Құран және ғылыми жаңалықтар
Сұрақ: Күн сайын ашылған ғылыми жаңалықтардың ізін ала ол ақиқаттардың Құранда бұрыннан бар екенін біліп жатамыз. Осы тұрғыдан келгенде ғалымдардың Құранға қалай қарағаны дұрыс? Және мұның ғалымдарға, жалпы адамзатқа берер хикметі не?
Жауап: Құран мен жаратылыс кітабы – Аллаһ тағаланың хикметті қос сабағы. Сондықтан олардың біріне бірі қайшы келуі мүмкін емес. Құран кәрім - Аллаһ тағаланың кәлам сипатының көрінісі. Бұл қасиетті кітап жаратылыстың құпияларын баяндайтын бірден бір құрал. Жаратылыс сабағы мен Құран хикметі Аллаһтың ілімін паш етер қос нығмет. Бұған қоса Құранның тағы бір міндеті - Аллаһ әмірлерін адамзатқа жеткізу.
Жаратылыстың тәпсірі болғандықтан Құранда, әрине, ғылымға бірнеше сілтеме бар. Бұл дегеніңіз Құранда иман, ахлақ, ғибадаттан бөлек ғылым жайлы да жеткілікті мәліметтер бар деген сөз. Және аталмыш мағынадағы аяттардың тәпсірлері түрліше түсіндіріліп, бірнеше қырынан қарастырылған. Мысалы, хижреттен төрт ғасыр кейін өмір сүрген Ибн Жәрир әт-Табари хазіреттің тәпсірлерінен Құранды ғылыми жағынан көбірек қарастырғаны көрінеді. Мың бір жүз жыл бұрын өмір сүргеніне қарамастан ғалымның айтқан ойлары әлі күнге өміршең.
وَأَرْسَلْنَا الرِّيَاحَ لَوَاقِحَ
“Желді тасымалдаушы етіп жараттық” (Хижр сүресі, 15/22)
аятының тәпсірінде желдің өсімдіктер тұқымын тасымалдайтын қасиетке ие екені айтылған. Және бір қызығы, бұлттардың оң және сол заряды болатыны әлі белгісіз кезде бұл да қасиетті кітабымызда тұспалданған.
Тек Ибн Жәрир емес, басқа да ғалымдар Құранның ғылыми қырларына тоқталып, том-том кітап жазған. Өкінішке қарай соңғы кездері ғылымды Исламмен зерттеу кенже қалып бара жатқандай.
Ал бүгінгі күні аз да болса бұл қолға алынып келе жатыр. Мысалы, «Юсуф» сүресіне дейін Құранның ғылыми мағынасы бар аяттарын тәпсір еткен Мұхаммед Абдухтың тәпсірі он бес томға жеткен. Оның шәкірттерінің бірі Рәшит Риза Абдухтың тәпсірінің кей жерлеріне түзетулер енгізіп, өзі де көп жерін толықтырған. Бірақ бұл жерде әһли сүннеттің ұстанымына үйлеспейтін тұстары да барын айта кету керек. Мысалы, «Піл» сүресіндегі
فَجَعَلَهُمْ كَعَصْفٍ مَأْكُولٍ
“Осылайша Аллаһ оларды топан тәрізді қылды” (105/5)
деген аяттың тәпсірінде Әбраһа әскері шешек ауруынан қырылды деген пікір айтылған. Ал әһли сүннетте бұл бұрыннан бері аспандағы құстардың тастаған тастарынан әскердің қырылатыны айтылады.
Осы тәпсірдің жазылғанына аз уақыттан кейін Тантауи Жаухари «әл-Жауахир» деген тәпсір жазып, Құрандағы біз білмейтін ғылыми мағынасы бар аяттар жайлы көп мәлімет берді. Көп жерлерде тым тереңге бойламаса да, қазіргі заманның жағдайын қанағаттандыратындай еңбек жазған. Бірақ тәпсір ғалымдары оның еңбегін тәпсірден гөрі энциклопедияға көбірек ұқсайтынын айтады. Марқұм Саид Хауаның да Құранның ғылыми қырларын қарастыратын тәпсір жазуға көп еңбектенгенін білеміз. Соңғы кездері аталмыш тәпсірлердің бірте-бірте көбейіп келе жатқаны көңіл қуантарлық. Бұның көбіне араб елдерінде қолға алынып жатқаны белгілі. Айталық, соның бірі Зағлуллин Нәжжар осы тақырыпты қаузап жүрген үлкен ғалым.
Өткен ғасыр ғұламасы бұл тақырыпқа көп қалам тартпаған. Тек хазірет Мұсаның асасымен тасты ұрып су шығаруын, хазірет Сүлейменнің Бәлқис тағын қас-қағым сәтте алып келуі секілді сол заманда талас тудырған кей тақырыптарды назарға алған. Бірақ пайғамбар мұғжизаларының астарындағы ғылыми ақиқаттарға көп ишара жасаған.
Құран кәрімде негізгі тақырып ғылыми мәліметтер емес, иман мен ақырет бақыты болғандықтан, тиісінше ғибадат пен Ислам негіздеріне көбірек орын берілген. Онымен қоса шариғат негіздері де қамтыла отырып, адамзаттың осы өмірлік бақытына да мән берілген. Осыдан-ақ дінімізде ғылыми жетістіктерден бұрын адамның қос дүниелік бақыты маңыздырақ екенін көруге болады. Онымен қоса құран ғалымдарға арналған кітап емес, барша адамзат ғұмырына арналғанын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан да құран көпшілік оқып-түсіне алатынындай дәрежеде.
Тағы бір жағынан Құранның әр аятынан ғылыми жаңалық іздеп, барлық аяттың ғылымға қатысы болуы керек деп белгілі бір ұстанымның соңына түсіп кету де орынды емес. Және ғылымды Құранға қарай емес, Құранды ғылымға қарай ыңғайлау Аллаһтың сөзіне деген үлкен құрметсіздік. Оның үстіне ғылымның бүгін айтылғаны ертең теріске шығатыны тағы бар.
Басты ескеретініміз, Құран мен хадиске тәпсір жасағанда тек қана осы дұрыс демей, басқа да мағыналары бар екенін ескерген жөн. Әйтпесе бұл үлкен қателікке, арты дінбұзарлыққа соқтыруы мүмкін. Және де бұған дейін де ғалымдардың қолға алған аят-хадисіңіз жайлы не айтқанын білуіңіз керек.
Тәпсір жасайтын адам өзінің тақырыбын өте жақсы білуі керек. Араб тілі заңдылықтарынан бастап тарихқа дейінгі барлық ғылымды игерген болуы шарт. Онымен қоса дүниелік ғылымдар жайлы да бір кісідей білімді болғаны жөн. Бірақ өкініштісі дін мен ғылымды қатар меңгерген мұсылмандардың аздығы өз алдына, аталмыш екі сала бір-бірінен кереғар бағытта дамып бара жатқаны да белгілі. Дінді де, ғылымды да білу үшін ойдан-қырдан естіген нәрселері білім болып саналмайды. Бұхариды толық жаттап алып дінді білдім деу бекершілік. Сол секілді Құран кәрімді де бастан-аяқ жаттап алу исламды түсінуге жеткілікті емес. Сондықтан сараптай отырып, қорытынды шығара да білу керек.
Бүгінде батыстың позитивті ғылымы жауап таппаған сұрақ жоқ десе де болғандай. Барлық нәрсені талдап, жік-жікке бөліп тастаған. Олар тек Аллаһтың хикметті ғылымына көңіл бөлмегендіктен көп жерлерден сүрініп жатады. Көбіне бар нәрсені материяға әкеп тірейді. Сондықтан материализм, позитивизм мен натурализмнен арыға аса алмайды.
Біздің ренессансымыз хижреттің бесінші жылы болды. Бұл кездері мұсылман ғұламалары пәлсапа мен басқа ғылымның көлденеңнен тартқан барлық сұрақтарын шемішкедей шағып, күн өтпей жауабын ислам шеңберінде беріп отырды. Бірақ одан кейін ғылым батысқа ойысты. Мұсылмандар ғылымнан қол үзді. Ғылымға иелік еткенмен дінсіз еуропа болмыстың жауабын ғылымнан жарытып тауып бере алмады. Сөйтіп дін мен ғылымның арасының алшақтауы басталды. Бұдан шығатын қорытынды - білім қанша дамыса да уахидің күшінсіз алысқа бара алмайды.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті - ғылым мен дінді қатар ала отырып зерттеу. Біз бұл жерде батысты, еуропаны қаралайын деп отырған жоқпыз, кіналаудан аулақпыз. Заманауи ғылымның да үлкен жетістігі бар. Тек Құран мен ғылым екеуі де Аллаһтан болғандықтан, екеуі бірін бірі толықтыратынын білдіргіміз келеді.
Осы орайда кейбір кісілер заманауи ғылымды исламдау керек дегенді айтады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мұнымен мұсылмандар ештеңе де ұтпайды. Одан да нұрлы ақыл, ыстық жүрекпен ғылымды зерттеп, Исламның мүддесіне қызмет ететін ғылыми теорияларды жұртшылыққа ұсыну керек. Бұл мұсылманша ойлап, Исламмен өмір сүретін ұрпақтың өсіп-жетілуіне байланысты
Егер бүгінгі таңда барлық талаптарға жауап беретін үлкен тәпсір жазылуы керек болса, ол үшін барлық ғылымнан хабардар ғалым адамдардың қоғамдастығын құру керек. Олар бірлесе отырып жұмыс істеуі тиіс. Жаратылыс пәндерінің ғалымдары да, дін ілімдерінің ғалымдары да бірлесе тәпсір жазғанда, ең бастысы, ол жерде субъективті көзқарас болмайды, ешкімнің жеке мүддесіне жол берілмейді. Және бірінің білмегенін екінші біреуі толықтырып жақсы тәпсір жасауға мүмкіндік туады. Бұл Құран кәрімге деген құрмет пен опалылығымызды көрсеткеніміз болып табылады.
- жасалған.