Пайдалы және пайдасыз өкініштер
Сұрақ: «Фурқан» сүресінде айтылатын «Міне, сол күні залымдар өкініп былай дейді: «Әттең, сол пайғамбарға ергенде ғой, пәленмен достаспауым керек еді» (27, 28 аяттар) секілді өкініштер қандай қателіктердің ақыреттегі азабы? О дүниедегі пайдасыз «әттең-айларға» ұрынбау үшін не істеу керек?
Жауап: Аятта وَيَوْمَ «міне, сол күні»деген сөз бір қорқынышты күн жайлы сыр шертеді. Ол күні залымдардың өкініштен өзегі өртенеді. Аяттың жалғасында залымның өкініші кеңінен суреттеледі: يَا لَيْتَنِي اتَّخَذْتُ مَعَ الرَّسُولِ سَبِيلًا “Әттең, сол пайғамбардың жолымен жүргенде ғой” Күнәһардың азабы мұнымен шектеліп қалмайды: يَا وَيْلَتَا لَيْتَنِي لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا “Пәлен адаммен достаспағанымда ғой”. Бұл осы дүниеде дінсіз, күнәһар адаммен достасып, солардың дегеніне еріп кеткендердің өкініші.
Не керек, ақыреттегі ондай өкініштер кісіге мүлде пайда әкелмейді, тіпті қайғысын еселей түседі. Ақыретте осындай өкініш пен қайғы болатын болса, демек барзах әлемінде де кісі өкінуі мүмкін. Мұның бәрі адамның қайғыдан қабырғасы қайысқан уақыттағы өкініші.
Өкініштің үлкені
Ақыретте адамды үлкен өкінішке душар етіп, қайғыдан қан жұтқызатын өкініштердің басында осы дүниеде күпірлік етіп, иман етпеу тұрады. Өйткені жаратылыстың бәрі бірауыздан Алланың барлығына куә болып, өз тілдерінде зікір етуде. Кісі көкірегі ояу, көзі ашық болса, болмыстағы «Лә иләһә илаллаһ» деген тәухид сөзін түсіне алар еді. Сол себепті имам Матруди дүниеге пайғамбар келмесе де адамның Аллаһты тануы міндет екенін айтқан. Пайғамбар дағуасын естімеген кісілердің өзі шындап ой жүгіртсе, мына дүниенің жалғыз жаратушысы бар екенін ұға алар еді. Надандық заманында хазірет Омардың ағасы хазірет Зәйід былай дейді екен: «Бір жаратушының бар екенін білемін. Шіркін, сол жаратушымның менен не талап ететінін білгенімде ғой, сөзсіз орындар едім» (Бұхари, Мәнақиб 24). Міне, о дүниедегі өкініштің үлкені имансыз жан тапсыру болып табылады.
Хидаятты тапқаннан кейін дүниенің қызығына алданып қайтадан ғапылдыққа ұрыну өкініштің тағы бір үлкені. Өйткені иман мен күпір, хидаят пен ғапылдық арасында көзге көрінгісіз кішкентай ғана перде бар. Бер жақтан ар жаққа өтіп кету өте оңай. Сол себепті иман еткен жандар ретінде біз күніне бес уақыт сүннетпен қоса оқыған намаздарымызда қырық рет Аллаһтан тура жол тілеп, одан кейін رَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ (Фатиха сүресі, 1/6-7) деп Аллаһтың нығметтеріне ие болған адамның жолынан таймауды тілейміз. Тағы бір аятта Аллаһ тағаланың нығметіне ие болған адамдардың пайғамбарлар, сыддықтар, шейіттер мен салиқалы кісілер екені айтылады (Ниса сүресі, 4/69). Міне, күніне қырық рет намазда Жаратушы иемізден тура жолды осылай тілейміз. Артынша الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ (Фатиха сүресі, 1/7) деу арқылы Аллаһтың ұлылығы мен мейіріміне сиынамыз.
Демек, «Біз енді тура жолды таптық. Бұдан былай қайта қателік жасамаймыз, осы бетімізбен жұмаққа барамыз» деген ой тіпті дұрыс емес. Ешкімнің де қайта күпірлікке ұрынбайтынына, тозаққа түспейтініне кепілдік жоқ. Керісінше ондай адам қателіктің көкесін жасаған болып саналады, өйткені «мен жұмаққа» барамын деген сенімді сөздің өзі жұмақтан қол үзуге жетіп жатыр. Ақыретіне сенімді адамның ақыретіне алаңдау керек. Адам баласы Аллаһтың оң көзі түсіп иманғе қол жеткізгеннен кейін қайтадан адаспауы үшін ертелі-кеш дұға етіп және иманын жаңалаумен болуы керек. Пайғамбарымыздың дұғасында айтылғандай қас-қағым сәтке болса да нәпсіге еріп кетпеуі үшін Аллаһтан жәрдем сұрауы керек. Қос дүниенің баға жетпес байлығы жүрегіндегі иманды шайтанға ұрлатып алмауға, күнә мен күпірлікпен кірлетіп алмауы үшін жанталасуы керек.
Адамды құртатын бойындағы кемшіліктері
«Хужуматы ситте» (алты кесел) деп аталған рухани вирустар кісіні ақыретте үлкен өкініштерге душар етеді. Ол жерде айтылған алты түрлі дерттің әрқайсысының иманды аз уақытта жалмап тастайтындай қабілеті бар. Атақ пен даңққа құмарлықтың бір өзі адамды тура жолдан тайдыруы мүмкін. Ашкөздік, бөлінушілік, менмендік, жалқаулық пен ләззатқұмарлық та дәл сондай кесірі бар үлкен рухани дерттер. Ал бір адамның басында бұлардың бірнешеуі жиналса, Құдай сақтасын, иманды тып-типыл етеді. Кісі иманды болып, Ислам шеңберінде өмір сүрсе де осынау дерттерге шалдығуы мүмкін. Мысалы, салиқалы жан руханияты байып, білімі тереңдеген кезде шайтан оның оң жағынан азғырып нәпсісінің қытығына тиеді. Ана адамның білімі мен тақуалығын алға тартып өзгелерден артық екенін айтумен болады. Нәтижесінде кей кісілер тәкаппарлыққа ұрынып, ел арасында ғалым, әулие атануға құмарлана бастайды. Ал атаққұмарлық, оның үстіне білімі мен тақуалығын артық көру адамның иманын тас-талқан етеді. Бірте-бірте адам басқа да күнәларға ұрынып, Құдай сақтамаса күпірліктен бір-ақ шығуы мүмкін.
Мұсылмандар осы дүниеде қандай да бір қателік пен күнә жасаса, Құдай сақтасын, о дүниеде «әттеген-айы» болады. Ықыласпен жолдас болмайынша, кісі осы дүниеде жасаған азды-көпті жақсылықтарын өзінен деп біліп, ақырында ақыретте тәкаппарлық еткені үшін өкініштен өзегі өртенеді. Алайда қанша жерден өкінсе де, ол кездегі тәубасы мен өкініші титтей де пайда бермейді. Керісінше қайғысын еселей түседі.
Пайдасыз өкініштерден қорғайтын қалқандар
Мұсылмандар ақыретте өкінбеуі үшін қазірден бастап ақылымен жолдас болып, күпірлік пен адасудан құтылуды Аллаһтың берген ең үлкен нығметі деп біліп, күнәдан барынша алшақ болғаны жөн. Ғалымдардың бірі айтқндай, әр күнәда күпірлікке апаратын жол бар. Пайғамбарымыз да күнәнің жүрекке дақ түсіретінін, ал ол дақ көбейе келе жүректі қарайтатынын айтқан (Tирмизи, Тәпсір (83) 1).
Аллаһ тағала қарайған жүрек жайлы: كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَى قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ “Жоқ, жоқ! Ақиқатында, олар жасаған қателіктері себепті жүректері қарайған” (Мұтаффифин сүресі, 83/14) дейді. Егер жүректі қарайтатын күнәлар тәубе мен истиғфар арқылы тазаланбаса, خَتَمَ اللَّهُ عَلَى قُلُوبِهِمْ “Allah олардың жүректерін мөрледі” (Бақара сүресі, 2/7), وَطُبِعَ عَلَى قُلُوبِهِمْ “Олардың жүректері мөрленген” (Tәуба сүресі, 9/87) деген аяттарда айтылғандай, жүректеріне мөр басылып, енді олар көктен түскен ап-ашық аяттарға да сенбестік танытады. Мұның ақыры ақыреттік мәңгілік өкініш.
Енді о дүниеде осындай өкініштерге ұрынбау үшін бұл дүниеде істелуі керек нәрселерге келер болсақ, ең бастысы құлшылықты өз дәрежесінде орындап, үміт пен үрей арасында өмір сүру болып табылады. Ал бұл кісінің тақуалығына тікелей байланысты. Пайғамбарымыз لَوْ خَشَعَ قَلْبُهُ خَشَعَتْ جَوَارِحُهُ “Егер оның жүрегінде тақуалық болса, барлық денесі Құдайдан қорқар еді” (Хаким, әт-Тирмизи, Нәуадирул-Усул, 2/172) дейді. Кей адамдардың жанарынан-ақ оның Құдайдан қаншалықты қорқатынын көруге болады. Мұндай адамдар бір жағынан Құдайдан қорыққанынан түн баласы етегі жасқа толып дұға етсе, екінші жағынан Аллаһтың шексіз мейіріміне сыйынып өзін барынша тақуа ұстап, ақыреттік бақытынан үміт етеді.
Сонымен қатар мұсылмандар өзара жиналып рухани әңгімелер айтатын болса, ақыреттің өкінішінен құтылатын бір себеп болып табылады. Сүлеймен Челеби ақынның айтқанындай «Аллаһтың атымын барлық нәрсе өз орнын табады». Егер біз жүрген жеріміз бен отырып-тұрғанда тек Аллаһты әңгіме ететін болсақ, жан дүниеміз бен руханиятымызды байытып, о дүниедегі өкініштің алдын алар едік.
Истиғфардың орнын толтыратын өкініштер
Сұрақ: Пайдасыз өкініштермен қатар кісіге пайдалы да өкініштер бар ма? Оның өлшемі не?
Жауап: Ақыретте адамға ешбір пайдасы жоқ өкініштермен қатар адамның ақыретіне пайдалы шариғатымызда аталатын пайдалы өкініштер де бар. Мысалы, Әбу Бәкір хазіреттің өкініштері осындай еді. Өздеріңізге де белгілі ол кісі былай деп өкінетін еді: «Әттеген-ай, «Кәләла» аятындағы айтылмақ ойды пайғамбарымыздан сұрап алуым керек еді. Сосын оны мұсылмандардың ижтихадына қалдырмай нақты мағынасын білуім керек еді». Және ол мирастағы әженің ақысы қалай болатынын сұрамағанына өкінеді. Өйткені бұл Құранда айтылмаған еді. Тағы бірде ұлық сахаба: «Халидті парсыларға жібергенде Омарды римдіктерге жіберуім керек еді» деп өкініш білдірген екен (Taбарани, Mұғжамул-кәбир, 1/62). Өзімнің ойымша, дінді толығымен түсіну мен өмірге енгізу тұрғысынан өзекті өртеген осындай өкініші Сыддық сахабаны тілмен жеткізіп түсіндіре алмас дәрежеге жеткізген, оны біздің түсінуіміз де мүмкін емес. Естеріңізде болар, пайғамбарымыз ол кісінің иманы жайлы: لَوْ وُزِنَ إِيمَانُ أَبِي بَكْرٍ بِإيمَانِ أَهْلِ الْأَرْضِ لَرَجَحَ بِهِمْ “Егер Әбу Бәкірдің иманы таразының бір жағына, барша адамзаттың иманы таразының екінші жағына қойылса, Әбу Бәкірдің иманы ауыр түсер еді” (Бәйхақи, Шуабул-Иман 1/69) деген еді. Ол ұлық Сыддық. Ол Аллаһтың жәрдемімен екі жыл, үш ай, он шақты күнде Oсман империясының 150 жылда істей алмағанын істеген. Oл тарихтағы небір залым басқыншылар секілді өзге мемлекеттерді жаулап алмай, жеткен жеріне руханияттың көзін ашқан. Барған жеріне Пайғамбарымыздың рухын сіңіріп, қос дүниенің бақытын ұсынған. Хазірет Омардың ұлы жеңістеріне алғышарт қалыптастырған да осы кісі еді. Сондықтан да ол кісі қандай да бір өкінішті бастан кешсе де, діннің кемелдігіне келуі үшін, адамзатқа пайдасы үшін бармақ тістейтін. Және де ол «әттеген-айы» Сыддық сахабаның Аллаһ алдындағы дәрежесін жоғарылата беретін, жоғарылата беретін.
Барша мұсылмандар үшіне де өкініштің осы пайдалы қыры бар. Мысалы, «Әттеген-ай, жастық шағымды орынды пайдалануым керек еді, екі сағатымды дұрыс пайдаланып нәпіл намаз оқуым керек еді, нәпсімді ауыздықтай алғанымда ғой. Көзім, аузым мен қолымды күнәлі істерге жібермей, Аллаһтың аманатын кірлетпеуім керек еді» деген өкініштер болашақта сол тектес күнәларды жасамауға көмектесіп, белгілі бір дәрежеде тәубенің орнына да жүріп, кісінің дәрежесін өсіреді. Бастысы, бұл өкініштің жан алқымға келгенде немесе ақыретте оянбағаны абзал. Қазірден бастап ес жия білу керек. Мұндай өкініштер истиғфар (кешірім тілеу) болып саналады. Шын өкінген жан «Астапыралла» деп Алладан кешірім тілейді. Сөйтіп тәубе етеді. Соңында өзінің күнәсі қанша үлкен болса да Аллаһтың мейірімі бәрінен де ұлы екенін ескеріп, Жаратушының жарылқауынан үміт етеді.
- жасалған.