ГҮЛЕННІҢ ИМАНИ ГҮЛІ

Соңғы кездері Фетхуллаһ Гүлен жайлы баспасөзде көп айтылатын болды. Бұрын да әңгімелейтіндер болатын. Әйтсе де Ф.Гүлен турасында болып жатқан қазіргі әңгіменің жөн-жосығы бөлек, Ф.Гүленге деген ерекше сүйіспеншілік қанат қаққандай. Сән бе? Олай деп айта алмайсың. Меніңше, жазармандар Ф.Гүлен сөзінің салмағын терең түйсіне бастағанға ұқсайды. Соның бірі – өзім.

Бүгінде әлемде жарияланбаған өркениеттер қақтығысы салтанат құрып тұр. Әлем, қазіргі тілмен айтқанда, «өзара түсіністікке» зәру. 2001 жылғы 11 қыркүйектен бастау алған «саяси ойындар» санамызға сіңген талай нәрсенің сағын сындырды, ағысын басқа арнаға бұрды.

Ендігі әлемнің бет-бағдары, арын-ағысы қалай болмақ? Бір анығы – енді оның бұрынғыны шиырлап жатып алғысы келмейді. Уақыт ағзам, біз қалайық, қаламайық, күрделі өзгерістерді күтіп отыр. Ендеше, осынау алмағайып уақытта тарих сахнасына Ф.Гүлен сынды өз үні бар ғұламаның шығуы заңды да. Менің шамалауымша, енді оған деген сенім, оған деген жауапкершілік жүгі уақыт жылжыған сайын еселенбесе, кемімек емес. Қазірдің өзінде миллиондардың сенімін арқалаған Ф.Гүлен өзіндегі дарын күші арқылы адамдардың көкірек көзін ашуда орасан қызмет атқаруда. Адамзат алдындағы келелі міндетті арқалаған осынау тұлғаға дәл қазір нақты баға беру оңай емес, әрине. Осы ретте оны басқалар болашақтың үлесіне қалдырғысы келсе, өздері білсін, ал біз өз сөзімізді нақ қазір айтуды құп көріп отырмыз.

Сонымен Ф.Гүленнің сөзі қаншалықты өтімді, қаншалықты шынайы, уақыт тынысын тап басып отыр ма, дәуір жүгін пайымдай алды ма десек, осының бәріне бас иземеске амал кем.

Фетхуллаһ Гүленнің менің бүйірімді жылытқан кітаптарының бірі – «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар». Аудармашының қаншалықты қуатының жеткенін қайдам, мен осы шығармадан өзімнің іздегенімді таптым. Бейнелеп айтсам, жерден жеті қоян тауып алғандай қуанышқа кенелдім.

Пайғамбарымыз жайлы бұған дейін қалам тартқандардың біразын қаузасам да, дәл мынадай сарқылмас сүйіспеншілікпен, шынайы махаббатпен жазылған туындыдан әсерленгендей күйге бөленбеппін. Жалғыз Пайғамбар емес, оның сахабаларына деген автордың сүйіспеншілігі сүйсіндірмей, исіндірмей қоймайды. Бұл таусылмайтын, сарқылмайтын ыстық ықыластың түп-төркіні – Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншілікте жатқанын аңдағанда, өзіңізді қоярға жер таппайсыз. Автордың ішкі түйсігі, сезінуі, қиялының кеңдігі мен дәлдігі қыр соңынан қудырмай қоймайды. Осыншалық сезім толғанысына, рухани жомарттыққа ие болған адамнан жасанды сөз, жасанды іс шықпасына кәміл сенесіз. «Жүрек қазынасынан» жүйке тынықтырасыз, ыстық ойларынан қуаттанасыз. Ф.Гүлен жонған тұғырдан дүр сілкіне қанат қағып, иманның көгінде шарықтайсыз. Ой-санаңызда рухани сілкініс пайда болады.

Кітаптың аты неге «Ғаламның Рахым Нұры» аталған? Осы үш сөз тура ошақтың үш бұтындай, бәрі сыйып тұр. Ғалам – күллі жаратылыс, Алланың ғажайып туындысы. Рақым мен Нұр – Алла Тағаланың сырлы сипаттары.

«...Күллі адамзат жаны шүберекке түюлі, бар үміттері әне-міне келетін құтқарушыда ғана. Ата-аналар елшінің өз үрім-бұтағынан шығуын тілеп, Жаратқанға жалбарынды. Көпшілігі өмірге жаңа келген перзенттерінің атын «Мұхаммед» деп қойып жатты. Бірақ ол Ибрахимнен (а.с.) Ысмайылға (а.с.) жалғасып, Абдулмутталиптен Абдуллаһқа өткен асыл текті нәсілден келетін еді. Ізгі жандар да осы уызы арылмас шежіреден үзбей жалғасар нұрды күтуде».
Көрдіңіз бе, оқырманды осылай ынтықтырып, негізгі арнасына жеткенше толқытып, құнықтырып қояды. Жай көзбен емес, көкірекпен оқуға үндейтін кітаптың әр парағы ашылған сайын сіздің де көкірек арнаңыз кеңи береді, кеңи береді.

Жалпы, Фетхуллаһ Гүленнің қай кітабына көз жүгіртсеңіз де, Абай бабамыз айтқан «толық адам» қалыптастыру идеясына тап боласыз. «Толық адам» топ бастағанда ғана қоғамның қисайған көші түзелетінін аңдайсыз. Адамның өз өмірінен бастап, қоғамның ғана емес, қоршаған әлемге де жауапты екенін көкірек көзіңізбен жіті сезінесіз. Мұның терең тамырына көз жүгіртсеңіз, ғасырлар бойы талқыланып келе жатқан гуманизм идеясы қылтияды. Ал гуманизмнің іргетасын бекітетін нәрсе ол – Сенім! Сенім болмайынша, гуманизм болмақ емес.

Ф.Гүлен философиясы осы Сенімге негізделген. Адамның Жаратушыға деген сенімі өзінің де, ақыл-ойының да жасампаздық жүгін әрдайым арттыра түседі. Ал адамзаттың қоғамға, қоршаған әлемге деген жауаптылығын арттырудың төте жолы қандай? Ол – өзара диалог құру.
Диалог – бұл өзгелердің идеясына келіспеген күнде де соған құлақ түру. Ақиқат – шындық жолындағы сан түрлі пікірлердің шарпысуынан барып туады. Одан қорыққан адамның шындықтың ауылын іздеп табуы қиын. Ф.Гүленнің осы идеясы бүкіл түрік елін шабыттандырып қана қоймай, жаңа әлемнің есігін баршамызға ашып беріп отыр.

Әлем дәл қазір дағдарыстан жол таппай тұрса, оған тура соқпақты нұсқар нұрлы бір жол бар. Ол – диалогқа негізделген Исламның хақ жолы. Ф.Гүлен осы ақиқи жолға үндейді.

Өкінішке қарай, мұсылмандар да, мұсылман еместер де Исламның хақ жолын білім жетіспеушілігінен жеткілікті түрде тани алмауда. Ф.Гүленнің еңбегі арқасында, Құдайға шүкір, Исламды терең түйсінудің өзектілігі артқаны сондай, қазір әлемнің алдыңғы қатарлы зиялы қауымы Ф.Гүлен идеясына шындап бет бұра бастады. Оның ішінде қазақ зиялылары да аз емес. Мұның өзі басқалармен бірге біздің де Ф.Гүленді адамзаттың алғыр ойлы ұлдарының бірі ретінде қабылдайтынымызды айғақтайды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» Абай айтқандай, қалай тартсаңыз да, Ф.Гүленнің Ислам интеллектуалы және ізгі ойшылы ретінде адамзат баласына қызмет ету жолында діні мен діліне қарамастан миллиондаған адамдарды шабыттандырып отырғаны тегіннен тегін емес. Бұл оған Алла Тағаланың ықыласының түскенінің белгісі емес деп қалай айтарсың.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.