Сабыр түрлері арасындағы қатынас
Сұрақ: Еңбектерде құлшылыққа, күнәлар мен тағдырдың ауыртпалығына шыдамдылық танытуда сабырдың үш түрі бары айтылады. Бұл сабыр түрлерінің арасында қандай байланыс бар?
Жауап: Адамдарды руханиятқа көңіл аудартқан өткен ғасырлардағы ірі ғалымдар секілді ғалым Бәдиуззаман да өз еңбектерінде осы сабырдың үш түріне тоқталған. Бұл сабыр түрлерінің арасында айтарлықтай байланыс барын айтуға болады. Қаласаңыздар, осы байланысты барынша ашып көрейік.
Құлшылықта бағытты түзу ұстау адамды күнәға барудан сақтайды
Адамға құлшылықты мүлтіксіз атқару, әсіресе оны табанды түрде атқара білу шынымен де айтарлықтай сабырды қажет етеді. Өйткені бір істі үзбей бастапқы уақыттан соңына дейін алып жүру өте ауыр. Дей тұрғанмен адам сабыр ету арқылы Алланың махаббатына бөлене алады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай дейді:
أَحَبُّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللهِ تَعَالَى أَدْوَمُهَا وَإِنْ قَلَّ
«Іс-амалдың Аллаға ең ұнамдысы аз болса да үзілмей жалғасқаны» (Бұһари, риқақ, 18; Мүслим, Салатул мусафирин, 216-218)
Нәпіл құлшылықтар өз алдына, парыз құлшылықтарды үзбей орындаудың өзі құлшылықты толық орындау тұрғысынан өте құнды. Осы тұрғыдан Бәдиуззаман ұстаздың «махаббат деңгейіне дейін биіктетеді» деп назар аудартқан құлшылыққа деген сабыр пендені Алланың алдында өзгеше құрметке бөлейді.
Егер сіз парыз етілген сәттен бастап тіпті (жаттығу кезін де есепке алсақ) жеті-сегіз жастан бастап өмірден озғанға дейін намаз, ораза, зекет пен басқа да құлшылықтарыңызды кемшіліксіз орындай алған болсаңыз, Алланың разылығына жету үшін өте маңызды құлшылықты атқарғаныңыз. Міне, адам осындай өлшеммен құлшылыққа берілсе, ол оқыған намаздар, ұстаған оразалар мен берген зекеттері т.б. бір есепте күнәдан сақтайтын қалқан тәрізді міндет атқарып, оны үлкен күнәларға ұрынудан сақтайды. Айталық, қазіргі күні кейбір кештерді сылтауратып улы ішімдіктер көп ішіледі. Тіпті осының кесірінен кейбіреулер комаға түседі. Нәтижеде ол адамның екі дүниесін де қарайтатындай нашар сезімдерге тұсалғанын байқаймыз. Ал құлшылығын үзбейтін адамның осындай кеште де мешітке баратынын, құлшылығын орындайтынын ойласақ, мешіттен шыққанда маңайындағы кісілер күштесе де ол дінде ашық тыйым салынған бұндай ауыр күнәға беттемейді. Өйткені оқыған намазы, айтқан зікірлері күнә жасауға аяқ бастырмай, өмірде еш кедергісіз жолын жалғастыруына септігін тигізеді. Бұдан бөлек, мынаны да айтуға болады: тоқтамай аққан судың тасты да тесетіні секілді бұндай адамның құлшылықта тұрақты болуы оның іштей күнәға құмартуын тежейді.
Құлшылық ойдың бағытын түзейді
Құлшылықты мұқият орындау басына қиыншылық түскенде, адамға өзін қалай ұстау керектігінде көмектеседі. Өйткені құлшылық адамға қашан да Алланың разылығын, тағдырды еске салады. Осы себепті бұндай мүмин қиындыққа тап келгенде, түзу ойлайды, тағдырға налымайды, тіл тигізбейді. Қайта Алламен байланысы күшті болғандықтан, «Бұлардың барлығы өзім ләббәйк деп құлдық ұрған Раббымның қалауымен орын алуда» деп ойлап, тағдырға разылық танытады. Өзгелер қатты уайымға беріліп, өзін жоғалтып алған уақыттарда да ол үнемі «Маған сенен не келсе де: мейлі көйлек, мейлі кебін, мейлі гүл, мейлі тікен, жақсылығың да ұнамды, ашуың да ұнамды» деп, үнемі Жаратушының разылығын ойлап өмір кешеді.
Иә, ғибадат, убудиет пен убудет арқылы Жаратушыға бет түзеп, құлшылықты толықтай атқарудың адамды жамандықтан сақтайтын жағы бар әрі тағдырдың ауыртпалығына тап болғанда адамның ой-пікірін түзу ұстайды. Міне, осылардың барлығын назарға алар болсақ, сабырдың түрлері арасында айтарлықтай байланыс барын сеніммен айтуға болады.
Басқа қырынан алар болсақ, сабырдың бұл түрлері арасында жеңілдік пен ауырлық тұрғысынан да кезек қойылғанын айтуға болады. Неге десеңіз, адамның ғұмыр бойы еш кемшіліксіз құлшылық жасауы өте қиын. Міне, осы қиындықты жеңе алған адамның басқа сабыр түрлерін де еңсеруі аса қиындық тудырмайды. Өйткені толарсақтан саз кешіп, қанша ауыртпалықтардан өтіп келген адамның кездескен шалшық суға тоқтап қалмасы, Алланың рұқсатымен оны да жеңіл түрде артқа тастары белгілі. Осы себепті бұл жерде алға шығып отырған сабыр түрлері бір жағынан кейінгілерін жеңілдетеді әрі қуаттайды.
«Осы сабырдың үш түріне тағы да қосуға бола ма?» деген сұраққа келетін болсақ, хазірет Бәдиуззаман айтқан осы сабыр түрлеріне жаңаларын да қосуға болады. Мәселен, белгілі бір уақытқа тәуелді жайттарға байланысты уақыттың естен тандыруына деген сабыр да өте маңызды. Мәселен, сіз барлық адамның Аллаға сенгенін, адамдардың бір-біріне сүйіспеншілікпен қарағанын, әлемде бейбітшілік пен тыныштық орнағанын, барлық адамның бір-бірімен етене араласуын, нәсілшілдікке жол берілмеуін т.б. ойлап, осы бағытта аянбай жұмыс жасайсыз. Алайда мынаны білу керек, бүкіл осы әсемдіктер орнауы үшін жаңа буын ұрпақ өсуі, тәрбиеленуі әрі мәселе түбегейлі қолға алынуы керек. Ал бұның жүзеге асуы үшін, жоқ дегенде, ширек тіпті кейде жарты ғасыр уақыт керек. Бұл да шыдамсыз адамдар сабыр ете алатын іс емес. Неге десеңіз, ақынның айтқанындай, асыққанның аяғын қырсық шалады, ал абайлап, сақ жүрген адам болса діттегеніне жетеді.
Бұдан бөлек, басшылықты қалап белсенді күшке қол жеткізгендер көбіне дереу қоғамның түр-түсін, ою-өрнегін, келбетін өзгертіп жіберем деп ойлап, осы түсінікпен әрекет жасайды. Мәселені түбінен қолға алмай, адамдардың азат еркіне құрметпен қарамайды. Игі орта қалыптасуы үшін қажетті шыдамды көрсетпей асықсаңыз, аңдамастан уақыт пен жағдаяттарды өзіңізге кері бағыттауыңыз мүмкін. Жасадым деп масаттанған бірқатар істерде де әу бастағы негіз дұрыс болмаса, ол істің демде быт-шыты шығуы мүмкін. Өйткені асығыстық пен төбеден бұйрықпен орнатам деген зорлық адамдық әрі қоғамдық эволюцияға қайшы. Осы себепті өз елімізге және бүкіл адамзатқа бейбітшілік пен тыныштық орнатуды шын қалап, дамыл таппай жүргендер мынаған дайын болуы керек: сіздер осыны қалап, барынша жанталассаңыздар да өздеріңіз күткен бірқатар оң өзгерістерді ешқашан көре алмайсыздар. Оларды көру кейінгі келе жатқан ұрпаққа нәсіп болады. Негізінде «міндетімізді атқарып, Жаратушының ісіне араласпау» ұстанымы өмір бойы негізгі принциптеріміздің бірі болуы тиіс.
Енді бір сабыр түрі бізге мүбах болып көрінсе де дүниеге қатты құмартпауға деген сабыр. Иә, қызылды-жасыл дүние өзіне қанша тартса да берілмей, табанды болып тұра алу да өте мықты сабырдың бірі. Хазірет Пірдің де айтқанындай, әлдекім «жедім деп ойлайын, қойшы» деп үнемдеген қаражатына бір мешіт тұрғызған. Яғни көңілі тартқан бірқатар ас-ауқат пен ішімдіктен бас тартып сабыр ету арқылы ақшасын үнемдеп, жинап, соған әдемі мешіт салдырған.
Бұл сабырдан да мықты тағы бір сабыр – ол Аллаға жақын мұққарабиндердің сабыры. Олар Жаратушы иенің жамалын көруге, Расулалламен қауышуға көңілдері алып ұшып қанша асыққанмен дәм-тұзы таусылғанша осы дүниеде бола тұруға деген сабыр. Ондай деңгейдегі адамдардың бірі Мәулана Руми «Шіркін, қайғылы жан тауып, Аллаға қауыша алмай сабыр етіп жүрген дертімді соған айтсам ғой» деп өлеңге қосқан. Яғни қайғылы жан ғана өзгенің қайғысын түсінбек. Мұңсыз адамға мұң шағып бекер. Негізінде хазірет Мәулана жұмақтан жырақтап қалғанын, бұл дүниеде бейшара күй кешіп жүргенін, махаббаты күйіп-жанып Аллаға қауышқысы келетінін жиі тілге тиек ететін. Өзін өмірден өткенге дейін жарға асықпын деп өткен. Бірақ ол «Қашан жетем?» деп махаббаттан өзегі өртенсе де ешқашан уақытынан бұрын барғысы келіп өзіне өлім тілемеген. Қайта жігерін жанып, осы өмірде ажалы жеткенше болуға сабыр еткен. Өйткені бізді осы өмірге жіберген Жаратушы иенің өзі. Бұйрық сезімнен де жоғары тұрады. Ғашықтық адамды естен тандырса да, Алла өзі «кел» деп шақырмастан, баруға талпыну Аллаға деген құрметсіздік болып табылады. Бізді осы өмірде әскер еткен Алланың өзі болғандықтан, бізге әскерден кетуге рұқсат беретін де өзі. Ендеше, біз сол рұқсат қағазды өзі толтырғанға дейін барынша шыдап, осы өмірде болуға сабыр етеміз. Міне, осындай күйіп-жанған ғашық жанға да сабыр керек. Бірақ бұндай сабыр Аллаға шын сенген, сену былай тұрсын, мағрифатпен тереңдеген, мағриғаттан махаббатқа, махаббаттан ғашықтыққа қол жеткізген ірі тұлғалардың ғана қолынан келеді. Сол себепті біздің одан дәмеленуіміз қиын.
- жасалған.