СҮННЕТТІҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ОРНЫ
Сүннеттің Құран кәрімнен бөлек өз алдына шариғат бастауы болуымен және Құран сынды кейбір нәрселерді адал, кейбіреулерін харам деп, парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб, мүбах, әдеп, мәкруһ, муфсид сияқты өлшем-дер қоюымен қатар, Құранда айтылған мәселелерді кеңірек баяндайтын, астарлы мәселелерді ашып түсіндіретін (тәпсірлейтін), жалпылама айтылған мәселелерді жекелеп түсіндіретін және шегі нақты белгіленбеген үкімдердің шегін белгілейтін қызметі бар. Осы айтылғандарды мысалдармен нақтылайық.
1. Сүннеттің Құранды тәпсірлеуі, яғни анықтап түсіндіруі туралы
اَلَّذِينَ آمَنُوا وَلَمْ يَلْبِسُوا إِيمَانَهُمْ بِظُلْمٍ أُولَـئِكَ لَهُمُ اْلأَمْنُ وَهُمْ مُهْتَدُونَ
«Иман келтіріп имандарын зұлымдықпен былғамағандар, міне, соларға нағыз сенімділік бар (қорқыныш жоқ) және нағыз тура жол тапқандар солар»[1] деген аят түскен соң, мұны естіген сахабалар (әлін білмеу, ақиқаттан аттап кету дегенге саятын зұлымдық сөзінің астарын жақсы білгендіктен) уайымға салынып, Расулаллаһтан: «Қайсымыз зұлымдық жасамадық дейсіз?» – деп сұрағанда, Расулаллаһ оларға былай деп жауап берген: «Ол (зұлымдық) сендер ойлағандай мағынадағы зұлымдық емес, ол - хазірет Лұқманның ұлына насихаттағанындай, яғни хазірет Лұқман ұлына былай деген-ді: لاَ تُشْرِكْ بِاللّٰهِ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ «(Ұлым), Аллаһқа серік қосушы болма, ширк – зұлымдықтың ең үлкені»[2]
Аллаһ расулының осы түсіндірмесінде жоғарыдағы аятта баяндалған зұлымдықтың мағынасы астамшылдық, өзгелерге озбырлық жасау емес, Жаратқанға серік қосу дегенді білдіреді. Егер де Аллаһ расулы аятты осылайша анықтап түсіндірмегенде, біз аяттағы жасырын мағынаны ешқашан дұрыс ұғына алмас едік.
Айша анамыз бен Ибн Мәсғуд حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى «Намазды бек ұдайы оқыңдар (барынша дұрыс, кемшіліксіз), орта намазды да»[3] деп келетін орта намазды «намаздыгер» деп түсіндірген. Тіпті сол дәуірден жеткен мәліметтерде Айша анамыздың арнайы қызметшісінен өзі үшін Құран көшірмесін жасауды өтінгені, осы аятқа келгенде хабардар етуді айтып және сол аятқа келген жерде حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى орта намаз деген жердің тұсына وَصَلاَةِ الْعَصْرِ намаздыгер деп анықтама қостырғаны, «Расулаллаһтан осылай деп естіген едім»[4] деп айтқаны туралы баяндалады. Аятта баяндалған орта намаз туралы әр түрлі тәпсірлер ұшырасқанымен, Айша анамыз бен Ибн Мәсғуд (р.а.) бұл жерде намаздыгер туралы айтылғанына кәміл сенім білдірген.
2. Сүннеттің қысқа баяндалған мәселелерді ашып түсіндіруі
Сүннеттің тағы бір қызметі – астарлы мәнде келген мәселелерге түсіндірме жасаумен қатар қысқаша баяндалған жайттарды кеңінен ашып түсіндіруі.
1. Мысалы, Құран кәрімде اَقِيمُوا الصَّلاَةَ «Намазды орындаңдар» деген бұйрық бар, алайда намаздың қалай оқылатыны, қай кезде оқылатыны туралы ештеңе айтылмайды. Дегенмен кейбір тәпсіршілер وَأَقِمِ الصَّلاَةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفاً مِنَ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّـيِّئَاتِ «Күндіздің екі ұшында және түннің күндізге жақын сәттерінде намаз оқы, өйткені жақсы істер жамандықтарды жояды»[5] деген аяттан бес уақытты шамалағанмен, إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَاباً مَوْقُوتاً «Намаз мүминдерге бел-гілі уақыттарда парыз етілген»[6] деген аятта да нақтыланғандай, белгілі уақыттарда мүминдердің дәл қай сағаттарда парыз намаз оқитынын сүннет нақтылап берген. Осы тақырыптағы бір хадистен намаз уақы-тының дәл анықталуы Пайғамбарымыздың Ұлы Құдіретпен және Жәбірейілмен байланысы арқылы жүзеге асқанын аңғарамыз:
«Жәбірейіл Қағбаның жанында маған екі рет имамдық жасап, намаз оқытты. Бірінші ретте, күн тас төбеге көтерілген шақта бесінді, бар нәрсенің көлеңкесі өз бойымен теңескен сәтте намаздыгерді, ораза тұтқандар ауыз ашқан сәтте намазшамды, күн шапағы әбден көрінбестей болғанда құптанды және ораза ұстағандарға ішіп-жеу харам саналған сәтте таң намазын оқытты. Ал, екінші ретте бесін намазын бар нәрсенің көлеңкесі өзінен бір есе ұзарған сәтте, намаздыгерді көлеңке екі есе ұзарғанда, намазшамды әуелгідей сағатта, құтпанды түннің үштен біріне жақын сағатта, айнала толайым жарық болған сәтте таң намазын оқыды. Сонан соң маған бұрылып: «Уа, Мұхаммед, сенен бұрынғы нәбилердің уақыттары осындай, намаз уақыты, міне, осы екі уақыттың аралығында»[7] деді.
Аллаһ расулы намаздың уақыттарын осылайша үмбетіне үйретіп қана қоймай, намаздың парыздары, уәжіптері, мұстахабтары, мәкруһтары, муфсидтері, рукуғы, сәждесі, қырағаты, тахияты және сәлем беріп намазды тамамдау керектігін де егжей-тегжейлі түсіндіріп берген. Иә, шындығында да, әу баста қысқаша ғана айтылған «Намаз оқыңдар» деген әмірдің түсіндірушісі, анықтаушысы – Пайғамбарымыз болып отыр. Ол осылайша намазды қалай оқу керектігін жан-жақты талдап түсіндірген соң бір хадисінде бұл мәселені былайша түйіндеген: صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي «Мен қалай намаз оқысам, сендер де дәл солай оқыңдар»[8].
Егер сүннетте бекітілген намазға қатысты мәселелер Құран кәрімде баяндалғанда, тек намазға қатысты мәселелердің өзі қазіргіден бірнеше есе көп болар еді. Құран бұл мәселенің талдауын иләһи мақсаттарды дұрыс түсініп, өзгелерге де түсіндіретін ерекше парасат-пайымға ие Пайғамбарға жүктеген. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса ғайры мәтлу уахи, яғни Құранның тысында Аллаһ тағаланың көкейіне қондырған ақиқаттары арқылы мәселелерді нақтылап түсіндіріп берген. Оның өзіне жүктелген бұл орасан зор міндетті абыроймен атқаруында фәтанат деп аталатын, пайғамбарларға ғана тән дара ақылға ие болуының рөлі үлкен екенін айта кеткен жөн.
2. Намаздағы сияқты қажылық ретін тәптіштеп түсіндіру де сүннеттің еншісіне тиген. Құран кәрімде бұл мәселе бірнеше жерде баяндалғанымен, мұндағы анықтамалар қажылық тәртібінің белгілі бір бөлігін ғана құрайды. Ал, қажылықтың қалай атқарылатыны жөніндегі егжей-тегжейлі түсіндірмені сүннеттен таба аламыз, хадистердегі қажылық тәртібі жайлы мәлімет-тер Құранда айтылғаннан бірнеше есе көп. Хазірет пайғамбар өмірінде бір рет қана қажылық парызын өтеген. Қайнар көздерде Уәда немесе Уида қажылығы деп аталатын, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларымен қоштасуы сипатталатын осы қажылық барысында ол көлігінің үстінде, баршаға көрінетіндей биіктеу жерде тұрып, жиналған қауымға қажылықтың ретін түсіндірген. Барлық істегі жетекші, жолбастаушы ретінде Пайғамбарымыз қажылық ережелерін тек ауызша айтып қоймай, айтқандарын іс-қимылымен жасап көрсеткен. Қажылықтың орындалу барысын тәптіштеп көрсеткен. Сонан соң خُذُوا مَنَاسِكَكُمْ «қажылық ережелерін үйреніп алыңыздар»[9] деп өз сөздері мен іс-әрекеттерінің шариғаттағы орнына назар аударған. Құран кәрімнің еш кемшіліксіз түскендігіне талас жоқ. Оның сырға толы терең мәнін түсіндіру хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сынды ерекше тұлғаға бұйырғаны да шындық.
3. Сүннеттің кейбір жалпы үкімдерді жалқыға сәйкестендіруі
Құран кәрімде мирас мәселесі жалпылама сөз етіледі. Мәселен: يُوصِيكُمُ اللّٰهُ فِي أَوْلاَدِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ اْلأُنْثَيَيْنِ «Балалардың мұрагерлігін Аллаһ былай белгіледі: бір ер баланың үлесі – екі қыздың үлесіне тең»[10] делінеді. Жалпы мағынада мейлі нәби, мейлі әулие, мейлі сафи (ерекше пәк) немесе муқарраб (Жаратқанға жақын құл) болсын, аяттағы айтылған үкім баршаға ортақ екені белгілі.
Алайда, хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салғанда, сүйікті қызы Фатима Әбу Бәкірге (р.а.) жолығып, әкесінен қалған мирасты сұрайды. Сонда халифа оған өзі естіген мына хадисті айтқан: إِنَّا مَعْشَرَ اْلأَنْبِيَاءِ لاَ نُوَرِّثُ، مَا تَرَكْنَاهُ صَدَقَةٌ «Біз, пайғамбарлар қауымы, артымызға ешқандай мирас қалдырмаймыз. Бізден тек садақа ғана қалады»[11]. Осы хадис арқылы Пайғам-барымыз Құрандағы жалпылама үкімнің жалқыға тән түсіндірмесін жасағанын көреміз.
Дәл осы сияқты اَلْقَاتِلُ لاَ يَرِثُ «Кісі қанын мойнына жүктеген адам мирасқор бола алмайды»[12] деген хадис-те де адам қанын мойынына жүктеген кісінің мирастан үлес ала алмайтындығын, мысалы, өз әкесін өлтірген адамның әкесінен, көкесін өлтіргеннің көкесінен, нағашысын өлтіргеннің нағашысынан, бауырын өлтіргеннің бауырынан ешқандай мирас талап ете алмайтындығын нақтылап, Құрандағы мирасқа қатысты жалпылама үкімнің түсіндірмесін жасайды.
4. Сүннеттің кейбір үкімдерді нақтылауы
Сүннеттің тағы бір қызметі – Құран кәрімдегі кесімді үкімді нақтылауы. Мысалы, Құранда وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُوا أَيْدِيَهُمَا جَزَاءً بِمَا كَسَبَا نَكَالاً مِنَ اللّٰهِ «Еркек пен әйел ұрының істеген қылмысына жаза әрі Аллаһтан ғибрат ретінде қолын кесіңдер»[13] делінеді. Бұл – нақты бұйрық. Алайда қандай жағдайда жасалған ұрлық немесе қаншалықты көлемдегі ұрлықтың аталған жаза ауқымына кіретіні ашып көрсетілмеген. Сондай-ақ, қолдың қай жерінен кесілетіндігі жайлы да айтыл-маған.
Мәселен, Құран кәрімнің дәрет туралы аятында «Қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар»[14] деу арқылы қолдың шынтаққа дейінгі бөлігі «қол» болып саналатыны меңзелген. Олай болса, ұрлық жасаған кісінің қолының қай жерден кесілетіндігін белгілеп, Құран кәрімнің анық үкімін нақтылап беретін де сүннет. Аллаһ расулы өз заманында жазалау үшін алдына әкелінген ұрының қолын шынтақ буынынан кесуге бұйрық беріп, жоғарыдағы үкімді нақтылап берген.
Осы сияқты يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلاَّ أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ «Өзара мал-мүліктеріңізді (ұрлықпен, өсіммен, парақорлықпен) жаман жолдан жеуші болмаңдар, бірақ өз ризашылықтарыңмен саудаласу басқа»[15] деп келетін аяттың да сүннет арқылы нақтыланғанын көруге болады. «Пісіп, жетілмейінше жемістерді сатушы болмаңдар»[16] – деген Аллаһ елшісі аятта айтылған жайттың келесі бір қырын ашып, нақтылап берген.
Әуелде де айтып өткеніміздей, сүннет Құранда көрсетілмеген мәселелерде үкім белгілейтін шариғат негізі болып табылады. Мәселен, есек тектес жануар етінің харам болатыны, жыртқыш хайуандардың етін жеуге тыйым салынғандығы, әйел баласын нағашы апасының, әкесінің қарындасы не апасының үстіне әйелдікке алмау, т.б. мәселелер сүннет арқылы нақтыланған үкімдердің бірқатары ғана.
Кітаптан (Құран) кейін өз алдына шариғаттың түп негізі саналатын сүннет, Құран кәрім алғаш түсе бас-таған сәттен бастап өзіне тиесілі қызметін атқара бастаған және Құранмен біте-қайнасқан деуге болады.
Бір өкініштісі, Исламның алғашқы дәуірінен бері барша үмбет пен ғұламалар осылай қабылдап келген сүннеттің тұнығын (грек философиясының әсерімен) Наззам сынды кейбір муғтәзила имамдары мен Исламға қас бірқатар батыстық ориенталистер лайлауға тырысып бақты. Мұнан да сорақысы – батыстың ықпалымен бір-екі ғасырдан бері бірқатар мұсылман ғалымдары да сүннетке күмәнмен қарап, сынауға дейін барғандығы. Қалай десе де Ислам жайлы, сүннет пен Құран туралы өткен дәуірлерде ірі ғұламалар жазып қалдырған кітаптардың кереметтігі сондай сүннеттің тұнығын лайламақ болғандардың аузына құм құйып, жымысқы пиғылдарының жүзеге асуына жол бермейді.
[1] «Әнғам» сүресі, 6/82.
[2] «Лұқман» сүресі, 31/13; Бұхари, Тафсир (31) 1.
[3] «Бақара» сүресі, 2/238.
[4] Тирмизи, Тафсирул-Құран, 2.
[5] «Худ» сүресі, 11/114.
[6] «Ниса» сүресі, 4/103.
[7] Тирмизм, Мәуақит, 1; Әбу Дәуіт, Саләт, 2;
[8] Бұхари, Азан, 18; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/53.
[9] Нәсаи, Мәнасик, 220; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 3/318, 366.
[10] «Ниса» сүресі, 4/11.
[11] Бұхари, Иғтисам, 5; Хумус 1; Мүслим, Жиһад, 49-52; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/463.
[12] Тирмизи, Фараиз, 17; Әбу Дәуіт, Дият, 18.
[13] «Маида» сүресі, 5/38.
[14] «Маида» сүресі, 5/6.
[15] «Ниса» сүресі, 4/29.
[16] Бұхари, Буйу, 82; Мүслим, Буйу, 49-56.
- жасалған.