АҢДАТПА
Аса рақымды әрі ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!
Құрметті оқырман!
Ең алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп басталған Ислам діні мұсылмандарды әрдайым ізденуге, өзін рухани жетілдіруге, үнемі сауатын арттырып отыруға ша-қырады. Осы орайда жүректегі иманымызды сақтаудың бірден-бір жолы – рухани мәдениетімізді молайтып, діни мағлұматымызды кеңейтетін, пайдалы кітаптарды оқуда жатқаны белгілі.
Тарихи себептермен үзіліп қалған өзінің рухани арнасын қайта жалғаған қазақ елі бүгінгі күні бірқатар шуақты еңбектермен қауышуда. Соның бірі баспамыздан бұрынырақта жарық көрген «Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғаламның рақым нұры» атты кітап болғаны шындық. Бүгінде есімі әлемге танымал, дін ғұламасы Фетхуллаһ Гүлен бұл еңбегінде адамзаттың асылы, Аллаһтың сүйіктісі, мақтаулы тұлға Мұхаммед пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ыстық ықылас, зор құрметпен қарай отырып, оқырманға оның өмірін танытып, өнегесін дәріптеуді мақсат тұтқан. Бұл еңбек осы кітаптың қазақ тілінде әлі жарық көрмеген екінші томынан алынып, өздеріңізге жол тартып отыр.
Ислам жолын Құран мен сүннет құрайды десек, бүгінгі күні осы сүннет ұғымын халыққа кеңірек түсіндіру, оның мәнін ашып көрсету, Исламда оның алатын орнын айшықтау – қоғам талабы. Неге десеңіз, сүннетті дұрыс түсінбеу дінді дұрыс түсінбеуге итермелеуде. Ал дінді шала түсінудің салдары халықтың адасуына соқтырарлық аса қауіпті жағдай. Осы орайда қолдарыңыздағы кітапта «сүннет» сөзіне анықтама беруден бастап, сүннеттің түрлері, сүннеттің Құран мен хадистердегі орны, сүннетті ұстануда сахабалардың көрсеткен мұқияттылығы, риуаяттардағы қырағылық, хадистердің қалай сақталғаны, бүгінгі күнге қалай жеткені, хадистердегі ғылыми шындық, «мәуду» хадис-терге талдама т.б. осы саладағы өзекті тақырыптар ғылыми тұрғыда талданады.
Бұған қоса, кітапта Исламнан кінәрат іздеген батыстық зерттеушілер әр түрлі сын тағып келген мәселелерге де түсініктеме берілген. Батысқа тән сыншылдық ағым (критицизм) әу баста Інжілді сынау мақсатында пайда болған. Әрине, батыстықтар үшін бұрмаланған әрі өзі ішінде қайшылықтар жиі кездесетін Інжілді сынға алу орынды шығар, алайда дәл сол өлшемдермен Құран кәрім мен хадистерді сынау – өрескел қателікке жатады. Хадистерді сынауға бағытталған бұндай қозғалыс ХІХ ғасырда мұсылман елдерінен, әсіресе, Мысыр мен Үндістанда кең етек алған. Әр дәуірде мұндай жаңсақ пікірлерге мұсылман ғалымдары дәлелді түрде тойтарыс беріп отырған.
Кітапты оқу барысында сахабалардың хадис риуаят етуге аса үлкен жауапкершілікпен қарағаны, кейінгі буын табиғиндердің хадис жинақтауда жол машақаты мен алыстығын көтеріп, ұзақ сапарларға шыққан оқиғалары, кейбір сахих хадистердің бұрмаланғаны, ойдан шығарылған хадистерді ғалымдардың елеп-екшегені т.б. оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.
Ендігі жерде адамзат баласына пайғамбар келмегенімен, пайғамбарлардан қалған ілім атты ұлы мирас ғалымдар арқылы үмбетке жетіп отырады. «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасшысы», «Ғалым адам – мәуелі ағашқа ұқсайды. Бір ғалымды кездес-тірсеңіз, саясында отырып, ілімінен сусындаңыз» деген мәндегі хадистер мұсылман үмбетін ғалымдардың ілімінен сусындауға шақырса, екінші жағынан ғалымдарға да үмбетке шамшырақ болу міндетін жүктейді.
Осы себепті ілімін амалымен көркемдеп, жүрген жеріне ізгіліктің шуағын шаша жүретін ғалымдардың еңбегін оқырманға жеткізуді өзімізге борыш деп білдік. Әсіресе, Құран мен сүннет жолымен жүру, осы жолдың ерекшеліктерін білу, хадистер жайлы білімімізді молайту қазіргі жағдайда біздің қоғам үшін де ауадай қажет.
Ендеше, барлық мақтау Аллаһқа, сансыз салауат Пайғамбарына деген ниетпен еңбекті назарларыңызға ұсынбақпыз.
- жасалған.