АТА-АНА МЕН БАЛА
«Перзент те бір сынақ» дегенді естиміз. Мұны қалай түсінуге болады?
Мына дүние – ыстығы мен суығы үзеңгі қағыстырған түрлі ауыртпашылықтармен бізді ширатып, мәңгі өмірге дайындайтын, қилы-қилы кедергі мен қайшылыққа толы сынақ алаңы. Өмірде адамға баланың сынақ үшін берілгенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Аллаһ тағаланың берген перзенті кез келген ата-ана үшін әрі нығмет әрі сынақ.
Сынақ ана үшін жүктіліктің алғашқы күндерінен басталады. Нағыз ана баласының тыныстаған ауасына да өзінің жауапты екенін сезіне біледі. Өйткені, ананың жеген бір тілім наны мен ішкен бір жұтым суы екеуіне де ортақ. Сәби өмірге келгеннен кейін де түн ұйқысын төрт бөліп, оны қатарынан қалмай аман-есен өсіп-жетілдіретін де – ана.
Бала Аллаһтың адамдарға берген аманаты, уақыты келгенде қайтарып алады. Егер балаңызға дұрыс тәрбие беріп, адамзатқа пайдалы азамат етіп өсірсеңіз, сынақтан сүрінбей өткеніңіз. Адам баласының әрбіреуінің жүрегінде Аллаһқа деген махаббат бар. Бірақ, адам баласы баяғы пенделігіне басып, алдымен Аллаһқа арналуы тиіс махаббатын балаларына төгеді. Әрине, ата-ана болғаннан кейін бауыр еті баласын жақсы көреді, сөйтсе де әрбір адамның жүрегінде Аллаһ әрдайым жоғары тұруы керек. «Бір жүрекке екі сезім қатар сыймайды» дегендей, егер бала-шағаға деген махаббат шектен тыс күшті болса, Жаратушыға деген ықыласынан айырылады. «Дүние-мүліктерің мен балаларың сендер үшін бір сынақ. Аллаһ олармен сендерді сынауда. Нағыз марапат Аллаһтан (кімде-кім Аллаһты дүние-мүлкі мен балаларынан артық сүйсе, Аллаһтың алдында марапатталмақ»[1]. Бұл – Құран сөзі. Яғни әр әрекетімізде Аллаһтың разылығы басты мақсат-мұрат болуы қажет. Өмірін осылайша өткізгендер – сынақтан сүрінбегендер. Алайда, мұны мына дүниенің мәселелерін түгелдей тәрк ету деп түсінбеген жөн. Керісінше Жаратқанның сыйы ретінде қарап қадірлеу керек. Бұл жерде адам өзін аманат иесі екенін сезінуі керек және аманатқа қиянат жасамауы тиіс.
Хақ дін Ислам ата-анадан балаларына, оның өмірі-не мағына беретін құлаққа естілгенде тек жақсылыққа жетелейтін, сондай-ақ баланың күллі өміріне бағдар сызатын есім қоюын, дұрыс тәрбие беруін, уақыты келгенде үйлендіруін талап етеді. Бұл үш парыз ата-ана тарапынан мықтап қолға алынуы ләзім. Өйткені, бұл міндеттер арқылы бала өмірін тұтас тұлғалай аламыз. Бала тәрбиесінде дәрігердің науқасқа қарағанындай қарап, үйлендіргенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) өсиеті бойынша қалыңдықтың дәулеті мен сұлулығына ғана мән беріп қоймай, оның имандылығына көңіл бөлу қажет.
Ата-ананың балалары алдында іс-әрекеттерімен, мінездерімен сыйлы, қадірлі болуымен қатар, балаларының қуанышы мен қайғысын дер кезінде бөліскені абзал. Баламен ойнап-күлгенде де шектен шыққан немесе тым қаталдыққа барған әкенің әке, шешенің шеше ретінде қадір-қасиеті қалмасы анық. Сондықтан отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы сый-құрметте орта жолдан ауытқымау бала тәрбиесіне әсер етуші негізгі факторлардың бірі. Бұл жазылмаған заң сақталмаған жағдайда бала я қырыққа жеткенше өмірден тек қызық іздейтін қылжақпас, я ет жүрегінде жан адамға деген сүйіспеншілігі жоқ қатыгез болып өсері хақ. Бұл екеуі де қоғамның айықпас дерті.
Балалар үлкендерді өздеріне өнеге (идеал) тұтады. Сол себепті, олар еліктегіш келеді. Көбінесе балалар өз әке-шешелерін үлгі тұтады, бірақ есейе келе әке-шешелерінің бойынан мін іздеп, мінез көрсете бастайды. Көңілі қалағанын сырттан іздейді. Қоршаған ортасынан дұрыс тәлім көрмесе, рухани мешеулікке ұрынып, болашақта қылмыскер болуы ғажап емес. Ал балаларына жақсы тәрбие беріп, отбасында арақ ішу, жанжалдасу, ұрыс-төбелес, т.б. секілді жаман әдеттер орын алмаған әке мен шешенің балалары да үлгілі боп өсері анық.
Демек, дүние-мүлік пен перзент, бір жағынан – нығмет, екінші жағынан – сынақ. Ендеше, перзент пен дәулет мына дүниенің алданышы ғана болмай, ақырет игілігіне жарасын десек, Аллаһ разылығын ескеруді басты орынға қоя білу қажет.
[1] «Тағабун» сүресі, 15-аят.
- жасалған.