Қасиетті үш ай: рухымыз кең тыныстайтын уақыттар
Сұрақ: Қасиетті үш айды руханиятымызға пайдалы өткізіп, ақыреттік дәреже алу мүмкіндігін орынды пайдалана алу үшін қандай кеңес бересіз?
Жауап: Сөз басында айта кетейін, келіп жеткен қасиетті мына үш ай адамның Аллаһқа барынша жақындай алатын, шексіз мейірімінен үлес алуға мүмкіндігі туатын, күнәларынан арылып тәубаға келуіне сеп болатын уақыт. Адам жаратылысы, рух болмысы жылына бір рет осындай мүбәрак уақыттарға мұқтаж. Бізді өзімізден артық білетін Жаратушы Жаппар ие бізге мұндай мүмкіндіктерді әдейі берген.
Күмәнсіз, осындай мүбәрак уақыттарда тәндік және нәпсілік қалауларды тізгіндеп, белгілі бір дәрежеге жетуі және өзін өзі дамытуы тәфәккүр мен зікірге, дұға етуге байланысты. Қасиетті айлардың берекесін пайдаланып, шама келгенше білмегенін біліп қалуға, сауапты молынан қарпып қалуға жанталасу керек.
Аллаһтың кеңшігіне лайықты құл болу
Бүгінге дейін қаншама адам өз дәрежесінде осы бір қасиетті айлардың берекесімен белгілі бір нығметтерге бөленіп, иманы мен ақырет бақыты тұрғысынан жетістіктерге жеткеніне тарих куә. Жер бетінің қазынасына тең келмес біздің діни әдебиеттерімізді осы айларда шама келгенше көбірек оқып, барынша сабақ алуға тырысуымыз керек.
Сонымен қатар, осы уақыттардың берекесі мен руханиятын өзімізге сіңіре алу үшін әу бастан бұл айлардың «олжасы мол айлар» екенін шын түсініп, әр минуты мен сәтін орынды пайдалану керек. Мысалы, түн баласы Жаратушыға жалбарынып дұға етпеген, құлшылықты өз дәрежесінде орындамаған адам осынау мүбәрак айлардың берекесін сезініп, руханиятынан ләззат ала алмайды. Кісі осы айларға шын көңілмен, жанымен берілмесе, бұл уақыттардың руханиятынан өз үлесін ала алмайды. Сезінбек былай тұрсын, осы қасиетті айлар жайлы айтылған әңгімелер мен ғибратты оқиғаларды ойдан шығарылған негізсіз деп ойлауы да ғажап емес.
Ең бастысы, осы айларды өзіміздің ақыретімізге пайдалы ету үшін төбемізден төмен қарай нөсерлей жауған нығметтерге алдымен иман ету керек. Аллаһтың сондай кеңшілігі мен қосымша ынталандыруына шын сену керек. Өйткені Аллаһтың кеңшілігі мен құлына деген махаббатына тек қана махаббатпен шын ынта-ықыласпен тиісінше құлшылық ете отырып қайтарым жасау керек. Сіз бұл айлардың руханиятына құштар болып, сауабын барынша қарпып қалуға тырыспасаңыз, мүбәрак уақыттың сауаптары да сізге есік ашпақ емес. Руханиятқа атүсті қарасаңыз, Ханбали мен имам Ғазалидың кісінің көңілін босатып, жүрек қылын шертетін сөздерін түсінбей, құрғақ әңгіме секілді көрінбек. Ескеретін тағы бір нәрсе, айтылған сөздің әсер етуі тыңдаушының дәрежесімен қатар ниетіне де байланысты.
Осы тұрғыдан мұсылман баласы бұл қасиетті айлармен біте қайнасып, жан-дүниесі ережеппен ережеп, шағбанмен шағбан, рамазанмен рамазан болып сіңісіп кетуі керек. Қасиетті уақыттың тек формасын қуаламай, сыртқы пішініне ғана мән бермей, мағынасын тереңінен түсініп, хикметіне ой жүгіртуі керек. Әйтпесе қасиетті айлар басталғанда қандай дәрежеде болсаңыз, үш айдан кейін де ақыреттік тұрғыдан ешбір нәрсе үлес алмай құр алақан қоштасасыз. Мешіттерде айтылған уағыз бен жұртшылықтың руханият ауаны сізге түк те әсер етпейді. Өзін өзі жаңарта алмаған, өз нәпсісімен күресе алмаған адамның алары аз.
Қасиетті уақыттарда орындалуы керек іс-шаралар
Екінші жағынан мәселенің көпшілікке ортақ, қоғамдық жағын да қарастыру керек. Осындай қасиетті айлардың өзіндік құны мен қадірін түсіну тек тақуа жандардың ғана қолынан келетін болар. Ал мұны қоғамдық жағынан қарастыратын болсақ, бұл айлардағы жұрттың мешіт пен дінге деген аз да болса жақындауын пайдалана отырып, елге қандай да бір нәрсе айтып қалуға, жеткізіп қалуға, дінге қызмет етіп, айналадағы адамдарды дінге жақындатуға тырысу керек. Үш айдың ішіндегі Рағайып, Миғраж, Барағат және Қадір түндерін орынды қолданып, таныс-тамырдың басын қосып діннің рухын жандандыруға ат салысу керек. Осы мақсатта түрлі бағдарламалар мен іс-шараларды қолға алған жөн.
Жамағат болып істелетін осы іс-шараларға қатысты мынаны айта кеткім келеді. Түрлі себептерді қолданып адамдардың сезімі мен ойын аз да болса Аллаһқа жақындата түсу біздің осы уақыттардағы басты міндетіміз болып саналуы керек. Егер ұйымдастырған бағдарламаларымыз бізді еш дамытпай, Аллаға деген махаббатымыз бен білімімізді арттырмайтын болса, бәрінің босқа кеткені. Қолға алған іс-шаралар бізді Аллаға жақындатпай, пайғамбарға ғашық етпесе, бос уақыт ретінде өтсе, менің ойымша, бұл күнә болып саналуы да мүмкін. Өйткені Аллаһқа бастамайтын кез келген жолдың ғапылдық екенін білеміз. Оның үстіне құр сауық пен демалыс ретінде бір жерге жиналу иманды жандардың ісі емес.
Бүгінгі таңда адамдардың өмір салтын көңіл көтеру, демалу секілді арзан қылжақ пен ойсыздық жайлаған. Осы бір «дәстүр» сіздің көпшілікті, айналадағы таныстарыңыз бен, дос-жарандарды иманға шақыруға, қызметті түсіндіруге кедергісін келтіруі мүмкін. Қалай десеңіз, олардың өзара әзілі мен бос әңгімелері сол жерлерде имани әңгіме мен дінді дерең сезінуге кедергісін келтірмей қоймайды. Бұл кезде сіздің ең алдымен істейтініңіз, қай істе болсын шариғат шеңберінен шықпау. Әр сөзіңіз бен әрекетіңізде Құран мен сүннет аясынан алыстамау. Тек туралықты ту етуіңіз керек. Және де ол жерлерде басты мақсат адамдардың мақтауы, алғысы емес, діннің өз дәрежесінде насихатталып, тұрмысымызбен біте қайнасуы.
Көктің нұрға бөленіп, жерге береке жауған осындай уақыттарда руханиятымызды дамыту үшін шын ықылас танытып, алдымызға ұлы мақсаттар қоюымыз керек. Айналамыздағы адамдарға діннің әлдебір қазынасын жеткізе алу үшін өзімізге осы уақыттардың руханиятын тиісінше сіңіріп, соны өзгелерге жеткізе алатындай дайын болуымыз керек. Осылайша жүрген жерімізде пайғамбар ісінің өкілдері ретінде, сахабалар мен Хақ достарының мұрагерлері ретінде өзіміздің мойнымыздағы ұлы жауапкершілікті сезініп, алдымен өзіміз соған лайық болуымыз, өзімізді дайындауымыз керек.
Негізінен мешіттер, жамағат, қасиетті күндер мен Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары, Рағайып, Миғраж, Барағат және Қадір түндері барша мұсылмандардың руханиятына пайдасы жарап, әркім шама келгенше молынан үлес алғаны жөн.
- жасалған.