АЛҒЫ СӨЗ
Хадис – ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөздеріне, жасаған іс-әрекеттеріне және ахуалына қатысты мән-жайларды қамтитын ғылымның атауы. Көптеген ғалымдар сүннеттің сөз (тақрир) түріндегі формасын да іс-әрекеттер (әфғал) аясында қарастырған. Бірақ бұл жағы тақырыбымызға тікелей қатысы болмағандықтан, оған тоқталуды жөн көр-медік.
Сүйікті Пайғамбарымыздың сөздері (ақуал) де-геніміз – Құран сөздерін (уахи-мәтлу) санамағанда, ардақты Елшінің аузынан шыққан барлық сөздерінің ортақ жиынтығы болып табылады. Ал, іс-әрекеттеріне пайғамбарлық міндетін атқарған кезеңдегі барлық іс-амалдары жатады. Бұлардың көпшілігіне мойынсұнып, бағынуға міндеттіміз. «Султанус-сәқаләйн» (адамдар мен жындардың сұлтаны) Пайғамбарымыздың жеке басына қатысты әдет-дағдыларын орындау міндетті болмаса да, бұларды шынайы ниетпен орындау арқылы әдет-дағдыларымыздың өзін ғибадатқа айналдыруға болады. Сонымен қатар, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өнегелі іс-әрекеті мен қылықтарынан үлгі алу, әрбір адамның алдына қойған ұлы мақсаты мен межесіне қол жеткізу тұрғысынан сауап пен берекенің нағыз қайнар бастауы болатындығында дау жоқ.
Фиқыһ ілімінде Пайғамбарымыздың күнделікті әдет-дағдысы саналған істеріне көп назар аударылмаса да, хадис ілімінде бұған әрдайым баса мән беріліп келген. Хадис ғалымдары Пайғамбарымыздың істері мен хал-жағдайына қатысты жайттарды жалпы хадис ілімінің аясына кіргізгенімен, фиқыһ ғалымдары оған басқаша қараған. Фиқыһ ғалымдарының айтуынша, егер Пайғамбарымыздың хал-күйіне қатысты мән-жайлар оның өз ықтиярымен жасайтын амалдары қатарына жатса, сүннеттегі «әфғал нәбәуия» деп аталатын пайғамбардың жасаған іс-әрекеттері қатарына онсыз да кіреді. Ал бірақ Адамзаттың асыл тәжінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болмыс-бітімі, ғұмырнамасы, ол өмір сүрген уақыт пен мекенге қатысты сияр[1] кітаптарында айтылатын және шариғат тұрғысынан үкім шығаруға негіз болып саналмайтын мән-жайларға жататын болса, мұндайды фиқыһ ғалымдары хадис ілімі аясында қарастырмаған әрі шариғат тұрғысынан үкім шығаруға негіз бола алмайды деп білген[2]. Дегенмен, хадисшілердің пікірінше, ардақты пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатысты нәрсенің барлығы хадис бола отырып, хадис ілімінің зерттеу аясына кіреді.[3]
Сүннетке келер болсақ, «Фәриду кәуниз-заман» (заманның дара тұлғасы) Аллаһ елшісіне қатысты сөз, іс-әрекет және басқа адамдардың жасаған істері мен сөздеріне Пайғамбарымыздың қарсылық білдірмей мақұлдауы «сүннет» деп аталады. Усулул-фиқыһ (фиқыһ әдіснамасы) ғалымдарының көзқарасы бойынша, бұл хадис ұғымының мағынасы болып табылады.
Бұл – өте кең әрі ауқымды тақырып. Бұл мәселені зерттеп-зерделеуді осы саланың мамандарына қал-дырып, сүннеттің анықталуына қатысты бірқатар мәселелерге жалпылама тоқталуды жөн көрдік.
Сүннет – Аллаһ елшісі мен саңлақ сахабалары өмір сүрген дәуірден бастап күні бүгінге дейін Құран кәріммен қатар көздің қарашығындай қорғалып, қастерленген, әр ғасырда жүздеген ірі ғұламалар мо-йындап, кез келген мәселеде жүгініп отырған, тұнық күйінде сақталған мөп-мөлдір иләһи қайнар бұлақ, шариғаттағы екінші қайнар көз.
«Сәйидул-бәшәр»[4] ретінде бағаланған Пайғам-барымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сүннетімен жүру Құран кәрімнің көптеген аяттарында әмір етілген[5]. Бұған қоса көптеген сахих хадистерде де сүннетті басшылыққа алудың игілігі мен шариғаттағы маңызына назар аударылған[6]. Қайсыбір дәуірлерде өз ақылының тар аясынан шыға алмай, тығырыққа тірелген бірлі-жарым адамның кездескенін айтпағанда, сүннет, дін мен оны ұстанудың негізгі қайнар көзі ретінде күні бүгінге дейін Құранмен бірге қастерленіп келді. Шынтуайтында, сүннеттің Құранмен біте қайнасқаны соншама – Құранды сүннеттен, сүннетті Құраннан бөліп-жарып қарау мүмкін емес.
Сүннет – Құранның астарлы үкімдерінің мәнін айқындау, қысқаша баяндалған тұстарын жан-жақты ашып беру, «мұтлақ» (нақты) үкімдерін пысықтап, тұжырымдай түсу (тақыйд), жалпы үкімдерін жалқылау (тахсис) қызметі тұрғысынан Құранмен біте қайнас-қандай әсер береді.
Намаз, намаздың рүкіндері, шарттары, дұрыс оқылуы (сыххат) және қате оқылуы (фәсәд), сүннет, әдеттерімен қоса алғанда қажылық, қажылықтың умрадан бөлек жеке орындалуы (ифрад), қажылық пен умраның біріктіріліп орындалуы (қыран), қажылық пен умраны бөлек-бөлек екі ихраммен біріктіру (тәмәттуу), жекелеген тұстарымен зекет, нисап мөлшері[7], түрлері және қалай орындалатыны Құранда қысқаша ғана баяндалып, сүннетте жан-жақты мәлімет берілген мәселелердің бірқатарын құрайды. Құран кәрімде мирасқа қатысты аяттар жалпылама айтылғанымен, пайғамбарлардың мал-мүліктерінің мирас болып қала алмайтындығы[8] бір-біріне мирасшы болып табылатын адамдардың бірі екінші бірін өлтіргенде мирастан мақұрым қалатындығы[9] сүннет арқылы толыққанды бекітілген үкімдер қатарына жатады. Сонымен қатар, Құран кәрімде кесімді (мұтлақ) үкімдердің көпшілігі сүннетпен нақтыланып, (такийд) бекітілген. Құранда бір сөзбен болсын тоқталмаған кейбір мән-жайлар сүннет арқылы өз алдына дербес (мүстақил) қолға алынып, үкімі шығарылған жағдайлар аз емес. Мәселен, есек тұқымдастар[10] мен жыртқыш жануарлардың етінің харамдығын[11], әке мен шешенің бауырларынан туғандармен некелесуге тыйым салынуын[12] осылардың қатарына жатқызуға болады.
Сондықтан да, алғашқы ғасырлардан бастап күні бүгінге дейін сүннет те Құранмен бірге қастерленіп, Құран секілді қорғалып келді. Сүннетке қатысты салиқалы, сарабдал ой-пікірлер мен зерттеулер жасалып, алдыңғы ұрпақтан кейінгілерге кітап немесе қолжазба күйінде жетіп отырды.
Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көзі тірісінде сүннетке бағынуды діннен бөліп-жарып қарамады. Айтқан әрбір өсиетінің кейінгі ұрпақтарға жетуін жіті қадағалап, елді осыған ынталандырып отырды. Тіпті шалғай аймақтардан хадис тыңдауға келгендерге сахабаларынан жұмсақ мінез танытуды талап етіп отырған. Айтқан сөздерінің міндетті түрде мұқият тыңдалып, жатталуын қадағалап, пысықтап отырғаны және белгілі. Тыңдаушыларының жақсы ұғып, жаттап алуы үшін айтқандарын бірнеше рет қайталайтын. Өсиеттерін басқалардың тиісінше жазып алуына кеңес беретін.
Енді бір жақтан сахабалар да тәлімгерлік міндетімен келген адамзаттың абыройлысы әрі дәуірдің дара тұлғасы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тек дін негіздеріне қатысты сөздері мен іс-әрекеттерін ғана емес, жалпы табиғатына тән жай-күйі мен істерінің өзін асқан мұқияттылықпен бақылап, көкейге түйіп отырған. Естігендері мен көргендерін өзара әбден саралап, пысықтап барып жадыларына өшпестей етіп сақтайтын немесе дәптерлеріне жазып алып жүретін. Пайғам-барымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатысты барлық оқиғаны ең қымбат естелік яки ең қасиетті аманат ретінде қастерлеп, оның бірде-бір сөзінің ұмытылып, зая боп кетуіне жол бермейтін. Сахабалар Пайғамбарымыздың аманатына асқан жауапкершілікпен қарап, осы жауап-кершілікке лайықты өмір сүрді.
Сахабалар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір сөзі мен өсиетін күн сайын жаңа құлшыныспен қабылдап, иләһи әмірлерге құштарлық танытып, әрбір естіген сырлы сөздерге қана сусындап, осынау игілікті аялап, құрметтей білді. Олардың ой-пікірі мен жан дүниесі саф таза болатын. Хақтан түскен әмірлерді асқан шабытпен әрі шынайылықпен орындайтын. Өзара бастары қосыла қалса, ақиқаттан сыр шертіп, мәңгілік бақыт туралы әңгіме қозғайтын. Олардың дүниетаным кеңістігі осыншалықты пәк әрі асқақ болғандықтан, Пайғамбарымыздан үйреніп, көкейге тоқығандарын ұмытуы немесе сүннетке немқұрайдылық танытулары мүмкін емес еді. Расында да солай болды. Задында, саналы ғұмырын туралықтың туын асқақтатуға арнаған, жалғандыққа жуып көрмеген осынау асқақ рухты абзал жандар сүннеттің ұмытылып кете баруына жол бермеумен қоса, оның ішіне жалған сөз араластырмай тұп-тұнық күйде кейінгілерге аманат ете білді. Мәселен, араларында кез келген бірі жалған сөз айтар болса, жүздеген сахаба сол заматта-ақ наразылық танытып, әлгі желбуаз сөз өңеште қалатын. Сонымен қатар, сахабалардың сүннетке дегенде қара қылды қақ жаратындай әділ сарашылдығы өзгелерді де сүннет мәсе-лесінде байқап сөйлеп, абайлап басуға мәжбүр қылатын. Сахабалардың мұндай ұстанымы мен турашылдығы сол дәуірде бой көрсеткен бірқатар оқиғаларда өз көрінісін тауып, ел ішіне іріткі тастап, жалған сөз таратпақ болғандардың үнін дер кезінде өшіріп отырған.
Сахабалар сүннетті анықтап, жинақтаумен қоса, оны таза сақтай білуді де өздеріне қасиетті борыш деп білді. Осы тұрғыдан мағынасы анық үкімдерге (мухкәмәт) негіздей отырып, қалыптастырған бірқатар зерделеу және саралау тәсілдерімен естіп-білгендерінің барлығын сын елегінен өткізе алатын. Жеткізушінің (рауи) сенімділігін тексере алатын. Әрбір риуаятқа куә талап етіп, түрлі өлшемдер негізінде таразылап барып хадисті қабылдап, бекітетін.
Осы орайда айта кетерлік бір жайт, ардақты пайғам-барымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) естігендерін қағазға түсіріп, жазып жүретін сахабалардың да саны аз емес еді. Негізінде, хадистер құдды Құран кәрім секілді асқан ұқыптылықпен жинастырылып отырды (Ресми емес түрде жеке адамдардың дәптерлеріне жазылып отырған). Хадистердің анықталып, жинақталуы Омар ибн Абдулазиз кезеңінде басталды деу дұрыс, бірақ жеткіліксіз. Өйткені, Омар ибн Абдулазиз дәуірінде мемлекет арнайы заң шығарып, ресми жинақтау ісін бастаған еді. Яғни, хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық кезеңінде хафыздардың жадыларында жатталған немесе түрлі нәрселерге жазылып алынған Құранның аяттары мен сүрелерін жинау сынды сүннетті де ресми жинақтау және жазуды бастаған кез болатын.
Шынтуайтында, өз дәуірінде ардақты пайғамбары-мыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткен барлық нәрсе жазылып отырған. Мәселен, солардың қатарында Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың «әс-Сахифәтус-садықа», Һәммәм ибн Мүнәббихтің «әс-Сахифәтус-сахиха», Зәйд ибн Али ибн Хусейннің «Мәжмуа» атты еңбектері өте әйгілі еді. Бұл еңбектер ресми түрде жинақтау ісі басталған кезде, қайнар көз ретінде кейінгі толқын хадис маман-дарының кәдесіне жараған.
Сахабалар хадистердің анықталып, жинақталу ісіне қандай мұқияттылықпен қараса, хадис сөздерінің ауытқымай өз қалпында сақталуына да сондай асқан ұқыптылық танытқан. Айша анамыз (р.а.) хадистерді сөзбе-сөз дәл жеткізуге тырысатын. Ал, Ибн Омар (р.а.) бір әрпінің өзін өзгертпестен жеткізуге баса мән берген. Ибн Мәсғуд (р.а.) және Әбу Дәрда (р.а.) секілді әйгілі сахабалар хадис риуаят ету барысында бұл жауап-кершіліктен іштей қатты қиналатыны соншалық безгек тұтқандай қалшылдап, дірілдейтін еді. Енді бір сахабалар хадис айта бастауы мұң екен, арасына өз сөзім қосылып кете ме деп қауіптеніп, хадис жеткізуден үзілді-кесілді бас тартатын.
Бұл мәселеге табиғин ғалымдары да сахабалар секілді асқан жауапкершілікпен қараған. Олардың қатарына Сайд ибн Мүсәййәб, Шағби, Алқама, Сәури сынды ғалымдарды жатқызуға болады. Негізінде, хадис жеткізушімен қоса мәтіннің мұқият тексеріліп, қатал сынның елегінен өткізілуі, рижал[13] кітаптардың жинақ-талуы кейінгі дәуірлерде хадис кітаптарына бөтен сөздердің еніп кетуіне тіптен жол бермеді.
Менің ойымша, діни мәтіндерді мұншалықты ұқыптылықпен жинақтап, әрбір сөзді сын елегінен өткізген мұсылман үмбетінен басқа үмбет жоқ болса керек.
[1] Пайғамбардың өмірбаяны жазылған кітаптар.
[2] Зәкиуддин Шабан, Ислам хукук илминин есаслары (Усулул-фиқыһ), 100-бет; М. Сибаи, әс-Сунна уә мәкәнәтуһа фит-тәшриил-ислами, 61-бет.
[3] Қараңыз: М. Ажжаж әл-Хатиб, Сүннетин тәсбиті, 35-бет.
[4] Aдамзаттың мырзасы, асылы деген мағынада.
[5] Мысал ретінде қараңыз: «Али Имран» сүресі, 3/31; «Ниса» сүресі, 4/59, 65, 80; «Маида» сүресі, 5/92; «Нұр» сүресі, 24/54; «Хашір» сүресі, 59/7.
[6] Қараңыз: Зәкиуддин Шабан, Ислам хукук илминин есаслары (Усулул-фиқыһ), 7-бет.
[7] Зекет беру үшін болуы қажетті байлықтың мөлшері.
[8] Қараңыз: Зәкиуддин Шабан, Ислам хукук илминин есаслары (Усулул-фиқыһ), 7-бет.
[9] Тирмизи, Фәрәйз 17; Әбу Дәуіт, Дият 18.
[10] Бұхари, Фарзул-хумус 20; Муслим, Сайд 26.
[11] Бұхари, Зәбәйх 28-29; Мүслим, Сайд 12-15.
[12] Бұхари, Никах 27; Мүслим, Никах 33-40.
[13] Хадис риуаят етушілер жайлы жазылған кітаптар.
- жасалған.