Кемел дінді ұстанушылар да кемелдікке ұмтылуы тиіс
Сұрақ: Жаратушы ие
اَلْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا
«Міне бүгін сендердің діндеріңді кемелдендірдім, сендерге деген нығметімді толықтырдым. Өздеріңе деген разылығымды исламға байладым» (Маида сүресі, 5/3)
деп бұйыру арқылы разылығын кемелдікке байлағанын айтуда. Біздерге мақсат болған осы кемелдік қандай жағдайлармен байланысты?
Жауап: Ислам – қияметке дейін келетін бүкіл халықтың әр түрлі мұқтаждығын өтейтіндей кемшіліксіз, мүлтіксіз, кемел әрі толық құндылықтар жүйесінің атауы. Осы себепті бұл дінді ұстанушылар кемелдікке ұмтылуы тиіс. Бұдан да қарапайым тілмен айтар болсақ, кемел әрі толыққан соңғы дінді ұстанушылар ол уәде еткен әсемдіктер мен игі нәтижелерге толықтай қол жеткізуі үшін міндеті мен жауапкершіліктерін толық әрі кемел түрде орындау ниетінде болуы тиіс. Аяттың ашық мағынасынан байқағанымыздай, Алланың разылығына бастайтын жол міне осында.
«Кездескен кедергілер менің кесірімнен»
Осы деңгейге жете білудің шарттарына келсек, аятта көрсетілген мақсатқа жетудің алғашқы шарты адамның өзіндегі бүкіл мүмкіндігі мен қабілетін орнымен қолдануға деген ниетте әрі талпыныста болуды. Мәселен, біреудің даусы әдемі, енді біреу іскер, енді біреудің басқарушылық қабілеті зор, ұйымдастыруға шебер әлдекімдер бар, енді біреулер қалам ұстайды, шешендігі барлар өз алдына. Әркім өз қабілетіне сай іс атқарып, ақиқатты дәріптеу ісінде соңғы күшіне дейін сарқа жұмсауы керек. Арасында кейбір қателіктер кеткенде, кінәліні сырттан іздемей өзін жазғырып, соны қайта қалыпқа келтірудің жолын іздеуі керек.
Әсіресе, өзін иман мен Құран қызметіне арнаған адам өмірінің қай кезеңінде міндет атқармасын, кемелдікке жете алмауда өзін жауапты сезініп, кездескен кедергілерге мен кесір тигізіп отырмын деп қарауы керек. Негізі оның «Иығыма жүктелген міндеттің жауапкершілігін лайықты түрде орындай алмадым, жемісін жей-жей осы міндетті соңына дейін апармадым. Бұл іс мендегі кемшіліктер себепті жүрмей жатыр» деген ойлары тәубаның бір түріне, тіпті жүректің терең қатпарларына сай инаба не әуба болып саналады. Жаратушы ие бұндай уайым кешкен жүрекке өз көмегімен жауап қатып, иншалла, ол адамның қателіктерін қосымша көмек беру арқылы қалыпқа келтіреді.
Әйтпесе адамның жасаған істерін үнемі кемел көруі, өз істерінде кемшілік кетпейді деп сенуі, жоспар мен жобаларым мінсіз деп ойлауы, кездескен қателіктерді өзін тыңдамаған, түсінбеген және өзіне бағынбағандардан көру Перғауынның أَنَا رَبُّكُمُ الْأَعْلَى «Мен сендердің ұлы раббыларыңмын» (Назиғат сүресі, 79/24) деген сөзінің бір сыңары.
Тіпті адам сүрініп кеткен істегі нәпсісін тергеуді өзі жауапты іспен тікелей қатыстыра қолға алуы керек. Яғни міндетінің ауырлығы артқан сайын ішкі есебі де тереңдей түсуі керек. Жауапкершілігіндегі істер көбейген сайын әрбірінде кездескен қателіктерге өзін кінәлауы тиіс. Кеткен қателіктер мен ағаттықтарды Алламен байланысты мықты ұстай алмаудан, исламды терең түйсіне алмау, хазірет пайғамбарымыздың ұстанымдарын дұрыс пайымдай алмау, сол кездегі жағдайды дұрыс танымау, қарсы пиғылдағыларды жақсы танымау секілді т.б. өзіндегі кемшіліктерден туғанын ойлауы тиіс.
Жақсылықтар Алладан, кемшіліктерге өзіміз кінәліміз
Әсілі Құран кәрімнің бұл мәселедегі мына ашық ұстанымы көп сөз айтуды қажет етпейді:
وَمَا أَصَابَكُمْ مِنْ مُصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ وَيَعْفُو عَنْ كَثِيرٍ
«Сендер тап болған кез келген жамандық өз қолдарыңмен жасаған істеріңнің салдарынан. Көбін Алла кешіреді» (Шура сүресі, 42/30)
Кездескен қателіктер мен кемшіліктердің түптеп келгенде, көздің харамға қарауынан, құлақтың жаман нәрсе естуінен, ойға жамандықтың оралуымен, ауызбен нашар сөз айтумен, қолмен ұстап, аяқтың соған қадам басуынан деген секілді т.б. жағдайлардан туындайтыны әрі олардың көпшілігін Алланың кешіретіндігі тікелей Құранда айтылуда.
Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) да бір хадисінде:
كُلُّ ابْنِ اٰدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ
«Адам баласының барлығы қателік жасайды. Қателік жасағандардың ең жақсысы көп тәуба ететіндер» (Tирмизи, Қиямет, 49; Ибн Мажә, Зүхд, 30)
деу арқылы адам табиғатында қателік жасайтын сана-сезім бары, анығырақ айтқанда, бейімділік барына назар аудартылған. Міне, бұл жерде маңыздысы адамның өз қателігін аңдауы және оны дұрыстауға тырысуы. Әділетті халифалардың өзі ауық-ауық «Қап, мына істі олай емес, былай істегенімде ғой» (Хазірет Әбу Бәкір үшін қараңыз, Табарани, әл-Мұғжамул кабир, 1/62) деу арқылы өздерін сұраққа алып, кейбір істерінде өз деңгейлерінде ағаттық жібергендерін айтқан.
Оқиғалардың астарын дұрыс түсіну
Керек десеңіз, адам өзі тап болған жамандықтарды өзіне тіке қатысы болмаса да өзінен деп білуі керек. Айталық, аяғына батқан тікеннің өзін кездейсоқ деп білмей, жіберген кемшілігімнің кесірі деп білуі тиіс. Бұған мысал ретінде мына оқиғаны келтірейін: «Бір досыңыз өзіне күн сайын екі немесе кейде үш рет инсулин инесін қабылдайды. Егер осы кезде иненің сырты жерге түсіп кетіп, оның себебі «бисмилла» деп айтпағандығымда деп біліп, «Алла тағалам, егер сенің атыңды айтып таққанымда қолымнан түспес еді» дейді. Осы секілді кейде инені салып жатқанда, бір жүйкеге не тамыршаға тиіп қанталап кетеді. Мұны да түзу ойда бола алмағанына, Алламен қарым қатынасын дұрыстай алмаумен байланыстырады». Меніңше, жамандықтарға кездескенде де осындай мінез көрсетілуі керек. Неге десеңіз, адам орын алған бір кемшілікті, жіберген бір ағаттықты, өзімнен деп біліп, өзін жазғырмаған жағдайда өмір бойы жаман ойдан арыла алмай, кінәні басқалардан іздегенін қоймайды. Тіпті үнемі маңайындағы адамдардың жағымды іс-әрекеті жағымсызға айналғанын, жұмыстарын да тәуекелге тапсырды деп ойлайды. Әрине, өз кемшіліктерін көре алмағандықтан, оларды жөндеу үшін ешқандай әрекет жасамайды.
Ал анығында қателіктерін көрген әрі оларды аңдаған адам бір қателік жіберген жағдайда асықпай ойланады, әрі сол қатені енді қайталамау үшін балама жолдар іздестіреді. Иә, қателікті өзімнен деп білген адам енді қайта сол қателікті жібермеу үшін ақылмен іс жасап, қажетті бүкіл сақтық шараларын жасайды. Мәселен, басшы қарамағандағылардың арасында түсініспеушілік орын алғанда, бұдан сабақ алады, дәл сондай түсініспеушіліктер қайталанбауы үшін барлық ықтималдықты есепке алып, әр ықтимал жағдай үшін бірнеше шешім жолын ойластырады. Яғни, басынан анықтаған жоспар мен жобаларда ықтимал проблемалардың түрлі-түрлі балама шешімдері болады.
Ортақ кеңеске жүгіну
Қолға алынған істерді кемелдендіру тұрғысынан адамды қателіктер мен жаңсақтықтардан сақтайтын маңызды ұстаным ортақ кеңеске жүгіну. Хадисте ақылдасқан адамның өкініште болмайтындығы ескертілген (Табарани, әл-Мұғжамул кәбир, 6/365) Ойлаңыз, Пайғамбарымыз (саллаллаху алайхи уә сәлләм) уахимен қуатталып, көктің арғы жағындағы әлеммен байланыста бола тұра ақылдасуға маңыз беретін. Әрі ақылдасудың не екенін өзі үйреткен адамдармен кеңескен. Иә, өзінің артықшылығын бір жаққа ысыра тұрып, қатардағы қарапайым адам ретінде мәселелерді сахабаларымен ақылдасқан. Анығында пайғамбарлар сәруары (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) үшін жаңылысу ықтималы жоқ еді. Ендеше, біз секілді қателік жасау мүмкіндігі көп адамдар үшін мәселені көпшіліктің кеңесіне салу қателікті аз жіберуге септігін тигізеді.
Қазіргі күні әрі жеке адам, әрі қоғам ретінде көптеген түйткілді мәселелермен бетпе бет келеміз. Егер бүгін сіз ақылдасу механизмін жұмыс істетпей, ортақ кеңеске жүгінбесеңіз, бірінен кейін шыққан қателіктерге жолыққанда, не істеріңізді білмей алақтап, кейіннен өзіңізді кінәлі сезініп, кінәні басқадан іздеп, айналаңызда ренжітпеген адам қалдырмайсыз. Қателік те, дөрекілік те өзіңізде бола тұра, үнемі маңайыңыздағыларға кінә артумен өзіңізге деген сенім азайып, жұртты өзіңізден қашырасыз. Бір ақынның айтқанындай:
Мәңгілік емес ешбір байлық пен мемлекет,
Нағыз өнер ренжіген көңілді қалыпқа келтіру.
Егер алтын мен күміс әлдекім үшін мәңгілік болса, олар Қарұнның игілігіне жарар еді. Ал Қарұнды қазынасымен бірге жер жұтып қойғаны белгілі. Бұнымен де шектелмеді, Құранда қарғысталу арқылы рухани тұрғыдан адамдар тарапынан үнемі жердің түбіне батырылды (Қасас сүресі, 28/76-83) Осы тұрғыдан келгенде нағыз өнер ренжіген көңілді қалыпқа келтіру. Юнус Емре де «Біз ешкімді ренжітуге емес, ренжіген көңілдерді қалыпқа келтіруге келдік» дейді. Біздің де міндетіміз жүректерді сауықтыру. Жағдай осылай бола тұра адамның өзі жіберген қателіктерін өзгелерден көруі, өзгеге кінә артуы, сөйтіп көп адамды ренжітуі дұрыс іс емес.
- жасалған.