Бес күндік өмірін ақыретіне айырбастағандар
Сұрақ. «Тәубе» сүресінде «Жиһадқа шықпай үйлерінде қалғандар пайғамбар бұйрығын орындамағанымен қоймай, малымен де, жанымен де жиһадқа шыққандарды кекетіп, «мына ыстықта адам соғыса ма» десті. Сен оларға былай де: «Тозақ оты бұдан да ыстық». Тозақ отының бұдан да ыстық екенін білер ме еді» (Tәуба сүресі, 9/81) деген аят қызмет етіп жүрген біздерге қандай жауапкершілік жүктейді?
Жауап: Риуаяттарда бұл аяттың мұнафықтарға қарата айтылғаны және екіжүзділікті әшкере еткен аят екені айтылады. Сонымен қатар Аллаһтың дінін жаюда немқұрайлылық көрсетіп, дүниенің ләззатына алданған әр пенде үшін бұл үлкен сабақ. Мысалы, біз тұрмақ, хазірет Айша, хазірет Әбу Зәрр, Омар ибн Абдулазиз секілді тұлғалар өз заманында мұнафықтар жайлы түскен Құран аяттарын «маған арналған» деп қабылдап, соған қарай өздерінің иманын жетілдіріп отырған. Әлбетте мұсылманның өзін өзі тура мағынасында мұнафық санауы дұрыс емес. Өйткені мұнафық болу кәпір болу деген сөз. Ал мұсылманның кәпір болуға, Аллаһ сақтасын, келісуі мүмкін емес. Сол үшін екінші бір ғалымның айтқанындай мүминдер дәйім اَلْحَمْدُللهِ عَلٰى كُلِّ حَال ٍسِوَى الْكُفْرِوَالضَّلاَلِ “Күпірлік пен адасу бөлек, барлық жай-күйіміз үшін Аллаһқа шүкір етіп, мадақ айтамыз” деуі керек. Күпірлікке разы болу кісіні күпірлікке жетелейді. Сол себепті жыланнан тіксінгендей, мұсылмандар күпірден тіксініп, бойын аулақ ұстауы керек.
Адам болғаннан кейін әркімде міндетті түрде кемшілік болады. Жаратылысында рахатқұмарлық, нәпсіқұмарлық, Аллаһтан басқа да нәрселерден қорқу секілді қасиеттердің бар екенін біліп шайтан да адамды әдейі азғырады. “Мені қарғыстағаның үшін мен де сенің құлдарыңның алдынан кесе көлденеңнен шығып отыратын боламын. Олардың алды-артынан, оңы мен солынан азғырамын” деген. (Ағраф сүресі, 7/16-17). Өйткені адамзаттың осал тұстары шайтан үшін үлкен мүмкіндік. Сол үшін адамзатты адасуға бейім жаратылыс деп сипаттаймыз.
Және де мынаны айтпай кете алмаймыз. Мұсылман болып иман етсе де адамның бойынан күпірліктің белгілері байқалуы мүмкін. Ал күнәлі мұсылманды істеген ісіне қарап мұнафық немесе кәпір деуге ешкімнің де қақысы жоқ. Сол үшін әркім өзінің ішкі әлеміне үңіліп, күпірліктен сауапты амалдар арқылы тазарып отырғаны жөн.
Сұрақтағы аяттың басында Аллаһ тағала فَرِحَالْمُخَلَّفُونَبِمَقْعَدِهِمْ деп, Тәбүк соғысына қатыспаған мұнафықтар жайлы айтқан. Соғысқа бармағандар өздерінше біздікі дұрыс деп ойлаған болуы да мүмкін және мұсылмандарды қателесті деп санап, жеңіске жете алмас деп ойлаған. Тарихтан белгілі, аталмыш соғыс жаздың ыстығы елу-алпыс градусқа дейін жеткен аптапты күні болған еді. Оның үстіне жорық басқа емес алып Рим империясына қарсы ұйымдастырылып отыр. Бірақ Аллаһтың жәрдемімен мұсылмандар осы жорықтан абыройлы оралды.
Мұнафықтардан басқа, белгілі бір себептермен үш мұсылман да соғысқа бара алмай қалған еді. Бұл да белгілі бір дәрежеде қателік болатын. Бірақ Аллаһ тағала وَعَلَى الثَّلاَثَةِ الَّذِينَخُلِّفُواْ (Тәуба сүресі, 9/118) деп, олардың қателіктерін кешкен. Аталмыш үш мұсылман нағыз мүминнің сипатынан жаңылмай сынақтан сүрінбей өтті. Сұрақтағы аятта Аллаһ тағала خِلَافَرَسُولِاللَّهِ дей отырып, мұнафықтардың осы қылығын пайғамбар әміріне құлақ аспау деп, пайғамбар бұйрығына қарсы келудің Аллаһқа қарсы келу екенін білдірген.
Аятта сипаттары айтылған мұнафықтар жиһадтан қашқандары секілді لَاتَنْفِرُوافِيالْحَرِّ “мына ыстықта жорыққа бармаңдар” деп өзгелерді де азғырғаны, бүлік бастағандары белгілі. Осы тәріздес кейбіреулер сүттей ұйып отырған иманды жұртты ірітеді де тастайды. Жүрген жерлеріне шөп шықпайтын ондай адамдар мұнафық емей немене?! Олардың мұсылмандарды азғырғандары үшін Аллаһ тағала قُلْنَارُجَهَنَّمَأَشَدُّحَرًّالَوْكَانُوايَفْقَهُونَ “Былай де: ‘Тозақ оты бұдан да ыстық. Осыны ұғар ма едіңдер?!” деп жауап берген. Сырттай қарағанда يَعْلَمُونَ немесе يَعْقِلُونَ деген сөздердің орнына одан да терең ойландыратын, мәселені жан жақты қарастыратын يَفْقَهُونَ деген сөздің келуі тегін емес. Бес күндік жалғанға алданып, мәңгілік рахатты ұмытқандарыңды-ай дегендей.
Негізінде сол күннің жағдайы мен бүгінгі жағдайларды салыстырсақ, көп нәрсенің өзгермегенін көреміз. Сол күннің екіжүзділері аталмыш істің қадірін түсінбегендеріндей бүгін де Аллаһ жолында қызмет етудің дәмін сезіп, түрін көрмегендер әлі де бар. Сол күні хижреттің сауабын ұға алмағандар секілді бүгін де көш десеңіз ауырсынып, сылтауға жармасатын бауырларымыз бар. Ал иманның дәмін сезген, рахатын көрген адамға мына дүнеде ауырлық қылар ештеңенің де жоқ екенін, зынданның да оның иманының алдында қауқарсыз екенін бәріміз бір кісідей білеміз. Тек соны сезіне орындау ғана жетпейтіндей. Ол үшін өзін қызметке толығымен атаған асыл азаматтарға мұқтажбыз, әлем мұқтаж. Ондай адамдар тап болған қиындықтарынан Аллаһтың мейірімін байқайды. Тозақ отының жанында мына дүниенің барлық пәле-жаласы ештеңе де емес, Аллаһ разылығымен салыстырғанда дүниенің барлық рахаты мен ләззаты түк те емес. Мұсылман кісі ешқашан да дүниесін ақыретіне айырбастамауы керек.
- жасалған.