Фетхуллаһ Гүлен: «Мен жайлы айыптаулар дәлелденсе, түркияға қайтуға дайынмын»
Түркия Шілденің 15 - түні орын алған төңкеріс жасау әрекетімен жақын тарихтағы ең үлкен сұмдықты бастан кешті, шыңырау құзға құлап кете жаздап аман қалды. Сол түні болған оқиғаны террорлық төңкеріс деуге болады. Әскери шенділердің мемлекет ісіне араласуы тарихта қалды деп ойлаған түрік қоғамының барлық саласы төңкеріс әрекетіне ортақтаса қарсы тұрды әрі демократияны жақтайтындықтарын көрсетті. Мен де әлгі жағдай орын алып жатқанда ашық әрі анық түрде төңкеріске лағынет айттым.
Осы сорақы төңкеріске әрекет басталғанына 20 минут өтісімен, әлі кім ұйымдастырғаны нақтыланып жатпастан құрметті Ердоған дереу кінәні маған артты. Әлі оқиғаның егжей-тегжейі анықталмастан, кімнің неге істегені білінбестен, кінәліні осыншама тез табу ойлантарлық. Соңғы елу жыл бойы көптеген әскери төңкерістерден көресені көрген адамның бірі ретінде бұндай қылмысқа мені іліктіруі көңілімді жабырқатуда. Бұндай айыптауларды нақты түрде теріске шығарамын. 17 жыл болды өз еркіммен АҚШ-та шағын ғана ауылда оңаша өмір сүрудемін. Менің әлемдегі ең мықты 8 орында тұрған әскерді 10 000 шақырымдық жерден өз үкіметіне қарсы төңкеріс жасауға көндіргендігім туралы айтылуы сенуге қиын жала әрі әлемдік қауымдастық тарапынан да ешкім оны құп көрмеуде. Егер төңкерісшіл топқа қатысқандар арасында Қызмет қозғалысына көзқарасым оң деп өзін танытқан әскерилер болса, меніңше, олар өз отандастарының өмірін қиған іске қатысып, елінің бірлігі мен бүтіндігіне қиянат жасаған, мен өмір бойы қорғап келе жатқан құндылықтарды аяққа таптап, жүз мыңдаған кінәсіз адамдардың жапа шегуіне жол ашқаны.
Әскердің ішінара арадағы кісілердің араласуымен бұндай істерін қызмет құндылықтарынан жоғары қойғандар болса, өз басым ондайлар бар деп ойламаймын, олардың қателігін қозғалыстағы барлық адамға жабу дұрыс емес. Оларды Аллаға тапсырдым.
Өз басымды да қоса алғанда ешкім де заңнан артық емес. Бұл төңкеріс жауаптыларының қай саладан болса да әділ заң тұрғысынан жауапқа тартылып, тиісті жазасын алғанын қалаймын. Түркияда заң жүйесі 2014 Қазан айынан бастап саяси қысымға ұшырағандықтан, әділ түрде жауапқа тарту мүмкіндігі өте аз. Осы себепті бұл тұрғыда халықаралық комиссия құрылғанын әрі сол комиссияның қабылдайтын шешіміне шын ризашылықпен бас иетінімді неше рет айттым.
Бұл қозғалыс мүшелері 50 жылдан бері бірде бір зорлықшыл операцияларға қатыспады, соңғы үш жылда Ердоғанның ашық айтқан сөзімен айтсақ «жалмауыздарды жою» операциясына ұшыраса да, қарсылық танытып көшеге шықпады, күштік құрылымдарға қарсылық танытпады. Үш жылдан бері жүйелі түрде жеккөрінішті ету науқаны және мемлекеттік зорлыққа тап болып қатты қиналған Қызмет қозғалысы заң белгілеген шеңберден шықпай заңды түрде ғана өзін қорғады, әділеттілікті тек құқықтық жолмен ғана іздеді. 3 жылдан бері Түркия республикасы тарихында байқалмаған түрде мемлекеттің барлық қауіпсіз және заң күштері мен басқарады деп білінген «балама мемлекетті» анықтау үшін іске кірісуде. Үкімет 2013 жылғы жемқорлықты әшкерелеуді де бюрократия ішіндегі мені қолдайтындар ұйымдастырған төңкеріске талпыныс ретінде көрсеткен. Алайда осы өткен аралықта 4000 кісі тұтқындалса, он мыңдаған кісінің мамандығынан айрылуына, жүздеген мекеме, фирмаларды заңсыз алып қоюға қарамастан, бұл алға тартылған уәждерді дәлелдейтін бірде бір дәлел табылмады. 2013 жылғы Май айында менімен кездесу мүмкіндігін көктен жауатын нығметке ұқсатқан сол кезеңнің премьер министрі жемқорлық үшін жауапқа тартудан кейін алаңдарда осы қозғалыстың мүшелері жайлы қанды қарақшы дегеннен қан сорғыштарға дейін небір жеккөрінішті сөздер айта бастады.
15 Шілдеде халыққа қиянат ойлап жасалмақ болған төңкерістен кейін бұл қысым тіптен асқынып кетті. Түрік үкіметі мені және Қызметті қолдаушыларды жүйелі түрде «вирус және қатерлі ісік вирусы ретінде тазарту керек» деп суреттей бастады. Осы қозғалыс ынталандырған мекемелерге, ассосацияларға кезінде әйтеуір бір қолдау білдірген жүз мыңдаған адамды адам кейпінен ажыратып көрсетуде. Олардың дүние-мүліктерін тәркілеп, банктегі есептерін тоқтатып, паспорттарын жарамсыз етіп, шетелге шығуына да жол бермеуде. Жүз мыңдаған отбасы сұмдық «жалмауыздарды жою» деген желеудің нәтижесінде өте ауыр қайғылы жағдайды бастан кешуде. 90 000 мыңға жуық адам жұмысынан қуылды, олардан 21 000 мұғалімнің дипломының жарамсыз етілгені БАҚ-та жарияланды. Мамандығымен жұмыс жасай алмаса, шетелге де шығуға рұқсат етілмесе, сонда бұл отбасыларды үкімет аштыққа итермелемек пе? Бұның Европа тарихындағы геноцидтың алдындағы істелген істерден не айырмашылығы бар?!
Түркияның барлық әскери төңкерістерін көрдім әрі барлық түрік халқы секілді мен де сол уақыттарда үлкен қиындықтарға ұшырадым. 1971 жылы 12 Наурыздағы төңкерістен кейін хунта билігінің шешімімен түрмеге қамалдым. 1980 жылы 12 Қыркүйектегі төңкерістен кейін мені тұтқындау туралы шешім шықты. Сөйтіп 6 жыл қашып жүрдім. 1997 жылы 28 Ақпан айындағы әскери төңкерістен кейін мен жайлы «бір адамнан тұратын қарусыз террорлық ұйым» деген кінәлаумен сотта істі болдым әрі мені дарға асуды талап етті. Әскери билік кезеңдерінде мен жайлы 3 рет «террор ұйымы жетекшісі» деген атпен іс қозғалды. Бұл қозғалған істердің бәрінен ақталып шықтым. Кеше әскери биліктегілердің нысанына іліксем, бүгін анағұрлым заңсыз түрде азаматтық авторитарлы режим тарапынан дәл сондай кінәлауларға тап болудамын.
Мен бұрынырақта құрметті Тұрғыт Өзал, құрметті Сүлеймен Демирел және құрметті Бүлент Ежевит секілді түрлі саяси көзқарастағы жетекшілермен достық қарым қатынаста болдым. Олардың оң істерін шын көңілмен қолдадым. Ол кісілерден әсіресе Қызмет қозғалысының білім мен қоғамдық бейбітшілікке қосқан үлесі үшін құрмет көрдім. Саяси исламнан үнемі бойымды аулақ ұстасам да, Ердоған мен АКП (әділет және даму партиясы) жетекшілерін де ел басқарған алғашқы жылдарында жүргізген демократиялық реформалары үшін бағаладым. Алайда өмірімнің әр кезеңінде әскердің саясатқа араласуын, әскери төңкерістерге қарсы болдым. 22 жыл бұрын «Демократия мен зайырлылықтан кері қайтуға болмайды» дегендігім үшін сол кезеңде бұндай құндылықтарға қарсы пиғылдағы қазіргі билікке жақын саяси исламшылдардың балағатына ұшырадым. Бүгін де сол пікірлерімді жақтаймын.
40 жылдан бері жазған мақалаларым мен айтқан уағыздарымнан алынған 70-тен аса кітаптарымның бәрі белгілі. Бұл еңбектерде төңкеріс туралы ойға ерік беретін титтей де сөз жоқ, қайта керісінше демократияға негіз боларлық әмбебап адами құндылықтар дәріптелген.
Түркияның жарқын болашағы демократиялық мәдениеттің тереңдей түсуіне, зайырлылыққа сүйенген мемлекеттік басқарудың нық орнығуымен тығыз байланысты. Әскери төңкеріс те, автократиялық азаматтық басқару да шешім бола алмайды.
Өкінішке қарай, оппозициялық БАҚ жабылған не қысымға ұшыраған елде түрік азаматтарының көпшілігі ауқымды көлемде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының ықпалымен 15 Шілдедегі төңкерісті мен ұйымдастырды дегенге сенген. Шынтуайтында, оқиғаларға анағұрлым объективті қарай алатын әлемдік қауымдастық бұл істің «жалмауыздарды ұстау» деген желеумен биліктегілердің өз күштерін арттыра түсу үшін жасаған әрекеті екенін анық байқауда.
Әрине, маңыздысы көпшіліктің не ойлағаны емес, әділетті түрде сотпен анықталған шындықтар. Осындай ауыр айыптауға ұшырап отырған мен және он мыңдаған адам әрине әділетпен жүргізілген заң арқылы өзіміздің ақ екенімізді дәлелдеп, ақталғымыз келеді. Күдікті ретінде өмір сүргіміз келмейді. Өкінішке қарай, әсіресе, 2014 жылдан бастап заң жүйесінің саяси бақылауға өтуімен мен және кінә тағылып отырған Қызмет қолдаушылары да өздерін ақтайтындай құқыққа ие емес. Осы себепті түрік үкіметін ашық түрде толықтай ынтымақтастық жасауға ашқырамын. Халықаралық және тәуелсіз комиссиясының төңкеріс әрекетін зерттеп, қарастыруын талап етемін. Егер мен туралы айтылғандардың онда бірін дәлелдей алса, Түркияға қайтып, ең ауыр жазаны тартуға дайынмын.
Бұл қозғалыстың еріктілері төрткүл әлемнің төрт бұрышында жүздеген үкімет, қауіпсіздік ұйымы, зерттеуші немесе тәуелсіз азаматтық қоғам ұйымдары тарапынан 25 жылдан бері қадағалауда. Ешбір заңсыздықтары болған емес. Осы себепті көптеген елдер түрік үкіметінің Қызмет қозғалысы жайлы айтқандарына сенім танытпауда.
Қызмет қозғалысының ең айтулы ерекшелігі, саяси билікке құмартпауы, оның орнына халықтардың болашағына қауіп төндіретін әрі кең көлемді қажыр-қайрат қажет ететін мәселелерге шешім іздеуінде. Ислам жағрапиясына террор, қан төгіс және артта қалушылық телінген кезеңде өзі өмір сүрген қоғамға белсенді түрде білімді және диалогқа ашық ұрпақ өсіруге назарын шоғырландыруда. Мұсылман елдердің ең үлкен келеңсіздігі надандық, алауыздық және кедейлік екеніне сенгендігімнен мені қолдаушыларға үнемі «мешіт немесе құран үйрететін курс емес, мектеп ашыңдар» деген кеңес бердім. Қызмет қозғалысына қатысушылар тек Түркия емес, Азиядан Африкаға дейін әлемнің 160 елінде білім, денсаулық және гуманитарлық көмек іс-шараларын жүргізуде. Бұл іс-шаралардың ең үлкен ерекшелігі тек мұсылмандарға емес, барлық діннен және этникалық ерекшеліктегі адамдарға дәл сондай қызметтерді ұсынуға деген талпыныс. Пакистанның ең қиын аймақтарында қыз лицейлерін ашу, азаматтық соғыс болып жатқан кезеңде Орталық Африка Республикасында білім беруін жалғастырды. Нигерияда Боко Харам қыздарды кепілдікке алып жатқанда Қызмет қозғалысы қыздарға білім беретін мектептер ашты. Әрі Францияда, әрі французша сөйлейтін елдерде менің пікірлерімді тыңдайтын адамдарға радикал ислам түсінігін насихаттайтын топтарға қарсы күресуді, мемлекеттің ресми басшыларынп осы күресте қолдау білдіруге ынталандырдым. Осы елдерде тұрып жатқан мұсылмандардың өзі өмір сүрген қоғамға позитивті үлес қосатын, келеңсіздіктермен қатар аталмай, қайта істеген істерімен үлес қосу арқылы танылатын ықтияры дербес адамдар ретінде қалыптасқанын қаладым. Террорлық операциялар арқылы исламның пәк келбетіне дақ түсірген әл-Каида, ИШИМ секілді ұйымдарды, басыма қауіп төнуі мүмкін болса да, қаншама рет лағынеттедім. Түрік үкіметі, өкінішке қарай, 15 Шілде қанды террор шабуылына еш қатысы жоқ, зорлық-зомбылыққа үзілді-кесілді қарсы бұл адамдарды әрі ашқан мектептерін де әлемдегі әр елдің үкіметіне шағым етуде. Бүкіл әлемдік үкіметтерге үндеуім, бұндай негізсіз айыптауларға мән бермесе, орынсыз талаптарды қабылдамаса екен.
Айтқандай, Түрік үкіметінің Қызмет қозғалысын саяси шешім ретінде террорлық ұйым деп жариялап жапқан мекемелері: мектептер, емханалар және гуманитарлық көмек ассосациялары. Он мыңдап ерекше бақылауға алып, тұтқындалған Қызмет еріктілері мұғалім, кәсіпкер, дәрігер, ғалымдар мен журналистер. «Жалмауыздарды аулау» операциясына ұшыраған осы жүз мыңдаған жандардың төңкерісті қолдаушылармен де, қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерімен де айыптайтындай бірде-бір дәлел табылмады.
Париждегі мәдениет орталығының өртелуі, іздеген адамдарын орнынан таппағанда жанұясын кепілдікке алғаны, науқас журналистердің денсаулық жағдайына қарамастан бақылауға алынуы, 35 емхананың және гуманитарлық көмек ассосациясы «Кимсе йок муны» жабу, 1500 ғылыми қызметкерді мәжбүрлеп жұмыстан кетіру әрекеттерін төңкеріспен байланыстыра түсіндіру мүмкін емес. Бұдан байқалатыны, билік Қызмет қозғалысын нысанаға алғандай көрініп, өзіне серт бермеген баршаны мемлекеттік мекемелерден тазалауға әрекеттенуде. Билік азаматтық қоғам ұйымдарына да қыр көрсетуде. Халықаралық амнистия ұйымы (Amnesty International) рапорттарына тіркелген қорлықты да қосқанда адам құқықтарының аяққа тапталуы ең сорақы жағдайда. Бұл өзі адамзаттың қайғылы жағдайы.
15 Шілде төңкеріске әрекеттің сәтсіз аяқталуы сайлаумен билікке келген үкіметке жасалған антидемократиялық араласудың халықтың да қолдауымен кері итеріп тастауы тұрғысынан тарихи маңызға ие оқиға. Алайда төңкерістің алдын алу демократиялана түсу үшін жеткілікті емес. Азшылықтың билігі, көпшілікке тән билік пен азшылықты езу не сайланғандардың автократиясы да шынайы демократия емес. Заңның жоғары тұруы, күштерді бөлісу, сөз еркіндігінен бастап негізгі адам құқықтары мен еркіндігі жоқ болса демократия туралы айту қиын. Түркия үшін демократия тұрғысынан шынайы жеңіс осы негізгі құндылықтарды қайтадан жандандыруда.
- жасалған.