Сау ақылды сал қылған кесел – Фанатизм
Сұрақ: Фанатизм деген не? Дінге деген беріктік пен фанатизмның айырмашылығы қандай?
Жауап: Фанатизмді араб тілінде «таассуб» дейді. Ойлаған нәрсесінің ақ-қарасын ажыратпай, тек өзінің таным деңгейінің жеткені мен көңіліне жаққанын діннің өлшемдеріне салмай құлай сеніп, «айтқаным айтқан» деп белгілі бір көзқараста қатып қалуды фанатизм дейміз. Пайғамбарымыз кей хадистерінде осы бір қасиетті ашушаңдық деген мағынаға келетін «асабия» деген сөзбен бейнелеген. (Әбу Дәуіт, Әдеп, 111, Ибн Мажә, Фитан 7). Шынымен де фанатизм ашулану мен түрлі сезімдерге негізделеді. Арабша мағынасындағы «таассуб» сөзінің түп-төркіні «тафаул» дегеннен шығады. Мұның мағынасы кепілдік дегенге саяды. Осы жағынан негізсіз болса да айтқанынан қайтпау, өзінің нәпсісінің қалауынан шықпау деген мағынаны байқаймыз. Фанатизм – ақыл мен зердеден алыс, сараптау мен қорытудан мақұрым қасиет. Сондықтан да фанатиктер ақыл мен ойдан аулақ болғаны секілді, адамгершілік қасиеттерден де жұрдай келеді.
Иманға кесірі тиген қасиет
Иман дұшпандары әуелден бері имандыларға қарсы табанды түрде қарсылық танытып келеді. Мысалы, бақыт ғасырындағы кәпірлер мен мұнафықтар Исламға қарсы пікірлерінен қайтпай, пайғамбарымыздың айтқандарын ақылға салмастан бірден жоққа шығарған. Ал ақыл таразысына салып, Ислам құндылықтарына түзу қарай білгенде, осыған түзу қарағандардың көргендерін көрер еді. Солардың естігенін естір еді. Сөйтіп қатып қалған қағидаларынан қайтып, қос дүниенің бақытын табар еді. Бірақ, өкінішке орай, олардың исламға қарсы фанатизмдеріне жеккөрушілік пен тәкаппарлық қосылып, Аллаһтың хақ дінін тани алмады.
Онсыз да тәкаппарлық пен зұлымдық – иманға келуге кедергі келтіретін, иманды адамды діннен шығуға итермелейтін, неше жерден біліп тұрса да мойындамауға алып келетін нашар қылық. Надандық дәуірінде жұрт тек аталарынан қалған дін болғаны үшін өздерінің пұттарынан бас тарта алмай, исламға қарсы шыққан еді. Хұдайбия келісімінің алдында Мәдинадан келген мұсылмандарды Мекке халқының Қағбаға жақындатпай қайтарып жіберуі де олардағы фанатизмнің бір көрінісі еді. Құран кәрім олардың мұнысын надандық деп бағалаған. Нәтижесінде өздерін өзгеден жоғары санау оларды Исламға деген жауласуға алып келді.
Негізінде осыған ұқсас оқиғалардың бүгінгі таңда да болып жатқаны белгілі. Мысалы, сіз дініңізді түсіндірмек болсаңыз, кейбір жандар сөзбен айтып жеткізе алмас дөрекілікпен алдыңыздан кесе-көлденең шығады. Тіпті мемлекетіңіздің жақсылықтары мен жетістіктерін паш ететін жоба дайындасаңыз, әлдебіреу сіз жайлы: «Экономикалық басымдықтарын пайдаланып, бұлар біздің ұлттық құндылықтарымызды тұншықтырмақ» дейді. Сіздер олардың марксист, ленинист, сталинист деген секілді ұстанымдарына тиіспесеңіз де, олар сіздердің пікірлеріңіздің көпшілік тарапынан қолдау тауып жатқанын көріп, кедергі келтірмек болады. Оны былай қойып, тікелей жұмаққа апаратын баспалдақ тауып, елдің игілігіне ұсынсаңыз, олар тағы да «мыналар біздің идеологиямызға шабуыл жасап жатыр» дейді. Міне, бұл сонау надандық дәуірінен жалғасып келе жатқан күпірлік фанатизмінің сарқыншағы.
Жер-көкке жайылған қорқынышты ауру
Бұндай надандық әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Тіпті түрлі пікірдегі түрлі адамдарда болуы мүмкін. Діндарларда да осындай кеселдің кездесетінін көріп жүрміз. Кейбір дін жолындағы адамдар өз көзқарасындағы тұрақтылық пен сенімділікті Аллаһ разылығы үшін емес, өзінің ие болып отырған білімінің жоққа шықпауы үшін бар білгенін өзінің тар көкжиегімен өлшейді. Сөйтіп нәтижесінде имандай сенген ақиқаттарында көркем мінезден аулақ қалып жатады.
Бүгінгі таңда кейбіреулердің өзін өзі жарып жіберу актілері де осындай надандықтың салдары. Әрине, егер ол адамдар әлдекімдер тарапынан ескірткіге немесе сол секілді басқа да нәрселерге егіліп, болмаса дуаланып тасталмаған болса. Бұл соншалықты нашар кесел. Адамдар өздерінің ақиқат санаған нәрселерін өздерінің рухани әлемдеріне айырбастап жібереді. Өздері құрбан болып қана қоймай, өзге жұртты да жұтып тынатын жауыздар жұмаққа емес, тозаққа жақындай түседі. Жұмаққа барар адамның осындай ғапылдықпен көз жұмуы неткен өкінішті өлім десеңізші!
Дінге деген тұрақтылық
Негізінде мұсылман адам фанатик болмауы керек. Өйткені мүмин әрдайым ақиқаттың жақтаушысы. Мүминнің міндеті ақиқаттың салтанат құруына қызмет ету. Сондықтан өзін Хаққа арнаған адамның ақиқат алдында қырсығуы мүмкін емес. Өйткені ол иманға деген құрметсіздік. Сондықтан мұсылманда фанаттық емес, дінге деген тұрақтылық болуы керек.
Дінге деген беріктік иманның мықтылығы. Ал көрсоқырлық пен қырсықтық бұған қайшы. Дінді мықты ұстану басқа сынақ түскенде айқын көрініс табады. Уақыт пен мекен ауысса да, діні берік адамның иманы титтей де өзгермейді. Жұрттың бәрі тура жолдан тайса да иманы кәміл адам дінін бекем ұстанып, Аллаһ разылығынан басқа ештеңені де мұрат тұтпайды.
Дініне берік мұсылман болу үшін әр адам тақлиди иманнан тахқиқи иманға жетіп, дәйім иманын жаңартып, ілімін арттырған үстіне арттыра түсу керек. Ол мағрифат жолаушысына айналғанда, әр істі Ислам шеңберінде сараптап, Аллаһқа сүйеніп, тақуалықты ұстанып, себептерді де орындап, ақылмен ойлап, сезімге берілмейді. Өйткені рухына мықтап сіңген мағрифат, махаббат оған өмір бойы жол көрсетеді.
Айтпағымыз, мұсылманның фанатизмге ұрынбай дінінде мықты болуы оның Құран мен сүннет қағидаларын терең меңгеруінде жатыр. Бұған қоса, басқа жерден естігендерінің де дұрыстығын білу үшін осы екі негізбен тексеруі керек. Ғалымдардың еңбектерін көп оқып, солардың ойлау жүйесін меңгеруі керек. Осының барлығына қол жеткізгеннен кейін қолын жайып:
رَبَّنَا لَا تُزِغْ قُلُوبَنَا بَعْدَ إِذْ هَدَيْتَنَا وَهَبْ لَنَا مِنْ لَدُنْكَ رَحْمَةً
“Уа, Раббым, бізді хидаятқа жеткізгеннен кейін жүрегімізді тайдырмай, бізді мейіріміңе бөле” (Әли Имран сүресі, 3/8)
деп дұға оқып, Аллаһқа сиынуы керек.
Фанатизм қаншалықты кесірлі мінез болса, дінді мықты ұстану соншалықты сүйікті қасиет. Өйткені дінге мықтылық ешқандай кедергілерге мойымай, өзінің иманын сақтай білу деген сөз. Негізінде фанатизмнің дәйім өз көзқарасында тұрақты болуы мүмкін емес. Өйткені ол ақылға емес, сезімге құралады. Сондықтан бір идеологияны насихаттағандар күні ертең басқа бір көзқарастың сойылын соғып жүреді. Мысалы, бір кездері тәндік құндылықтарды негізгі нәрсе санағандар кейін спиритуализм әсерінен шыға алмай қалды. Ал осыдан бірнеше ғасыр бұрын ислам негіздерін ұстанған мұсылмандарда қазіргі мұсылмандар ұстанымынан титтей де өзгеріс жоқ.
Уақыт пен жағдай өзгергенде кейбір иджтихад үкімдерінің өзгеруі өз алдына бөлек нәрсе. Ол дін негізінің өзгеруі емес. Құран кәрімнің өзі ғалымдардың өзара ақылдасатынын айтады. (Ниса сүресі, 4/83). Сөйтіп Құран мен сүннетті негізге алып, ислам шеңберінен шықпай, сахабалардың ұстанған жүйесімен үкім қабылданады. Бұл діннің өміршеңдігінің, жасампаздығының көрінісі.
- жасалған.