Аллаһ бізге жетеді
Сұрақ: Пайғамбарлардың қай-қайсысы да қиындыққа тап болғанда Аллаһтың құдіретіне сиынған. Шыбын жанын жалғыз Аллаһқа тапсырған. Ғұмырында қиындықтарға аз кездеспейтін қазіргі дін жанашырлары бұндай сынақ кезінде не істеуі керек?
Жауап: Әлсіз, бейшара адам баласы тек Аллаһқа сиыну арқылы өмірдегі барлық кедергілерді жеңе алады. Қиындықтармен бетпе-бет келгенде: حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ “Аллаh бізге жетеді. Ол ең жақсы өкіл” деп Аллаһқа сиыну керек. Осыны айта алған кісі мынаған сенуі керек: Өзімізді Аллаһқа тапсырдық, иеміз жалғыз Аллаһ, Оған құл бола отырып біз барша уайым-қайғыны ұмытамыз. Ол бізді ешқашан қараусыз қалдырмайды.
Аллаһ тағала «Құранда Исламнан теріс айналғандар жайлы пайғамбарымызға былай дейді:
فَإِنْ تَوَلَّوْا فَقُلْ حَسْبِيَ اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظِيمِ
«Сенен теріс айналып, тыңдамайтындарға былай де: «Аллаһ маған жетеді. Одан басқа құдай жоқ. Мен жалғыз Соған сеніп, Соған сиынамын. Өйткені Ол Ұлы Арштың дара иесі» («Тәубе» сүресі, 9/129).
Мұсылман ғалымдардың бірі былай дейді: “Егер адасқан кісілер түзелуге пейіл танытпай Құран сөзін құлақтарына қыстырмай қойса, еш мұңайма. Оларға былай де: Аллаһ тағала маған жеткілікті. Соған тәуекел етемін. Керек болса сендердің орындарыңа иман ететін құлдарын алып келеді. Салтанаты бар нәрсеге құдіретті. Қырсыққандар жазасыз қалмайды, бағынып құл болғандар демеусіз қалмайды».
Тақырыпқа қатысты пайғамбарымыздың таңертең және кешкісін оқылуын бұйырған мына бір дұғасын келтіре кетейік:
يَا حَيُّ يَا قَيُّومُ بِرَحْمَتِكَ أَسْتَغِيثُ أَصْلِحْ لِي شَأْنِي كُلَّهُ وَلاَ تَكِلْنِي إِلَى نَفْسِي طَرْفَةَ عَيْنٍ
“Уа, Хай, уа, Қайюм, Мейіріміңнің құрметіне Өзіңнен көмек сұраймын. Қас-қағым сәтке болса да мені нәпсімнің жетегіне ергізбе” (Хаким, Мүстадрак, 1/545).
Мұның мағынасын сәл ашар болсақ былай: «Раббым, Сенің жолыңда жүргенімде пасық қылық пен күнәлі істерге мені жолата көрме. Қас қағым сәтке болса да нәпсім мен шайтанның азғыруына ілестірме. Олардың жетегіне ердім дегенше Саған ұнамсыз істерге бет алдым деген сөз. Ол кезде мені Өзіңнен басқа ешкім құтқара алмайды. Маған Өзің қарайлассаң ғана тура жолыңмен жүре аламын. Өйткені Сенің қорғауыңдағы пендені шайтан да, нәпсі де азғыра алмайды».
Қауымы тыңдамай кеткенде хазірет Ибраһим: إِنَّا بُرَآَءُ مِنْكُمْ وَمِمَّا تَعْبُدُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ “Біз сендерден, сендердің табынған пұттарыңнан да аулақпыз» (Мүмтаһина сүресі, 60/4) деп, кәпірлердің қателіктерін айтып, күпірлікке қарсы алынбас қамал соққандай еді. Және де Аллаһтан басқа кез келген нәрсенің құдай бола алмайтынын айтқан. Одан кейін Аллаһқа басыбайлы бағынған құлдың мынадай сөзін айтады:
رَبَّنَا عَلَيْكَ تَوَكَّلْنَا وَإِلَيْكَ أَنَبْنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ رَبَّنَا لَا تَجْعَلْنَا فِتْنَةً لِلَّذِينَ كَفَرُوا وَاغْفِرْ لَنَا رَبَّنَا إِنَّكَ أَنْتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ
“Уа, ұлы Раббымыз, біз Өзіңе ғана сеніп, Өзіңнен ғана жәрдем тілейміз. Түптің түбінде алдыңа барамыз. Бізді кәпірлердің кесірінен сақта. Күмәнсіз, сен Азиз, Хакимсің” (Мүмтаһина, 60/4-5).
Осы тұста мына бір нәрсені айтқымыз келеді. Пайғамбарымыз бен өзге де пайғамбарлардың өмірлеріндегі түрлі оқиғаларды салыстырып қарасақ, өзге пайғамбарлардың Аллаһтан сұраған нәрселерін Аллаһ тағала біздің пайғамбарымызға беріп қойғанын көреміз. Мысалы, Мұса пайғамбар Аллаһ тағаладан: رَبِّ اشْرَحْ لِي صَدْرِي “Уа, Раббым, көңілімді кеңейт” (Таха, 20/25) деп тілесе, Аллаһ тағаланың Өзі пайғамбарымызға былай дейді: أَلَمْ نَشْرَحْ لَكَ صَدْرَكَ “Біз сенің көңіліңді кеңейтпедік пе?” (Иншираһ, 4/1). Бұл пайғамбарымыздың бір ерекшелігі.
Басқа бір аятта болса сахабалар пайғамбарымыздың дұшпандарына қарсы Аллаһтан жәрдем сұрағанын мына жерден көре аламыз.
الَّذِينَ قَالَ لَهُمُ النَّاسُ إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُوا لَكُمْ فَاخْشَوْهُمْ فَزَادَهُمْ إِيمَانًا وَقَالُوا حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ
“Оларға ел-жұрт: «Дұшпандарың сендерге қарсы әскер жинады, байқаңдар» дейді. Бұл сахабалардың иманын арттырып, «Аллаһ бізге жетеді» дейді” (Али Имран, 3/173).
Иә, байқағанымыздай, сахабалар анау-мынау қауіптен қорықпай, керісінше Аллаһқа сиына отырып имандарын арттырған. حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ деген.
Мұсылман ғалымдарда дүниеге салынған пенделердің өлгеннен кейін қолындағы барлық нәрселерден айырылып, үмітсіздікке салына бастағанда: حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ деген аяттың мәнін ұғып, дүниеде жүргенде оқығанының пайдасын көретінін айтады. Осы аяттан алған сабағын, рухани күшін “Дүниеге үстемдік еткізе білген иманның күшін-ай!” дейді. Мұндай рухани күш иесіне дүниенің төңкеріліп кеткені де еш уайым бола алмақ емес. Зынданның өзі Жүсіп медресесіндей сезіліп, отқа түссе алаулаған отыңыз самалды желге айналып сала бермей ме?! Бұл тарихта кездескен оқиға. Діннің жолын ұстандым, өзімді ақиқат жолына арнадым деген хас құл үшін дініне қызмет ету үшін зындан болса да бас тартпайды. Нағыз ерлік, нағыз қызмет осы. Ал дүниеге байланған пенделер болмашы уайымға салынып, рухани тұрғыдан тоз-тозы шығады. Және ол дертінің дауасын таба таба алмайды иман дәмінен басқа. Рухын тыныштандыра алмаған адам жарты әлемді билесе де шын бақытқа ие бола алмайды. Жалғанның аты жалған. Шын бақыт Аллаһтың кісі жүрегінен орын алуы. Басқа ештеңе де емес. Иманын жолдас еткен жан дүниелік сынақтарға мойымақ түгілі, одан бақыт табады, өйткені ол үшін сынақ пен қиындықта қайыр бар.
Негізінде кездескен қиындықтарымыз бізді ширатып, сынақтан абыроймен өтіп жатсақ, ғалымдарға жұққан кейбір қасиеттерге біз де тап болуымыз мүмкін. Өйткені Аллаһ тағала иманына мұқият адамға Өзінің кей сипаттары мен есімдерінің ұшқынын дарытады. Бірақ көп жағдайда біз немқұрайлылық пен ұқыпсыздықтың кесірінен Аллаһтың көптеген сыйларынан құр алақан қалып жатамыз. Үлкен әулие-әмбиелер болса үнемі Аллаһты тану жолында жүргендіктен ондай мүмкіндіктерді қалт жібермей, иманына өте сақтық танытқан және сол жерден хикметті көре білген.
Ғалымдар осы аятты күніне бес жүз рет оқыса, демек тегін болмағаны. Өзіндік кереметі де жоқ емес. Сондықтан біз де дұшпандарымыздың кесірінен Аллаһқа сиынып, күніне бес жүз рет емес, мың рет حَسْبِيَ اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظِيمِ деуіміз керек. Осы кезде мынаны да ұмытпаған жөн. Тәфрижи дұғасы, Аятул Күрсі, Наср, Фәтх, Инширах сүрелерін өзара бөліп оқығанымыз секілді, аталмыш Хасбия дұғасын да бөлісіп оқуымызға болады. Мысалы, он шәкірт жүз-жүзден оқысақ, әрқайсысымыздың амал дәптерімізге мың болып жазылады.
Және де тек қиындыққа тап болғанда ғана емес, ел аман, жұрт тынышта да аталмыш дұғаны оқып тұрғанымыз жөн. Көбіне қиындыққа душар болғанда ғана Аллаһты еске алып حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ деп жатамыз. Аллаһ тағала дұғамызды қабыл алып, қиындығымызды жеңілдетер. Ал кей кісілер ертелі-кеш сиынып, үйден шыққанда, аузына ас салғанда да Аллаһтың атын айтуды ұмытпайды. Бұл әрине, кісінің Исламды қаншалықты ұстанғанына байланысты.
حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ деп өмір сүрген жандар пайғамбарымыз секілді болмаса да әрдайым Аллаһтың қорғауында жүреді. Тіпті олар істеген әр ісін Аллаһтың бұйрығының шеңберінен шықпай, басына түскен барлық істі Аллаһтан деп біледі. Міне, бұл тәухид түсінігінің өмірде қолданысқа түсуінің ең үлкен көрінісі, дәлелі.
Сүннетте де кімде кім таң ата 7 рет حَسْبِيَ اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظِيمِ десе, сол күнгі жамандықтардан қорғалатындығы айтылады. Бұл өзімізді Ұлы Құдіреттің қолына тапсыруымызды білдіреді. Аллаһ тағала бізді сүннет жолынан айырмасын!
- жасалған.