Құдайға сенбеушілікте табандап тұрып алудың себептері
Сұрақ: Құдайға сенбеушілік адам көңілін қарайтып, орны әрдайым қоңылтақсып тұруына қарамастан, бұндай кісілердің сенбеушілікте табандап тұрып алуының себептері қандай?
Жауап: Өмірді сәт сайын күтпеген жағдайдың болуы мүмкін үрейлі хаос не күрес деп, ал өлімді мәңгілікке құрып кету деп ұқтыратын Құдайға сенбеушіліктің адамға тартымды ешбір жағы жоқ. Керісінше ол адам үшін үнемі қорқыныш пен үрейді, қорқынышты құзды білдіреді. Алайда адамды соқыр әрі керең ететін осал тұстар болатыны сондай, соларға ұрынған адам бұлтартпас ақиқаттардың өзіне қарсы келіп, иманнан мақұрым болып, сенбестік танытады. Бұл осал тұстарды негізгі тақырыптар ретінде былай көрсетуге болады:
Тәкаппарлық
Өзін жоғары санаған адам Аллаһқа құл болудан алыстайды. Анығында бір хадис шәріпте айтылғандай Аллаһ тағала «Тәкаппарлық менің шапаным, ұлылық менің көйлегім. Кім менімен осыған таласпақ болса, тозаққа тастаймын» (Мүслим, Бирр, 136, Әбу Дәуіт, Либас 26) деген. Демек, ұлылық тек Аллаһқа тән. Ал адамның міндеті Аллаһқа құл болу. Иә, шексіз құдірет қана бір, ал оның жанында басқалардың бәрі өзінің нөл болуға тиістігін білуі тиіс.
Ғалымдар бұл мәселені «есім мағынасы» және «әріп мағынасы» деген ұғымдармен түсіндіреді. Бұл бойынша адамға «әріп мағынасы» арқылы қарау керек. Мәселен, сөз ішінде келмесе жеке өзі тұрған әріптің мағынасы болмайтыны секілді, адам да Аллаһпен байланыстырылғанда ғана шынайы бағасына жетеді. Әйтпесе оның өзіне есім мағынасымен қарауы, өзін тәуелсіз жаратылыс ретінде көруі, өзін жеке тұрғыда әлдеқалай сезінуі тек алдану ғана. Осы тұрғыдан қарағанда, кейбіреулердің айтып жүрген «өз-өзіне деген сенімділік» деген секілді немесе осыған ұқсас ұғымдар Аллаһқа сенім артумен тереңдетілмесе, ешқандай құны болмайды. Негізінде адамның еркі, сол еркімен іс жасауы да Аллаһтың оған берген сыйы. Хақ тағала өз қалауы мен еркінен оған бір үлес берген. Адам өзіне осылай қараған кезде көптеген түйткілді мәселелер шешіледі. Әйтпесе Перғауынның «Мен сендердің ең ұлы раббыңмын» (Назиғат сүресі, 79/24) дегені анық тәкаппарлықтың белгісі. Перғауынның бұл сөздері ашық ширк пен күпір. «Мен құтқардым, мен істедім, мен реттедім, мен жүгірдім, ұлтты осындай келеңсіздіктен мен алып шықтым» деген секілді ойларға бару да жасырын ширк. Өйткені бір уақытта екі «мен» қатар жүрмейді. Мендік шынайы мағынада Құдайға тән болғандықтан, адамдағы мендік Аллаһтың барын ұғыну үшін соған берілген өлшемді білдіреді. Яғни адам қалауымен Соның қалауын, еркімен Соның еркін, аздаған ілімімен Соның шексіз ілімін, кішігірім парасатымен Оның барлық нәрсені қамтитын ұлық парасатын түсінуге тырысады.
Екінші жағынан адамдағы сезімдердің кемшілігі, шектеулілігі, тарлығы мен ұғынуға келгендігі, Соған тән нәрселердің қамтуға келмейтіндігін сезінуге себеп. «Махлұқтар Оның қалауынан тыс ілімінен ештеңені қамти алмайды» (Бақара сүресі, 2/225) аяты да адамдағы осы шектеулілікке ишарат еткен. Өйткені қамтылған нәрсе (мұхит) бір уақытта қамтыла да алмайды (мұхат). Мұхит – Аллаһ. Яғни Ол барлық нәрсені ілім, қалау, құдіретімен қамтыған. Біздер болса, Соның тарапынан қамтылғанбыз. Егер адам бұл тақырыпта өзін-өзіне тиіс қажетті тұғырға нық орнықтыра алмаса, иманнан мақұрым өмір сүреді. Міне, адамдардың имансыздығының астарында көбіне көп осындай тәкаппарлыққа апаратын перғауынша сөздер бар.
Зұлымдық
Иманға келуге тосқауыл болатын екінші нәрсе – адамның әлінен асуы, шегін білмеуі. Бір мағынада бұның зұлымдық екендігі күмәнсіз. Бүкіл тиран мен залымдардың имансыздықтарының астарында осы жатыр. Олар оқиғаларды өз күш-қуатынан деп білгендіктен, түбі оңбаған. Құран кәрімде суреттелетін Қарұнның бейнесі бұл жағдайға өткір мысал бола алады. Құран оның жағдайын былай баяндаған: «Бұл мүмкіндіктерге (шалқыған байлыққа) мен өз білімім мен білігімнің арқасында қол жеткіздім. Білмей ме, шынымен Аллаһ өзінен бұрынғы ұрпақтардан өзінен де күшті әрі байлығы одан да көп әлдекімдерді құртқан» (Қасас сүресі, 28/78).
Аятта да айтылғандай, Аллаһ небір күшті елдерді тауларды орнынан жұлып алып лақтырып жіберетіндей адамдарды әлінен асқандықтан тып-типыл етіп, жермен-жексен еткен.
Көзқарастағы қателік
Адамдарды сенбеушілікке апаратын себептердің тағы бірі көзқарастағы қателік. Мәселен, ғалымдар ниет пен көзқарастың маңызды екендігіне назар аудартқан. Мәселен, бір ғалым қырық жылдық өмірінде, отыз жылдық ілім жинауында төрт ауыз сөз үйренгенін, сол төрт сөздің екеуі ниет пен көзқарас екендігін айтқан. Өйткені көзқарас заттар мен құбылыстарды түсініп, дұрыс жорамалдауда өте маңызды фактор. Егер дұрыс көзқарас қалыптастыра алмасаңыз, көруге тиіс нәрсеңізді еш көре алмайсыз, не дұрыс көре алмайсыз. Еңбектеріңіз бен жұмысыңыз арқылы белгілі бір деңгейге жетсеңіз де, бәрібір Жаратушыны тани алмай, жолда сүресіз.
Көзқараста негізгі нәрсе қаралған нәрсені ақиқатындағы қалпымен көре білу. Сондықтан қаралған нәрсеге дұрыс қарау керек. Сондай-ақ қараған кезде көруді мақсат еткен жөн. Мәселен, сіз кітап сөресіне қараған уақытта белгілі бір кітапты табуды мақсат етпеген болсаңыз, ол тізіліп тұрған кітаптардың аттары мен түстерін көре алмайсыз. Сол үшін қарау басқа, көру басқа. Бұл екеуін бір-бірімен шатастырмау керек.
Құран кәрім Перғауынның көзқарасы дұрыс болмағанын көрсету үшін оның мына сөздерін бізге жеткізген: «Әй, Хаман, мен үшін бір биік қорған тұрғыз. Соған шығайын, көкке өрлеп, Мұсаның тәңіріне жетейін» (Ғафир сүресі, 40/36-37).
Ғасырымызда осындай көзқарасы дұрыс емес әлдекім ғарышқа ұшқан сапарында Жер шарын айналғанын, бірақ Құдайды ол жақтан көрмегендігін жария еткенде, ақын Нежіп Фазылдың «Әй, ессіз! Сен Құдайды ғарышта ұшып жүрген шар деп пе едің» дегені бар. Міне, бұл белгілі бір мекеннен, материялық болмыстан алыс Ұлы Жаратушыны заттық дене екен деп іздегендердің көзқарасындағы қателік. Кейбіреулер осындай ұйыққа батып қалғандықтан, бір түрлі иманды таба алмаған.
Аталар жолына көзсіз еліктеушілік
Аталарға еліктеушілік те сенбеуге себептердің бірі. Құран кәрім көптеген аяттарында мүшрик пен кәпірлердің бұл ұстанымының қате екендігіне назар аудартқан. Мәселен, «Бақара» сүресінде былай делінген: «Оларға Аллаһтың түсіргендерінің ізінен еріңдер делінгенде, «Жоқ, біз аталарымыздың қай жолмен жүргенін көрсек, сол жолмен жүреміз» дейді» (Бақара сүресі, 2/170).
Тарих бойы сенбегендер, сенгісі келмегендер өздерінше бір ата-баба не тиран тауып, соқыр сеніммен соның соңынан кеткен. Бұл еліктеушілердің көзқарасы бойынша, аталары тасқа, ағашқа, шекерден жасалған пұттарға табынса да олар бұны зерделеп жатпайды. Олардың айтқандары мен істегендерінен ешқашан қателік іздемейді. Міне, бұл да иманнан мақұрым ететін өте маңызды мәселелердің бірі.
Шыбын-шіркейдің шаққанынан қашам деп...
Жоғарыда аталған осы тосқауылдарға қарағанымызда, күпірдің негізінде ақыл, логика және ой тұрғысынан сүйенетін негіз табу мүмкін емес. Сенбеуге түрткі болатын бұл факторларға негіз деу де жөн емес. Өйткені негіз айтарлықтай сүйенетін дәлел деген сөз. Осы себепті сенбейтін адамдар сүйеніш деп білінген нәрселерге сүйеніп, сенбеушіліктерін жалғастыруда. Түптеп келгенде бұның да адамға берер ешқандай жақсылығы жоқ. Бұндай жағдайдағы адамдар кейбір уақытша нәрселермен өздерін алдаған болады. Иманға жуымау арқылы өздерінше жауапкершіліктен қашқан әрі тыныш өмір сүрген болады. Өйткені иман немесе дін делінгенде артынан діни амалдар жасау жауапкершілігі тұрады. Өйткені иман тек теориялық мәселе емес. Иманның бір қажеттілігі ретінде бірқатар жауапкершіліктер атқарылуы әрі кейбір тыйым салынған істерден аулақ тұру қажеттігі туындайды. Басқаша айтқанда, «сендім» деумен іс бітпейді. Артынша салих, ізгі амал деп аталатын бірқатар бұйрықтарды орындау, мүнкарат, бағи мен фахша деп аталатын көптеген нашар істер мен қылықтарды доғару керектігі талап етіледі. Міне, кейбіреулер өмірдің рахатын көруде осыларды кедергі деп білгендіктен иманға жақындамай табандап тұрып алады. Бір ғалымның «Құдайды мойындамау арқылы құлшылықтың аз ғана қиындығынан қашқанмен, имансыздықтың миллиондаған рухани ауыртпалықтарына тап болады. Бұл шыбын-шіркейдің шаққанынан қашам деп жыланның шаққанына келісу тәрізді» деп бейнелегені бар. Әрі бұл жерде жұбаныш ретінде байқалатын бүкіл осы мәселелердің қабірдің ар жағындағы адамға ешбір пайдасы, ешбір көмегі жоқ.
Соңғы бір мәселе ретінде мынаны да айта кетейін, мүминдер сенбеушілікке себеп болатын бүкіл осы кедергілерден өтіп имандылық ортасына кірсе де, бұл қауіп-қатердің өздеріне де төніп тұратынын әрдайым қаперде ұстауы керек. Өйткені жоғарыда аталған жайттар иманға келуге жақындатпағаны секілді, Құдай өзі сақтасын, иманға келген жанның сол иманнан алыстап кетуіне де себеп болуы мүмкін. Өйткені бұл кеселдер белгілі бір өлшемде адамның сана-сезімі мен ойын билеген кездерінде, ұжданды қысымға алып, ол жерде тесіктер, шытынаулар мен сынықтар пайда болады. Осының нәтижесінде адам өзі де еш аңдамастан иманнан суып кетуі мүмкін. Мәселен, тәкаппарлық жайлы Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Жүрегінде тозаңның түйіріндей тәкаппарлық бар адам жұмаққа кірмейді» (Мүслим, Иман, 147) деу арқылы осындай аса қауіпті кеселдердің біріне назар аудартқан. Осы тұрғыдан адам үнемі өз-өзін қадағалап, Аллаһтың өзіне нәсіп еткен игіліктерінің қадірін біліп, сол үшін шүкір етуі тиіс. Тіпті бұлардың истидраж (күнәһарды жазалау үшін Құдайдың оны сол күнәға беріле түсуден тоспауы, ауд.) болуы мүмкін екенін да қаперден шығармағаны дұрыс.
- жасалған.