ІЗГІ АДАМ
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Абай
Ұлы Абайдың біз эпиграф етіп алып отырған осы бір ұлағатты сөзі түріктің ХХ–ХХІ ғасыр айрығында өмір сүріп отырған ғұлама тұлғасы – Фетхуллаһ Гүлен мырзаға арнап айтылғандай. Ф.Гүленнің руханият пен өркениет, мемлекет пен қоғам, адамзат пен демократия туралы терең мағыналы ой-тұжырымдары дәл бүгінгідей бүлінген заман мен кесірлі қоғам кезінде пенде үшін аса зәру жайлар екені анық.
Ал ойшыл Ф.Гүлен осы биікке қалай көтерілді деген заңды сұрақ туатыны белгілі. Бүгінде әлемге кең тарап отырған оның адамзаттық ой сәулелері мен еткен еңбегі түрік ұлтының ғана мерейін көтеріп тұрған жоқ, ол жалпы адам баласына деген құрметті нығайта түсуде. Оның ойлары мен ұлты алдындағы жасаған қызметі кім-кімді де өр ойлы өріске шақыратыны кәміл.
Түркияның Қорыжық мекенінде туған тұлға түрік ұлтын әлемге еркін таныта алуымен, өзінің өлмес ойларын шырағданнан шашылған шұғыладай тарата алуымен және оны сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде жүзеге асыра білуімен де құнды.
Кез келген білікті тұлғаның, жілікті адамның жетілуі алдымен отбасынан басталады. Ф.Гүлен де сондай, ол қайсар да қатал мінезді, бос сөзді жақтырмайтын әжесі Мунисаның тезінен өтеді. Бала кезінен адамзатқа шырақ боп түскен Құран Кәрімнен осы әжесі арқылы сусындап өседі. Тақуа да иманды, көзі ашық әкесі де тәрбиесіне үлкен көңіл бөліпті.
Алғашқы білімді өз отбасынан ала отырып, медреседе жалғастырған жас Ф.Гүлен басқа да дүниеауи ғылым салаларымен танысыпты. Тіпті, сөз сиқырын сезінткен әдебиетпен де емін-еркін айналысыпты. Отан алдындағы борышын да түрік әскері қатарында адал орындаған. Діни-философиялық бағытта ұстаздық ете жүріп, қоғамдық-әлеуметтік қызметке етене араласады.
Күллі өмірін оқу-ағартушылық мақсатқа арнаған тұлға халықтың рухани дүниесінің құлдырап, мәдени азып-тозып кетпеуіне көп күш жұмсаған. Ол түрік ұлтының адамзат арасында рухани деградацияға ұшырап кетпеуіне бар жан-тәнімен беріліп еңбек етуден басталған алғашқы қадам онан ары әлемдік, адамзаттық ортақ құндылықтарға ұласады. Сол жолда, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бойындағы бар «жиған-терген» білімі мен білігін жұмсайды. Жаңа тұрпатты, имандылыққа, адамгершілікке негізделген мектептер ашуға мұрындық болады. Ал мұндай мектептер қазір дүние жүзінің көптеген елдеріне тарап, үсті-үстіне ашылып жатыр.
Ол өзінің ағартушылық, қоғамдық қызметтері арқылы әлеуметті жаңа ХХІ ғасыр иінінде өз ұрпағын қалай тәрбиелеп, қандай рухани тәлім егу қажет екенін танытып отыр. Қазақ халқының рухани төрт тірегіне айналған – Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет сияқты бірегей тұлғаның бірі Ф.Гүлен екенін бүгінде түркі тектес халықтар енді-енді танып жатырмыз. Әрине, өкінішті!..
* * *
Ф.Гүлен идеялары бүгінгі қоғамның қайшы-лықтарын тарқатып, имани қағидалармен табиғи үйлесіп жатыр. Ол сондығымен да өміршең. Ең бастысы – Ислам құндылықтарымен, яғни адам баласына рухани қуат беретін имани философиямен астасып жатуы және адамзатқа ортақ құндылықтар аясында ой қозғап, тек сол тұрғыдан тың тұжырымдар түйді.
Ойлы тұлға ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы жеткен Құран сөздеріне үнемі табан тіреп, Құранды тірек ете отырып өз ойларын бекітеді. Адам баласы үшін уаһи жолымен жеткен Ұлы Алланың сөзі жер бетіндегі кез келген пенденің – мейлі, ол мұсылман болсын, мейлі, ол христиан немесе үндіс, абориген болсын, – жүрек ұясына ұялай қалатыны, санасына сынадай таңбаланатыны ақиқат. Олардың Жаратушы иесінің кіршіксіз сөзі мен оңғақсыз ойына қарсы уәж айта алмасы да хақ. Ф.Гүлен де осы тұрғыдан өз ой-тұжырымына әрі есеп беріп, әрі адасып кетпеуін ойлап отыратыны кәміл.
Әлеуметтік өткір ойларын Ф.Гүлен Құранда айтылатын: «Расында, бір қауым өз-өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дейтін (Рағыд сүресі, 11аят) оймен ұластыра талдап-таразылап бекітеді. «Тұлғаның еркі мен мінез-құлқы оның осы өмірі мен ақыреттік өмірінің нәтижесін көрсеткеніндей, қоғамның дамуы мен құлдырауы да мүшелерінің еркі мен әлемге көзқарасын, өмір сүру салтын анықтайды», – дейді ойшыл. «Басқаша айтқанда, әрбір қоғам өз тағдырын өзі басқарады».
Ф.Гүленнің бұл түйіні біздің қазақ қоғамына да тікелей қатысты десек, қателесе қоймаспыз. Өйткені қоғамдағы қилы істерге сол қоғамдағы азаматтар жауапты екені, яғни қоғамды құрып отырған тұлғалар жауапты болатыны шындық. Сондықтан да, Ф.Гүлен ойшыл қоғамдағы кереғар әлеуметтік мәселелерге ой жүгірткенде, оның себеп-салдарын адамдардың ой-ниеті мен іс-әрекетінен іздейді. «Барлық құқық бірдей маңызды, жеке адамның құқығы қоғам пайдасы үшін аяққа тапталмайды» – дейтіні де содан. Бұл деген – демократияның басты қағидаларының бірі.
Демократия – жеке тұлға құқығының толықтай сақталуы деп айтсақ, Ф.Гүлен де осы ойды, осы рухты негіз етіп алады. Жалпы әлеуметті, күллі қоғамды қалай басқаруды немесе басқарылуды сөз еткенде, ол тағы да Абай айтқандай: «Көптің қамын Тәңірі ойлаған» дейтін оймен жарыса ой қозғап, хадистегі «Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» дейтін, немесе «...адамдардың арасында төрелік етсеңдер, әділдікпен төрелік етулеріңді бұйырды» дейтін хақ сөзімен бекітеді. «Сонымен, – дейді Ф.Гүлен ойшыл, – Құран Кәрім барлық қоғамға қандай міндет жүктесе, қазіргі демократиялық жүйелер де соны ұстанатынын айта кеткеніміз жөн». Ойшылдың жаңа қоғамға сай жаңаша көзқарасы – алғаусыз ақиқат.
«Ислам – қоғамның басын біріктіретін дін» деуі де орынды. «Ол әлемдердің Жаратушысы, Раббысы, Қорғаушысы және Басқарушысы болып табылатын бір Аллаға иман етуге негізделген». Ф.Гүлен қоғам деген түсінікті кең мағынасында да, жалпы әлеумет мағынасында да алады. Сол арқылы әлеумет иманын көтеру, әлеумет санасын серпілту деген терең де нәзік ойлармен суғаруды көздейді.
Бүгінгі күндегі батыстық «демократия уақыт ағысымен дамыды» деген байлам жасай отырып, ол: «бұған дейін қалайша көптеген кезеңдерді басынан кешірсе, алдағы уақытта да дәл солай дамып, жетіле бермек», – дейді. Жай ғана жетіліп қоймайтынына көзі жете отырып, ойшыл да пәлсапашыл тұлға демократияны «ақиқат пен қайырымдылыққа негізделген адамгершілікке бай, әділетті жүйеге айналады» деген қорытындыға келеді. Әлбетте, бұл – утопия емес, адамзат үшін әзірге табылған жалғыз жол. Ол жол батыстық та, шығыстық та емес, адам баласына ортақ жол – демократиялық жол дей аламыз біз де.
Адам үшін ізгі мұратты мақсат еткен тағдырлы тұлға Ф.Гүлен ізгі тілекті үзбей айтып келеді. Ол Батыс пен Шығысты қарсы қоймайды, қайта екеуінің егіз таспадай екеніне мән бере отырып, үндестігін (гармониясын) тап басады. «Батыс елі ғылыми-технологиялық, экономикалық және әскери шеберлікті меңгерсе, Ислам түп тамыры Қасиетті Құран мен Сүннеттен табылатын шынайы әрі тірі рухани дәстүрдің негізін қалайды».
Ол мұсылмандықты теріс-қағыс ұғындырып, өздерінің шабан-шардақ ой-тілектерін тықпалап жүргендерге түбірінен қарсы шығады. Басты конфронтацияға алып келетін ондай тұрпайы түсініктің түбіріне балта шабуға әзір. Жалпы әлеуметті адастырып, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды исламдық көзқарас пен дүниетанымға теліп, содан көріп жүргендерге өзінің батыл ойларымен тойтарыс береді.
Ойшыл: «Мұсылмандар идеологиялық немесе саяси пайымдаулар тұрғысынан әрекет етіп, Ислам жамылғысын жамылуды, қарапайым тілектерін ұлық идеяға балауды тоқтатулары керек, – дейді. – Осының салдарынан бүгінде Батыста Ислам діні жайында шектеулі, жалған түсінік қалыптасты». Әлеуметтік қайшылықтың түп тамыры Ислам немесе Батыста емес, адамдардың өзінде, жекебастық рухани дағдарыстан туындап жатқанына мән береді. Жалпы, Исламды догмалық түсінікпен қабылдауға және құбыжық қылып қабылдатқысы келетіндерге сабырлы салқынқандылықпен қарсылық танытады. «Шынында Ислам адамзат әлеміне еркіндік заңын сақтап қалу үшін, анық ақиқат жолды көрсетті», – деп, түйіп айтады.
Гуманистік ойларымен ерте танылған Ф.Гүлен жалпы әлеуметке қарата: «Исламда догматизмге орын жоқ. Батыстық дін тұжырымдамасы ғылым мен сенімді бөліп қарастырады. Ал исламда олар керісінше бір-бірін толықтырып отырады», – дейді. Ойшылдың бұл пікіріне шәк келтіре алмайсыз.
Шын мәнінде ізгі жан, гуманист тұлға: «Нағыз мұсылмандықта террорға орын жоқ», – деп түсіндіреді. Тұла бойы игілік пен ізгілік нұрына шомылған Ф.Гүленнің бұлай айтпауы мүмкін де емес. Елінен жырақта жүрсе де ұлтының қамын жеген қайраткер тұлға «террор» деген тажалдың қайғы-қасіретін терең сезінеді.
Ол әйгілі әлемдік жазушы О’Генридің «Соңғы жапырақ» әңгімесіндегі символ-жапырақтай, өз жанының да нәзік бір қылын шерткен сәтінде қайғы-қасіретке байланысты адам баласына жасалған қандай да бір әділетсіздік пен сұмдықты өзі бастан кешкендей сезінетін сұңғыла тұлға: «Әрбір күзгі жапырақтың ағаштан үзіліп түскенін көрген сайын солармен бірге қолдарым қоса жұлынып кеткендей қатты қиналам...», – дейді. Бұдан терең, нәзік айту мүмкін емес. Сондықтан да дүниені жайлап бара жатқан жылымқұрттай «террор» дегенге ол жан-тәнімен қарсы. Террорда ұлт, иман деген ұғымның болмайтынына біз де қол қоямыз.
Ізгілік жолында жанын да, малын да салуға даяр ұрпақ тәрбиелеуге шақырады Ф.Гүлен. Оның бұлай сөйлейтін де жөні бар. Қазір адамзатқа қанша қайғы-қасірет жүктеп отырған соғыс, кедейшілік мәселелері сол әлеуметтік шиеленістен туып отырғаны мәлім. Оған дүниедегі прогресшіл адам рухы қарсы тұрмасқа шарасы да жоқ. Дамыған елдер дамушы елдерге қол ұшын беріп, көмегін аямауы тиіс. Өкінішке қарай бұл мәселе кейде жылт етіп көрінгендей болғанымен, ақиқатында дамыған алпауыт елдердің жаныштауымен (АҚШ, Қытай, Ресей т.б.), доқ көрсетуімен (Еуропа, Израиль елдері) көзге ұрып тұр.
Ал мұндайға Ф.Гүлен секілді білімдар, парасатты тұлғалар үндемей отырып қала алмайды. Олар «көше көсемдеріндей» (Оралхан Бөкей сөзі) айғайлап, бетімен лағып та кетпейді. Олар өз ой-сезімдерін сабырлыққа жеңдіре отырып, диалогқа шақырады. Сондай-ақ әр ел, әр азамат, әр әлеумет өз проблемасын өзі шешуге, өз құқығын өзі қорғауға, өз қотырын өзі қасуға тиіс екенін, оған сырттан қара күш көрсетіп, қол сұғуға болмайтынын жеткізеді.
Қазір әлемде айдаһардың отты басындай ана жерден бір, мына жерден бір бұрқ ете қалып, қаһарлы жүзін танытып отырған террорлық әрекеттің шығу тегін Ф.Гүлен тап басып айтып береді. Оның тегі әлеуметтік теңсіздікте екеніне ой жібереді. «Кедейлікпен күресе білмеу – бұл өз алдына бір жаза», – дейді ғұлама. Сонымен бірге «Билік басындағылардан көретін қорлық пен соған деген көнбістік, өмірдің қашан да езгіде өтуі де жаза».
Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан бұл өте кемел ой һәм қасіретті шындық, ащы ақиқат екені әркімге аян. Алмас алдаспандай өткір ой билік басындағыларға тікелей қаратып айтылып отыр. Ойшыл жеке адамның мүддесін билік қорғамаса, сол жолда жалпы кедейшілікпен күреспей, керісінше езгіде ұстаса, бұл да – қылмыс деген ойға саяды. Осындай теңсіздіктен туындаған тәуелділік жеке адамның жанкештілігіне алып келеді, ал мұнымен қалай күресу керек деген ойлар сананы жаулап алады.
Күнделікті ақпарат көздерінен түспейтін террорлық әрекеттің бір себебі бұл болса, басты себебі: «Біз кінәліміз. Ұлт та кінәлі. Білім беру жүйесі де кінәлі», – деп санамалап береді. «Исламның негізін меңгерген адамның, – дейді Ф.Гүлен, – террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл». Шындық осылай, өйткені мұсылманшылықта қасақана кісі өлтіру – ахиретте кешірілмес күнә. Нағыз мұсылман жауыққыш емес – жанашыр. Ф.Гүлен ғұлама да осы жайды меңзеп отыр. Сондықтан ол «жанкештілердің иман жайлы білімдері шектеулі» дейді. Шектеулі болғандықтан да көзжұмбай, көрсоқыр идеяның құрбанына айналады. Бұған «...қарғыс атқыр идеялар үшін қаншама адамдар жер құшты» деген ғұламаның өз сөзі дәлел.
Америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің ХХ ғасырдағы өз буыны туралы «жоғалған ұрпақ» дейтін ғажап теңеуі бар. Фетхуллаһ Гүлен де жаңа ғасыр айрығында былай дейді: «...рухани тұрғыдан жұтаң, адасқан жастар, жаңа ұрпақ өсіп жетілген». Иә, осы Ф.Гүленнің «адасқан ұрпағы» анау Хэмингуэйдің «жоғалған ұрпағынан» да қауіпті, қатерлі, қасіретті болып отыр ғой қазір. Олар – технократ, сәулесіз, суайт, жансыз, мұздай салқын, ең ақыры – қанішер-террорист...
Ал біз осыған қалай жол беріп алдық?
Ф.Гүлен осы өткір сұрақтың жауабын тәрбиеден көреді. Тәрбиені бетімен жіберіп алған қоғамнан сұрайды. «Олардың барлығы біздің арамызда өсті, – дейді ғұлама. – Демек, тәрбиеде кемшін кеткен тұстар бар. Демек, тәрбие жүйесінде ойланып, толғанатын, орнын толықтыратын жайттар бар. Демек, адам тәрбиесі алдыңғы кезекке қойылмаған. Сөйтіп, сол мерзімде адамдықтан жұрдай, рухани тұрғыдан жұтаң, адасқан жастар, жаңа ұрпақ өсіп жетілген. Оларға әлдекімдер кішкене тиын-тебеннің ұшын көрсеткен. Немесе оларға түрлі дәрі-дәрмектер беріп, роботқа айналдырған... Оларды ақыл-есінен жұрдай жағдайға душар еткен. Сөйтіп, оларды негізгі мақсат, негізгі идея осы деп, адам өлтіруге, жалпы өлімге күштеп айдап салып отырған. Әлдекімдер солардың қолымен от көсеп, өз мақсаттарына жетуді көздеген».
Қазақ мұндай ұрпақты «миғұла, мәңгүрт» дейді. Жазушы Әбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматовтың әдебиетке кіргізуі арқылы әлемдік философиялық терминге айналған «мәңгүрт» мәселесі бүгінде ушығып-ақ тұр. Ф.Гүлен де соның тамырын тап басып, гуманистік көзқарас тұрғысынан ХХ ғасырда адам баласының жіберіп алған тәрбие проблемасынан көріп отыр. Тәрбие мәселесі прагматикалық ұрпақ белең алған бүгінгідей күнде басты мәселе екенін ғалым қадағалап айтады.
Ол демократиялық қоғамды ынты-шынтысымен жақтай отырып, оған өз көзқарасын ашық білдіреді. Әсіресе, рухани мәселені баса айтады. «Дегенмен, уақыт өте келе адамдар өзгереді екен, – дейді Ф.Гүлен. – Мүмкін олар қазір дұрыс бағыт тапқан да болар. Олар демократия мәселесінде едәуір күш-жігер жұмсап жатыр. Осы демократиялық қоғамнан үлкен үміт күте отырып, «Егер демократия ислами дәстүрге құрметпен қарайтын болса, оның ешқандай қорқыныштылығы жоқ». Сөйтіп, «ана өмірдегі (о дүниедегі – А. А.) алдымыздан шығар есептер үшін. «Неге ондай демократия болмасқа?» – деп, қарсы сауал қоя отырып, демократия ұғымының екі дүниеге де ортақ һәм терең мағынасы барлығына көңіл бөледі.
Демократияны тар шеңберде емес, кең мағынада қарай келіп, онда Исламның рухани құндылықтары мен ислами тәрбиенің де орны болуы керек екеніне көз жеткізеді. Мұның өзі жан-рухы таза, біреудің ала жібін аттамайтын ұрпақ тәрбиелеуге алып келеді. Сөйтіп өзі айтқандай, ондай адам қоғамда «ұрламайды да, алдамайды да. Соңғы кезде біз «қолы таза емес» деген сөзден әбден қорқатын болдық». Ойшылдың бұл сөзі біздің қазақ қоғамына да тікелей қатысты. Биліктегі бармағымен мөр басып отырып шіренген, ісінген, кепкен шенеунік былай тұрсын, күнделікті өмірде араласып жүрген азаматтар арасында қолы былғанбаған адам қалмай бара жатқаннан қорқамыз. Ертеңгі ұрпақ қандай болмақ? Өмірді адамгершілікпен, адамдықпен, «имани гүлмен» (Абай) өлшей алмас, тек тасбауыр, жансыз, жалған ақшамен өлшейтін ұрпақ қоғамды лаңдап, құртып тына ма деп үрейленесің... Тәңірі тезге, тәңірім түзу жолға салар деп қана үміттенеміз.
Ұлы Абайда «өңшең нөл» деген ой бар. Ф.Гүлен де «менің осылай сөйлегенім, ойлағаным, күніне бірнеше рет өзімді жерлегенім, нөлге теңегенім (ал егер біз мәңгіліктің алдында өзімізді нөлге теңемесек, онда оны шектегендей боламыз, себебі Алла – мәңгілік те, біз – нөлміз ғой), екінші жақта еріксіз қолдау сезімін тудыруы мүмкін», – дейді. Демек, өзінің жер-жебіріне жете, жерлей отырып, «нөлге» теңеп, рухының кішік те асқақ болуына ғұлама мән береді. Осы тұрғыдан ол Абаймен үндесіп кетеді.
Жалпы, дүниедегі ойшылдар үндестігі табиғи заңдылық екені бұрыннан белгілі жай.
- жасалған.