Өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас
Құранда: «Міне, осы Кітапта күдік жоқ. Бұл Кітап тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Бақара сүресі, 2-аят). «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Аллаһ жолында) жұмсайды; (Мұхаммед ғ.с.) олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрын түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» делінген (Бақара сүресі, 3-4-аят).
Ең әуелі Құран адамдарды бізге дейінгі пайғамбарлар мен олардың Кітаптарын қабылдауға шақырады. Меніңше, мұндай талап, әсіресе дінаралық диалогты қалыптастыруда аса маңызды. Аллаһ: «Олардың ішінен зұлымдық қылғандардан басқа Кітап иелерімен тек қана көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларды (Сыпайы, дәлелді түрде қанағаттандырыңдар)» деп бұйырады (Ғанкәбут сүресі, 46-аят). Мұнда Құран не істеу керектігін білдірген. Бұл жайында Саид Нурси былай дейді: «Тартыста қарсыласының жеңілгеніне қуанған кез келген адамда аяушылық сезімі болмайды». Ол мұны былайша түсіндіреді: «Сіз біреудің жеңіліске ұшырағанынан ештеңе де ұтпайсыз. Егер сіз жеңіліп, ол жеңіске жетсе, жіберген қателіктеріңізді түзеген болар едіңіз. Көркем түрде пікір алмасу ақиқаттың айқындаушысы». Бұл жөнінде «Мүмтахина» сүресінде: «Аллаһ дін жайында сендермен соғыспаған және жерлеріңнен қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Аллаһ турашылдарды жақсы көреді» делінген (8-аят).
Кейбір Құран аяттары Кітап иелерінің дөрекі мінездерін, теріс пікірлерін, ақиқатқа қарсылығын, ұрыс-керіске бастайтын басқа да жағымсыз қасиеттерін сынға алса, ал Інжілде бұл мәселелерге қатысты мұнан да қатаң ескертпелерді табуға болады. Алайда, осындай сын‑ескертпелердің артынша Құран жүректерді ақиқатпен оятып, жаныңызға үміт ұялату үшін өте жағымды жылы сөздерді қолданады. Кейбір жағымсыз әрекеттерге байланысты Құранның сын-ескертпелері тек еврейлер мен христиандарға, көпқұдайшылдарға ғана емес, сондай-ақ әлгіндей әрекеттерге баратын мұсылмандарға да арналған.
Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілікке, қауіпсіздік пен ғаламдық үйлесімділікке негізделген. Ал соғыс пен қақтығыс болса, ол әркез бақылауда тұратын жаза басушылық. Исламда тек белгілі бір қағидаларға сәйкес қорғануға ғана рұқсат етіледі. Ислам соғысты шектеп, тепе‑теңдікті қалыптастыратын ережелерді белгілеген. Мәселен, мұның негізінде бүкіл әлемде әділдік пен бейбітшілік туын орнатудың жатқандығы белгілі. «Әй, мүміндер! Аллаһ алдындағы міндеттеріңде мықты болыңдар. Әрі әділ түрде куә болыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер» (Маида сүресі, 8-аят). Ислам дін, өмір, меншік және жан мен ұрпақ жалғастығын сақтап қалатын қорғану желісін көрсетті. Қазіргі заңдық жүйе де дәл осыны жасап отыр.
Ислам адам өмірінің маңыздылығына аса үлкен баға береді. Ислам бір тірі жанды өлтіргенді бүкіл адамзатты өлтіргенге балайды, себебі қасақана кісі өлтіру кез келген адамның қастандықпен өлтірілу ықтималы бар дегенді білдіреді. (Мәида сүресі, 32-аят). Адам атаның баласы Қабыл – тұңғыш адам өлтірген қылмыскер. Қантөгіс кезеңінің бастамасына негіз болған бұл жайт Інжілде бас-тан-аяқ тәптіштеп баяндалады. Дәл осыған байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер бір адам нақақтан-нақақ кісі өлтірсе, оның күнәсінің бір бөлігі нақақ адам өлтіруге жол салған Қабылға жазылады» дегені бар.
- жасалған.