Иманның уәде еткендері
Сұрақ: Адамға иманның уәде еткен әсемдіктері қандай? Осы әсемдіктерді әркімнің өз ұжданында сезу деңгейінде айырмашылықтар бар ма?
Жауап: Қазірге дейін иманның мейлі осы дүниеде, мейлі ақыретте адамға уәде еткен әсемдіктеріне қатысты көп нәрсе айтылған, әрі иманға қатысты көптеген мүнжияттарға (адамды тозақтан құтқаратын жайттар) тоқталған. Әсіресе, ғалымдар осы тақырыпқа егжей-тегжейлі тоқталған. Осылардың барлығына қараған уақытта өмір мен ғаламды дұрыс оқып бағалауда иманның адамға кең көзқарас сыйлағандығы байқалады. Мәселен, иман иесі адам ғаламға қарағанында барлық нәрсені өзіне жақын дос әрі шынайы жолдас деп біледі. Сондықтан, ол доссыздықты көрмейді. Бұған қоса, ол иманның өміріне сепкен нұры арқылы өткен мен болашақты жарық көреді, өйткені оның ойынша, өткен шақ қорқынышты қабірістан, болашақ қараңғы ажал апаны емес.
Әсілі адамның болашаққа қатысты үрейі мен уайымдарының болуы қалыпты жайт. Алайда иманның берген үміті мен нұры болашаққа қатысты үрейлерді жеңеді. Өйткені сенімін мықты негіздерге сүйеген адам осы уайым мен үрейлердің дауасыз екендігін түсініп, олардан келген үрей мен уайымнан арылады. Адам барзаһ пен қабір қараңғылығынан қорқа ма? Иман сол жердегі жарық нұр. Қылкөпірден қорқа ма? Иман сол жерден оны алып өтетін Пырақ. Соңым не болады деп қорқа ма? Иман оны жұмаққа бастайтын ең сенімді жол. Өз соңын ойлап қам жей ме? Иман оны Тозақтан сақтайтын ең мықты қамал. Иә, иман адамға алдағы осы ұзақ сапарында жолдың оңы мен солында тұрып оған қауіпсіздік пен сенім уәде ететін жолбасшы.
Ажал шындығы мен түйеқұс
Негізінде бір ғалымның айтқанындай, иманның түп негізінде Жұмақтың Туба ағашының тұқымы болғандықтан, иман иесі адам осы дүниенің өзінде-ақ бақытты өмір сүреді. Өйткені ол шіріп жоқ болып кету үрейінен, жоқ болып кету қаупінен иманы арқылы құтылады. Кім не десе о десін, кім бұл мәселеге қалай қарамасын, мына жайт анық, сенбейтін адамға жоқ болудың қаупін миы мен жүрегінен толықтай сылып алып тастау қиын. Тіпті бұл қауіп пен үрейлер әлсін-әлсін адамды қинайтыны соншалық, осы дүниеде жүргенде-ақ оған тозаққа түскендей әсер қалдырады. Ол адам осы қиындықтардан құтылу үшін көбіне жеңіл ойын-сауыққа алданады. Кейде ішімдікке салынып, есірткіге тәуелденеді. Тәнқұмарлыққа салынады. Жоқ болып, топырақтың астында шіріп кетем-ау деген ойдың жанды жегідей жеуінен арылуға тырысады. Түрлі құмарлыққа салынып, ақыретін ойламауға тырысады. Бұны бір жағы өзін гипноздау әрекеті десеңіз болады. Алайда бұлардың барлығы да адамды уақытша алдаусыратса да, ақиқатында оған ешбір пайда тигізбейді. Аңшыдан қорыққан түйеқұстың басын құмға тыққаны өзін қорғап қалмайтындығы секілді, соңым қалай болады деп ойлаған уайымын кетіру үшін бұндай сауық-сайранның да адамды жұбатуы мүмкін емес. Адамды бүкіл осы қауіптерінен құтқаратын әрі оны ізгілікке кенелтетін бір жағдай болса, ол адам үшін қауіпсіз кеме, қауіпсіз жолбасшы әрі күшті үміт бастауы болатын иман.
Адам қаншалықты күнәкар болса да егер жүрегінде иман тұрса, ақыреті жайлы үміті де, қаупі де болады. Өйткені иманның өзегінде ақиқат бар. Әхлі сүннет уәл жамағат ақидасы бойынша, адам қаншалықты күнә істесе де, егер жүрегінде титтей иманы болса тозаққа мәңгілікке тасталмайды (Қараңыз, әт-Тафтазани, Шархул-Мақасид 2/229-231). Өйткені адамда иман атты әсемдік болса, күнәлар онда тұрақты емес өтпелі, олардың шығу нүктесі иман емес. Керісінше олар адамның иман қажет еткен тұғырда нық тұра алмауынан туындауда. Басқаша айтқанда, күнәлар иманның олқы тұстарынан адамның ішіне кіріп кеткен вирустар. Күпірге келсек, күнәлар мен Құдайға қарсы келу күпірден туындауда. Сондықтан олар күпірдің негізінде бар. Иә, тағы бір рет айта кетер болсақ, Әхлі сүннет пен жамағат ижмамен қабылдаған сенім бойынша, титтей иманы болғандардың өзі Жұмаққа барады. Яғни, Аллаһ сақтасын, адам егер зина жасаса, ұрлық жасаса, немесе басқа да күнә істесе де иманы болса, нәтижеде мәңгілік бақыт мекеніне қол жеткізеді. Егер күнәларына тәуба етіп, Хақ тағала оның тәубасын қабыл алса, ол кісі күнәларының жазасын тартпастан жұмаққа баруы мүмкін. Міне, бұлардың барлығы да иманның адамға уәде еткені, орнын басқа нәрсемен алмастыруға келмейтін әсемдіктерге жатады. Ендеше, иман адам үшін өте күшті иманның қайнар бұлағы. Бұл шексіз қуат көзімен адам үнемі өзінің тар әлемінен арылып, мәңгілік өмірдің әсемдіктеріне бет түзеуі мүмкін.
Шынайы бауырмалдықтың ақыретке қараған жағы
Екінші жағынан иман мүминді маңайына, тіпті бүкіл ғаламға қауіпсіз әрі сенімді адам етеді. Оның тар әлемін ғаламдық әлем жағдайына айналдырады. Мүмин ғаламға бауырмалдық бесігі ретінде қарайды. Сондықтан барлық адамды белгілі бір деңгейде бауыры секілді көреді. Хазірет Алише айтқанда, адамдар арасында мұсылмандарды дінде, ал мұсылман еместерді адамдықта бауыр ретінде бағалайды. Әлбетте, оның мүминдерге деген көзқарасы алабөтен. Өйткені олармен сана- сезімі ортақ, барзаһ әлеміне де, маһшарда да бас қосатынына, бір жерде есеп беретіндіктеріне, қылкөпірді солармен бірге өтеріне сенеді. Осындай сенімге ие жан маңайындағылармен қарым- қатынасын тек өтпелі пайдаға немесе өзгелерден пайда түсіруге ғана құрмайды. Қайта олармен ақыретте де байланысты боларын есепке ала отырып қатынас жасауға тырысады. Хақтың ақыретке бағытталған бұндай қарым-қатынасқа өзгеше көзқарасы болса, бұл адамды Аллаһқа жақындатады, оны әрі осы жерде, әрі ақыретте табысқа жеткізеді, бұл да иманның уәде етіп отырған тағы бір нәрсесі. Аллаһ елшісінің (с.а.с.), «Аллаһтың қолы жамағатпен бірге» (Тирмизи, Фитән 7) деген құтты сөзіне осы тұрғыдан да қарасаңыздар болады. Яғни Аллаһ жамағат болып ұйысып іс жасап жүрген пенделерді бұл дүниеде жамандықтардан сақтап, істерінде табысқа жеткізгеніндей, ақыретте де оларды көпшілік күйде көптеген игіліктеріне кенелтеді. Басқаша айтқанда, бірге әрекет етудің дүниеге тән нәтижелерімен қоса, ақыретке қарайтын жемістері де бар. Аллаһ тағаланың «Бір күні жер басқа жерге, көктер басқа көктерге айналады» (Ибраһим сүресі, 14/48) деген қасиетті сөзінен да байқалғандай, ақыретте атомнан галактикаларға дейін барлық нәрсе өзгеріске ұшырайды. Сондықтан адамдардың сана-сезімдері мен ойлары да басқаша кейіпке еніп, көрінген әсемдіктер мен бауырластық қатынастары ол жерде басқаша тереңдікке ұласады. Кім біледі, ол жақта бұдан қандай ләззат алынады әрі мүмин бауырларыңызбен қандай керемет қатынаста боласыздар. Сірә, бауырларыңызбен жүзбе жүз келу, оның көрікті келбетіне қарау сіздерге тамаша сезім ұялататыны сондай, оны жұмақ нығметтеріне тең көретін боласыздар. Онсыз да «Ізгі құлдарым үшін бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына келмеген нығметтер әзірледім» (Бұхари, Бәдул халқ, 8; Мүслим, Иман, 312) хадис-шәріпінде де айтылғанындай, ол жердегі нығметтер барлық қиялдан асып түседі. Аллаһ ол жерде бұрын-соңды ешкімнің ойына оралмаған нығметтер нәсіп етеді. Міне, осы нығметтер сіздердің осы дүниеде көрсеткен әдеміліктеріңіздің түрленген үстіне түрленіп барып басқаша түрде алдарыңыздан шыққан түрі.
Сұрақтың екінші қырына байланысты қысқаша мына жайттарға ишарат етуге болады. Иманның уәде еткен осы әсемдіктерін әрбір адам өз иманының тереңдігіне қарай сезінеді, өмірде ұстанады. Кейбіреулер бұны тек теория жүзінде ғана естіп, сезінеді. Бұлар алғашқы мектепте иман ақиқаттары жайлы ұстаздарынан естіп, үйренгендерімен шектеледі. Анығында бұл істің бас жағы ғана. Кейбірі болса, теориялық білімдерін ғылым мен терең оймен (тафаккур) қуаттап, сенімді негіздерге сүйейді, амал, құлшылық жасаумен бойларына сіңіреді, сөйтіп оны мағрифатқа айналдырады. Басқаша айтқанда, теориялық біліммен илмал-яқинға бет алады, ол жерден айнал- яқинге биіктей түседі. Айнал-яқин мәртебесіне жеткенде, ол жерден ихсан сыры ашылады. Яғни, адам бұл деңгейде сәт сайын Аллаһ өзін көріп тұр деген сеніммен отырып-тұрып, үнемі осы деңгейде өмір сүреді. Қаласаңыздар бұны айуандықтан арылу, тәнді тастау, тән қапасынан арылу, әрі рухтың өмір дәрежесіне саяхаттауы деп те атасаңыздар болады. Бұл жерде барлық нәрсе анағұрлым кең, анығырақ әрі өзіне тән тартымды әсемдіктерімен жарқырап көрінеді әрі естіледі. Oл үшін осындай өмір деңгейінде тәндік әрі дүниеуі өмірге мән берілмейді. Таза бұйырылғаны әрі қызмет берілгені үшін осы жерде аялдайды. Кетуге бұйрық жеткенде оған қуанып, ажалды мерекедей қабыл алып, иманның ақыретте уәде еткен әсемдіктеріне қарай бет алып, Раббысына қауышады.
- жасалған.