Пайғамбарларға тән қасиеттер және адамдардың көңілін баурау
Сұрақ: Һижрет басталғанда Мәдинадағы мұсылмандардың саны мың бес жүз шамасында болғаны, арада сегіз жыл өтіп Мекке азат етілгенде қалаға мұсылмандардың он мыңнан астам әскермен кіргендігі айтылады. Мұншалықты қысқа уақыттың ішінде мыңдаған адамдардың исламды қабылдауында Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанашырлығы мен мейірімділігінің (рауф, рахим) рөлі қаншалықты?
Жауап: Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға қоныс аударғанда, ондағы ансар мен мұһажирдің қарасы мың бес жүзге жақын еді. Бұған қоса, төрт мыңдай иудей мен төрт мың бес жүзге тарта әр түрлі тайпалардан құралған мүшрік пен пұтқа табынушылар болды. Жалпы санын дәл айту қиын, дегенмен «әл-Истиғәб», «әл-Исабә», «Усдул ғабә» секілді кітаптарда саны осылай берілген. Біз келтірген бұл сандардың нақтылығын анықтауда, топырағы торқа болғыр, Мұхаммед Хамидуллаһ мырзаның сіңірген еңбегі үлкен.
Әуелі бұл мәселеде мың бес жүз адамның қалай сегіз мың бес жүз адамға зорлықсыз, күштеусіз, өз ерік, таңдауына салып билік орнатқанын көру керек. Өздеріңіз білетіндей, Адамзаттың мақтанышы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинадағы иудей және мүшріктермен келісімге келіп, сол келісімге сай оларды басқарған. Қазіргі таңда да көп айтылып, аты аңызға айналған осы Мәдина бейбіт келісімімен Пайғамбарлар төресі (алейһи әкмәлут тәхая) Буас шайқастарында бір-бірін жей жаздаған сол қоғамды өзара татуластырып, араларында жауластық пен дұшпандығы бір тыйылмаған тайпаларды ымыраластырып, осы негізде сол қоғам мүшелері арасында бауырмашылдық орнатты.
Әртүрлі топтар және қоғамдық жандану
Әсілі һижрет кезінде Мәдинадағы тайпалар бір-бірінен мүлдем өзгеше мәдениет пен түсінікке ие болатын. Мүшріктердің өздеріне сай дүниетанымы бар. Иудейлер болса басқа бір әлемнің адамдарындай еді. Мұһажирлердің де ансарлардан өзгеше бір өмір салты болды. Ардақты мұһажирлер көбіне саудамен айналысты. Кейбіреулері жаз айларында Йеменде, ал қыс күндерін Шамда өткізетін. Ансарлар егін шаруашылығымен айналысатын. Көріп отырғанымыздай, қоғамдағы топтар арасында айтарлықтай өзгешеліктер кездесті. Осыншалықты көптүрлілік бар қоғамда осы көптүрліліктің қақтығыс пен жанжалға айналмауында, қоғамда бірлік пен тыныштықты сақтау, бүлік пен тәртіпсіздікке себеп болатын мәселелердің орын алмауы, проблема болуы мүмкін жандардың жұмсартылып залал келтірмейтіндей жағдайға келуінде Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанашырлығы мен мейірімінің әсері үлкен болғаны күмәнсіз. Өйткені, ол адамзатта ешкім жете алмайтындай деңгейде кең мейірімге ие болатын. Иә, ол көпшілік үшін ерекше қамкөңілділік танытатын. Көңілінің кеңдігі сондай, азулы дұшпандарының өзі оған қарағанда пәлен-түген дейтіндей ештеңе таба алмайтын. Себебі, Екі жаһан сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) исламға тоңмойындық танытқандардың өзін назардан тыс қалдырмай, жамандық жасаған кездерінде жамандық жасамайтын, қажет кезде жандарынан табылып, тіпті Құран кәрімде айтылғандай жамандықтарына жақсылық жасайтын.
Иә, ол жанашыр әрі мейірбан пайғамбар өзінің кең мейірімділігімен баршаға құшағын ашты. Мәселен, Бұхарида келген бір хадисте айтылғандай, бір күні бір иудейдің науқас баласының қалын сұрап барды. Ажал аузында жатқан баланың қасында отырып, иманға келуін айтты. Сірә, баланың балиғатқа толып, есейгенін аңғарса керек, оның мұсылман болуын қалады. Алла елшінің бұл ұсынысын естіген бала әкесіне жасқана қарады. Әкесі ұлына: «Әбу Қасымның айтқанын орында» деп кеңес берді (Бұхари, Жәнәиз 80).
Тағы бірде ақылы кемістеу бір әйел Аллаһ елшісіне (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келіп, оған бір ісін істеткісі келді. Өз басым сахабалар арасында бұл кісіден басқа ақылы кемістеу ешкімді білмеймін. Міне, осы әйел Екі жаһан сардарын (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ерткен күйі әрлі-берлі әурелеп, әлгі шаруасын бітіртті. Анығында Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының біріне «барып, шаруасын істеп бер» деп тапсыруына немесе жанына біреуді ертіп барып та сол істі істетуіне болар еді. Алайда адамдардың көңілін тауып, жүрегін жаулау ниетімен ол тіке өзі барған.
Мұхаммед «айнасынан» ұдайы Аллаһ көрінеді
Бұл тұста небір таңғаларлық, ғажап мысалдар келтіруге болады. Алайда көлемді жазбаны қажет ететін дүниені арнайы мамандарға қалдырып, мен негізгі тақырыпқа ойысуды жөн көріп тұрмын. Хазірет Пайғамбарымыздың (алейһи әлфу әлфи салатин уә сәлләм) ел ішінде осыншалықты татулық пен сенімді орнатып, әрі сол татулықтың жалғасын табуында ондағы жанашырлық пен орасан мейірімділіктің әсері үлкен екені даусыз. Алайда бұл тек осы екі қасиетпен ғана шектеулі емес. Өйткені оның бойында адами қасиеттің барлығы тұнып тұрған болатын. Иә, ол иләһи мінез-құлыққа ие еді, барлық адами ізгі қасиеттер бір жерге жинақталған айна іспеттес еді. Сондықтан да халық аузындағы бір өлеңде былай деп келеді: «Мұхаммедтің айнасынан үнемі Хақ тағала көрінеді». Яғни, хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзіне қараған жанға еріксіз «Аллаһ бар» дегізетіндей рухы пәк, ожданы таза, өзгелерге сенім ұялата алатындай қасиетке ие еді.
Сол себепті, Аллаһ елшісіне (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) деген жұрттың бетбұрысын ондағы жанашырлық, мейіріммен ғана бағалау әрине олқы тартып тұрады. Жұртты исламға шақыру ісінде осы екі қасиет маңызды фактор болуымен қатар, оның пайғамбарларға ғана тән сыдық, әмәнә, тәблиғ, исмет және фәтанат секілді қасиеттері де аз ғана уақытта осыншалықты адамның жүрегіне жол ашып, қаншама көңілдің кілтіп тауып, мәселе туындатуы мүмкін адамдарды жіті бақылауға алуында айтарлықтай ықпал еткен.
Мейірім құшағындағы фәтанат көкжиегі
Бұл тақырыпта әсіресе фәтанат қасиеті өте маңызды. Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұлы фәтанат иесі еді. Сол себепті жасаған әрбір ісі оңға басты. Іс-қимылының ешбірінде «қап, былай жасағанымда ғой» немесе «олай емес былай жасасам дұрыс болар еді» деген өкініш болмады. «Қап, пәлен іске түгенді тағайындауым керек еді» деген де жері жоқ. Мұндай мәселелерде Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Жаратушының өзі уахимен қуаттап отыратын. Алайда, көптеген істер оның Жаратушыдан берілген осы фәтанат қабілеті арқылы өз орнын тапқанын да білу керек. Бұл ұшқыр ойлау қабілеті данышпандықтан да жоғары тұрады. Данышпандық әрине жоғарғы қасиет. Себебі оның ақылы бірнеше адамның ойлау қабілетімен теңеседі. Бірақ фәтанат бұдан өзгеше. Бұл Хақ тағаланың таңдаулы құлдарына ғана иләһи міндетті орындау үшін беретін ерекше қасиеті. Сондықтан өзге адамдарға деген бұның әсерін данышпандықтың әсерімен теңеудің өзі артық.
Міне, һижреттің басталғанынан бастап Мәдинада пайда болған ұлы өзгерісте осы бір фәтанаттың айтарлықтай әсері бар. Мәселен, Мәдинадағы төрт жарым мың мүшріктің мұсылмандардың арасына сіңіп кетуін түсіну қиын. Мұншалықты қысқа уақыттың ішінде бұндай нәтижеге жетуді өз басым санама сыйғыза алар емеспін. Иә, пұттарға тәуелді адамдар қалай уақыт өте келе өмірлік бағытын өзгертіп, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанына жақындай түсті. Тіпті тілектес, ниеттес жандарға айналып кетті. Шынтуайтында мұнафықтар (екіжүзділер) ол кезеңде мұсылмандар үшін үлкен келеңсіздік еді. Олар сырттай мұсылман болып көрініп, үнемі іштен соққы беруге әрекет жасайтын. Осы мұнафықтардың бірі бірде Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келіп, мұсылман болғанын білдіріп, өзге екіжүзділерді қаласа ертіп келе алатынын айтады. Алайда теңдессіз фәтанат иесі пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұған келіспей, оларды өз еріктеріне қалдырған. Міне, біздің санамыз ой-санамыз жетпейтін осындай әрекеттер нәтижесінде мұнафықтар да уақыт өте келе мұсылман қоғамына сіңіп кетті. Тіпті халифалар дәуірінде Мәдина-и мунәууәрада ешқандай мұнафық қалмағанын білеміз.
Аманат және сенімділік
Сіз бұл жетістікті Жаратылыстардың ең қасиеттісінің (алайхи акмалут тахая) жанашырлығы, мейірбандығымен қоса, оның теңдессіз фәтанат және басқару қабілетімен, әрбір әрекетімен Аллаһты еске түсіретін сыртқы болмысы, сенімді тұлғасы, жетістіктен жетістікке жетіп, әр жақтан олжа ағылып кенелгенде де қарапайым бөлмесінде Құдайдан қорқып асқан кішіпейілдікпен өмір кешкені, әрі осында біз атай алмаған небір асыл қасиеттерімен байланыстыра аласыз. Баршаңызға белгілі, хазірет Айша анамыз (р.анһа) риуаят еткен бір хадисте Аллаһ елшісі (алейһи афдалут-тәхийәт уә әкмәлут-тәслимәт) бір күні түнде ғибадат жасау үшін «Әй, Айша! Маған рұқсат бер, Раббыма құлшылық етейін» деп жарынан рұқсат сұрайды. Демек, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелінің, отбасының құқына ерекше мән беретін. Хазірет Айша (р.анһа) анамыз отағасы сәжде еткенде бөлменің тарлығынан аяғын жиғанын, намаз біткенде барып аяғын қайта созып ұйқысын жалғастырғанын айтады. Адамзаттың мақтанышы болған әз елшінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қалай өмір сүргенін түсінуге осы көріністің өзі жеткілікті болары сөзсіз.
Иә, бақиға сапар шеккенге дейін Екі дүние Сардарының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ғибратты ғұмыры осы аядай бөлмеде өтті. Өзге жұбайларының бөлмелері де осыдан артық емес еді. Міне, жұрттың оған сенім артуындағы сыр осында. Оған басқаша қол жеткізу қиын. Он жыл бұрын ши үстінде жатасыз. Сосын жер-жерден мемлекеттер азат етіліп, соғыс олжаларының бестен бірі сізге тиесілі болады. Бірақ сіз ол олжалардан өзіңізге титтей де алмай, бәрін халыққа таратып, бұрынғыша жұпыны өмір сүруіңізді жалғастыра бересіз. Иә, осылардың барлығына куә болғандардың бұндай адам туралы сенімсіздікке баруы мүмкін емес. Бұдан бұрын да талай мәрте тілге тиек еткенімдей, Ғаламның мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өмірінің соңына таман отбасының қажеттілігі үшін бір иудейге қалқанын беріп, қарызға ақша алған еді. Анығында, ол ашық айтпай, «жұбайларына қажет екенін» сәл ғана білдірсе болды, ардақты сахабалар жанын салып, керегін қамтамасыз етер еді. Алайда Алла елшісі (алайхи акмалут тахая) мейлінше арлы қалпын сақтайтын (истиғна), ешкімге де жағдай айтып қол жайғанды ұнатпайтын.
Құрандағы «Мен дінді насихаттағаным үшін сендерден еш нәрсе күтпеймін. Сый мен ақымды әлемдердің раббысы Аллаһ береді» (Шура сүресі) делінген аятқа сай болып, Аллаһтан өзге ешкімнен ештеңе күтпейтін.
Бір жыл, екі жыл, үш жыл... тіпті он жыл бойы бақылауға алынғанда, әлдекім бастапқы бағытынан айнымай, үнемі қарапайым қалпын сақтаса, сол қалыпта өмір сүрсе, еш күмәндарыңыз болмасын, ол адам жұрттың көңілін өзіне баурай бастайды. Сірә, мен секілді руханияты шала адамның өзі оны көрсе, «Уаллахи, бұл кісіге сенуге болады» дер еді. Сол себепті нәтиже тұрғысынан мынаны айтуға болады, Аллаһ елшісінде (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Ұлы Жаратушының өз есімдерінен бөліп берген жанашырлық пен рақымдылық (рауф, рахим) сипаттарымен қатар сенімділік, фәтанат секілді пайғамбар қасиеттерінің ең жоғарғы деңгейі бар еді. Аллаһ тағала елшісін осындай ұлы қасиеттермен жібергендіктен, халық оған шын көңілмен сенім білдірген.
Өмірін адамдыққа арнаған жандар және ешкімнен ештеңе дәметпеу
Қазіргі таңда да өз рухани мәдениетіміз бен құндылықтарымызды әлемге таныту жолында бар күшін сарп етіп жүрген азаматтар үшін еліктеу деңгейінде болса да осындай қасиеттерге ие болу ауадай қажет. Адамзат пен күллі мақлұқтарға тіпті барша жаратылысқа мейіріммен қарау біз таңдаған жолдың негіздерінің бірі. Әрине, мейірімнің де дәрежелері бар. Қайғы арқалаған жеке адамға немесе бір отбасыға аяушылық таныту маңызды болумен қатар, дүйім жұртқа, тұтас ұлтқа жанашырлық таныту одан да кең мейірімділікті білдіреді. Бір мұсылман ғалым былай дейді: «Халқымның иманын сау-саламатта көрсем, жаһаннамның алаулаған отына күюге разымын. Өйткені, денем жанғанмен көңілім шат-шадыман күй кешеді». Міне, бұл кең ауқымдағы жанашырлықтың нәтижесі. Бұған қоса, ол ғалымда жанашырлықпен қатар жомарттықтың исар дәрежесі де бар. Иә, ол өз өмірі мен жан тыныштығын елеместен исламның, иманның қайта тірілуіне, жандануына мән берген. Ол ғалымның кең жанашырлығын мына сөзінен де байқаймыз: «Жеке басым тап болған қиыншылықтарды ойлауға уақытым жоқ. Шіркін, ондай ауыртпалықтардың мың есесіне душар болсам да, иман қорғанының келешегі сау болса ғой!» Осы себепті оны осындай жағдайда көрген маңайындағы адамдар да оған шын жүректен сенім артқан. Сондықтан да өзін ақиқат жолына арнаған жандар барған жерлерінде алғашқы кездегі пәктік, тазалық, ешкімнен ештеңе дәметпестен дінге қызмет ету түсінігінен таймаса, барлық істерін Аллаһ разылығы үшін жасаса, ол жерлердегі тұрғылықты адамдар алғашқы бір, екі, үш жылда оларды бақылайды, сынап көреді. Соңында олардың алған бағытынан жаңылыспағанын көргенде, іштей қауіптену былай тұрсын, керісінше оларды көлденең кесірлерден қорғайтын болады. Бастарын қатырмақ болған әлдекімдерге «Біз оларды он жылдай бақылап келеміз, айтқандарыңның ешбірі шындыққа жанаспайды» дейді. Әр нәрседен секемденіп, үрей жайлаған елдердің өзінде жұрт әуелі сынап көріп, нәтижеде ұзақ уақыт бойы олардың адами қасиеттен ауытқымағанын көргенде, жергілікті халық өздері-ақ құшағын ашатын болады.
Иә, сенімге ие болу тұрғысынан жасаған ісі үшін ешқандай қайтарым күтпеу, өмірін өзгеге арнай білу өте маңызды. Егер бүгінгі күні Еріктілер қозғалысы (Гүлен қозғалысы – ауд.) әлемнің түрлі елдерінде, түрлі ұлттар арасында жұмыс істеу мүмкіндігін тапқан болса, Ұлы Жаратушы оларға осыншама кеңею нәсіп еткен болса, демек, ол азаматтар барған жерлеріне адамдыққа берілу идеалымен (аданмышлық руху) барғаны, ешкімнен ештеңе дәметпей таза ниетпен іс жасағаны, өздеріне деген сенімділік ұялатып, нағыз сенімділікті көрсете білгені анық. Жергілікті халық оларға сенім артуда, ашық көңіл танытып, жылы қарсы алуда. Иә, Аллаһ тағала барған кісілердің ықыласы мен шынайылығына негіздеп, олармен араласқандардың жүрегіне сүйіспеншілік ұялатады. Ендеше, адамдық жолына берілгендер қазірге дейін болғаны секілді бұдан кейін де жасалатын қызметтері үшін ешқашан заттай әрі рухани ештеңе күтпеуі керек. Үнемі алғашқы күнгі тазалықтары мен шынайылықтарын сақтауға талпыныс білдіргені абзал.
- жасалған.