Фетхуллаһ Гүлен билікті көздей ме?
Белгілі ағартушы Фетхуллаһ Гүлен өзіне «Билікті көксеуде» «Президент болғысы келеді» деп айыптағандарға көп жылдардан бері әртүрлі орындарда жауап беріп келеді. Еңбектерінде бұл сұраққа мынандай жауаптар айтып, өмірлік негізгі мақсат-мұратын түсіндіруге тырысқан:
«Қанша рет айттым: «Алладан қорқа тұра бұл мәселеде жалған сөз сөйлемеймін: егер маған Президент аппаратын басқару берілсе, содан үзілді-кесілді бас тартпасам, әлемдегі ең сорлы мақұлық мен болайын. Президент аппараты емес, әлемнің билігін ұсынса, пысқырып та қарамас едім. Өйткені мен өте ұлық нәрсе – Алланың разылығын ғана көздеудемін. Одан өткен ұлық нәрсе бар деп ойламаймын. Одан өткен ұлық нәрсе іздеу бақытсыздығына ұшыраудан Алла сақтасын! Сонда ондай лауазымды орынға немқұрайлы қарап отырмын ба? Жоқ, әрине. Ол басқа мәселе. Аппаратқа да, парламентке де қажеттілік бар. Демократияның негізгі белгілері ретінде сіз оған құрмет көрсетуге тиіссіз. Бұл өмірімді арнаған жол тұрғысынан жеке пікірім. Қаласаңыздар, менің тұрғымнан мәселеге қарап, расында өмірін дінді көркейтуге арнаған адамның объективті ойы десеңіздер де болады. Біз ондай мансапқа илікпейміз, тіпті ойға да алмаймыз. Керек десеңіз, билік түсіме де кірген емес. Кейбіреулер әр нәрсені шатып жатты: «әлемді билегісі келеді» деген секілді. Әлем билігін былай қойшы, мен өзім туған Коружук ауылына әкім болсам деп те еш ойлаған емеспін. Ойлаған болсам, 60 жылдан бері түсімде Коружук ауылын басқарып жүргенімді көретін едім ғой. Демек, еш оны ойламағанмын. Зигмунд Фрейдтің айтуынша: «Түс – санада сақталған ойдың көрінісі». Демек, ондай мәселе менің санамда жоқ. Бұндай жала жапқандарға: «Әй, Алладан қорықсаңдаршы, менің аузымнан сондай сөз шығып па, керек десеңіз түсімде көріппін бе сол мәселені» деу керек. Дегенмен кейбірін сендіре алмаймыз. Мейлі, сенсін-сенбесін көздеген мұратымыз ол емес» (Сұқбаттарынан Bamteli, 23.07.2007)
«Кейбіреу әлі де саясат сахынасынан рөл алып, мемлекет билігіне қол жеткізбекші, басшылықты ығында ұстағысы келеді дегендей жала жабуда. Ал шынтуайтында мен қатардағы құлдың бірі ретінде Алланың разылығынан басқа ойдың бәріне жабық екенімді, әсіресе жоғарыға ұмтылатындай «басшылық», «саяси ұпай» жинауға қарсы екенімді сан мәрте айттым. Жиырма бес жасымда биліктен орын ұсынылғанда, оны қабылдамағанымды талай рет айттым. Парламентте депутат болмақ түгілі, ең төменгі басшылықтың өзін қаламаймын дедім. Негізі сонау қылшылдаған жас шағымда-ақ бұған қызықпағаным жалпы ұстанымымды байқауға жеткілікті болуы тиіс еді. Сол ұстанымым өмірде нені талап етіп, не нәрсенің соңына түскенімді білуге құмартқан көзі ашық жандар үшін жеткілікті болуы тиіс еді. Бірақ амал нешік, қанша рет қайталап осы ішкі сезімімді түсіндірдім, бір бөлігі әлі де естімеген сыңай танытады, не естігісі, түсінгісі келмейді. Мүмкін олардың танымында Алла разылығы, мәңгілік бақыт ұғымы болмаған соң айтқанымды түсіне алмайтын шығар. Олар түсінбесе де тағы бір мәрте мына сөзімді айтып, мәселеге нүкте қоймақпын. Жұртты ынталандырған осы істерімде дүниелік нәрсе көздеген емеспін. Түркияның бар байлығы мен мүмкіндіктерін алдыма тартса, оны ағаш лашықтағы (қызметін алғаш бастаған жылдарда тұрған өте қарапайым, шағын ғана үйшігі – ауд.) өмірімнен артық көруді, атақ-даңқ пен дүние-мүлікке қызығуды сатқындық деп санаймын. Тіпті көз қиығын салудың өзін – Аллаға опасыздық, мұратыма қиянат деп білемін. Иә, менде де екі қол бар, егер жүз қолым болса, оны Алланың атын асқақтатудан (ила-и кәлимтуллаһ) басқа мақсатқа арнамас едім. Егер сондай ой санамда жылт ете қалса, дереу маңдайымды сәждеге қойып тәубе етемін әрі Ибраһим ибн Әдһам1 секілді: «Алла тағалам! Махаббатыңа көлеңке түсіретін кедергіні көңілімнен алып таста, әйтпесе жанымды алшы!» - деп жалбарынамын» (Kırık Testi, 08.05.2006)
«Менің осыған дейін жасаған дұғам, бар уайымым: «Адамдарға қалай Алланы танытсам, иманға келуіне қалай септігім тисе» деген талпыныс болды. Күн сайын жалына-жалбарына: «Алла тағалам! Қайткенде де жұрт Сені таныса, Саған иман келтірсе екен» - деп тілек тілеймін. Керек десеңіз, осылай күн сайын мың өліп, мың тірілуге бармын. Осыны түсіне алмаған, иманнан алыс, иманның рухани ләззатын татып көрмеген, жәннаттың жұпар иісін, тозақ азабын, адамзат қайғысын бір сәт болсын рухани дүниесі мен ар-ұжданында сезінбеген жан сіздің іштегі дертіңізді, іс-әрекетіңізді басқаға жорығысы келеді... мемлекет, билік, үкімет, саясат... Мақсаты осындай, өмірін осы жолда тапқан пайдамен өлшейтін адам иман мен Құран жолында көрген қиындық пен тартқан мұң-қайғыны да сол деңгейде бағалайды. Маған «Түркия билігіне ұмтылуда» деп жала жапты. Мен дүниелік еш нәрсе қаламаймын, әлемнің патшалығын ұсынса, көзімнің қиығын да салмас едім. Осындай жалаға тап болған сайын: «Уа, Раббым! Өзіңе құл болуда, разылығыңа жету жолында жасаған істерімде аяғымды шалыс бастым ба, ықыласта кемшілік жіберіп алдым ба, әлде?! Өмірі ойыма алмаған, түсіме де кірмеген, тіпті, қиялдап та көрмеген нәрсені айтып мені әлдекімдердің айыптағаны қалай?!» (Kırık Testi, 12.08.2002)
«Сіздерге ант етейін, екі-үш адамға Алла мен елшісін (с.а.у.) танытуды әлем билігін жүргізуден де артық көремін» (Kırık Testi, 18.04.2005)
«Төрткүл дүниенің төрт бұрышында дінім деп аянбай еңбек етіп жүрген бауырларымның руханиятына мысқалдай пайдам тисе әрі Алла тағала осы жолда қызмет етуімді нәсіп етсе, қазіргі күйімді әлемнің патшасы болуға да айырбастамаймын» (Kırık Testi, 10.12.2003)
«...Өзгені шылауымда ұстауды, өзгелерден өзімді жоғары санауды ұнатқан емеспін. Жұрт қатарлы адамның бірі болуды әлем билеушілігіне айырбастамаймын. Мен үшін ең ұлы мұрат – Жаратушының разылығы, ең маңызды міндет – Алланың атын асқақтату (ила-и кәлиматуллаһ)» (Fasıldan Fasıla-5, 2006)
«Қамшының сабындай қысқа ғана өмірде танымал болу, жұртқа жақсы көрінейін, мені жұрт құрметтесін деген пиғылда болу немесе дүние көздеп пендешілік мақсаттардың соңынан жүгіру Алланың алдында ең үлкен айып іс болып есептеледі. Алланы таныту, дін ісін көркейту секілді құлдық міндетіміз тұрған кезде дүниелік басқа мақсат көздеу – Аллаға деген опасыздық. Өз басым мансапқұмарлық, жақсы атпен танылу секілді пиғылды Аллаға, Пайғамбарға (с.а.у.) және дініме жасалған опасыздық деп қабылдаймын... Дінге және адамзатқа қызмет ету сезімі тұла бойымды баурады... бұдан басқа нәрсе ойламаймын. Басқа нәрсе жайында ойлауды, тіпті соны іштей қалаудың өзін өзіме харам деп есептеймін» (Kırık Testi, 03.06.2002)
«Санасы саясатпен ластанған, барлық нәрсені дүниелік мүдде және саяси мақсатпен түсіндіруге бейім жұрт ұғынбаса, ұғынуға тырыспаса да Құран кәрім, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті, сахаба, табиғин ижтихадтарынан анықтаған дініме және ұлтыма қызмет жолымда саясат пен дүниелік пайда көздеуге титтей де орын жоқтығына өмірім куә» (Kırık Testi, 29.10.2002)
«Олар жөнге келе ме, жоқ па, білмеймін. Алайда білетінім – өтіріктің соңы бір тұтам, ерте ме, кеш пе, әлемдік қауымдастық ақиқат пен жалғанның аражігін міндетті түрде ажыратады. Алланың разылығы мен ұлтымызды өзінің лайықты тұғырына биіктетуден басқа қалауымыз жоқ екенін, болмайтынын әділдікті ту еткен жандар да растауда.
«Алға қойған ең ұлы мақсатым – дінге және ұлтыма қызмет ету, осы нәрсе өне бойым мен сана-сезімімді баурап, басқаға ырық берер емес. Осы себепті дүниелік еш нәрсем жоқ, тіпті, үй-күйсіз-ақ ақыретке бару мұратым. Орайы келгенде, бір сөзімде айтқан едім: «Өзіме тиесілі зәйтүн бұтағым да жоқ. Егер болғанда, татулықтың символы ретінде менімен жауласып жүргендерге сыйға тартар едім» (Kırık Testi, 28.11.2004)
Қорыта келгенде, мұсылман ағартушысы өзінің өмірлік мұратын Жаратушыны разы етсем деген ұлы идеяға бағыттағанын, сол себепті Алланы таныту, ислам құндылықтарын дәріптеуді ең негізгі міндет деп өзіне қабылдағанын түсінеміз. Жастайынан билікке құмартпағанын, ең төменгі басшылықты да еш қаламағанын айта отырып ол қазіргі мұсылман қауымға дін жолында атқарылатын істер дүниелік мақсат пен түрлі пендешілік мүддеден ада, әрқашан таза ниетпен істелуі керектігін түсіндіріп келеді.
1 Ибрахим ибн Әдхам ибн Мансұр Әт-Тәмими – сопылық жолды ұстанған, тақуалығымен аты шыққан Ислам дінінің көрнекті өкілі. Балқы деген жерде дүниеге келген (туылған жылы белгісіз). һижраның 162 жылы дүние салған. (Қай жерде жерленгеніне қатысты әртүрлі деректер айтылады. Бір деректерде Бағдат қаласында делінсе, енді бір деректе Византия аралдарында деп келген).
- жасалған.