КЕМЕЛ ОЙДЫҢ КЕЗЕҢІ

Біз өмір сүріп отырған қоғамда қайшылықтар көп. Ол әсіресе, діни көзқарастарда айқын белең алып отыр. Бұған көптеген адамдардың ішкі адасуымен қатар, сыртқы саяси жағдайлардың сонымен бірге заңдық нормалардың да әсері тиюде. Яғни, біреулер өзі адасса, біреулер кездейсоқ жандардың адастыруының ығында кетуде. Осыдан келіп, жоғарыда айтылған қарама-қайшылықтар туындап отыр. Дегенмен де, қарапайым көпшілік Исламның негізі сүйіспеншілік пен адамгершілік қағидалары екендігін іштей болса да сезеді. Біздіңше, халықты шатыстырып, Исламды тым күрделендірудің құбыжық ретінде тылсымдандырып көрсетудің қажеті жоқ. Ол шындығында да қарапайым адами құндылықтардан тұрады. Ата-ананы құрметтеу, туған-туысқа мейірлі болу, жанды – Алланың аманаты деп түсіну, өз өміріне де, өзгенің өміріне де сүйіспеншілікпен қарау, өзгеге қиянат жасамау сияқты қасиеттер қазақ халқының бойында ықылым заманнан бері бар қасиет болса, Ислам да осы қағидалардан алшақтаған емес. Тек осы нәрсені жалпыға түсіндіретін жекелеген адамдардың шатасуының соңы өкінішке әкеп соқтырып жататын жайттар жиілеп кетті. Демек, нағыз діндардың да діндары бар. Исламды тереңіне бойлап ұғу үшін, және оны қарапайым халыққа қатесіз түсіндіре білу үшін адамның рухани тереңдігі қажет. Өмірінің маңызды мақсаты етіп Жаратқанға құлшылықты таңдаған, сол арқылы Алланың мейіріміне бөленуді қалаған адамдар жоқ емес. Солардың бел ортасында – түрік халқының көрнекті жазушысы, әрі ақыны, бүкіл әлемге танымал ислам ғұлама ғалымы Фетхуллаһ Гүленді атауға болады. Ол – ізгілік, адамгершілік сияқты қасиеттерге тәрбиелеуде Ислам дінінің – нағыз ақиқат діннің ең басты құрал екендігін дәлелдеуге ғұмырын бағыштаған жан. Мұны оның жазған барлық шығармаларынан, мерзімді баспасөзге берген сұхбаттарынан анық байқауға болады.

Асыл дінімізді террорлық әрекеттерге барды деген қауесет бір кездері бүкіл әлемді шарлап кетті. Осы мәселе турасында ол түрік журналисі Нұрия Ақманның: «Террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе?» – деген сұрағына: «Кінәліміз. Ұлт та кінәлі. Білім беру жүйесі де кінәлі, – деп жауап берген. – Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дін бір мақсатқа жету үшін адамды өлтіруге тыйым салады. Ал оларға дұрыс тәрбие беру жолында біз қаншалықты күш-жігерімізді жұмсадық? Қандай рухани ізгілік арқылы олардың аяқ-қолдарын тұсауладық?» Осылай дей келе, ол жер бетіндегі адамдардың хайуандық әрекеттерінің шешімін тек кең мағынасындағы білім, білім мен кемелділік қана шеше алатындығын айтады. Ұрпақ тәрбиесін алғашқы қатарға қояды. Шындығында «Бәрі де бала үшін», демек өз басымыздың болашағы үшін деген ұранды қанша көтергенімізбен, бала тәрбиесі бізде екінші орынға ысырылды. Аналар әкелермен қатар еңбек етіп, ақша табу, күн көру жолына кетті. Бала тәрбиесімен тек мектеп пен бала-бақша айналысатын болды. Ал екі жақты болмаған тәрбиенің жеткілікті нәтиже бере алмайтындығы әлімсақтан белгілі. Мектепке бала барып жүр ме, барса не үйреніп жүр – бұл туралы бас қатыра бермейтін болдық. Ал Исламда бала мен ананың да орны ерекше емес пе еді.

Осыдан келіп, балаларымыз түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Жауыздықты, одан да өзге әлдебір зымиян мақсаттарды көксеген ағымдардың адамдары балалар тұр ғой, үлкен кісілердің өзін рухани жүдеп, жаны жалғызсырап, сансыз халықтың ішінде өзін жалғыз сезініп жүрген жабырқау сәтін дөп басып танып, жылы сөзбен қатар, материалдық көмекті қоса ұсынып, алдап Алла жолынан тайдырып жатыр. Мұның барлығы біздің – мұсылман баласының бір-бірімізге деген мейіріміміздің азайғандығынан. Қоғамымыздың қайшылықты болғаны соншалықты, барлығымыз да кейде жанымызды түсінетін бір адам таба алмай, жетімсіреп, әлдебір жаман ойлардың жетегіне ере кетеміз. Бұл айтылғандар біздің иманымыздың әлсіреп, жүрегіміздің кірлей бастағандығы екендігін аңғара да бермейміз. Рас, өмір адамға Алланың берген үлкен сыйы, бірақ шынайы өмір бізді алда күтіп тұрғанын ұмытпауымыз керек. Осыны шын түсінген адам жабықпаса, өмірден жалықпаса керек-ті. Көшеде жабырқап, жылап бара жатқан адамға жылы сөз айтпақ түгілі, туған-туыспен жылына бір рет те көріспейтін уақыт келді. Жалғызсыраған қаншама адам өмірден баз кешіп, өзіне-өзі қол жұмсап кешірілмес күнәға батып жатады. Мұндай имансыздықтың себебін өзіміз берген тәрбиеден іздемей, қайдан іздейміз?

Ф.Гүлен дінді насихаттауда өте шыншыл, әділетті болды. Халықтың діни сауатын ашу арқылы ұлт үшін қызмет етті. Кемел білімге зор мән берген елін сүйген азамат мектеп ашты, ұстаздық етті, ұрпаққа білім беруде имандылықты ту етті. Оның жазғандарынан ұстаздың білім мен тәрбиені еш бөлмей қарастыратынын анық байқауға болады. Әсіресе, бір жақты білімнен абай болуға шақырды. «Бізге төнген қауіп бұрынғыдай надандықтан емес, қайта білімдіден келіп отыр. Сондықтан білімдінің білімін біржақтылықтан құтқару үшін оған міндетті түрде руханиятты қосу керек, рухани құндылықтардағы имани, иләһи тәлім-тәрбиемен ұштастыру керек. Яғни, білімділер сол біліммен бірге руханият саласында да тоғышарлықтан аулақ жүруі тиіс. Сонда елдің елдігі, ұлттың ұлылығы сақталады», – дейді ол бір сөзінде. «Адамға жақсылық істегің келсе, оған балық ұстап берме, балық ұстауды үйрет» деген сөз бар. Демек жақсы көру бар да, оны көрсету бар. Ұлтын сүйген адам қашанда оның болашағына алаңдаулы. Аға буынның тек сары уайымға салынып, жастарға бар кінәні жауып, қол қусырып отыруының еш қисыны жоқ. Керісінше жастардың, өскелең ұрпақтың надандығына аға буын жауапты. Егер артыңнан өскен ұрпағың жаны жарым, рухани мүгедек болса, бұл – өзіңнен кеткен үлкен қателік болары кәдік. Фетхуллаһ Гүлен мұны әр кез айтудан, насихаттаудан еш танған емес.

Айтып қана қойған жоқ, өз ісімен үлгі көрсетті. Оның ойынша, білім беру мен тәрбиелеу ісі тек сол баланың ата-анасы немесе мектептегі ұстазы, тіпті білім министрлігінің ғана жеке шаруасы емес. Ол – елінің ертеңін ойлаған әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы.

Ал асыл дініміз адамға шамасы жетпейтін, орындай алмайтын, көтере алмайтын нәрсе жүктеген жоқ. Мейірімді бол, қайырымды бол деді. Бұл да, пендеге жүктейтін өзге жауапкершіліктер де – жалпы адамзатқа да жат нәрсе болмаса керек.  

Барлық жамандықтың «шешімін мұсылмандықтан емес, мұсылмандықты үйренбейтін немесе білмейтін, білсе де дұрыс түсіндірмейтін адамдардан іздеу керек». Түсіне білген адамға Ислам діні жауыздықты емес, ізгілікті, мейірім мен сүйіспеншілікті насихаттайды.

Бұл туралы Ф.Гүлен өзінің «Диалог негізі» деген мақаласында: «Тіршіліктегі барлық нәрсе мейірімділік пен жанашырлықты жоққа шығармайтындықтан, мұны (Исламды – авт.) бір мейіріміділік симфониясы деуге де болады. Ал адам болудың ең басты шарттарының бірі барлық тіршілік атаулыға мейірімділік таныту болып табылады. Мейірімділік пен жанашырлық адамға ерекше шабыт сыйлайды», – деп жазады.

Шындығында да, біз өмір сүріп отырған қоғамның бір дерті – рухани азғындық болып отырғаны да жасырын емес. Ата-ананы сыйламау, ішкілік пен есірткіге салыну, зинақорлық пен жезөкшелік – барлығы да имансыздықтан. Ал бұл айтылғандар бүгінде қай жерде болмасын кездесетін жайттар. Бұлардың алдын алу тек Исламға ғана тән. Жүрегінде иманы бар адам мұның біріне де бара алмас еді. Ф.Гүлен еңбектерінің негізі де осы қоғамдағы рухани құлдырауға тоқтау салуға бағытталған. Оның жазған мақалаларының барлығы дерлік рухани сусаған адамның естігісі келген тақырыпты тап басуымен ерекшеленеді. «Менің ішкі түйсігім алдамаса, адамзат соғыстан шаршады, – дейді ол бір сұхбатында. – Адамдардың бытыраңқы әрі бір-біріне жау болып өмір сүруіне ешқандай қисын жоқ. Сондықтан да бүгінде барлық адамзат ауаға, суға, нанға зәру болған сияқты мейірімділік пен рухани қайырымдылыққа, бүкіл әлемдегі бейбітшілікке аса мұқтаж болып отыр. Мен бүкіл әлем елдерінің басым көпшілігі қақтығыстан гөрі өзара түсіністікке дайын екеніне және олардың бейбітшілік пен келісімді орнықтырудың жолдарын іздейтініне терең сенемін». Осы сөздерге біз де қалтқысыз сенеміз. Бүгінгі қоғамның адамы рухани ашаршылыққа тап болғаны да рас. Егер де бір адамға өзіне қарсы тараптан алғашқы болып түсіністікпен өмір сүру туралы ұсыныс түсетін болса, ешкім де бас тарта алмас еді. Жеке басқа қатысты да, мемлекетке қатысты да осыны айтуға болады. Дініміздің негізгі қағидасы да бүгінгі күні Елбасымыз жиі айтып жүретін екіжақты диалог пен толеранттылық. Ал бұл екі нәрсе көптеген ірі апаттың алдын алушы ұлы күш.

Бір қоғамда өмір сүретін көптеген адамның түрлі көзқарасы болуы әбден мүмкін. Бірақ соған бола өзіңнен өзгеше ойлайтын адамды кінәлауға бола ма? Мықты болсаң, өз пікіріңнің дұрыстығын кеудемсоқтық пен күш көрсетушілікке бармай, дәлелде. Тек мана өзге пікірде отырған адам ендігі жерде шатасқанын өзі түсінетін болсын. Бұдан артық не бар? Бұл ретте, Фетхуллаһ Гүленнің «Дінді емес, діндарлардың санасын жаңарту керек» дегені еске түседі.

Расында бұл қоғам терең діни білімге зәру, терең білімді адамға зәру. Исламда уағыз айту қасиетті, ізгі нәрселер қатарында. Ендеше сол уағыздың өзін дұрыс түсінетін және дұрыс түсіндіре білетін адамдар кемде кем. Ал түрік еліне, қала берді әлемге өзінің ерекше діндарлығымен танылған және діни төзімділік пен өзара түсіністікті тынбай уағыздаушы Фетхуллаһ Гүлендей адамдарға зәру емеспіз деп қалайша айта аламыз? Оның пікірлері бүгінде рухани сусаған адамдардың арасынан қызу қолдаушыларын табуда. Себебі оның бүкіл болмысы жауыздыққа, әділетсіздікке, нақақ қан төгушілікке қарсы.

Қазіргі кезде дінді атақ пен даңққа жету жолына пайдаланушылар аз емес. Ф.Гүленнің шығармаларын оқымай, тек ол туралы мақалаларды оқыған адамның осындай пәндауи ойларға берілуі әбден мүмкін. Себебі ол туралы пікірлердің өзі сан алуан. Мұның өзі бүгінгі күнгі Исламға деген көзқарастан да туындауы мүмкін. Бірақ оның шығармашылығына ден қоя оқыған адам өз көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап табары анық. Ал, осындай үлкен парасат иесін, кемел ойлы биік тұлғаны – ізгі ниетті жандардың серігі демегенде кім дейміз?
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.