ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОГРЕСС
Бір сөзіңізде «Ғылыми-технологиялық прог-реске жеткен қоғамдардың ғана болашағы жарқын» деген едіңіз. Осының мәнін тарқатып түсіндіре кетсеңіз?
Ғылым қай дәуірде болмасын өркениетті өрге сүйрейтін күш болғаны шындық. Өйткені, адамды басқа тіршілік иелерінен даралап, ерекшелеген бірден-бір күш – ғылым-білім. Әсілі, періштелердің мойынсынып немесе артықшылығын мойындап болсын, Адам атаға бас иіп, сәжде жасауының астарындағы хикмет те осында жатса керек. Аллаһ тағала «әсманы» (заттардың атауын – Ауд.) үйрету арқылы Адам атаның мәртебесін биіктетіп, мерейін асырған. Әсманы «мүсәммадан» (сол көркем есімдердің Иесі – Аллаһ – Ауд.) бөле-жарып қарауға келмейді, олай болса, Адам атаға жаратылыстың астарындағы мән-мазмұн мен ақиқат үйретілген. Мұндай нығмет соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымызға да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұйырған. Арасындағы айырмашылық – Адам атаға қысқа да нұсқа пішінде, ал, Пайғамбарымызға (с.а.с.) кең көлемде берілген. Адам ата өз замандастарының ой-санасы қабылдайтын деңгейде «әсманы» (құбылыстардың ішкі мәнін – Ауд.) меңгеріп, өзгелерге тәлім еткен.
Иә, Хақ тағала Адам атаға әсманы да, мүсәмманы да үйретіп, оған ғаламдағы құбылыстардың ішкі астарын ұқтырған, содан кейін барып жер бетіндегі тіршілік иелерін басқару мүмкіндігін берген. Сондықтан, Адам атаға берілген халифалық мәртебесін осы тұрғыдан парықтасақ, «халифалық – Жаратушының атынан ғаламға билік жүргізу аманаты» дегенге саяды. Алайда, мұндай артықшылыққа ие болу үшін білім қажет.
Бүгінде ғылыми-технологиялық жетістікте оза шауып, қара үзіп кеткен елдерде ғылым мен технологияның екі тізгін, бір шылбырын ұстағандар адами болмысының мәнін дұрыс пайымдай алма-ғандықтан, орны толмас зардаптарға жол беруде. Адамзаттың басына қара бұлттай төнген сан алуан дағдарыс пен қақтығыстардың түп-төркінінде тұяқ серпуге мұрша бермейтін осы түйткіл жатыр. Адам баласы пайғамбарлар салған дара жолды сау ақылмен сараласа, алқымынан алған талай түйткіл мен дағ-дарысты жаңғақ шаққан құрлы көрмей оңай еңсерер еді.
Иә, «таалиму әсманың» Адам атаға үйретілген ілім екені мәлім. Бұны қаласаңыз, қазіргі атаумен «білім» деңіз, я болмаса сол білімнің тұма басын тұндырар тұжырымдары, түпнегізі немесе шексіздікке қанат қаққан ең дұрыс, ең шынайы мәлімет жиынтығы болып табылатын «ғылым» деп атаңыз, оның аты өзгергенмен, заты өзгермейді. Адам атаның періштелерден артық жаратылуының астарында осынау ілім бар еді. Бұл ілімнің көкжиегі Нұх пайғамбар (а.с.) тұсында кеңейіп, Ибраһим (а.с.) тұсында тамырын тереңге жіберді. Хұд, Салих (а.с.) тұсында жоталанып, соңғы елші, Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінде ұшар шыңынан шырқап бір-ақ шықты. Бұл осылай болуы да тиіс еді. Өйткені, одан кейін басқа пайғамбар келмек емес. Олай болса, оның айтқандары уақыт өте келе шындыққа айналып, ғылыми жетістіктермен қуатталуы тиіс. Басқаша айтсақ, Аллаһтың құдіреті, еркі және қалауымен жазылған ғалам атты астары қалың алып кітаптың ішінде адам баласының желдей есіп, құстай ұшып еркін қарекет етуі үшін кәлам сипатынан шығатын «шариғаты ғарраның»[1] жетекшілігі адамзаттың бақ-талайына бұйырған.
Иә, Құран адам мен болмыс арасында сынық сүйем сызаты жоқ алтын көпір іспетті. Өйткені, адам баласы Құран арқылы барша болмысқа жат тартып, жанынан түңілуден аман қалды. Осының нәтижесінде адам өзінің ғаламда өгей біреу емес, оның өзегі екенін түсінді. Осы тұрғыдан алғанда да Пайғамбарымыз (с.а.с.) жаратылыстың мән-мазмұнын толық ашып кетті. Қияметке дейінгі ғылым жетістіктері 14 ғасыр бұрын тілге тиек етілген шындыққа қайшы келмейтін болады. Бұны, кейбіреулер ойлағандай, Пайғамбарымыз физика, химия, математика, биология, анатомия сынды нақты ғылым салаларында ашылған жаңалықтарды күні бұрын көріп, айтып кеткен деп қарамау керек. Біздің айтқымыз келгені – Адамзаттың асыл тәжінің баяндары ғылыммен ешқашан қайшы келмейтіндігі, яғни, бөліп-жаруға келмейтін біртұтас екендігі. Міне, сондықтан да ғылым-білім өте маңызды және игі нәтижеге қол жеткізудің алтын кілті деуге толық негіз бар.
Иә, болашағымыздың беталысын белгілі бір деңгейде ғылым айқындайды. Ғылымсыз ілгерілеу мүмкін емес. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде ғылымның мәні артып келеді. Бір кездері батыс өндірістік төңкеріс жасап, дамудың даңғыл жолына түскенде, біздер осынау дүбірлі жарыста ауа қарманып, артта қалғанымыз белгілі. Міне, сол өзекті өртейтін енжарлығымыздың сазайын ғасырлар бойы тарттық. Әлі де осының теперішін көрудеміз. Ең сорақысы – артта қалудың намысты ұлтараққа түсірген ездігінен әлі де арыла алар емеспіз. Ал енді, осы тарихи қатені қайталап, дәуірдің екпініне ілесе алмай, көштен қалар болсақ, енді қайтып еңсе тіктеуіміз қиын болмақ.
Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі мұсылмандар Аллаһқа берік сеніп, жүректі пайғамбар сүйіспен-шілігімен нұрландырып, Ислам құндылықтарын парасатпен пайымдап, қоғам мен адам өмірінің барлық қырын иман құндылықтарымен ізгілендіруі қажет. Әлемнің ең мықты зерттеу орталықтары бізде орнығуы қажет. NASA сынды бір өзі жарты әлемді аузына қаратқан орталықтар ашып, ғарыш айлақтарын іске қосу керек. Әйтпесе, әлемдік қауымдастықта өзіміз туралы аталы сөзді өзіміз айтпақ былай тұрсын, өзгенің өктемдігінен өгейге айналарымыз анық.
Егер әлем келешекте құлтемір арқылы бас-қарылатын болса, оны басқарудың тетігі ізгілікті ту еткен жандардың қолында болуы тиіс. Егер бола-шақтың тағдырын технология айқындайтын болса, оның да тетігін мұсылмандар игеруі қажет. Әлемдегі алыстан көздейтін және көздегенін мүлт жібермейтін ең мықты стратегтер, арыдан ойлайтын ең мықты ғалымдар да мұсылмандардан шығуы керек. Осы орайда айта кетер бір жайт, жайын ауыз жаһанданудың нәтижесінде туған бірқатар құндылықтардың ішінде құқықтық өркениеттің дамуын айрықша атап өткен жөн. Болашақта басқарудың тетігін ұстайтындар әлеуметтік ғылымдарға ден қойғандардың арасынан, тіпті заңгерлер арасынан шығуы ғажап емес. Құқықтану мен саясаттану, яғни басқару өнері адамзаттың ырыс-құтына айналатын айтарлықтай мәнге ие болады. Сондықтан, әлемдік қауымдастықта салмағы сезіліп, сөзі өтетіндей заңгерлерді жетілдіруді қолға алу керек. Әсілі, мұсылмандар әлемдегі барлық салада айтақыр айдалада қалмай, алда жүруі тиіс. Осы тұрғыдан ғылымның барлық саласында мамандану, кәсіби шыңдалу аса қажет. Дегенмен, мұндай шетін мәселеде тым асығыс қимылдап, асыра сілтеуге болмайды. Алда-жалда асығамыз деп ағаттыққа жол беріп алсақ, уақытпен санасып, кеткен кемшілікті қайта түзеу қиын. Артық қылам деп жүріп, тыртық қылып алмауға баса мән беру керек. Дегенмен, мұсылман әлемінде өз саласының шыңын бағындырған мамандар толық өсіп-жетілді деп айту әлі ертерек секілді.
Ойды ой қозғайды. Осы тұста мына мәселені де айта кеткенді жөн көріп отырмын. Бүгінгі таңда ислам фыкыһ ілімін, яғни ислам құқық жүйесін қайта қарап шығып, қазіргі талапқа сай етіп жүйелеу қажет. Өкініштісі, әлі күнге оны қолға алатын қабілет-қарымы мен білім-біліктілігі жеткілікті мамандар жетіспей отыр. Ондай мамандардың жетілуі, әрине, біраз уақытты керек ететіні сөзсіз. Бұған қоса, қолдағы фыкыһ ілімінің бай мұрасын электронды жүйеге өткізу кезек күттірмейтін мәселе. Осы жұмыстың өзі де көп уақыт алатыны белгілі. Дегенмен, фыкыхтың атан түйе тарта алмас мұраларын электронды жүйеге өткізумен іс бітпейді. Мұны белгілі бір тәртіп бойынша жүйелеумен қоса, жаңа әдіс-тәсілдерді жетілдіруді де қолға алу қажет. Бірақ, жоғарыда да айтып кеткенімдей, бұларды өз деңгейінде атқара алатындай мамандардың тапшылығы қынжылтады. Мәселен, NASA секілді әлемдік ғылыми орталықтардың тізгінін ұстайтындай білімді, білікті мамандар әлі жетілген жоқ. Бұл басқа ислами ілімдерге де тікелей қатысты. Мен бұны әсірелемей, қазіргі шаманы ескеріп айтып отырмын. Шындықты ғана жеткізуді мақсат еттім.
Әрине, аспанмен таласқан асқар шыңдарға көз тігіп, соған ұмтылу барысында кісілігі төмен, етектен тартып, аяқтан шалатын жартыкештер сәтсізікке ұшыратуы бек мүмкін. Осыдан абай болған жөн. Өйткені, мүмкіндікті уысымыздан шығарып алсақ, қайта қол жеткізу мүм-кін емес. Сондықтан, қордаланып қалған көкейтесті мәселелерге жүрдім-бардым қараумен ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Фыкыһта Әбу Ханифаларды, Имам Әбу Юсуфтарды, хадисте Бұхарилар, Тирмизи, Мүслимдерді, кәламда Сәййід Шәриф Жүржанилерді, Тафтазаниларды, аһлақ пен тасаууыфта Имам Ғазалилер мен Имам Раббани секілді тұлғаларды жетілдіргенге дейін асығыстық жасап, қателікке жол беру орны толмас зиянға ұшыратады. Кейін мұның кетігін бітеп, орнын толтыру да оңайға соқпайды. Мен бұны мұсылмандардың болашаққа деген сеніміне сызат түсіру үшін айтып отырған жоқпын. Әр сөзіме Аллаһ алдында жауап беретінімді білемін. Дегенмен, жарқын болашақтың қамы желіп жүріп, атүсті қарайтын іс емес. Ол асқан байыптылықты, тыңғылықты жоспарды қажет етеді.
Иә, тақырыпқа айналып соқсақ, болашақта әлемдік қауымдастықта абырой-беделге ие болу үшін көзі ашық, көкірегі ояу қоғам қалыптастыру қажет. Өйткені, білім дегеніміз, табиғат құбылыстарын зерделеу арқылы тәкуини, яғни табиғат заңдылықтарының көз алдымызға жайып салған ақиқаттарын түсіну, сол арқылы Ұлы Жаратушының мақсат-мұратын сезу деген сөз. Жер бетінің халифасы ретінде жаратылған адам ғаламды, ондағы құбылыстарды бір сәт назарынан тыс қалдырмауы керек. Ол үшін ғылым-білім игеріп, әлем жұртшылығын аузымызға қарата білуіміз қажет. Сонда ғана табиғат адамға бағынып, ал адам Жаратушы Иесіне кәміл түрде тағзым ете алады.
Кейбіреулер әлемді ғылым жетістіктерімен басқаруды адамды құлтемірге айналдыру, құмырсқаның илеуіндей ұйысу деп түсініп, әрі ол көп апат әкеледі деп ойлайды. Бұл жаңсақ пікір. Өйткені, өткенімізді ғылымсыз қалай елестете алмасақ, келешегімізді де ғылымсыз көз алдымызға келтіре алмаймыз. Барлық нәрсе ғылымға байланысты. Ғылым болмаса әлемнің адамға берер ештеңесі жоқ.
Әлемнің төбесі көк тіреген ірі мегаполистерінде адамның құлтемірге айналып, рухани құндылықтардың өңі өзгеріп, бар саусағын ішіне бүккен бақай есепке құрылған прагматизм парасаттың орнын басып, ізгіліктің өзі саудаға салынып, табыс көзіне айналғаны жасырын емес. Алайда, бұны ғылым мен техникадан көру біржақтылық болар еді. Бәлкім, бұл жердегі қателікті шынайы ғылым адамдарының жауапкершіліктен жалтаруынан іздеуіміз керек шығар. Қоғамдағы жауапкершілігін сезінген ғалымдар өз міндеттерін орындаса, сірә, қазір қауіп етіп отырған мәселелердің көпшілігі болмас еді.
[1] Толыққанды, кемел шариғат. Ауд.
- жасалған.