Дін насихаты және кездесетін кедергілер
Сұрақ: Ақиқат жолында әрі соны жеткізу барысында Аллаһтың жәрдеміне ие болып, сол жолда көптеген жетістіктерге жеткен қандай да бір кісі бұл міндетін тастап дүниенің соңынан кеткен жағдайда, көбіне сәтсіздікке жолығады. Демек, дін жолында белгілі бір ептілік пен қабілет берілген адам басқа салаға барғанда сол қабілеттерден айрылып қалады деу дұрыс па? Осы мәселеде нендей нәрселерге көңіл бөлу қажет?
Жауап: Әрбір мұсылман өзі өмір сүріп жатқан ортасының мүмкіншіліктеріне қарай шамасының жеткенінше халыққа дінді насихаттауы тиіс. Иә, иман келтірген адам Аллаһ пен елшісін жұртқа танытып, оларға деген сүйіспеншілікті оятуға тырысуы керек әрі дініміздің барлық дәуірге, қоғамның барлық талабына жауап бере алатынын өзінің өмір салтымен көрсетуі қажет. Себебі кейбір аймақтардың жалпы жағдайы ол жерде дін насихатын ашық түрде жасауға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Тіпті мұсылман адамның ол жерде дінін ұстанып, өз бағытында бекем болуы қиынға соғады. Ондай жағдайда мәселеге басқа қырынан қараған жөн. Оған сол аймақтағы жалпы көпшіліктің хақысы тұрғысынан қарап, ол жерлерге барып ақиқатты түсіндірудің маңыздылығын уайымдауы шарт. Ол жерден дін насихатына қарсы шығатын жергілікті адамдар кездессе, үндемеу арқылы олардың жаманшылығынан құтылады. Бәлкім, өз ықыласының тереңдігіне байланысты сабыр сақтап үндемеуі небір тәтті уағыздардан, шешендікпен айтылған насихаттардан да артық нәтиже беруі мүмкін. Демек, әр мұсылман өзінің мүмкіншілігі мен қоғамдағы орнына, дәрежесіне байланысты дін насихатына үлес қосуға міндетті болып табылады.
Жан-жақты жарақтанған ерекше тұлғалар
Сонымен қатар Аллаһ тағаланың ұлы дінін адамзатқа жеткізетін әскер іспетті таңдалған құлдары да бар. Бұлардың ең басында «әнбиә-и ағзам (ардақты пайғамбарлар), одан кейін «асфиә-и кирам» (әулиелер) келеді. Олар жаратылыс пен шариғи бұйрықтарды байланыстыра отырып терең сезінген, оны іске асыруға қабілетті, әр затты жалпылай көре алатын мүмкіншілік берілген жандар. Сондықтан олар біздің себеп пен нәтижеге қарап зерттеп, зерделеп жеткендерімізді, еш қиналмастан бекіте алады. Бұл оларға сый ретінде берілген арнайы қабілет, ерекше артықшылық. Мысалы, пайғамбарлардың жетекшісінің (алейһиссаләту уә сәлләм) өмірін салыстырмалы түрде қарасақ, өзінің асқан зеректігімен небір түйткілдерді оп-оңай шешкеніне куә боламыз. Бұрын да сөз еткеніміздей белгілі ғалым, пессимист философ Шопенгауердің өзі «Түйткілді мәселелер барынша қордаланған осындай уақытта адамзат майдан қыл суырғандай проблемдерді оңай шешкен Мұхаммедке қандай мұқтаж» деген. Иә, адамзаттың Мақтанышы (алейһиссаләту уә сәлләм) ақиқат дінін жайғанда көптеген қиындықтарға кезікті. Данышпандар тіс батырып шеше алмаған небір күрделі қоғамдық мәселелерді өзінің пайғамбарлық парасаты арқылы оп-оңай шешті.
Сондықтан Хақ елшінің (алейһиссаләту уә сәлләм) құзырына келіп шешімін таппаған бірде бір мәселе болмады. Иә, ол жеке, отбасылық, қоғамдық, дүниелік, ақыреттік, иман, амал және қарым-қатынасқа байланысты бүкіл мәселелерді өзінің сұңғылалығы әрі теңдессіз зеректігімен шұғыл түрде шешетін. Бұл тақырып мәселеге тікелей қатысты болмағандықтан, оны арнайы зерттеулерге қалдырайық. Асылында күллі пайғамбарлардың негізгі міндеті ақиқатты халыққа жеткізу, түсіндіру болатын. Ал, мұның сыртындағы мәселелердің барлығы олар үшін екінші санатта саналды. Алайда адамзатқа жетекші имам болумен қатар олар кейбір дүниелік істермен де айналысқан. Мәселен, Дәуіт пен Сүлеймен (а.с.) пайғамбарлар ел билеген патша болған. Соған қарамастан олар тәблиғ (дін насихаты) міндетін патшалықтан жоғары қойды. Демек, ел билеу секілді қиын іспен шұғылданғанның өзінде де Аллаһ оларды өз қамқорлығына алып, қорғаған. Былайша айтқанда, барша пайғамбарлар алғашқысынан соңынан дейін дүниелік еш нәрсеге алданбастан, өзіне жүктелген ауыр міндетті қалтқысыз атқарған. Олардың бізге дүниелік іс болып көрінетін кейбір әрекеттері де түптің түбінде тәблиғқа негізделген. Тіпті, отбасылық істерінің астарында да адамзатқа ақиқатты жеткізуді басты назарға алғанын байқайсыз.
Өз жолында һәм бағытында берік болған жігерлі жандар
Жаратушының қорғауындағы пайғамбарлардан бөлек басшылықтың қым-қуыт шаруасын ала жүріп ақиқатты жаю һәм тәблиғ жолында қызмет еткен тақуа кісілер болған. Мысалы, Oмаят халифаларының бірі Омар ибн Абдулазиз, Аббаси халифаларынан Мәһди және Һарун Рашид және Фатих Султан Меһметке дейінгі Османдық ел билеушілерінің барлығы дерлік осындай тұлғалар еді. Бұлардың әрбірі тақуа әрі жоғары мәртебелі адамдар болғанына қарамастан өздерін қарапайым ұстап, көптің бірі ретінде ғұмыр кешті. Олар аумағы қазіргі Түркиядан отыз есе ірі мемлекеттің ұлық басшы болғанына қарамастан момын, кішіпейіл, өздерін тізгіндей алған жандар еді. Мысалы, Сұлтан Ахмет мешіті салынғанда Расулаллаһты (алейһи әлфу әлфи салатин уә сәлләм) өзіне теңдессіз үлгі тұтқан Ахмет патша былай деп дұға еткен: «Уа, Раббым! Құлың Ахметтің күнәларын кешіре гөр!» Ол осыны айта жүріп құрылысшылармен бірге арбамен тас таситын. Байқағанымыздай, патшалық ол кісілерге титтей де зиянын тигізе алмаған әрі қандай жағдайда болса да кішіпейілдіктан танбай, құл екенін сезініп өмір сүрген.
Егер қазіргі күні пайғамбарлардың жолын ұстанған жандар тура жол мен тәблиғті өмірінің асыл мақсаты деп біліп, бар сана-сезімін сол іске бағыттап, ойларына қандай да бір басқа мақсаттардың араласуынан сақтанса, әрдайым дұрыс ойлап, дұрыс шешім қабылдап, дұрыс әрекет еткен болса, артынан ерген шәкірттері істерінде ықыласты, шыншыл болып, қызылды-жасылды дүние қанша қызықтырса да жолынан адаспайды. Ендеше, дінге қызмет ету шарапатына бөленген адам негізгі міндетін ұмытып, дүниеннің қызығын қуып кетсе, оның кейінгі жолы оң болады деп айту қиын. Мысалы, қазіргі таңда бісміллә деп білім, мағрифат мақсатында мектеп, университет, дайындық курстары және мәдени орталықтарды ашқан, әлемнің түкпір-түкпіріне һижрет етіп осы іске жетекшілік еткен жандар Аллаһтың разылығы мен ақыретте пайғамбарымызды (саллаһу әлейһи уә сәлләм) қуантуды ұмытып, өздерінше басқа бір дүниелік іспен шұғылданып кетсе, сол айналысқан ісінде жетістікке жетпейді, қайта басына бәле табуы мүмкін. Иә, басында ұлы мақсаттарды талап етіп соған жетем деп дерттенген адамдар бұдан жалт беріп, өте төменгі дәрежедегі істерге түсіп дүниелік жоспарлармен шұғылданса, ақыретке байланысты жоспарлары да бұзылады. Бұл жағдайда Аллаһ тағала пайғамбарлықтың жолы болған иршад және таблиғ секілді ұлы рухани нығметтен қағып, дүниелік істерінде де жолдарын ашпайды. Тіпті белгілі жетістіктерге жеткен болса да, сол ауыр күнәнің жазасы ақыретке қалғанын ойлау керек.
Уа, Аллаһ! Бізге қабілет-қарым бер!
Әлбетте, мұсылмандардың арасында да саудамен айналысатын, тер төгіп ақша табатын, дәулетке жеткендер де болады. Алайда кімде-кім белгілі орынға тағайындалған болса әрі сол тағайындалған жері, өзіне аса пайдалы болмағанмен халықтың игілігіне жарап тұрса, адам сол қызметті барынша атқаруға күш салуы қажет. Кейбіреуге саудамен айналысу не өнермен шұғылдану бұйырса, басқалары әскери қызметте болып, ұстаздық, жетекшілік немесе басшы болуда. Кейде белгілі бір қызметті атқару үшін адамға жан аямастық қажет болады. Сол себептен әркім өзінің атқарып жатқан ісіне жауаптылықпен қарап, соған сай елге пайдасын тигізуге тырысуы керек. Мәселен, басшы, жетекші, ұстаздық дәрежеде болған адамның мойнында, үйретуде түрлі тәсілдерді дамыту, тақырыптарды неғұрлым әрқилы бейнеде ұсыну және солайша жүрек пен сананы сәулелендіру секілді маңызды қызмет бар кезде, осының барлығын тастап дүниелік пайданың соңына түсіп кетуді қалай айтса болады... Мұны өздеріңіздің пайымдарыңызға қалдырайын... Осыған байланысты, Кімді Аллаһ тағала осы жолға баруын итермелеген болса, сол жолдағылар мақсатына толық берілген жағдайда, басқа ешбір ізденіске түспестен, оң-солына жалтақтамастан, қандай да бір қисық жолға жақындамастан өз жолдарын жалғастыра білуі тиіс. Егер солар осы істе діттеген мақсатынан қайтпай, таза ниетпен жалғастырса, Аллаһ тағала да оларға күтпеген жерден қосымша игіліктер береді және оларға өте маңызды қызметтер беріп, сол қызметтерінде үлкен жетістіктерді нәсіп етеді. Алайда ұмытпаулары тиіс нәрсе Аллаһ тағаланың тағдырымен қоса қазасы яғни оның іске асуы әрі сонымен қатар Оның кеңшілігі бар. Бұны адамға бір серпіліс беретін қосымша игілік деп те атауға болады. Мәселен, сіздің тағдырыңызда бір мешітте азаншы немесе уағызшы болу бар делік. Сіз осы мүмкіндікті толық пайдаланасыз, айтқан әр сөзіңізді шынайы ықыласпен айтасыз, тіліңізден төгілген әр сөздің шын көңілден шығуына қатты көңіл бөлесіз. Аллаһты танытып, ақиқатты дәріптеуді жұрттың уайым етуіне сондай бір күш-жігер жұмсайсыз. Өзіңізді алға шығармай ақиқатты ғана насихаттап, олардан дүниелік ештеңе дәметпейсіз. Мінберге шықпай тұрып «Уа, Аллаһ! Алдыңа келдім. Аңдаусызда Сенің разылығына қайшы сөз айтатын болсам, одан да мені осы жерде сөйлетпе. Тілім күрмелсін, масқара күйде мінберден түсейін, мен не айсам да тек Сенің разылығыңды ғана көздеймін!» дейтіндей ықыласты боласыз. Егер сіз айтатындарыңызды осылайша ықыласпен айтсаңыз, Аллаһ тағала да қосымша зор қабілет беріп, қазіргі қабілетіңізден де жоғары жетістіктерді нәсіп етеді. Қаласаңыз, Имам Алуардың мына сөзіне осы негізде қарасаңыз болады:
Сен Аллаһты сүйсең
Аллаһ сені сүймей ме?
Разылығын қаласаң
Разылығын бермей ме?
Сен Аллаһтың алдында
Жанынды пида етсең,
Әмірлерін орындасаң,
Аллаһ сауабын бермей ме?
Су секілді сарқырасаң,
Аюб секілді жыласан,
Жағдайынды сұрамай ма?
Онсыз да біз дұғаларымызда «Уа, Аллаһ тағалам! Бізге мүмкіншілік, қабілеттеріміздің ашылуын нәсіп ет!» демейміз бе? Рас, біздің қазіргі қабілеттеріміз Аллаһтың шексіз құдіретінің шыңы емес. Сіз сондай ықыласпен бір іске кіріскенде, еш күтпеген жерден Аллаһ тағала кеңшілігінен қосымша жақсылықтар береді. Сол уақытқа дейін еш ойланбаған, тіпті тосын дүниелерді ойыңызға салып, соған итермелейді. Иә, Жаратқан ие көкжиегіңізді кеңейтіп, санаңызды сондай деңгейде ашады, сізге мүлде қатыссыз және ойыңызға келмеген жоспарларды сіздің себебіңізбен іске асырады, сол уақытта нәтижеге қарап өзіңіз таңырқап қаласыз.
Сол себептен қабілеттеріңіз қандай деңгейде болса да, сіз ақиқатқа толық берілсеңіз, Аллаһ та сізді жарты жолда қалдырмайды. Олай болса, қанекей қабілеттерімізді Аллаһтың разылығын табуға және сүйікті Пайғамбарымызды адамзатқа таныту жолында сарқа қолданайық. Ұлы Жаратушы да орасан қабілеттер беріп азды көп, бірді мың етсін. Амин!
- жасалған.