінің пікірлері мен мақалаларында, жарық көрген кітаптарында Ислам дінінің көптеген мәселелеріне тоқталып, соған өз сараптамасын жасап, дінімізге бүгінгі күн тарапынан қарап, туындаған сұрақтарға салиқалы жауаптар бере білген.

Өмірде, қай қоғам мен заманда болмасын, әйел тақырыбы қашанда өзекті. Әйел – ана, әйел – қарындас, әйел – жарымыз, қызымыз. Осы ретте Фетхуллаһ Гүленнің әйел турасындағы көзқарастарына тоқталғым келеді.

«Ғасыр тудырған күмәндар» атты кітабының бірінші томында Адам атаның қабырғасынан жаратылған Хауа ана жайында қойылған сұраққа әдемі жауап берген. Хауа ананың Адам атадан жаратылуы мұғжиза болып табылатынын түсіндіреді. Мұндағы «мұғжиза» деген сөз ата-анасыз жаралу деген ұғымды білдіреді. Ол бұл пікірін одан ары: «Әйелдерге жақсылықты насихаттаңдар. Яғни, оларға әрқашан жақсылық пен ізгілік туралы айтыңдар. Өйткені, әйел қабырғадан жаратылған. Егер оларды бірден түзетуге тырыссаңдар, сындырып аласыңдар. Немқұрайлы қарасаңдар, онда қисық қалпында қалады», – деп, хадистегі сөздерден үзінді келтіреді.  Ерге қарағанда әйелдің майысқақтығы, нәзіктігі мен өкпелегіштігін айтады.

«Әйел еркектің «қабырғасынан» жаратылған. Бір жағынан алғанда әйел-еркектің бір бөлшегі. Яғни, дәл еркектің түріндей түрі бар, жанындай жаны бар жаратылыс. Яғни, екеуі де бір заттан жаратылған. Бір негізден болмаса, ұрықтану жүзеге асып, ұрпақ та жалғаспайды», – деп пікірін білдірген.

Осы кітапта «Сүйікті Пайғамбарымыздың көп әйел алуының мәнін түсіндіріп бере аласыз ба?» – деген сұраққа да жан-жақты жауап қайтарған екен. Дін тарату, оны дұрыс жеткізу, әйелдерге насихаттау, ұрпақты көбейту мәселелері тұрғысынан қарастырып, дәлелді фактілер арқылы бере білген ақсақалдың жауабына іштей сүйсініп, ұйыйсың. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әр жарына бөлек-бөлек, арнайы тоқталып, олардың келбетін, адамдық бейнесін жақсы ашып берген.

Фетхуллаһ Гүлен «Ғасыр тудырған күмәндар» атты екінші кітапта  «Зинаның залалдары туралы айтып берсеңіз?» – деген сұраққа жауап береді. Зинаның не екенін ұғындыра отырып: «Пайғамбарымыз: «Үмбетім үшін ең қорқатын нәрсем – әйелден келетін бүлік», – деген екен. Және бір хадисте «Үмбетім үшін іріткінің ең қауіптісі – әйел іріткісі», – делінген. Нәпсіқұмарлықтың салдарынан тарихта көптеген елдер жермен-жексен болған. Әсіресе құмарлық Рим мен Византияның да түбіне жетті», – дейді. Ойшыл адамды азғындықпен, шектен тыс нәпсіқұмарлықпен күресуге шақырады.

Осындай ойларын ортаға салған данышпан «Әйел — тәуелсіз тұлға» деген мақаласымен әйелдердің қоғамдағы орнын айқындап берген. Әйел жайында: «Еркек сияқты оның да мал-жаны, намысы кепілдік астында және бұларға немқұрайды қарағандар үшін ауыр жазалар бар екенін айту керек. Иә, әйел де заң тұрғысынан тәуелсіз және ерікті бір тұлға. Оның әйел болғандығы, оған қатысты құқықтардың ешбіреуін шектеп, жоя алмайды. Құқықтарының біреуіне қол сұғылғанда, ол да тура еркектер сияқты құқығын қорғай алады. Біреуде қақы кетсе, оны қайтара алады», – деп түйіндейді.

Ол отбасылық өмірде үйлесім болуы үшін жүректерде Аллаға иман, есеп беру сезімі, адамға деген құрмет сезімі болуы керек екенін айтады. Құранның сүрелерінен үзінділер келтіре отырып, ер мен әйелдің ерекшеліктеріне, олардың арасындағы байланыстарға тоқталады.

Осы кітапта «Әйел түсінігі және әйел құқығы» атты пікірінде Фетхуллаһ Гүлен еркектер мен әйелдер бір медальдің екі жағындай деп ұқсатып, еркектер әйелдерсіз, әйелдер еркектерсіз өмір сүре алмайтынын, ер мен әйел қашанда бір-бірін толықтыратынын айтқан. Исламның алғашқы кезінде Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі Айшаның көпшіліктің ілтипатына бөленген дін ғалымы болғанын жазып, дәлелдермен сөйлейді.

Фетхуллаһ Гүленнің әйел тақырыбындағы көзқарастары еңбектерінде үнемі ашық көрініп жүреді. Ол қай-қай жазғанында болмасын ақиқатын айтуға, өмір құбылыстарының сырын Құран арқылы ашуға талпынады.

«Баян» атты ой-толғамдар кітабында ойшыл «Әйел табиғаты хақында бір үзік сыр» атты мақаласы арқылы әйелдің болмысы, жан-дүниесін, оның қалтарыс-бұлтарысы көп ішкі әлемінің құпияларын ашуға тырысқан. Ол бұл мақаласында «Жан дүниесі жадыраған әйел – мейірімділіктің бейнесі, ал мейірімділік оның жаратылыс болмысынан туады. Егер осы асыл табиғат әртүрлі сұрқия күштердің батпағына былғанбаған болса, ол айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, мейіріммен ойлайды, мейіріммен сөйлейді, мейіріммен елжірейді және өмір бойы жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарап, әрбір жанға шоқ-шоқ мейір гүл шапағаттарын сыйлайды... Әке-шешесіне, бауырлары мен туысқандарына, жолдастары мен құрбыларына, сондай-ақ кезі келгенде, жұбайына, ұл-қыздарына және айналасындағылардың барлығына құшақ жайып, жаны ашып, құрақ ұшады... Ал олардың жүздеріндегі мұң-қайғысын байқағанда, қоңыр күздің жапырағындай сарғайып, құлазиды», – деп бастапты. Ол рухтың дамуына күш қосатын мүбәрак әйелдің отбасында Темірқазық іспетті үнемі бір орында тұратынын, басқа мүшелер болмыстарын және мінез-құлықтарын ылғи да оның айналасында қалыптастырып, беріктік пен адалдықтарын сақтап, мақсаттарына қарай бет бұратынын, жақсы әйелдің қандай да бір іс болмасын, мейірім, қамқорлық, сүйіспеншілік қазанында қайнап, сол қазан асылған киелі үйдің ошағында өз рухын сақтап, сана-сезімдерімізге қажетті мәңгілік азықты пісіріп жетілдіретінін меңзейді.

«Әйел – әсіресе, анаға тән қасиетке ие әйел, аспан әлеміндей шексіздікке жетелейтін өте терең әлем және көңілінде жұлдыздар іспетті отты сезімдердің, ой-пікірлердің жалындап тұратын түйсік пен мейірімділік шуағы. Ол әрқашанда ащы-тәтті оқиғалардың арасындағы ең жарасымды, қуаныш-қайғылардың ортасындағы ең бейбіт, шаттық пен шер-шеменнің жетегінде әркіммен аралас-құралас, кекшілдік пен дүрдараздыққа қарсы тұратын адал және әрбір хал-жағдайы мен мінез-қылығы арқылы жасампаз да өңдеуші, сондай-ақ, жер бетіндегі иләһи патшалығының ең пәк ұйытқысы, шынайы сезімталдығы мен нәзіктіктің де өзегі тәріздес», – дейді.

Фетхуллаһ Гүлен бұл мақаласында әйел туралы теріс көзқарастарға қарсы өз пікірін орынды білдірген. «Әйел сезім жетегіндегі мақұлық, оған қарамау керек, ал қарауға мәжбүр болған жағдайда, онымен сөйлеспеу керек, сөйлескенде де ұзақтан қарап сөйлесу керек...», – деген Будда мен Аменданың арасындағы болған әңгімені, сол сияқты: «Дүниенің бір жерінде, әйел еш уақытта үйленуге, мирасқа және өзге де адам құқықтарына ие бола алмады. Ол ол ма, ол кесірткеден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды бір мақұлық...» – деген үнділердің «Ведалар» кітабындағы мәліметтер мен пікірлерді өткір сынап, осындай әйелді қор санайтын көзқарастарға қарсы уәж айтады. Ол жай ғана жалаң сөздермен емес, Құранды алтын қазық қылып алып, діни жағынан өте сауатты түрде пікір білдіре білген. Ол: «Адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с.) соңғы (Уәде) хұтбасында: «Сіздер әйелдердің құқықтарын қорғаңдар және осы мәселеде Алладан қорқыңдар! Әйелдер сіздер үшін Алланың аманаттары», – дейді деп нәзік жандарды құрметтеу, сыйлау керек екенін ғибрат еткен.

Бұл мақаласында түрік дүниесінің данасы, білгір дінтанушысы: «Әйел мен еркекті ауадағы оттегі мен азотқа ұқсатсақ, әрбіреуінің жеке орны бар, өте маңызды рөл атқарады және өлшем бойынша бір-біріне ауа мен судай қажет. Ауадағы элементтерді бір-бірімен салыстырып, «азот оттегіге қарағанда пайдалы» деп, ойлау қаншалықты әбес болса, әйел мен еркекті де дәл осылайша салыстыру орынсыз», – деп ой толғайды.

Осы ой-пікірлерді келтіре отырып, ол:
«Бір-бірінсіз ер мен әйел, адырнасыз жебедей,
Жалғыз қалған әрбір зат, құрғақтағы кемедей», – деп өлең-жырмен қорытады.
Сөзіміздің соңында айтарымыз – Фетхуллаһ Гүлен өз еңбектерінде әйел тақырыбын көтеріп, әйелдердің өмірдегі орнын айшықтап, белгілеп, жас ұрпаққа Ислам ілімін түсіндіріп, Алланы тануға, білім-ғылым үйренуіне жол сілтеген. Оның бұл ойлары дініміздің алтын қазынасына, арқауына, әлемдік жауһарға айналып отыр.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.