АҚИҚАТТЫҢ МӨРІ


Фетхуллаһ Гүлен – есімі әлемге танымал тұлға. Ол – әрі жазушы, әрі өз заманының тынысын тап басып жазып жүрген публицист, ірі ғалым, әрі белгілі қоғам қайраткері. Оның  рухани жағынан  қалыптасуына ұшқан ұясының әсер-ықпалы зор болғандығын өзінің мына естелігінен аңғаруға болады: «Маған атамнан гөрі әжем Мунисаның әсері көбірек тиді. Ол табиғатында бос әңгімелерді ұната бермейтін, қайсар мінезді әйел еді. Ол кезең – Құранды оқуға қатаң тыйым салынған уақыт. Бірақ әжем соған қарамастан көрші ауылдың әйелдерін жинап алып, Құраннан сабақ берді, мен де оның шәкірттерінің біріне айналдым. Тәрбиеме әкем де белсене араласты. Ол өте  иманды, діндар, тақуа, ұқыпты әрі қырағы кісі еді. Менің білетінім, әкем де уақытын босқа өткізбейтін...»

Фетхуллаһ Гүлен халықтар мен мәдениеттер арасындағы достықты нығайтуға атсалысуымен де танылды. Оның айтуынша, дүниежүзі халықтарының жекелеген ерекшеліктерінен гөрі, олармен ортақ белгілерінің көптігін негізге ала отырып байланыс құрған жөн. Осы мақсатта ол түрлі қоғам өкілдерінің арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған Жазушылар мен Журналистер Қауымдастығын құруға түрткі болды. Бұл бастама сан алуан көзқарас иелері мен көптеген дін өкілдері тарапынан жылы қабылданды.

Фетхуллаһ Гүлен: «Егер адамдар надан күйде жүріп, азатпыз деп ойласа, онда олар өмірлерінен ешқашан болмаған әрі болмайтын нәрселерді күтеді. Ал саяси және мемлекеттік жүйеге қатысты айтар болсақ, бірден-бір баламалы мүмкіндік – ол демократия болып табылады», – дейді. Ол үнемі: «Сәтсіздікке қынжылмаңыз, анархистерге берілмеңіз», – деп, қандай жағдай болмасын үмітсіздікке бой алдырмауға үгіттейді. Үмітсіздік – адамзаттың алға жылжуына кедергі келтіретін сусыма құм тәріздес, жеңіске деген бойдағы ерікті жояды. Ол мойынды буындыратын арқан тәрізді.

Фетхуллаһ Гүленнің айтуынша, біз XXI ғасырда моралдық құндылықтардың кемеліне келіп, жаңа бір рухани белеске қадам басудың куәсі боламыз. Бұл өркениеттер арасындағы бірлікке бастайтын толеранттық пен өзара түсіністік ғасыры болмақ. Фетхуллаһ Гүленнің жарық көрген еңбектерінен:   «Адамзат жолайрыққа жақындады, біреуі — опық жегізетін өкінішке, екіншісі – жақсылық табатын құтқарылуға апарады. Уа, Алла  Тағалам! Бізге дұрыс тандау жасарлық сана бере гөр!» деген ойды кездестіруге болады.

«Өз ісіңнің дұрыстығына өзге жандардың көзін жеткізу турасында айтсақ, – дейді ол, – күшпен мойындатудың заманы өткен. Бүгінгі көзі ашық қоғамда өз көзқарасыңды өзгелерге қабылдату нақты деректерге сүйену арқылы ғана жүзеге асады. Ал білек күшіне сеніп жүргендердің жоспары әуел бастан-ақ іске аспауға бейім». «Адам өз өмірінде материалдық әрі рухани құндылықтардың арасында тепе-теңдік сақтауға тиіс, пейіл тарлығы мен сараңдықтан аулақ болғаны жөн. Сонда ғана ол шынайы бақытқа қол  жеткізеді».

Сүннет қағидаларын ұстануды насихаттап жүрген рухани ұстаз Фетхуллаһ Гүлен – нағыз үлгі тұтуға тұрарлық жан. Хадис түсініктемесі, Құран тәпсірі, Ислам құқығы мен заңы (фиқх), тасаууф пен философия ілімінің білгірі болып табылатын ол қазіргі ислам ғалымдарының ішінде айтулы орынға ие.

Мен өзім оқып танысқан «Баян» атты кітабы – кең толғайтын әдеби-философиялық еңбек. Фетхуллаһ Гүлен өз жазғандарында қашан да «Құранға» сүйенеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп Хәкім Абай айтқандай, жаратушының хақ екендігін мол білім, зор ізденіс негізінде дәлелдейді. Кітап  барлығы 17 толғаудан тұрады. Соның әрқайсысында ақиқат өмірдің сан алуан қырын нанымды дәлел-дәйектермен көрсетіп береді.

«Адам баласы сөйлей бастағанда, қозғалмаған және үнсіз қалғандай  болып көрінген әрбір заттың тілі шыққан, сондай-ақ әрқайсысы «мәләи ағладан» (періштелер әлемі) бір-бір жол, бір-бір бап болып түскен  барлық болмыстар мен  оқиғалар таңдайынан бал тамған жеке-жеке уағыздаушы  іспетті әр нәрсенің түпкі мәнінде жатқан ақиқатты адал жеткізетін тілі және хикметке толы баяны болған. Біздің пайымдауымызша баян болмаған жағдайда, болмыс пен тіршілік үнсіз, оқиғалар үнсіз және бүкіл әлем қозғалыссыз сұлық-сал болар еді», – деп  жазады ол өзінің «Баян» атты шығармасында. Шын мәнінде, біз дүниедегі әрбір заттың өз тілінде сөйлейтіні жайлы ойландық па?! Таудың бетіндегі мелшиген қара тас та сөйлейді. Сонау ғасырлар бойы көрген-білгені туралы шежіре шертеді әрбір тас. Сол тас тілін түсіне білу керек бізге. Уілдеп соққан жел де, көктегі бұлт та, бұлттан төгілген нөсер де, жерде көктеп шыққан гүл мен жапырақ, ағаш пен бұталар да сөйлейді. Бұл дүниенің баяны – сол, түсінген жанға.

Тағы да Фетхуллаһ Гүленге құлақ түрсек : «Барлығымыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – баян. Ең үлкен ақиқаттың өзегінде жатқан  хақты мойындап, бар болмысты осы тұрғыдан симфония секілді үндестіріп отырған, дыбысқа салып, әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуіне мүмкіндік туғызған да – баян. Ойтолғау қазыналары қақпаларының құлыптарын ашатын бір ғана кілт – баян, кіндікті айналып жүретін ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесі – баян, патша  мәртебесімен тіршілікке араласу қабілетімен жаралған адам баласының алтын тағы – баян, қаламы – баян, қылышы – баян және сұлтандықтың негізгі заңы да – баян».

Осынау толғаныстар шын мәнінде өмірдің мәнін, тіршіліктің нәрін түсіндіреді. Бұл дүниенің қым-қуыт қапылыстары, өмірдегі әрбір затты  өз орнына қойып, әрқайсысына бір-біріне ұқсамас сапа, белгі берген  Жаратушы құдіретіне қайран қаласың.

Сурет көріп туған жер келбетінен,
Табиғат бесігінде тербетілем.
Жел жүгіріп барады су бетімен,
Су жүгіріп барады жер бетімен.

...Қайың, емен, тал, терек тың тыңдайды,
Лағыл сәуле бұлақта жылтылдайды.
Бір сәт аспан алқасы – Алтын Күнді,
Кең дүниенің  көзінше бұлт  ұрлайды.

Жолаушылар – Табиғат, Адам, Уақыт
Келеді Жер  ғаламды аралатып,
...Білдіргісі келгендей тірі екенін,
Тау да тасын  қояды  домалатып.

Ақ шуаққа қыраттар  жылынады,
Жапырақтың жан сырын  гүл ұғады.
...Қозғалыс бар үздіксіз, сондықтан да.

Тіршілікте бәрі – ояу, тірі бәрі, – деген өлеңім есіме түсті. Шындығында бұл дүниенің баяны туралы бұрын да ойланған екенбіз. Бірақ дәл қазіргідей мән беріп қарамаппыз. Ф.Гүленнің «баян» жайлы ойлары  адам ойына ой қосатын, біліміне білім қосатын баянды дүние екеніне көз  жеткізесің.
«Баян – Әлем Кітабы мен «Шариғат фытрийенің» (күллі әлемнің тәртібін сақтап, белгілі  бір  механизмде  әрекет еткізіп отырған  Алланың заңы) мәні мен рухы, болмысы мен тынысы, түр-түсі мен реңі, өрнегі мен бейнесі.

Сонымен қатар, ол – Алла жолы – Ислам ақиқатының мөрі, қылышы және қаламы. Алтынның  құнын зергер парықтаса, баянның қадірін сөз  көсемі сөзгер біледі», – деген ойлардан бұл дүниенің мәнін шын  түйсінгендей әсерде қаласыз. Әрі қарай алтын, інжу-маржан – дүниеқоңыздың көзқұртын жеген асыл заттардың бес күндік жалғанда табылып, қайтадан таусылатындығын, ал баянның шығар шыңы мен алар асуының  шексіздігін  дәлелдейді.

«Біздің дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемі, ал әр әдебиетші – сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленің бір-бір көлеңкесі.» Бұл – тың көзқарас, жалпы сөз өнеріне жаңаша айқындама. «Сөз жібінен шілтерлер тоқып, сөз гауһар тастардан да өрнектірек зергерлік бұйымдар жасады» деген ойларға дәлелді, алысқа бармай-ақ қазақ әдебиеті тарихынан-ақ табуға болады. Кешегі дүниеден озған Махамбеттің отты поэзиясы, Абайдың ақыл мен нақылға толы жыр өрнектері, Мұхтар Әуезов пен  Ғабит Мүсіреповтың, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мағжан Жұмабаевтың, Бейімбет Майлин мен  Ілияс Жансүгіровтың әңгімелері мен повестері, романдары мен поэмалары, лирикалық өлеңдері мен сатиралық шығармалары қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан алтыннан да қымбат, жауһардан да әсем рухани  құндылықтарымыз екенін ел біледі, жұрт таниды.

«Кейде баян өткен өмірді көз алдыңа әкеліп елес райында бергенде, тарихта қалған бар болмысымызды жан-жүрегімізбен сезінуге талпыныс жасап, реті келгенде оны жыр күйінде тыңдап, аспанға өрлей түсіп, тіпті, қанат қағып ұшып кеткендей боламыз. Сондай-ақ, жан дүниемізді байыту жолында «заманнан озып» кеткендей өз-өзімізді кешегі шындықтар мен ертеңгі қиялдардың ұштасып-қабысып жатқан сәтінде малдас құрып отырып қалғанымызды байқап, уақыттың үш өлшемін бір мезгілде тамашалағандай күй кешеміз». Бұл – терең білім, тұңғиық ақыл иесі Фетхуллаһ Гүленнің сезімді селт еткізетін сергек толғаныстары. Шын мәнінде кейде өткен шақ, осы шақ, келер шақ  сияқты уақыттың үш өлшемін бастан бір сәтте кешірер сәттер болады. Ол сәттерге жетелеп әкелетін де сол адам қаламынан туған әдеби туындылар.

Сонымен «Баян» туралы ойымыз толықты. «Баян» хақында толғанғанда Фетхуллаһ Гүлен тұжырымдарына жүгінуге әбден болады. Өзінің «Баян» туралы толғанысында ғұлама ғалым мынадай түйінді ой айтады: «Ата-бабамыздың жандүниесінен сабақтасып-жалғасып келген, олардан мирас болып қалған құндылықтардың ең құндысы баян – мән-мағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана дыбысы және белгілі мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес,  ол – ойымыздың айшықталар тілі, сезімдеріміздің тербейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Алламен арадағы сұхбаттастық тілмашы, үмітіміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы».

«Баян» туралы бұдан асырып айту мүмкін емес. Өзінің «Әдебиет құдіреті» атты еңбегінде «Назым мен қарасөз арқылы түрлі күй-жайға  байланысты айтылған, яки, жазылған көркем өлшемді, ырғақ пен тілдік  ережелерге сай сөздер не осы сөздерді зерттеп саралайтын  ілім – әдебиет. Әдебиеттің мәні – негізінен тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «Әдеп» түбірінен тарайды», – деп әдебиетке де өз дүниетанымы тұрғысынан берген анықтамасы әдебиет төңірегінде жүрген біздің көкейімізге бек қонады. Оның «Тіл мен ой  тереңдігі», «Сұлу мен сұлулық», «Өлең ақиқаты», «Жүрек пен рух  көкжиегі», «Әйел табиғаты  хақында бір үзік сыр», «Мәуліттен туған ой», т.б. сияқты шығармалары әрі әдеби-көркем тілге суарылған, Қыдыр әулиенің  сыры мен сарынынан бастау алған, Әбілхаяттың кәусар бұлағынан нәр алған,  қасиетті Құранның өзегінен өріліп түскен терең философиялық толғаныстар. Бір сөзбен айтқанда – Фетхуллаһ Гүлен діни төзімділік пен өзара  түсіністіктің соны бастамаларын қалың оқырманға жеткізе білген, тек түркі  әлемінің ғана емес, бүкіләлемдік деңгейдегі биік тұлғалы ойшыл. Оған дәлел Фетхуллаһ Гүленнің өмірінің өзегіне айналған қарапайымдылық пен  зиялылық, Алланың ақ жолындағы тазалық пен білімділік. Ол өзінің – энциклопедиялық білім иесі екендігін, қай шығармасында болсын көрсете алған.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.