СҮННЕТТІҢ РАСУЛАЛЛАҺ ЗАМАНЫНДА ЖАЗЫЛЫП, КЕЙІНІРЕК РЕТТЕЛГЕНІ ЖАЙЛЫ
Жалпы сүннеттің Омар ибн Абдулазиз кезеңінде жинастырылғаны жайлы пікір дұрыс, дегенмен осы жерде айта кететін бір жайт та бар, ол – Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) көзі тірісінде-ақ Құран сияқты сүннетті де кейбір сахабалардың жазып, сақтай бас-тағандығы.
1. Құранмен бірге басталған оқу-жазу ісі
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) заманында арабтардың көпшілігі қара танымайтын. Алайда айналадағы басқа көрші тайпалармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, меккеліктердің арасында да оқу, жазу үйренгендер аз емес еді. Бұған қоса Құран түсе бастаған күннен бастап, сауаттылыққа деген құлшыныс арта түсті, себебі әрбір мұсылман дін үшін Құранды, Құранның үкімдерін үйренуге мәжбүр болатын. Құранның түсіріле бастауымен бірге арабтар арасында ілім үйрену, мәдениет пен өркениетке қадам басу, ұлы мақсаттарға ұмтылыс шаралары да бас-талғандай еді. Табақат кітаптарында жазылғандарға сүйенсек, Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) қасында ұзын саны қырыққа жақын уахиды жазып алып отыратын хатшылар болған. Олар жай ғана қарапайым оқуды, жазуды үйренген адамдар емес еді. Уахиды жазатын хатшы деген сөз – Құранды жазуға шын ниетімен берілген адам деген мағынаны білдіреді, яғни бүгінгі тілмен айтқанда, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) арнайы хатшылары, тек қана осы іспен шұғылдану үшін тағайындалған қызметкерлер деуге болады.
Ол кезеңде сауат ашуға деген құлшыныс қарқынды болған. Мысалы, Бәдір шайқасынан соң соғыста қолға түскен тұтқындарға егер он мұсылманға оқу мен жазуды үйретсе, басына бостандық беру шарты қойылған. Бұл оқиға сол кезеңнің жағдайымен алып қарағанда, өте ілгері жасалған қадам еді. Сөйтіп, жергілікті халыққа тосын, тұрмыс-тіршіліктеріне тікелей қатысты ерекше жаңалық жүзеге аса бастады. Бұл – иісі мұсылманға нұрын шашқан Ислам және оның шайқалмас алып діңгегі Құран болатын. Мейірімділік пен жақсылыққа шөліркеген жандар жан-жақтан ағылып келіп, дін мен Құран үйреніп, тіршіліктеріне тірек ету үшін тынымсыз еңбектенуден жалықпады. Алыстан келгені бар, ауылдық, қалалық болсын, барлығы дерлік үйінде, бақшасында Құран үйрену үшін ұдайы құлақ-тарына қалам қыстырып, күтіп отыруды дағдыға айналдырған еді. Кейінірек хадис ілімімен шұғылдан-ғандар құлаққа қалам қыстыруды осы істің қағидасы санаған. Осылайша бәлкім адамзат тарихында алғаш рет қасиетті кітаптың қиямет-қайымға дейін сақталып, өміршеңдігін қорғап қалуына жағдай жасалды.
Құран осылайша жазылып, тасқа таңба басқандай сақталып, қатталса, оның түсіндірмесі, кілті, нақтылау-шысы, жалпылама мәселелерін анықтаушы, құпия мәселелерін ашып көрсетуші, жалпы мәселелерді жалқыға тән етуші және шариғаттың екінші қайнар көзі саналатын сүннет те қатталып, сақталып, жалпы, ресми түрде жинауға дайындалған еді.
2. Хадистерді жазылмаған деген дәлелдер
Сүннеттің Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өмірден озғанына көп уақыт өткеннен кейін барып жазыла бастағанын айтып, күмәнға жол ашқан ориенталистер мен олардың мұсылман жақтастарының бұл пікірлеріне дәлел болатын хадистерге тоқталайық;
«Тақиидул-илм» атты кітапта Әбу Саид әл-Худри:
اِسْتَأْذَنَّا النَّبِيَّ فِي الْكِتَابَةِ فَلَمْ يَأْذَنْ لَنَ
«Біз жазу мәселесін қолға алмақ болып, Пайғамбар-дан рұқсат сұрадық, алайда ол бізге рұқсат етпеді»[1], – дейді.
Гольдциер және оның пікірлестері дәлел ретінде қолданған осы риуаятты хадис мамандары мықты айғақ деп санамаған, тіпті мән бермеген де. Әрине, Мүслимнің сахих хадистер топтамасындағы мына хадисті де айтпай кетуге болмайды:
لاَ تَكْتُبُوا عَنِّي، وَمَنْ كَتَبَ عَنِّي غَيْرَ الْقُرْآنِ فَلْيَمْحُهُ
«Менен ештеңе жазушы болмаңдар. Кімде-кім менен Құраннан тыс бір сөз жазып алған болса, оны жойсын»[2].
Сондай-ақ, «Тақиидул-илм» кітабында хадиске аса мән беріп, оның жазылып сақталуын шын көңілден қалаған, алайда жазып жатпай-ақ бір естігенін жадына сақтауда алдына жан салмаған Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен мынадай хадис те бар:
«Кейбір жолдастарымыз хадистерді жазып отырған бір уақытта Аллаһ расулы қасымызға келіп: «Не жазып отырсыңдар?» – деп сұрады. Әлгі бауырларымыз
أَتَدْرُونَ مَا ضَلَّ اْلأُمَمُ مِنْ قَبْلِكُمْ إِلاَّ بِمَا اكْتَتَبُوا مِنَ الْكُتُبِ مَعَ كِتَابِ اللّٰهِ
«Сізден естіген хадистерді жазып алып жатырмыз» деп жауап берді. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам): «Аллаһтың кітабынан басқа кітаптардан да (басқа-лардың сөздерін) жазып алғандықтан, сендерге дейінгілердің тура жолдан шыққанын білмейтін бе едіңдер?»[3] – деді.
Жоғарыда мысал ретінде берілген хадистердегі тыйымның себебін түсіну қиын емес. Өйткені Құран, Тәурат, мейлі Інжіл болсын, қасиетті кітапқа басқа басы артық сөздердің араласпауының қажеттілігіне назар аударылған. Ерте ғасырларда бұл иләһи кітап беттерінің айналасына нәбилердің немесе басқа адамдардың айтқан сөздері жазылмауы тиіс болатын, бірақ өкінішке қарай, бұл қағида аяқасты етілді де, соның салдарынан Тәуратқа пенделік кейбір сөздер араласып кетті. Інжіл алғашында жалғыз кітап бола тұра, араға ғасырлар салып, бірнеше нұсқасы пайда болды, ақырында, осы екі кітапты қабылдап алған жамағаттың екеуі де осындай көзжұмбай қателіктердің кесірінен тура жолдан тайып, адасушылықтың шырмауынан әлі шыға алмай жүр. Бұл ақиқатты түсіну үшін, хадистердің жазылуына рұқсат етілген, тіпті жазуға бұйырылған, сан жағынан жазылуға тыйым салынған хадистерден де көп рұқсат етілген хадистердің бәрін бірге ала отырып қарастырған жөн.
Жоғарыда жазуға тыйым салынғаны туралы хадисті риуаят еткен Әбу Һұрайра бір сөзінде былай дейді: «Расулаллаһтың сахабалары арасында менен артық хадис білетін бір ғана адам бар, ол – Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас, себебі мен жазбайтынмын, ол барлығын жазатын»[4].
Шындығында, Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) Расул-аллаһтан (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) естігенінің бір әрпін де қалдырмай қағазға түсіріп отырғандығын өзі де айтып кеткен. Оған: «Сен Расулаллаһтың аузынан шыққанның бәрін талғамай қағазға түсіріп аласың, ал шындап келгенде, ол да пенде ғой, ашуланатын да кезі болады, көңілденген кезі де», – деп ескерту жасағандар да болған. (Бұл сөздерді кімдердің айтқанын әдептілік тұрғысынан әрі аса қажет болмағандықтан хадис жеткізушілері білдірмеген). Абдуллаһ ибн Амр осы ескертуден соң жазуды қойып, мәселені Аллаһ расулына келіп айтқан. Мұны естіген Ғаламның рақым нұры (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саусағымен аузын көрсетіп былай деген:
اُكْتُبْ فَوَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ مَا يَخْرُجُ مِنْهُ إِلاَّ حَقٌّ!
«Жаза бер, Аллаһтың атымен ант етейін, бұл жерден хақтан басқа ештеңе шықпайды!»[5]
Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пенде бол-ғанымен, нәби еді, сондықтан ашуланса да, көңілденсе де, Аллаһтың разылығын көздейтін. Сол себепті не айтса да ақиқатты айтар еді. Шынтуайтында, ол өз бетінше сөйлемейтін, уахиға сүйеніп өзіне бұйырыл-ғанды ғана айтқан. Оның жаратылысы жа-уапты міндетімен тікелей байланысты болғандықтан, әрбір қимылы мен іс-әрекеті пайғамбарға тән болуға тиіс еді. Сол үшін балалық шағында көкірегінен шайтан мен нәпсіге қатыстының бәрі алынып тасталған. Сол күннен бері пендешілік атаулы оның нәбилік жаратылысынан аластатылды. Айтқан әрбір сөзі дінге қатысты болған-дықтан, сахабаға «аузымнан шыққанды жаз» деп бұйырған еді.
3. Хадистердің жазылғандығына қатысты дәлелдер
Қайнар көздерде хадистердің жазылғанына қатысты мынадай дәлел бар: бір күні сахабалардың бірі Расул-аллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) келіп : «Уа, Расулаллаһ! Сізден көп нәрсе естиміз, бірақ естігендерімізді бірден жаттап ала алмаймыз. Өмірлік маңызы бар мәліметтер көбіне ұмытылып кете ме деп алаңдаймын», – дейді. Сонда Аллаһ расулы: «Олай болса, оң қолың-нан көмек сұра»[6], – деген. Айтылған сөзге бойлай мән берсеңіз, яғни жазып алу арқылы жадыңа көмектес дегені.
«Тақиидул-илм» кітабынан тағы бір мысал:
Рафи ибн Хадиж Пайғамбарымызға:
يَا رَسُولَ اللّٰهِ، اِنَّا نَسْمَعُ مِنْكَ أَشْيَاءَ فَنَكْتُبُهَا؟
«Уа, Расулаллаһ, сізден көп нәрсе естиміз, естігендерімізді қағазға түсірсек бола ма?» – дегенде, Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам): «Жазып алыңдар, онда тұрған ештеңе жоқ»[7], – деп жауап қайырады.
Бұлардан басқа да Имам Дарими мен Ибн Хажардың кітаптарында Пайғамбарымыздың қысас және сауда-саттыққа қатысты бағзы үкімдерді жаздырып, Йемендегі Амр ибн Хазмға жолдағаны, сондай-ақ Уайл ибн Хужрға серт үлгісін жаздырғаны жайлы баяндалады.
Кейбір қайнар көздерде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Ілімді жазып, сақтаңдар»[8] дегені білдіріледі.
Сахих хадис қайнар көздерінде Әбу Һұрайрадан жеткен бір хадисте, Мекке алынған тұста Пайғам-барымыздың хұтба оқығаны, сол сәтте йемендік Әбу Шах есімді бір кісінің «Уа, Расулаллаһ, осы айтыл-ғандарды мен үшін жаздыртсаңыз бола ма?» деп сұрағаны, Пайғамбарымыздың сол кезде «Әбу Шахқа арнап жазыңдар»[9] дегендігі айтылады.
Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл дүниемен қош айтысардан бірнеше күн бұрын, үмбетінің болашағын ойлап, жанындағылардан «Маған бір қағаз немесе дәптер беріңдер, менен кейін тура жолдан тайқып кетпеулерің үшін сендерге бір нәрсе жаздырайын», – деп өтініш айтады. Мұны айтқан сәтте Пайғамбар өте ауыр халде жатқан болатын: Оның осы күйін көріп тұрған хазірет Омар (р.а.): «Қолымызда Аллаһтың кітабы бар, бізге сол жетеді», – деп ижтиһад жасайды, бұл – сахабаның өз бетімен жасаған ижтиһады еді. Бұған куә болған Ибн Аббас: «Расулаллаһтың жаздыруына бөгет жасағаны дұрыс болмады»[10], – деген.
Ибн Аббас осы оқиға есіне түскен сайын қынжылып терең ойға қалатын, алайда Омарға (р.а.) деген сүйіс-пеншілігіне ешқашан селкеу түспеген. Селкеу түспек тұрмақ, Омардың (р.а.) қасынан бір елі ажырамауға тырысып баққан. Хазірет Омардың қай жерде хұтба оқитынын естісе, тыңдау үшін дереу Меккені де, Басраны да алыссынбай жолға шығатын. Осы арада мына мәселеге баса назар аударғанды жөн көрдім, жоғарыда баяндалған оқиғаға байланысты Омарға (р.а.) қарсы бірде-бір жанның көңілінде түйткіл қалмағандығы. Бұлай болуы мүмкін емес те еді, себебі Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ақтық деміндегі өтінішін екінші рет қайталамаған. Пайғамбарымыздың соңғы сәтте үмбетінің адаспауы үшін айтқысы келген мәселе мейлі өзінен кейінгі халифа жайлы, мейлі басқа мәселе жайлы болсын, біз білетін бір шындық бар, ол – Пайғамбардан кейінгі халифаға (Әбу Бәкірге) бір кісіден басқа баршаның мойынсұнғандығы. Онан кейін халифаттық құрған Омарға (р.а.) әуелгіде наразылық білдіргендер болғанымен, уақыт өте келе оны мойындамаған бірде-бір жан қалмаған. Хазірет Осман мен Алидің (р.а.) тұсында ел ішінде алауыздықтар мен түрлі кикілжіңдер туа бастаған.
... Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ақтық демінде айтқысы келгені Әбу Һұрайраның «Расулаллаһтан екі ыдысқа толтырып ілім алдым, бұлардың біреуін беріп үлгердім, яғни тараттым: екіншісін жария еткенімде, басым алынар еді»[11] деп айтқан мәліметтер ме еді. Әлде ол Пайғамбарымыздың Хузайфаға (р.а.) оңашалап айтқан сырлары ма еді? Қалай дегенде де, Ақырғы елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) соңғы демінде жазып қалдырмақ болғаны беймәлім күйінде қала берді, ал бізге керегі – Пайғамбар заманында хадистердің жазылғандығы, оларды Расул-аллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) тікелей жаздырғандығы жайы.
Абдуллаһ ибн Амр ибн Асты былай қойғанда Расулаллаһтың кейбір хадистерін қағазға түсірген басқа да сахабалар болған. Мысалы, бір адамды жарақат-тағанда, одан алынатын құн, Мәдинаның қасиеттілігі және бір кәпір үшін мүминді өлтіруге болмайтындығы туралы үкімдер жазылған бір парақты хазірет Али (р.а.) еш жанынан тастамайтын болған. Нөкерлері одан: «Қолыңыздағы не? Пайғамбарымыздың сізге ғана айтқандары ма?» – деп сұрағанда, «Жоқ, жалпыға ортақ мәселелердің бір парасы», – деп жоғарыдағы аталған тақырыптарды білдірген. Омар (р.а.) жайылым мал-дарының зекетіне қатысты хадистер жазылған үшбу хатты қылышымен бірге жанынан тас-тамайтын. Ибн Сағыдтың «Табақат» атты еңбегінде бұл дүниемен қош айтысқанда, Ибн Аббастың (р.а.) да артында Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) мен сахабалардан естігендерін жиып-теріп жазған бір түйеге жүк боларлық кітап қалғаны жазылған.
Ибн Хишамның баяндауынша, Пайғамбарымыз Мәдинаға барғанда, яһудилермен келісім шартқа отырған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Исламның тұңғыш конституциясы ретінде қабылданған бұл келісім құжат та жазылып сақталған. Оның алғашқы жолы: «Бұл – құрайыштық мүминдер, мұсылмандар және Ясрибтіктер мен оларға қосылғандар, оларды қолдайтындар және солармен бірге шайқасатындар арасында келісім ретіндегі Расулаллаһ хазірет Мұхаммедтің жаздырған құжаты»[12] – деп басталатын.
Жоғарыда баяндағанымыздай, Амр ибн Хазмға жолдаған қысастықтар туралы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) құжаты оның шөбересі Әбу Бәкір ибн Мұхаммедке, сол сияқты Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азат құлы Әбу Рафидің қолына түскен құжаттар топтамасы табиғин заманында Әбу Бәкір ибн Абдуррахман ибн Харистерге келіп жеткен. Табиғин дәуірінің алдыңғы қатарлы ғұлама фақиһі саналатын бұл тұлға қолына түскен Пайғамбар заманының құжаттарын өмірдегі ең үлкен олжа деп білген. Хақ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дәуірінде Құран секілді ағаш қабықтарына, сүйекке, теріге жазылған хадистер сол күйінше табиғин мен тәбәи-табиғинге келіп жеткен-ді. Олар да қолдарына түскен теңдессіз құжаттарды барынша ыждағатпен сақтап, келесі ұрпаққа аман-есен жеткізуді көздеген. Табиғиндер заманының үлкен имамдарының бірі Мужахид ибн Жәбір, Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Астың Пайғамбарымыздан өз құлағымен естіп жинақтаған «Әс-сахифатус-садықа» деп аталатын кітабын көрген. Мужахид: «Мен Абдуллаһ ибн Амрдың алдында сол хадистер жинағының жатқанын өз көзіммен көрдім. Ұстап көрмек болып едім, рұқсат етпеді»[13], – деген. Ибнул-Әсирдің мәлімдеуінше, сол кітаптың ішінде мыңға тарта хадис болған. Бұл хадистер «ан Зәйнәл Абидин, ан Хусейн, ан Али ибн Абу Талиб» деген сияқты хадистерді жеткізуде (кейбір топтың ойынша) алтын тізбек деп аталатын атадан балаға, одан немереге беріліп отыратын әдіспен бүгінгі күнге ұласып, құжаттарға қайнар көз ретінде «ан Амр ибн Шуайб, ан әбиһи, ан жәддиһи» деп енгізілген. Сахих хадис кітаптарында осы тәсілді қолдану арқылы бүгінге дейін келіп жеткен 500-ге жуық хадис бар.
4. Қорытынды ретінде
Шындығында, хадистер ориенталистер айтқандай, Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өмірден өткен соң араға жүз жыл салып Омар ибн Абдулазиз заманында жазыла бастаған жоқ. Керісінше, сонау Пайғамбар дәуірінде жазылып, сақтала бастаған. Бұл мәтіндер кейіннен жазбаша әрі ауызша түрде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Ұхұдтың мәшһүр шейіті Абдуллаһ ибн Жахштың ұлы, саңлақ сахаба Жабир ибн Абдуллаһ та Ибн Аббас сияқты өлер алдында артына Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) хадистерін жинақтаған қомақты құжаттар қалдырған. Бұдан бөлек Хаммам ибн Мунаббихтен жеткен «Әс-сахифатус-сахиха» деп аталатын хадистер жинағы да сол кезеңнің аса маңызды хадис жазбаларының біріне жатады. Хаммам Әбу Һұрайрадан (р.а.) бір елі ажырамаған, жаттау қабілетінің ерекшелігімен танылған сардар сахабаның айтқан әрбір хадисін қағазға түсіріп отырған. Тіпті бір ретінде ұстазынан естіген бір хадисті оқығанда, Әбу Һұрайра (р.а.): «Дәл қазір есіме түспей тұр», – дейді. Сол сәт Хаммам дереу одан жазып жүрген хадис дәптерін көрсетіп, ұстазының көзін жеткізген еді. Аталмыш хадистерді замандасымыз Мұхаммед Хамидуллаһ кітап етіп бастырғаны белгілі.
Бір қызығы, дәл осы парақтардағы хадистердің көпшілік бөлігі Ахмед ибн Ханбалдың сахих хадистер топтамасында да, Бұхари мен Мүслимнің хадис жинақтарында да кездеседі. Бұл да өз кезегінде хадистердің ақиқатында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дәуірінде жазуға көшірілгенін, содан бері еш нұқсансыз, кемшіліксіз түрде сахабалар, табиғин және тәбәи-табиғин жолымен жетіп, хадистер топтамасына енгенін айғақтайды.
Осыншама тарихи оқиғалар мен хадистерге қоса қағазға түсірілуіне тыйым салынған хадистерге келсек, кейінгі ғасырларда өмір сүрген үлкен хадис ғалымы Ахмед Мұхаммед Шакир де құптағанындай, кейіннен ол хадистердің үкімі жойылған (мәнсұқ болған) немесе жоғарыда да баяндап өткеніміздей, Құран аяттарының қасына хадис жазбау мәселесі аяттармен шатастырмау үшін айтылған. Құран аяттарының хадистермен араласып кетпеуі жөніндегі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) асқан мұқияттылығына куә болған хазірет Омар да бұл іске соншалықты ықтияттылық танытқан. Өйткені алдымен Құранның барынша бойға сіңуі, түсінікті болуы, оның маңызы мен қызметінің не екендігі ұғынылуы, Аллаһтың кәламы болғандықтан, оған қажетті құрметті, ықтияттылықты көрсету қажет еді. Әйтпесе хадис Құранмен араласып, Құран өзіне тән қасиетінен, құрметінен ажырап, алдыңғы үмбеттердің басына келген жағдай қайталануы мүмкін еді. Сол себепті хазірет Омар Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) үлгі ала отырып, осы істе аса белсенділік танытқан. Уақыт өте келе сахабалар ненің не екенін айқын көріп, түйсінгеннен кейін ғана, яғни Құран мен хадистің айырмасын игерген соң барып, хадистер де Құран сияқты жазыла бастаған.
Алғашқы кезеңнен бастап-ақ хадистердің қағазға түсірілуі осылай қолға алынған. Ал Ислам тарихында екінші Омар деп сипатталатын Омар ибн Абдулазиз тұсында ресми түрде жинастырылып, жазылған. Ол кездері хадис жазылған парақтар әр жерде, жеке адамдардың қолында кездесетін. Көбінесе хадистер ауызша таралған. Хазірет Омар, Ибн Аббас, Әбу Мұса әл-Ашғари, Әбу Саид әл-Худри, Зәйд ибн Сәбит (р.а.) сынды сахабалар хадистердің жатталуында күш жұмсағанындай, Шағби, Нәхаи сынды табиғин кезеңінің атақты хадис жаттаушылары да жоғарыдағы жайттарды алға тартып әрі хадистердің жатталып сақталғанын дұрыс көріп, алғашқыда жазуға қарсы шыққан. Қалай дегенмен де ауызша сақталғаны болсын, жазбаша сақталғаны болсын, хадистер ресми түрде Омар ибн Абдулазиз заманында жинақтала бастаған. Құран хафыздарының көпшілігі Йәмәмә соғысында шейіт болғанда, бұған қатты қайғырған хазірет Омардың (р.а.) дереу Құранды ресми түрде реттеп жинақтауды қолға алғаны тәрізді хадистерді жинақтап, жаздыру мәселесі де Омар ибн Абдулазиздің сүннетті сақтап қалу жолында жасаған маңызды, ізгі қадамдарының бірі болатын.
«Елдің қиратқанын жөндеушілер»[14] деген Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сүйіншісіне лайық деп табылған әрі көпшілік тарапынан алғашқы «мүжәддид» деп мойындалған Омар ибн Абдулазиз – әмәуилар сарайында өскен жан. Ол тәпсір, хадис және нақду рижал ілімінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған. Екі жарым жыл халифалық атқарған тұста кең байтақ Ислам жағрапиясында жүргізген жаңашыл әрекеттерімен елге жаққаны соншалықты – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатқан. Ел басқару ісіндегі орасан жетістіктерімен қатар Омар ибн Абдулазиздің атын әйгілеген тағы бір маңызды қызметі – хадистерді жинақтап, жаздыруы еді. Ол кезінде Пайғамбардың бұйыруымен қысастық тақырыбындағы хадистерді жазған Амр ибн Хазмның шөбересі, Мәдинаның әкімі Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн Амр ибн Хазмға арнайы бұйрық беріп, хадистерді жинақтау ісін қолға алуды тапсырған. Әкім Омар ибн Абдулазиздің бұйрығын орындау мақсатында табиғин жастардың арасындағы есте сақтау қабілеті зор, ерекше зейінді Мұхаммед ибн Шихаб әз-Зұхриге осы жауапты міндетті жүктеген. Зұхри хадистерді ресми тұрғыдан жинақтау ісіне уақыт оздырмастан кіріскен, сөйтіп, Ислам тарихында «алғашқы хадис жинақтаушысы» деген атты иеленген. Әкім Әбу Бәкір ибн Хазмның өзі де бұл іске тікелей білек сыбана кіріскен, алайда ол хадистерді жинақтап реттеп болғанша, Омар ибн Абдулазиз бұл істің нәтижесін көре алмай, бақилыққа аттанған.
Омар ибн Абдулазиз бастаған хадистерді ресми түрде реттеу мәселесі тек Мәдинамен ғана шектелмей, аз уақытта Меккеде Абдулмәлик ибн Абдулазиз ибн Журәйж, Иракта Саид ибн Әбу Аруба, Шамда Әузаи, Мәдинада Мұхаммед ибн Абдуррахман, Куфада Заидә ибн Құдама және Суфиян әс-Сәури, Басрада Хаммад ибн Сәләмә, Хорасанда Абдуллаһ ибн Мүбәрак сияқты айтулы тұлғалар хадистерді жинақтаумен шындап шұғылданған әрі келешек ұрпаққа сансыз қымбат мирас етіп қалдырып үлгерген.
Хадистер жинақталған соң, хадистерді тақырып-тарына қарай жүйелеп, кітап шығару ісі басталған. Бұл кезең хадис тарихының алтын дәуірі болып саналады. Әбу Дәуіт ат-Тайалиси, Мүсәддад ибн Мүсәрхәд, әл-Хумайди және Ахмед ибн Ханбәл сынды майталман тұлғалар «Мүснәд» деп аталатын хадис кітаптарын жарияласа, Абдурраззақ ибн Хаммам сияқты ғұламалар «Мусаннаф» деп аталатын хадис топтамаларын шығарған. Ибн Әбу Зибтің «Муаттасы», Яхия ибн Саид әл-Қаттан мен Яхия ибн Саид әл-Ансаридің тамаша кітаптары да – осы алтын кезеңнің жемісі. Бұл аталған тұлғалардың қай қайсысы да Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи және Яхия ибн Маин секілді ұстаздардың ұстазы болатын. Ақырында «Кутуб-ситтә» кітабын бастырудың уақыты жетіп, хадистер жинағының ең сенімді қайнар көзі болып табылатын алты ірі хадис жинағын топтап жариялаудың кезі де келіп жетті. Бір -бірімен замандас саналатын, хадистің ең сенімді қайнар көздерін бастырып шығарған ұлы тұлғалар кітап дайындап шығарудың да жолбастаушылары десек артық айтқандық емес. Мысалы, Бұхари мен Мүслим бір- бірімен жақын дос болатын. Нәсаи мен Әбу Дәуіт те бір дәуірдің хадис майталмандары еді. Тирмизи болса Бұхариден дәріс тыңдаған. Осы хадис ұстаздары мен Пайғамбарымыздың арасын небары үш-төрт ұрпақ бөліп тұр. Арадағы бұл ұрпақтар да ақиқаттан аттап баспаған шыншыл жандар еді. Діннің жартысы саналатын сүннет осылайша күдік күмәннан алыс ең сенімді жолдармен, қара қылды қақ жарған әділетті әрі ықтиятты талдаушылардың сұрыптауынан өткен. Сахабалар, табиғин, тәбәи-табиғин кезеңінде жатталып, ауыздан-ауызға тарап, аса сақтықпен қорғалып, әрбір әрпі сақтала отырып кітаптарға басылып, сөйтіп, бүгінгі күнге дейін келіп жеткен.
Сахабалар сүннетке діни қайнар көздің бастауы, өте маңызды жетекші, берекелі Құран тәпсірі ретінде қараған болса, олардан соңғы ұрпақ та, яки табиғин мен тәбәи табиғин дәуірінің қаһармандары да асқан ықыласпен сүннетті көздің қарашығындай қорғаштап, кейінгі ғасырларға ұластырған.
[1] Тирмизи, Илм, 11; Хатиб әл-Бағдади, Тақииудул-илм, 32, 33.
[2] Мүслим, Зухд, 72; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 3/12; Дарими, Мұқадддима, 42.
[3] Хатиб әл-Бағдади, Тақиидул-илм, 34 б.
[4] Бұхари, Илм, 39; Тирмизи, Илм 12; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/248.
[5] Әбу Дәуіт, Илм, 3; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/162, 192; Дарими, Мұқаддима, 43.
[6] Тирмизи, Илм, 12; Табарани, әл-Муғжамул-аусат, 3/169.
[7] Хатиб әл-Бағдади, Тақиидул-илм, 73 б; Ұқсас риуаяттар үшін қараңыз: Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/215; Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуәид, 1/151.
[8] Дарими, Мұқаддима, 43; Ибн Әбу Шәйбә, әл-Мусаннаф, 5/313; Хаким, әл-Мустәдрак, 1/188.
[9] Бұхари, Илм 39; Луқата 7; Тирмизи, Илм, 12; Әбу Дәуіт, Мәнасик 89; Дият 4.
[10] Бұхари, Илм, 39, Мәрда, 17; Мүслим, Уасия, 22.
[11] Бұхари, Илм, 42; Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 2/362; 4/331.
[12] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуия, 3/31.
[13] Ибнул-Әсир, Усдул-ғабә, 3/350.
[14] Тирмизи, Иман, 13; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 4/73.
- жасалған.