Мұңлы жүректердің жылауы
Сұрақ: «Кейде шерлі жанның жылағанынан Аллаһ тағала барша әлемге кешірім етеді» дейді. Бүгінде біздің ішкі жан-дүниемізді мұң қаптамай, қайғы ойламауымыздың себебі не?
Жауап: Адам атадан бүгінге дейін адамзаттың жекелей, отбасылық, қоғамдық проблемаларының астарында сол адамдардың өздерінің пенделігі жатыр. Бүгінде көзіміз көріп жүргендей, небір озбырлықтар мен әлімжеттіктің де себебі адамзаттың қателігі. Алайда уахи күшімен, тәлім-тәрбие арқылы осынау кемшіліктердің орнын қайта толтыруға болады.
Шыңырау құзға құлағаныңды да аңғара білу керек
Адамзаттың бүгінгі ең үлкен проблемасы енжарлық, селқостық. Қайсымыз осы дертімізді өзіміз сезіп жүрміз? Көпшілікте табылатын осы дерттің біз, өкінішке орай, өзімізде бар екенін білмейміз. Қарапайым ғана мысал, бірде қалада өмір сүретін мен ауылдағы нағашыларыма барған едім. Үйге кірер-кірмес отта жанған тезектің күлімсі иісін сезіп, «мына иістің жаманын-ай» демеймін бе. Мұны естіген үйдегі жас балалар маған қарап күле берді. Мен бала кезімде осы үйде жиі болғаныммен ешқандай да күлімсі иіс сезбеген едім.
Хазірет Мәулана да Мәснауиде сасық иіске үйренген адамның гүл сататын жерге келгенде есінен танып қалатынын айтады. Негізінде хазірет осы арқылы бізге әу бастағы халінен өзгерген, бұзылған нәрсенің жағдайынан хабар береді. Айналамыздағы сорақылықтарға үйреніп кеткеніміз сонша, кісі ұялтарлық жағдайлар көріп тұрсақ та селк етпес болдық. Мұны тіпті қалыпты деп санаймыз.
Осы секілді ішкі дертіміз болмағандықтан біздің ар-ұждан да адамзаттық атқа кір келтірер істердің орындалуын жатсынбайды. Өйткені адам баласы қоғамның бейнесіне қарай бейімделіп, ақ-қараны сол қоғамың талаптарына қарай салыстырмақ. Қоғаммен салыстырмалы түрде өзінің тәуірірек екенін ойлайды. Алайда Аллаһ алдында шын мүминнің анағұрлым тақуа болу керек екенін білмейді. Күнәнің ішінде жүргенімен, айналадағы адамдардың одан да жаман күпірліктерін көріп, кісі өзін-өзі тура жолдан таймадым деп түсінеді. Сөйтіп күнә-қателерін жөндеуге тіпті тырыспайды да.
Иә, адам табиғаты өмір сүрген ортасына тез бейімделгіш келеді. Мысалы, қатты дауыстап сөйлесетін жерде көп жүретін адамға бара-бара мұндай қатты дауыс қалыпты болып кетеді. Сөйтіп күндердің күнінде ақырын шыққан дауысты естімейтін болады. Осы секілді біз де дүниеге келген күннен бастап, дүниенің соңында ғапылдықпен жүрген жандарды көріп өстік. Енді жағдайымыздың тым мүшкіл екенін аңғармаймыз да тіпті.
Уайым адамның әрекет етуіне, амал қылуына сеп болады. Мысалы, құдыққа түсіп кеткен адам құдықтан шығуға тырысатын болса, қолынан келгенінің бәрін істеп, Аллаһ бұйырса, сол құдықтан шығады. Ал өзінің құдықтың ішінде екенін білмейтін адам ондай уайым жеп, әрекет жасамайды.
Басына қиындық түскенде, адам баласы Аллаһтан жәрдем күтеді. Бір ғұлама кісінің айтқанындай, адам баласы арадағы себептерді орындап, Аллаһқа терең дұға етсе, Жаратушы иенің Ахад есімінен келген көмекті көреді. Юнус ибн Мәтта балықтың ішіне тап болғанда:
لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنْتُ مِنَ الظَّالِمِينَ
“Сенен басқа құдай жоқ. Сен барлық кемшіліктен пәксің. Мен өзіме өзім кесір жасадым” (Әнбия сүресі, 21/87)
деп дұға етіп, нәтижесінде Аллаһтың жәрдемімен аман-сау қалған еді.
Енді өзіміздің қазіргі күйімізге қарап көрейік. Біздің мына халіміз Юнус ибн Мәттаның жағдайынан сорақы болмаса, артық емес. Әлгі ғалым осыны әңгімелеп «Бізді жұтатын балық – нәпсіміз» дейді. Яғни, бүгінде бізді нәпсіміз жұтып қойған. Дүние-дүние деп нәпсімізге әлдеқашан құл болғанбыз. Одан да өкініштісі сол, осы жағдайымызды өзіміз де сезбей келеміз. Сөйтіп әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан озбырлық пен әлімжеттікке немқұрайлы қараймыз. Бұл біздің жүрегіміздің қарайғанының көрінісі. Осы кезде біз өзімізді өзіміз сұрақтың астына алып, «кім едік, қайда бара жатырмыз?» деп тергесек қане? Одан кейін пайғамбар заманынан сабақ алып, қазіргі күнімізді сараптауды үйренуіміз керек. Тіпті кешегі Селжұқтар мен Османдар дәуірінде мұсылмандар жұртшылығын асқан әділдікпен, шариғат негізінде басқарып, өзге елдердегі әділетсіздіктерді тыюда қалай тер төккенін ойлап, осынау тұлғалардың өмірінен сабақ алсақ деймін. Менің ойымша, осы кезде ғана адам баласы Аллаһқа жүгініп, Жаратушы ие оған аталмыш қиындықтардан шығу жолын көрсетеді. Бірақ әлгіндей адамгершілікке, иманға қайшы дүниелерді қалыпты санайтын болсақ, біз бұл аурудан ешқашан айыға қоймаспыз.
Иманды жанның діні үшін уайымы, оның Ислам тарихындағы сонау алтын ғасыр қоғамын терең біліп, бүгінгі мұсылмандардың душар болып отырған иман мәселелеріне көз жүгіртуіне байланысты. Бір ғұлама «Тап болған қиындықтарым мен кедергілерді ойлауға да уақытым жоқ. Осы тап болған қиындықтарымның мың есесі келсе де, иман қызметі өз дәрежесінде салтанат құрса, маған одан артық ештеңе керек емес» дейді. Мүмкін ол халықтың иманы дұрысталғанда, өзі тозақтың түбіне түссе де разы болардай еді. Міне, бұл кәміл иманды адамның сөзі. Егер кез келген біреу өз ісімен көз алдыңда тозаққа қарай адымдап бара жатса, сенің бұған бей-жай қарай алмауың керек. Бірақ тағы бір ақиқат бар, әркім өзінің ұжданының көргеніне қарай қимыл етеді.
Әркімнің күн тәртібіндегі қиындықтарды білуі де дұрыс емес шығар. Өйткені кейбіреулер болмашы ғана тұмау ауруына шыдай алмай о дүниелік болып жатады. Ал иммунитеті күшті адамдар ондай ауруларды елемейді де тіпті. Осы секілді иман мен Құран қызметіне тер төккен адамдардың барлығының іштегі дертке қарсы тұрар қауқары болмауы мүмкін. Сол себепті қиындық пен дерттің барлығын ақтарып айтып беруіңіз, олардың рухына ауыр соққы болып тиеді. Осы кезде мына бір нәрсені айта кеткім келеді. Бүгін әке-шешем мен ата-әжем қасымда болып, бәрі бір-ақ күнде көз жұмса, оның уайымы, ант етейін, менің Ислам жағдайына деген жарты күндік уайымыма тең келмес еді. Кейде түн баласы іштегі шерімнен екі бүктеліп намаз оқып, жынды адам секілді ары-бері сенделіп жүрем де қоям. Бірақ осыған қарамастан кейбір ниеті бөтен адамдар жайлы тіс жармауға тырысамын. Өйткені бұл адамдарды жаман ойға жетелеп, имандарына зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан кей жағдайларды өз дәрежесінде әркімге айта бермеймін.
Егер шыдай алатындарын білсем, адамзаттың иманының аянышты жағдайын білдіру үшін елдің жүрегіне уайымның дәнін егер едім. Сол кезде олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, жынды адам секілді болып кетер еді. Онсыз да кәміл иманның белгісі жұрттың оны жынды атауы емес пе? Хазірет Юнустың қолында бары мен жоғын Аллаһ жолына қиюдың көрінісі. Ал керісінше жағдайда адамзаттың құрығаны емес пе? Құдай Өзі сақтасын! Өйткені Шариғат Иесі Аллаһ тағала ақыретін ойлағанның жұмаққа баратынын айтқан. Біз бұл мәселеде ешкімнің қорғаушысы да, жұмаққа баруына кедергі де келтіре алмаймыз. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ адамның дертіне дәрмен іздеп өзегімізді өртеген қайғымен екі бүктелу өз алдына бөлек дүние.
- жасалған.