Неліктен «Сынық құмыра»?
Құрметті Фетхуллаһ Гүлен − қазіргі өркениетіміздің парасат биігінен назар салып, тереңнен қармап, алыстан ойлайтын белгілі ғұлама. Саналы ғұмырын адамзаттың игілігі жолына арнаған ол қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің астарына жіті үңіліп, шығар жол, сындарлы шешім табу үшін бүкіл қажыр-қайратын жұмсап келеді. Әрине, ұғынушысы жоқ ілімнің жетім болатыны сынды, мұсылман ғалымына игерген ілімімен халықтың рухын ояту жолында жанкешті қайраткерлік таныту сын болса, оқырманға да пайдалы ілімге ықыласпен ден қоя білу − сын.
Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде «Мен сендердің көрмеген нәрселеріңді көріп, естімегендеріңді естимін. Көкте төрт елі бос орын жоқ сықысып тұр, барлық жерде періштелер Жаратушыға бас иіп, сәжде етуде. Аллаһтың атымен ант етейін, егер менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер» деп, өмірде тек рухани өресі биік жандарға ғана анық сезілетін ақиқаттар барын меңзеген. Осы хадиске сүйене отырып біз де ғалымның әр сөзін алтынға балап, астарында көкірек көзі ашық, естілерге анық сезілетін көптеген маңызды жайттар бар екенін ескерткіміз келеді. Ол үшін әрине әр сөздің мәнін ұғуға деген бейілділік пен мұқияттылық керек.
Ғалымның апталық бұл сабақтарын неліктен «Сынық құмыра» деп атағанымызға келсек, оның да өзіндік мәні жоқ емес. Көбіне біз айтылған бұндай маржан сөздерді жеткілікті деңгейде ұға алмайтынымызды, көз алдымызға жайып салған құндылықтарды зерделеуге дәрменсіздігімізді сезініп, оларды өзіміз өмірде қолданып, өзгелерге де жеткізудегі кемшілігімізді мойындаймыз. Осы орайда бұл ісіміз ұстазымыздың мол ілімін, рухани тереңдігін, тақуалығын толықтай көрсете алмаса да әйтеуір шын ниеттен туған халыққа пайдалы іс болуын қаладық.
Бұл пікір Жалалуддин Румидің мына бір тәмсіл әңгімесімен де сабақтас:
Көне заманда бір патша әскерімен бірге бір елдің шетіне келіп, бұлақтың басына қоныстаныпты. Уақыт өте келе бұл мейірімді патшаны халық сыйлап, құрметтей бастайды. Тіпті алдынан шығып әркім өз сыйлығын табыс ететін. Бір күні елдегі дәулетті кісілер патшаға құнды сыйлық апаруға ұйғарады. Бұны естіген кедей бір кісі де патшаға сыйлық тарту еткісі келеді. Бірақ қолдың қысқалығынан айтарлықтай ештеңе таппайды. Соңында үйінде сынық құмыра бары есіне түсіп, соған бұлақ суын толтырып, патшаның сарайына бет алады. Оны уәзірлердің бірі тоқтатып, не жұмыспен келгенін сұрайды. Әлгі кедейдің ниетін естігеде, уәзір оны кеудесінен итеріп: «Сен патшаның бұлақтың басында тұратының білмеуші ме едің?! Ол сенің құмырамен әкелген суыңа қарап қалып па, кет» дейді. Кедей болса бұны естіп қатты мұңаяды. Сосын: «Ештеңе етпес, патшаға байлық, кедейге пақырлық жарасады. Патшаға қымбат сыйлық апара алмасам да құрметім мен сүйіспеншілігімді білдіріп шын ниетіммен су ұсынғаным да мен үшін жеткілікті» деген екен.
Осыған негіздеп, біз де қолымыздағы «сынық құмырамен» рухани мөлдір бұлақтың суын халыққа жеткізуді мақсат еттік. Бұл бір жағы сол толассыз бұлақ қайнарына басқаларға қарағанда бір табан жақындығымыздың шүкіршілігі деуге де болатындай.
Алғашқыда, бұл апталық дәрістерді қысқа ғана жазатынбыз, бірақ көп нәрсе тасада қалып кететінін байқадық. Кейіннен еш өзгертпестен, барлығын компьютерге теретін болдық. Артынан тексеріп, қатесі болса түзетіп, өз арамызда бірігіп зерделеп оқи бастадық.
Міне, осындай жағдайда «Herkul.org» деп аталатын сайтымыздың бір бөлігі «Сынық құмыра» деп аталды.
Күнделікті рухани өмірімізге аса қажетті дүниелер оқырмандарымыздың кәдесіне жарап жатса қуаныштымыз.
Жанға жайлы, дертке шипа мөлдір руханият бастауынан баршамыз сусындай берейік!
- жасалған.